Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Robo Park Taraz»-дың болашағы зор

«Robo Park Taraz»-дың болашағы зор
Ашық Дереккөз
Бұрындары мектепте оқып жүргенде үйірме жетекшілерінің сынып-сыныпты аралап, өз шеберлік сабағына қатысуға шақырып жүретінін жиі көретінмін. Ол кезде ән-би, сурет, тігін-тоқыма, спорт секциялары танымал болатын. Қазір бәрі басқаша. Баласының әр сағатын пайдалы іспен өткізгенін қалайтын ата-аналар ұл-қыздарын логика, ментальді арифметика, робототехника, жылдам оқу, шешендік өнер, актерлік шеберлік, журналистика, шет тілдерін және өзге де салаларды меңгеруге арналған түрлі курстарға қатыстыруды жөн санайды. Соңғы уақытта әсіресе робототехникаға қызығушылық жыл сайын артып келеді.

Облысымызда да IT салада мықтылығын дәлелдеп жүрген өрендер аз емес. Робототехника бойынша білім беретін үйірме де, сол секілді кәсіби мамандар да жеткілікті. Балаларды заманауи ілімге баулып жүрген жастың бірі – Әлихан Әділ.

Кейіпкеріміз М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде «Музыка мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша білім алған. Алайда IT сала жанына жақын болған соң Шымкент қаласындағы «Robo Park» робототехника мектебінен алғашқы базалық білім алуды жөн көреді. Мұнымен тоқтап қалғысы келмегендіктен Астанаға аттанып, «Robotek» мектебінен «Спорттық бағыттағы робототехника» бағыты бойынша арнайы курстан өтеді. Сонымен қатар «Arduino» бағыты бойынша да онлайн курс оқиды.

– Бала күнімнен темір-терсек, ағаштардан түрлі мүсін жасап, құрастырғанды ерекше ұнататынмын. Уақыт өте келе, қызығушылығым арманыма айналды. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай секілді технологиясы дамыған мемлекеттердегідей елімізде де робототехника саласының дамуына, отандық сапалы технологиялардың өркендеуіне үлес қосқым келді. Тек армандап қана қоймай, мақсатымды жүзеге асыру қажет деп санадым. Сол үшін түрлі курстардан өтіп, білім алып, өзімді дамыттым. «Басқаларды үйрете жүріп біз өзіміз де үйренеміз» демекші, екі жылға жуық уақыттан бері жекеменшік балабақшаларда робототехника үйірмесін ашып, бүлдіршіндерге IT саласының негіздерін үйретіп келемін. Сонымен қатар бастауыш сынып оқушыларына қосымша білім беретін шағын үйірмем де табысты жұмыс істеп келеді. Оқушыларыммен бірге түрлі республикалық байқауларда топ жардық. Атап айтқанда, «Almaty tech Cup FLL» жарысынан ІІІ орын иеленсек, Шымкент қаласында өткен «Robo Park Liga» ашық турнирінде «Super Mario» командасы кегельринг санаты бойынша І орынды олжалады. «Robo Park Taraz» командасы «Роботты құрастыр» номинациясы бойынша бас жүлдеге лайық деп танылды. Сонымен қатар «Super Mario» командасы Тараз қаласында ұйымдастырылған робототехника байқауында «FLL Explore» санаты бойынша абсолютті чемпион атанып, мерейімді өсірді. Нәтижесінде үздік құрама дайындағаным үшін мен де марапатталдым.  Қазіргі азды-көпті жетістіктермен тоқтап қалмай жамбылдық өрендерге пайдасы тиер жоба жүзеге асырғым келді. Ойлана келе, «Robo Park Taraz» жобасын қолға алдым. Әбден пісіп-жетілгеніне көзім жеткенде алғашқы жобаммен өткен жылдың соңында «Тәуелсіздік ұрпақтары» конкурсына қатысып, бағымды сынап көрдім. Жобам қазылар алқасына ұнаған секілді, «Robo Park Taraz» «Ақпараттық технологиялар» бағыты бойынша жеңімпаз деп танылып, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің марапатына ие болдым. Сондай-ақ жобамды жүзеге асыруға грант ұтып алдым, – дейді Әлихан Бақбергенұлы.

Жас кәсіпкердің айтуынша, «Robo Park Taraz» жобасы 4-15 жас аралығындағы балаларды робототехникаға үйретуге, олардың бағдарламалау және робот құрастыру дағдыларын қалыптастыруға бағытталған. Үйірмедегі оқу бағдарламасы «Robosport» және «Robo Project» деп аталатын екі негізгі бағытқа бөлінген. Үйірмеде оқушылар нақты ережелерді пайдалана отырып өз қиялы бойынша роботтар құрастырып, әлемдік мәселелерді шешуге арналған жобаларды әзірлей алады.

– Үйірмеге 4-15 жас аралығындағы балалар қатыса алады. Оқу бағдарламасын оқушылардың жасына сай жоспарлаймыз. Қатысушыларды біртіндеп инженерлік және бағдарламалау тұжырымдамаларымен қызықты түрде таныстырамыз. Орталықта 4-10 жас «Robo Kids» деңгейі, екінші бөлмеде 10-15 жас аралығындағы «Robo Junior» деңгейі бойынша екі топта білім береміз. Балаларға бағдарламалау мен робот жасауда озық болатын құралдармен қамтамасыз ету арқылы Қазақстандағы робототехника мамандарының келесі буынын тәрбиелеп шығарамыз деген жақсы ниетіміз бар. Сонымен қатар жобамыз инновацияларды дамытуға, халықаралық жарыстарға қатысуға және жергілікті бастамаларға әлемдік стандарттарды енгізуге бағытталған. Шығармашылық және тәжірибелік оқыту тәсілдері арқылы «Robo Park Taraz» оқушыларға озық технологиямен айналысуға мүмкіндік береді. Сайып келгенде, «Robo Park Taraz» робототехника бойынша білім беруді жаңа биіктерге шығаруға ұмтылады. Сондай-ақ еліміздің робототехника саласындағы әлеуетін көрсете отырып, үйірме тәрбиеленушілерін халықаралық жарыстарға жиі қатыстыруды жоспарлап отырмыз, – дейді Ә.Әділ.

Тараз қаласындағы А.Пушкин атындағы №41 мектептің оқушысы, кейіпкеріміздің тәрбиеленушісі тоғыз жасар Әлинұр Нурулла үйірмеде білім ала жүріп 2 рет республикалық ашық чемпионаттың жеңімпазы атанған.

– «FLL Explore» санаты бойынша Алматыда өткен жарыста ІІІ орын иеленсек, дәл осы жарыс Таразда ұйымдастырылғанда І орынды олжаладым. Әлихан ағайдың сабағы қызықты, жаңашылдыққа толы. Өзіме сенімім артып, «бұл менің қолымнан келмейді» деген қорқынышты жеңе білдім. «Robo Park Taraz» жобасы аясында үйірме жұмысы дамып жатса, әрине, қуанамын. Болашақта шетелге шығып, халықаралық деңгейдегі жарыстарға қатысқым келеді. Ағайымыз бізді соған дайындап келеді, – дейді Ә.Нурулла.

Жобаның кезең-кезеңімен жүзеге асырылатынын айтқан Әлихан алғашқы алты ай ішінде озық робототехника жабдықтарын сатып алуға басты назар аударылатынын жеткізді. Мұнан соң жаңа оқу жоспарының модульдерін әзірлеуге және нақтылауға күш салмақ. Одан кейін халықаралық жарыстарға жиі қатысып, шетелдіктермен серіктестік орнату мақсаты тұр. Осылайша жоба авторы бір жарым-екі жыл аралығында IT технопаркін робототехника саласындағы аймақтық көшбасшыға айналдыруды көздеп отыр.

– Заманауи робототехника құралдарын пайдалана отырып, «STEM» салаларында білікті болашақ инноваторларды тәрбиелеп шығаратынымызға сенімдіміз. Қазіргі сәтте «LEGO Spike Prime», «LEGO Education SPIKE Prime» секілді бағдарлама құрастыруға арналған құрылғыларды сатып алу жұмыстарымен айналысып жатырмыз. Тағы бір айта кетерлігі, үйірмеде әр бала өз қиялындағы еркін тақырыпта роботын қағазға түсіріп, оның бөлшектерін құрап, бағдарламасын да әзірлейтін болады. Бұл процесс баланың шыдамдылық, төзімділігі ғана емес, зейінін де арттырады. Робот баланың ойлау қабілетін жақсартып, өмірге деген қадамына сенімділік білдіреді, – дейді Әлихан Бақбергенұлы.

Кейіпкеріміздің сөзіне сүйенсек, баласын өзінің робототехника үйірмесіне бергісі келетін ата-аналар да күн санап артып келеді екен. Мәселен, Әлиханның тағы бір талантты оқушысы Бақдәулет Өмірәлінің ата-анасы Ардақ пен Эльвира баласының дәл осы ағайдан тәлім алып жүргеніне қуанатынын айтады.

– Баламыздың тәлімгері жас та болса білімді жігіт. Бұрындары осы робот құрастыру, IT саласы елімізде өркен жая алмайтындай көрінетін. Сондықтан ұлымыздың қызығушылығын түсіне алмайтынбыз. Кейін робототехниканың болашағы бар екеніне көзіміз жетті. Перзентіміз де үйірмеге қатысқалы біраз жетістікке қол жеткізді. Болашақта осы саланың маманы болам десе де қарсылығымыз жоқ. Бойындағы талантты аша білген ұстазына алғысымыз үлкен, – дейді олар.

Осылайша жас буынмен бірге еліміздің робототехника саласы да бой көтеруде. Әлихан секілді ел тағдырына жанашыр жастардың арқасында адам өмірін жеңілдетуге арналған роботтарды күнделікті өмірде қолданатын уақыт та алыс емес секілді.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар