Әрине, қазақ барда той тыйылмайды. Той ғасырлардан бері ұлтымызбен бірге жасасып келе жатқан дала өркениетінің, ұлттық құндылықтарымыздың жарасымды бір бөлшегі. Кезінде той ұлттық тәрбие берудің бесігі болған десек, ақиқаттан алшақтап кете қоймаспыз. Бұрын әдет-ғұрыптың, салт-дәстүрдің, өнердің бағын ашатын қазақтың тойы еді. Той үстінде ақылман ақсақалдар өнегелі сөз айтқан, шешендер сөз өнерінің үздік үлгісін көрсеткен, әншілер мен бишілер талантымен талайды тәнті еткен, балуандар белдескен, шабандоздар ұлттық спорт түрлерін ұлықтаған, той бастағандардың да мерейі үстем болған. Ал біздің заманымыздағы тойлардың биік құндылықтарымыздан, салт-дәстүрлерімізден алыстап бара жатқанын айтпауға шарамыз жоқ.
Той өткізу арқылы қуанышын көппен бөліскен және көңілін сол салтанатта көкке көтерген, рухы асып-тасып аспандаған халқымыздың бүгінгі тойлардан жүйкесі жұқарып, рухани шаршап шығатыны неліктен? Дана халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан той өткізу дәстүрі бүгінде санаға сыйымсыз ерсі қылықтармен, ойға қонымсыз сайқымазақ көріністермен, аста-төк ысырапшылдықпен «байытылып», ойдан шығарылған «дәстүрлермен» жетілдірілуде. Кешегі отбасы немесе әулет деңгейінде өткізілетін шілдехана, бесікке салу, жасқа толу, тұсаукесер, тілашар, құда күту сияқты рәсімдер бүгінде мейрамхана төрінде бірнеше жүздеген кісінің қатысуымен өтетін болды. Бір қызығы, тойлардың түр-түрі көбейіп, мазмұны мың құбылуда. Бұған енді тойханаларға аса қымбат көліктермен кіру, ақша шашу, бишілер мен әншілердің белбеуіне, қалтасына ақша қыстыру, санаға қонымсыз небір ойындар, көріністер ойлап табу, қымбат бағаға әншілер мен асабалар жалдау сияқты шектен шыққан ысырапшылдықты қосыңыз. Бұл ерсі қылықтар, біздің ойымызша, қалталылардың өздеріне де онша жараса қоймас, ал енді тұрмысы төмен, жағдайы жоқ азаматтар туралы не айтуға болады? Қонақтардың тойанасына сенемін деп қарызға батып, шаруасы шайқалып қалған талай кісіні көзіміз көріп жүр.
Біздің ойымызша, соңғы кездері Әулиеата өңірінде той өткізу мәдениеті төңірегіндегі әңгіменің үлкен қоғамдық талқыға ұласып, айтарлықтай әлеуметтік сілкініс тудыруында өңір ақсақалдарының, облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасының зор ықпалы болғандығын айтуға тиіспіз. Ең алдымен, өткен жылдың шілде айында Ойық ауылында сол елді мекендегі ардагерлер ұйымының төрағасы Пана Рахменбердіұлының бастамасымен облыстық көшпелі семинар-кеңес өтті. Сонда той мәдениетіне байланысты үндеу қабылданған болатын. Бұл үндеу кейін барлық аудандық ардагерлер кеңестерінің кеңейтілген мәжілістерінде талқыланып, ардагерлер ұйымдары той өткізу мен ас ұйымдастыруға қатысты ақыл-кеңес құрды. Облыс ардагерлерінің бұл бастамасын өңір басшысы Ербол Қарашөкеев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында қолдап, қазіргі тойлардағы ысырапшылдыққа жол бермеу, той мәдениетін қалыптастыру, әдепсіз ойындарды тыю, ата-баба ізетінен айнымау секілді құндылықтарды жаңғырту бойынша өз ойымен бөлісті.
Жақында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыстық және Тараз қалалық ардагерлер кеңестерінің белсенділерімен кездесіп, той мәдениеті туралы өз ойларымен бөлісті. Соңғы кездері бұқаралық ақпарат құралдарында да той өткізу мәселесі төңірегінде бірқатар өзекті мақалалар жарияланып, бағдарламалар көрсетілді. Ғалым, дәрігер, профессор Сағындық Ордабековтың «Aq jol» газетінде, шулық журналист Байжан Ембердінің облыстық «Ғұмыр-Дария» газетінде жарияланған мақалалары, «Jambyl» телеарнасында көрсетілген «Тойдағы даңғазаны қашан доғарамыз?» деген хабар оқырмандар мен көрермендердің ойынан шықты.
Иә, айтылудай айтылып-ақ жатыр. Нәтиже қандай? Осы сұрақтың жауабына келгенде кібіртіктеп қалатынымыз рас. Ұсыныс айтқан жөн, сынағанымыз да дұрыс. Бірақ сол айтылған сөздер, ұсыныстар, пікірлер ескеріліп жатыр ма? Облыстық ардагерлер кеңесі бастама көтерді, үндеу жариялады, ол қалаларда, аудандарда талқыланды. Әзірге түбегейлі өзгеріс бола қойды деп айта алмаймыз. Нақты жұмыс жүргізудің алгоритмі, тетігі болуы керек.
Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековпен болған кездесуде Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры, белсенді азамат Жасұлан Әбдіхалық бірқатар құнды ұсынысымен бөлісті. Орталықта «Әдет-ғұрып, салт-дәстүр» бөлімін ашып, той мен жаназа, ас өткізу мәселелерін үйлестіру, оларды өткізудің жобасын ұсыну, асабалар одағын құру мәселесін көтерді.
Жоғарыда айтып өткенімдей, қазіргі өтіп жатқан тойларға қатысты айтылар сын көп. Тойды басқаратын асабалардың кейбіреуі тіптен жүгенсіз кеткен деуге де болады. Жаттап алған жылпос сөздерімен елді жалықтырып қана қоймайды, отырғандарды шаршатып жібереді. Одан кейін той өтетін залдағы музыканың даусынан құлақ тұнады, ауру адамды қайдам, мұндайда сау адам ауру болып шығады. Қысқасы, демалудың орнына тойдан шаршап шығатындар көп.
Бір нәрсе анық, тойды әкімшілік ресурсымен тоқтатуға болмасы анық. Бірақ қоғам, ел, жасымыз, жасамысымыз бірге дендеп өріс алып бара жатқан шуылдақ, дарақы тойларға тәртіп орнатып, той мәдениетін ұлттық салт-дәстүр негізінде, қазіргі заманға лайықтап қалыптастыруға күш салуымыз қажет. Той өткізу – жеке отбасының, әулеттің шаруасы. Сол әулеттің үлкені бар, әр отбасында ата-әже болады, жанашыр ағайын-туыс та бұл шаруадан шет қала алмайды. Олардың арасында ардагерлер ұйымдарының белсенділері бар екендігіне күмәніміз жоқ. Сондықтан жер-жердегі бастауыш ардагерлер ұйымдары бұл орайда нақты жұмыс атқара алады. Облыстық ардагерлер кеңесі сондай талап қойып та отыр.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков облыстық ардагерлер кеңесінің игі бастамасын қолдайтындықтарын білдірді. Бұл ортақ елдік шаруадан аудан әкімдері де қалыс қалмайтынына біз сенімдіміз.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді дана қазақ. Олай болса, бастаған ісімізді аяғына дейін жеткізейік. Тойды шын мәнінде қазақтың қазынасы болатын, қуанышын паш ететін, елдің рухын көтеретін, көңілін шаттандыратын деңгейге көтеруге баршамыз болып атсалысуымыз керек. Қазақтар бір-біріне «тойда кездесейік» деп жатады. Ал сол тойымыз сәнді де салтанатты, мағыналы да мазмұнды жағдайда өтуі үшін әрқайсысымыз үлес қоссақ, нұр үстіне нұр болар еді. Сондай-ақ той өткізу мәдениетін ретке бір келтіріп алсақ, көңіл көкжиегіміз де әжептәуір кеңіп қалар еді.
Қонысбай ИЛЬЯСОВ,
облыстық ардагерлер кеңесі
ұйымдастыру бөлімінің басшысы