
– Мектепті енді аяқтап, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетіне оқуға түскен кезім. Жамбыл ауданының Аса ауылынан қатынап оқимын. Алғашқы күндері жаңа ортаға үйренісу оңайға түскен жоқ. Қаланың абыр-сабыр тіршілігіне де бейімделе алмай біраз жүрдім.
Университетке бару үшін Асадан «Сельпо» аялдамасына дейін көлікпен жетіп, ары қарай №44 автобусқа отыратынмын. Сондай күндердің бірінде күнделікті әдетімнен жаңылып, қарама-қарсы бағытта жүретін автобусқа мініп кетіппін. Басқа автобусқа мінгенімді бірнеше аялдамадан өткен соң барып байқадым. Не істерімді білмей састым да қалдым. Автобус ішінде отырған жолаушылардан қайда келгенімді, өзіме керек мекенжайға жету үшін не істеу керектігін сұрауға ыңғайсыздандым. Дымымды білдірмей үнсіз отыра бердім.
Автобус қаланы түгел айналып шықты. Жолаушылардың бірі түсіп, бірі мініп жатты. Мен әлі отырмын. Әлден уақытта автобус ішінде тірі жан қалмады. Бәрінен де жүргізуші мен кондуктордан ұялғаным-ай. Іштей «қалай ғана қателестім, байқаған сәтте-ақ түсе салу керек еді» деп өз-өзімді жазғыра бастадым. Жүргізуші мен кондуктор да қалаға оқуға келген студент екенімді сезді ме, ләм-мим деп тіл қатпады. Осылайша үш-үш жарым сағат Тараз қаласын тегіс аралап, экскурсия жасап қайтқаным бар.
Негізі сабағым таңғы 10:00-де басталатын. Ал мен жер-жерді шарлағаннан әл-дәрменім таусылып, болдырып, түскі 13:30 шамасында соңғы парға бір-ақ жеттім. Жаяу жүрсең 10-15 минутта жететін жерге автобуспен барамын деп әбден әуре-сарсаңға түскенімді әлі күнге дейін ұмыта алмаймын.
Жалпы студенттік жылдарымды үлкен сағынышпен еске аламын. Жақын досым Шынболат Сейдуаливпен танысқаным да студенттік кезеңнің ең ыстық сәттерінің бірі. Екеуміздің де қызығушылығымыз бір, өлеңге жақын болдық. Бірде группаға Алматыдан бір қыз ауысып келді. Орысша тәрбиеленген соң екеуміздің ақындық өнерімізді түсіне алмай: «Осы екеуің өлеңді «на ходу» шығарасыңдар ма?» – деп сұрады. Сонда Шынболат та тосылмай: «Жоқ біз «походу» шығарамыз», – деп сөз тауып кеткені бар.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ