Айтқанымыздай, қазіргі уақытта өзге этнос өкілдері қазақтың бабадан қалған мұраларын жаңғыртып жүрсе таңғалмаймыз. Домбыра жасайтын неміс шебері, киіз басатын орыс қолөнершісі таңсық дүние емес. Қазақ халқының төл мәдениетін бойына сіңіріп, саналы ғұмырын қолөнершілікке арнаған ісмерлердің бірі – Елена Филистович. Негізгі мамандығы ұстаздық болғанына қарамастан ісмер келіншек қолөнершілікті жанына серік еткен. Шебердің жанына негізінен макраме жасау ісі жақын екен. Дегенмен сабын қайнату өнеріне де бейім. Одан бөлек қалдықты да кәдеге жаратып, ерекше бұйымдар жасайтын ісмердің туындыларына сұраныс жоғары көрінеді. Қолөнершілікке 20 жылдан астам ғұмырын арнаған Еленаның негізгі мамандығы – педагог. Еңбек жолын балабақша тәрбиешісі болып бастаған. Бүлдіршіндерге қолөнерді үйретіп, шығармашылыққа баулумен айналысыпты. Бірде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы қолөнершілер клубының шығармашылық дәрісіне қатысқан, сол кезде киіз басу ісіне аңсары ауған.
– Шығармашылық жолым балабақша қабырғасында басталды. Бүлдіршіндермен бірге түрлі бұйымдар жасап жүріп, бұл істің жай ғана қызметтік міндет емес, жандүниеме жақын, шабыт сыйлайтын сүйікті кәсіп екенін ұқтым. Осылайша 1991 жылдан бастап қолөнермен кәсіби түрде айналыса бастадым.
Алғашында макраме өнеріне ден қойсам, кейін біртіндеп бисермен тоқу, канзаши, қағаз өрімдерін жасауды игердім. Әр жаңа бағыт маған тың мүмкіндіктер сыйлап, бұл тұрғыда өсуіме серпін берді. 2016 жылы сабын қайнату ісіне қызықтым,бұл әсемдік пен тұрмыстық қажеттілікті ұштастырған өте нәзік сала болды, – дейді шебер.
Халқымыздың ғажайып төл өнерінің бірі – киіз басу. Ұлты орыс болса да Елена соңғы 4 жылдан бері осы ерекше салаға бет бұрған. Кейіпкеріміз қазіргі сәтте облыс қолөнершілерінің басын қосқан «Qoloner Taraz» қоғамдық бірлестігінің белсенді мүшелерінің бірі. Қоғамдық бірлестік бабадан қалған рухани мұраны сақтау, ұрпаққа жеткізу мақсатында 2023 жылы құрылған.
Шебер жүн түтіп, киіз басу өнері өмірін басқа арнаға бұрғанын айтады. Еленаның қызығы мол іспен шұғылдануына «Достық үйіндегі» ұстазы Сталина Хе өткізген шеберлік сабағы ықпал етіпті.
– Дәріс кезінде жүннің табиғилығы мен икемділігі баурап алғаны соншалық, бұл өнерге біржола ғашық болдым. Содан бері, міне, төрт жылға жуық уақыт осы киіз басудың соңында келемін. Қазір дымқыл әдіспен киіз басу технологиясын терең меңгеріп жүрмін. Қолдың еңбегі емес, төзімділік пен жүректің жылуын қажет ететін сиқырлы үдеріс. Жай ғана жүннің су мен сабынның көмегімен біртұтас өнер туындысына айналуы мен үшін нағыз керемет іспетті.
Қазіргі таңда жүннен шарф, баскиім, палантин, аяқкиім мен сыртқы киімдер дайындаймын. Әр туындыма жан жылуымды сіңіріп, оның пішіні мен түсі арқылы жайлылық сыйлауға тырысамын. Раушан Құндызбаева жетекшілік ететін «Qoloner-Taraz» ұйымының мүшесі болуым да маған үлкен қанат бітірді. Бұл ортада біз тәжірибе алмасып, бір-бірімізден шабыт аламыз.
Бұйымдарымды Алматыда, Тәжікстан мен Қырғызстанда өткен халықаралық көрмелер мен жәрмеңкелерге ұсынып келемін. Биыл «Aspara Fashion Week» сән апталығына қатысуым мен үшін үлкен белес болды. Алдағы уақытта еңбектерімді алыс шетелдерде таныстырып, қазақстандық қолөнердің жылуын әлемге паш еткім келеді, – дейді Елена Юрьевна.
Ал көнеден сыр шертетін деректерге сүйенер болсақ, төрт түлік малдың жүнін тиімді пайдалану халқымызда мыңдаған жыл бұрын қалыптасқан екен. Өз шаруашылығында мал жүнінің ең асылы және бұйымдар жасауға түйе және қой жүндері, ешкі түбіті, оның қылы, жылқының жал-құйрығын кеңінен пайдаланып келеді.
Ол түйе жүнінен неше түрлі өрмек жіптерін иіріп, шекпен, қап, белбеу, құр, кілем, қоржын сияқты бұйымдарды тоқиды. Бұдан өзге түйе жүні айыл-құйысқан, өмілдірік, ноқта жасауға және көген, бау шу есуге өте қолайлы. Тіпті көрпеге салуға, шапанға тартуға жеңіл, әрі жылы болады, қылшық шықпайды. Ал қойдың жүнінен шидем шапан, күпі күседі, ішпек, терілік жасайды, тыстап күпсек көпшік, жеңіл байпақ тігеді.
«Qoloner-Taraz» қоғамдық бірлестігінің мүшелері негізінен сырмақ, тұскиіз, тоқыма бұйым, кәдесый, ойыншық, қыш пен гипс өнімдерін жасаумен айналысады. Біз осы тұста бірлестік жетекшісі Раушан Құндызбаевамен хабарласып, ЕленаФилистович жөнінде сұраған едік.
– Бүгінде «Qoloner-Taraz» облыстық қоғамдық бірлестігінің құрамында майталман қолөнершілер шоғырланған. Қазіргі сәтте ұйымда 100-ге жуық шебер болса, олардың ең жасы 18-де. Ал үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан. Солардың ішінде өзіндік қолтаңбасымен ерекшеленетін бірлестіктің белсенді мүшесі Елена Филистовичтің еңбегін ерекше атап өткен болар едім. Ол – киізден киім кестелеудің нағыз шебері.
Елена Юрьевна жүз пайыз табиғи қой жүнін пайдалана отырып, сан түрлі күрделі техниканың көмегімен эксклюзивті, жылы әрі заманауи стильдегі киімдерді дүниеге әкеледі. Оның қолынан шыққан әрбір бұйым ұлттық құндылық пен жаңашылдықтың астасқан үлгісі іспетті. Біздің өңірдің қолөнері осындай ісіне адал, нәзік иірімдерді дөп басатын бірегей шеберлердің арқасында өркендей бермек, – дейді Раушан Құндызбаева.
Ақынның жыры, әншінің үні халықтың жүрегіне жол тартатыны сияқты, қолөнершінің де өз қолымен жасаған бұйымдары құнды. Себебі біз күнделікті тұрмыста қолданатын дүниенің көзі де осы мамандардың еңбектерінің нәтижесі. Ал оларға құрмет көрсетіп, лайықты бағасын беру біздің қоғам алдындағы міндетіміз болса керек.
Нұрбақыт МҰСАТИЛЛАҰЛЫ



