Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баланы ата-әженің бауырына салу дұрыс па?

Баланы ата-әженің бауырына салу дұрыс па?
Ашық Дереккөз
Қазақ халқында тұңғыш немерені ата-әженің бауырына салу ежелден келе жатқан дәстүр. Атасы мен әжесінің тәрбиесінде өскен балалар «кемпірдің қызы», «шалдың баласы» атанып, ерекше мәртебеге ие болған. Бұл дәстүрдің тәрбиелік мәні зор болғанымен психологиялық тұрғыдан қиындықтар туғызатыны кейінгі жылдары көп айтылып жүр.

Психологтардың айтуынша, ата-анасын «тәте» немесе «көке» деп атауға мәжбүр болған балалардың ішкі әлемінде басқаша сезім пайда болып, бұл олардың бауырларымен қарым-қатынасына әсер етуі мүмкін.

Бұрын ата-әжелер немерелеріне ертегі айтып, жұмбақ шештіріп, ұлттық тәрбиенің негізін қалаған еді. Бірақ бүгінгі күні заманның өзгеруіне байланысты мұндай тәрбиенің үлесі азайып, балаға ықпал етудің басқа әдістері басымдыққа ие болуда. Дегенмен дәстүрді сақтай отырып, баланың психологиялық саулығын ескеру – қазіргі заманның басты талабы.

Алайда ата-әженің қолында өскен балалардың өмірі өзгеше өрбитінін де ұмытпау керек. Олар ерекше мейірім мен қамқорлықты көріп, басқалардан бөлектеу құндылықтарға ие болады. Бірақ ата-әжесі өмірден өткеннен кейін мұндай балалар үшін өз отбасына сіңісу және ата-анасымен жақын қарым-қатынас орнату қиындық тудыруы мүмкін.

Бұл мәселеге қатысты белгілі журналист Әлия Құдайбергенова өз басынан өткен оқиғасын баяндады.

– «Кемпірдің қызы» болып өстім. Ес білгелі биологиялық әке-шешеңнің бар екенін сезіндік, білдік. Бірақ жақындай алмадық. Соған қарамай, Құдай саған бауырмалдық, жанашырлық, ата-ана, бауырға деген мейірім мен тартылысты үйіп-төгіп, артығымен бере салған. Олай дейтінім, солар десе жүрегім қақ бөлінетін де тұратын, әлі де солай. Бірақ оның бәрі іштей. Сыртқа шығаруға дәтіміз бармады. Оның себебін де дәл білмеймін. Жаңылмасам, бесінші сыныпта оқимын. Бір күні шешем әжемнің қолында оқып жүрген маған жүн шұлық тоқып, салып жіберіпті. Ішінде не барын қайдан білейін, ауылдан келген түйіншекті именіп отырып-ақ ашып жатырмын. Әжем қарап отыр. Ол кісі бес уақыт намазын қаза қылмайтын. Баламысың деген, бір қарағанымда жайнамазы жайылып тұрған. Сол сәтте намазын аяқтағанын сезбей де қалыппын. Түйіншекті аша бастағаным сол, жүн шұлықтың ішінен қызыл бес сомдық шыға келді. Қапелімде не істерімді білмей қалдым. Әжем намазын оқып жатқан шығар деген үмітпен көз қиығымды сала бергенім сол, «Еее, шешең бар екен де. Сары қатынның осындайы бар» дегенінен селк ете түстім. Бес сомдықты бүктей түсіп, «Алыңыз, бұны сізге салған» дедім. Қазір ойласам, шешемді қорғаған түрім екен ғой. «Болды-әй, көп көлгірсімей салып қой қалтаңа, сені аш жүр деп жүрген шығар, шешең» деді. Ары қарай әңгіме бітті. Сол 5 сомды ініме жұмсадым. Мектептен қайтып келе жатқанда жолдан мектепке керек-жарағын алдым. Алған заттарымызды әжеме әкеліп көрсеттім. «Олардың ақшасын қайтемін, баласына анау-мынау әпердім» дедім. Бір сөзімді де ұмытқам жоқ, дәл осылай айттым. Әжем мән бермеді. Кейін демалыста ауылға бардық. Құдды бір өкпе-назы бар адамдай, тәтемнің де (әкемнің), апамның да қолын алып амандаспадым. Бәрін өтірік жасап жүрмін. Олар да ұмтыла қойған жоқ. Солай-солай осы бір «қолдан жасалған» мінез әдетке айналды. Әдет өмір бойына, өмір жолыма кірігіп алды… Әкеме де, шешеме де жоламадым. Қатты сағынатынмын. Бір күні алпыстан асқан әжем марқұм: «Әке-шешең екені рас қой, неге сонша қашасың? Менен саған пайда жоқ, бар соларға» деді. Ол кезде мен ес біліп қалғанмын. Көп ұзамай өзі де арамыздан кетіп қалды. Әжеме арнап өлең жаздым. Қолдан гүл жасап, бейітінің басына апарып қойдым. Арада қаншама уақыт өтсе де әке-шешеме жақындаудан екі есе қаштым. Әжем қарап тұрғандай. Жандарым! Үшеуінің де кінәсі жоқ. Олар мені солай шыңдағысы келген шығар?! Олар да, өмір де, – дейді Әлия.

Елімізге белгілі кәсіпкер Сәуле Рысбаева да әжесінің тәрбиесінде болып, биологиялық анасын 12 жасына дейін мүлдем білмеген. Тіпті үйге келіп жүрген әкесін жақын туысымыз деп ойлапты.

– Меніңше, ата-әженің тәрбиесінде өскен қыз балалар ерекше болады. Сонымен қатар кемпір-шал тәрбиелеген ұрпақ шыдамдылық, төзімділік сынды ерекше қасиеттерді бойларына сіңіріп өсетінін байқадым. Өзім бір жасымнан бастап әжемнің тәрбесінде өстім. Талай кәсіпті ашып, қиюын келістіріп отырғанымның өзі әжемнің тәрбиесінің арқасы деп білемін. Бүгінде жасым алпысқа келсе де бір істі бастарда «осы ісім әжеме ұнар ма еді» деп ойлаймын. 12 жасымда өз әке-шешемнің тәрбиесіне берілдім. Шешемді бірінші рет 12 жасымда көрдім. Алғашында әке-шешеммен, бауырларыммен тіл табыса алмай жүрдім. Маған өте қиын болды. Негізі сөздің ашығын айтсақ, әр әке-шеше жағдайы болсын, болмасын, баласын өз қарамағында тәрбиелегені дұрыс. Қазір жастардың көзі ашық. Олар бәрін біледі. Бүгінгі психологтар айтпақшы, «балалық травма» жүректе мәңгілікке қалмасын. Сол себепті әркімнің баласы өзінікі болғаны дұрыс. Егер ата-әжесі мен келіні бірге тұрса, тұңғыш немере кемпір-шалдыкі болғаны дұрыс. Бір үйде тұрады ғой. Ал алыста, бөлек тұратын болса, бұл болмайды, – дейді Сәуле Мақшанқызы.

Осы екі кейіпкердің тағдырына қарап, ата-әже тәрбиесінің баланың болашағына тигізетін әсері қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Дегенмен баланың ата-анасымен қарым-қатынасында алшақтық пайда болуы – бүгінгі күні назар аударуды қажет ететін мәселе. Ұлттық дәстүрді сақтай отырып, баланың психологиясын ескеру – тәрбиенің жаңа тәсілдерін қалыптастырудың басты жолы.

«Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығының директоры Эльмира Мырза-Ғали да әжесінің қызы.

– Әжемізді өмір бойы «Мама» деп өттік. Күнсұлу Шалбаева әжемнен ерте айырылдық. Ол кісі бәрімізді аяқтан тұрғызды. Бізде мамамызға қызығымызды көрсете алмадық деген өкініш бар. Кішкентай кезімізден мамамыздың қойнында өстік. Мектептегі ата-аналар жиналысына өз әке-шешем емес, мамам баратын. Өз анам бесік жырын айтатын, жазуды үйретті. Бізді әнмен тәрбиелейтін. Ән айта жүріп үйдің қара жұмысын тындыратын. Ал мамам бізді тәртіпке шақырып, өсиет сөздерін айтып, өзінің әділдігімен үлгі көрсетті. Кісінің ала жібін аттамауға, кішкентайымыздан адалдық сынды арда қасиеттерді бойымызға сіңірді. Әжемнің тәрбиесінде өскеніме ешқашан өкінбеймін. Ол кісінің даналығы, парасаттылығы аз да болса бізге жұқты деп ойлаймын. Сосын әженің тәрбиесінде өскен балалар еркін болады. Бізді тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай өз еркімізбен өсірді. Соның арқасында өз ойымызды еркін айта аламыз. Анаммен қарым-қатынасым да дұрыс болды. Анам екенін ішім біліп, бірақ жақын жеңгем секілді болып тұратын. Қарым-қатынастағы шектеу әлі күнге дейін қалып қойды. Мен ақ мамама еркелегендей шешеме еркелей алмаймын. Әжемді әлі күнге аңсаймын, – дейді Эльмира Мырза-Ғали.

Иә, бала өз ата-анасының махаббатын, назарын, тәрбиесін тікелей сезініп өскенде ғана жан-жақты дамып, мықты тұлға болып қалыптасады. Ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіруде ата-әженің орны ерекше екенін жоққа шығаруға болмайды. Бірақ олардың рөлі әке-шешенің орнын алмастырмауы тиіс. Тәрбиенің үйлесімді болуы үшін дәстүр мен қазіргі заманның талаптарын дұрыс ұштастыра білген абзал.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар