Шалғай ауылдардан әр үй үдере көшкенде бір қауым елден бір-ақ үй болып тұрақтап, көшке ілеспей қалғандар бірен-саран. Сол жалғыз түтін болып қорым күзетіп қалғандарды қарашаңырақтың түсінік-тұтқасы ұстап тұр. Расында, дуалына дұға сіңген алтын діңгектің бағасы жоқ, ешқашан болмаған да. Ойға алғаннан алпыс екі тамырыңды иітіп, тұла бойыңды шымырлатып қоятын бұл теңдессіз сезімнің қарашаңырақтан алған қуаты қара жерге кіргенше тарқамайтыны анық.
Ал қазір ше? Кетпенін ұстай қалсаң, көкжиекке көз жүгіртіп, ойға шомған қарт атаңның, шарбағына сүйене қалсаң, немересінің жанын жаулығының ұшына түйген асыл әжеңнің үні құлағыңа келе қоятын дала заңын кім ұстанып жүр? Қара балаға қаршадайынан қарашаңырақтың иесі мен киесін ұғындырып, мұржасынан шыққан түтінінің өзін бақыт деп ұғатындар бар ма? Әлде «балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеттінің» керімен ұрпағымызға туған емес, тойған жерінің топырағы қымбат болып тұр ма? Осы жауапқа жауап іздеп көрелік.
Қаусаған қара шалдың бүгінде қарашаңырақ былай тұрсын, қарттар үйін мекен етіп жатқанын көріп жүрміз. Жасы сексеннің сеңгіріне жеткен ақсақалдан атауынан ат үркетін бұл орталыққа қалай тап болғанын сұрадық. Қазақ деген атымызға сын – қарттар үйінің табалдырығын аттағанына бес-алты жылдың жүзі болған қария кемсеңдеп отырып өмір тарихын түсіндіруге тырысты.
– Әйелім дүние салған соң екінші рет отбасын құрдым. Жалғыз ұлым бар еді, кейінгі қосағым мен жоқта балама күн бермей, әр іс-қимылын жазғырып, жақтырмаған екен. Мен оны кеш білдім. Есейгенде өгей шешесінің сол қылығын бетіме баса бергендіктен ол әйелмен айырылысып кеттім. Алайда жалғыз ұлыммен қарым-қатынасым жақсармады. Керісінше, шиеленісе түсті. Бірде ауруханаға түсіп қалдым. Біз Меркінің тумасымыз. Туған жерге табан тіреп, ешқашан ұзамаған едім. Ауырғанда дәрігерлер Тараз қаласындағы ауруханаға алып кетіп, екі апта емдеді. Бүкіл ғұмырымды сол екі апта шешіп жіберді. Аурудан айығып, ауылға барғанда жер сипап қалдым. Балам үйді сатып жіберіпті... Бүкіл ауыл көзіне жас алып, ұлымның тай-құлындай тебісіп өскен достарының өзі «енді ауылға ұлыңыз келетін болса, аман қалмайды» деп кіжінді. Арада біршама уақыт өткенде ұлым соңымнан іздеп келді. Жылап тұр. «Астанаға алып кетемін» дейді. «Бармаймын ешқайда!» дедім. Туған жердің табаныма кірген тікенінің өзін қадір тұтуға бармын. Қаңырап қалған қарашаңырақтың орнын сипап қалдым ғой, менің әкем салған үйді сатып кеткен баламның осындай опасыз ісін қалай кешіремін?! Енді кімге арқа сүйеймін, шау тартқан шағымда кімге жәутеңдемекпін? Қарттар үйін паналауға мәжбүр болдым. Қартайғанда қор болдым, қайран қасиеті бөлек қарашаңырағым-ай! Үйімнің төбесін енді бір көрсем, топырағына аунап-қунап қайтсам, арманым болмас еді, – деп көзіне жас алды қария.
«Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді. Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді. Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым. Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркте болдым – олар да түсіме кірмеді. Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім. Түсімде ылғи балалық шағымды көремін. Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді» дейді жазушы Шерхан Мұртаза «Ай мен Айша» романында. Жазушының кеудесінің сол тұсын шымырлатып, тамырын солқылдата сығып, түсіне кіріп, мәңгілік сағыныш символына айналған елді мекен – туған жері, сондағы қарашаңырағы...
Талас ауданы, Майтөбе ауылының тұрғыны Нұржан Ізетбаев – қырықтың қырқасына шыққан азамат. Бүгінде тоғыз перзент тәрбиелеп отырған көпбалалы әке. Ол қарашаңырағын көзінің қарашығындай қастерлейтінін айтты.
– Үйдің жалғыз баласымын. Әкем мен атам да жалғыз болып дүниеге келіп, дүниеден озған. Ол кісілер қарашаңырақтан қозғалмаған. Қасиет қонып, кие дарыған, ата-бабамның тәй-тәй басып, кіндік қаны тамып, бәйтеректей жапырағын кеңге жайған жерден қалай кетесің?! Айдың-күннің аманында қарашаңырақты қалай көзің қиып, қаңыратып тастайсың?! Ата-бабама Құран оқытып тұруым керек. Мен тұрған ауыл заман көшіне ілесе алмай қалған шығар, бәлкім. Азынаған желі бар, көгілдір отыны жоқ, бір ғана дүкені жұмыс істейтін, жалғыз мектебі ғана бар, дами қоймаған елді мекен дерсіз, бәлкім. Көшелері де көріксіз шығар, алайда мен үшін ауылымнан артық сұлу өлке жоқ. Себебі мұнда бабаларымның ізі, балалық шағы қалған. Менің және балаларымның да кіндік қаны осында тамды. Оларға да осы бір аядай ауылдан асқан қымбат өлке жоқ. Осында отырған әрбір шаңырақтың табалдырығынан аттасаңыз, иесі осы ой желісімен сөз жалғайтынына күмәнім жоқ. Және әрбір жүрегінде ұлтқа деген махаббаты бар азамат осылай жасауға тиіс, – деді Нұржан.
Осындайда «Ауылдан адам көшсе де, адамнан ауыл көшпейді» деген өлең жолдары ойыңа еріксіз орала кетеді екен. Жамбыл ауданының Аса ауылынан көшіп, бүгінде Таразға тұрақтаған Азамат Ауғанбаймен де тілдескен едік.
– Мен қарашаңырақты сатпадым. Тастап та кетпедім. Келіншегім екеумізге ауылда жұмыс болмағандықтан, бала-шағамды асырау үшін қалаға көштім. Бірақ демалыс сайын қараусыз қалмасын деген оймен үйімізге бала-шағамен барып, мәре-сәре болып самаурыннан шай ішіп, ауласын сыпырып қайтамыз. Шау тартқан шағымда сол аулаға ораларым анық. Оған себеп, қазақ қарашаңырағын тек жау жағадан алған, бір қиын-қыстау кез туғанда болмаса, тастап кетпеуі тиіс деп ойлаймын. Ол ауылда менің тай-құлындай тебісіп өскен достарым, туған-туыс, ауылдастарым мен бүгінде ауыл іргесіндегі мазарда төбеге айналған әке-шешемнің бейіті қалды. Көз жұма кетсем, маған да осы топырақ бұйыруы тиіс. Себебі бұл ауыл менің тамырыммен жалғанып тұр. Басқаша болуы мүмкін емес екенін білемін, – дейді А.Ауғанбай.
Адалдық пен аңғалдықтың, тұрақтылық пен шынайылықтың символына айналған ауылдың іргесі ешқашан сөгілмеуі керек. Расында, қалалықтардың дамылсыз тіршіліктен шаршаған сәтте бір сәт тыныстап, сағынышын жеткізіп, ауылдықтардың ыстық ықыласына бөленіп қайтар темірқазығы емес пе? Сол үшін ауылдың еңсесін биіктете түскеніміз абзал. Бұл туралы жасы жетпіске таяған қария Елубай Ақберен айтып берді.
– Қарашаңырақ – тек бір үйдің ғана емес, тұтас ұлттың рухани тірегі. Ауылдық жердегі қарашаңырақ біткен қаңырап бос қала берсе, күндердің күні сол ауылдың орны топырақ үйіндісіне айналатыны анық. Ал ауыл жойылса, өзгелер иен даламызды иесіз жатыр деп ойлауы мүмкін. Ендеше ұлтты өткенінен ажырап, тамырынан алыстасын демесек, ауылға жағдай жасап, жастардың ауылда тұрақтауына көңіл бөліп, жұмыссыздықты жоюымыз керек. Қасиетті жерді қадірлей алмаған адамның ұлттық болмыс пен құндылық жайлы ойлануға өресі жетпейтіні ақиқат. Сондықтан әр ауылдағы әр қарашаңырақты сақтап қалудың қамын іздестіру өзекті мәселе, – деді ақсақал.
...Мен де соңыма бұрылып қарадым. Алыстан атасы ерттеп берген тұлпарына мініп, тұлымы желбіреп шауып жүрген жалғыз інімнің ұлын көрдім. Әкемнің кеше ғана түсімде жымиған күлкісі елес беріп еді. Қазақ «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деген сөзді бекер айтпаса керек. Шүкір, орнында бар оңалар. Қарашаңырақ қаңырап қалмаса болды.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ