Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Асық атудың астарында көп мән бар

Асық атудың астарында көп мән бар
Ашық Дереккөз
Ұлан-ғайыр атырапта ұлағатты ғұмыр кешкен ата-бабамыз ұлттық құндылықтарды ұлықтауға ерекше мән берген. Осы орайда әрбір салт-дәстүрдің астарында терең тағылымның жатқанын байқап, еріксіз таңдай қағамыз. Қай ғұрыпты алсақ та жан-жақты ойластырылып, бітім-болмысымызбен біте қайнасып кеткенін аңғарамыз. Бұл тұрғыда ат спорты, садақ ату, арқан тарту, қазақ күресі мен аударыспақ, сондай-ақ асық атудың да ұрпақ тәрбиесіндегі алатын орны бөлек. Бүгінгі мақаламызда асық ату туралы жазуды жөн көрдік.

Асық ату – бағзы дәуірден  бүгінге дейін жалғасып, танымалдылығын жоғалтпаған ұлттық ойынның бірі де бірегейі. Асық ату бала бойына барлық жігітке тән жақсы қасиеттерді сіңіріп, оның ішінде шыдамдылыққа, алғырлыққа, дәлдікке, ептілікке тәрбиелейді. Сонымен қатар барлық спорт түрінің жиынтығы іспетті. Жүгіру, соққы жасау, мергендік, математикалық көзқарас, географиялық және геометриялық ғылым түрі де асық ойнау барысында байқалып жатады.

Асық ойынының шығу тарихы көшпелі қазақ халқының өмір салтымен тығыз байланысты. Ойынның басты құралы – қой мен ешкінің асық сүйегі. Өзге малдардың асығы ойын шартына сәйкес келмейді. Яғни асық көлемінің үлкен болуы ережеге қайшы келетінін көрсетеді. Бабаларымыздан келе жатқан асық ойынының түрі де көп. Күні бүгінге дейін өзгеріске ұшырамай, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан тасқама, ханталапай, шеңбер сынды түрлері жиі кездеседі. Тасқама – асықты белгілі бір нысанға дәл тигізу болса, шеңбер – шеңбер ішіне қойылған асықтарды кезекпен атып шығаруға негізделген. Ал ханталапай – асықтарды ортаға шашып, әр ойыншының өз асықтарын жинап үлгеруі арқылы тартысты өрбиді. Дейтұрғанмен  біздің бала кезіміздегі  асық ойыны заман ағымына қарай өзгеріске ұшыраған. Сондай-ақ өзге де түрлері ел ішіне кеңінен тараған. Атап айтар болсақ, үштабан, бүк немесе шік, омпа секілді асық ойындары жиі ойналатын болған. Сақаның қолда жұмыр әрі салмақты болуы үшін ортасы ойылып, ішіне қорғасын құйылатын. Сол секілді айналасын сыммен орап, қолға ұстауға ыңғайлы жасалатын. Ойын барысында асықтың белгілі бір тұсымен орналасуына байланысты шеңберден шығару тәсілдері де қолданылатын. Шеңбер сызығына біртабан жақын тұрса – шерту, бір қадамдық жерде тұрса – иіру, бүк жатса – қатты күшпен ату, шік жатса – иіріп ату, алшы тұрса – бүк жағынан ату, ал тәйке тұрған жағдайда шік жағынан ату жеңіске жетелейтін айла болып қолданылатын. Әрине, сақаның мықтылығы асықтың салмағы мен түріне қарамай, шеңбер ішінен оңай қозғалтатыны белгілі. Бұрын сақаның да түр-түрі болатын. Яғни тас сақа, арқар сақа, шикі сақа және қорғасын сақа деп жалғасып кете беретін.

Асық ойынының көздің көруін жақсарту, ой-өрісті кеңейту, дене бітімін қалыптастыру секілді денсаулыққа пайдалы да тұстары өте көп. Сондай-ақ қазақ халқы асық ойынын адам қасиеттерімен де байланыстырған.

«Асығын ата алмаған,
Сақасынан көреді.
Сөзін сөйлей алмаған,
Атасынан көреді» деп, жігіттің топ алдында сөзге шешендігін асық арқылы мысалға келтірген.

«Қой асығы демеңіз,
Қолға жақса, сақа тұт.
Жасы кіші демеңіз,
Ақылы асса, аға тұт» деп, жігіт бойындағы біліктілікті тілге тиек еткен.

2011 жылы асық ату спорттық ойын ретінде тіркелген. Сол уақыттан бері елімізде бірнеше іс-шара мен жоғары деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылып, ұлттық спортымыз даму үдерісіне бет бұруда.

Өңірімізде де асық ату спорты кең көлемде насихатталып, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Облыстық асық ату спортының аға жаттықтырушысы Еркебұлан Әбдіровтың айтуынша,  аймақта тұратын бірнеше білікті спортшымыз әлемдік додаларда үздіктер қатарынан көрініп жүр екен.

– Облысымызда асық ату спорты жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Жыл сайын тұрақты түрде асық атудан республикалық және облыстық турнирлер өтуде. 2024 жыл жемісті жыл десем, артық айтқаным емес. Себебі  Астана қаласында өткен әлем чемпионатында «Әулие-Ата» кәсіпқой клубының спортшысы Ерсұлтан Тоқтасын ересектер арасында жеңімпаз атанды. Араға аз уақыт салып Түркияның Анкара қаласында өткен жастар арасындағы әлем кубогында Рысбек Тұрғанбекұлы бас жүлдені жеңіп алды. Көкшетау қаласында өткен ел чемпионатында Нұрсұлтан Қалманбетов есімді спортшымыз үздік болды. Сондай-ақ Ақтау мен Қызылорда қалаларында өткен жарыстардан жас спортшыларымыз ІІ орынды қанжығасына байласа, Алматы облысында ардагерлер арасында ұйымдастырылған додада спортшыларымыз ІІ орынды еншіледі. Тараз қаласы мен Байзақ, Жамбыл, Меркі, Тұрар Рысқұлов, Жуалы ауданының спортшылары байрақты бәсекелерде бақтарын сынап, биік тұғырдан көрініп жүр. Бұл облысымыз үшін үлкен жетістік, – дейді Еркебұлан Қаржаубайұлы.

Бүгінгі таңда табиғи асықтардың орнына пластик асықтар қолдану белең алуда. Әрине, бұл асықтар ойынның өзгеріске ұшырауына әкеліп соғады. Себебі салмағы жеңіл, қол ыңғайлылығына кері әсер туғызады. Дегенмен елімізде өтіп жатқан асық атудан ауқымды додаларда пластик асықтар қолданыста болатыны мәлім. Осы мәселе тұрғысында Тараз қаласы №67 орта мектебінің денешынықтыру пәнінің мұғалімі, асық атудан спорт шебері Мұхтар Айтуов өз ойымен бөлісті.

– Елімізде кез-келген асық ату жарыстары пластик асықтар арқылы жүзеге асады. Себебі пластик асықтармен ойнау табиғи асықтарға қарағанда тиімді деп танылған. Асықтардың арнайы бекітілген салмақтары бар. Барлық асық бір салмақта ойнатылады. Сондай-ақ әр асықтың өзінің белгіленген нөмірлері де ерекшелікті көрсетеді. Жарыс барысында шеңбер ішіндегі асықтың нөмірі айтылған жағдайда сол асықты атып шығару керек. Табиғи асықтардың салмағы мен көлемінің әртүрлілігіне байланысты ойын өзгеріске ұшырауы мүмкін. Сақалардың өзі де пластик болып келеді. Оның салмағы 30-35 грамнан асып кетпеуі тиіс. Барлық асық бір түске боялып, бір салмаққа теңестіріліп, әрқайсысының нөмірленуі асық ату спортының дамуына үлесін тигізері анық. Шеңбер ойынының да ережелері бекітілген. Жас ерекшеліктеріне қарай шеңбер сызылады. Бес немесе бес жарым метр қашықтыққа асықтар шеңбер ішіне тігіледі. Ойыншы асықты атып, шеңберден шығаруы керек. Асық шеңберден шықпай қалған жағдайда ойыншы мүмкіндік алады. Мүмкіндік алу – шеңбер сызығынан ату дегенді білдіреді. Жалпы ойын уақыты 10 минутқа дейін созылады. Егерде бір ойыншы 8 асықты атып алған жағдайда ойын уақытынан бұрын тоқтатылады. 10 минут ішінде 8 асықты жинай алмаған екі ойыншының қайсысының асығы көп болса, сол жеңіске жетеді. Жалпы асық ату ойындарының ережелері әртүрлі екені белгілі. Ұлттық ойынымыз әлем елдерінің назарын аударып жатыр. Әрине, ұлттық ойынымызды жер-жаһанға таныту, одан үздік болу – біздің басты міндетіміз. Сол себепті әрбір мектеп бағдарламаларына асық ату спортын енгізген. Оқушыларымыз да бұл спорт түріне қызығушылық танытып, алға жылжуына өз үлестерін қосып жатыр, – дейді Мұхтар Айтуов.

Әрине,  асық ату ойыны спорт түрі ретінде 2011 жылы енгізілсе де әлі күнге дейін көше ойыны болып саналады. Себебі ауылдық жерге барғанда балалардың асық ойнап жатқанын көзің шалады. Цифрлық өркениет қалыптасуда  дегенімізбен ұлттық ойынымыз ауылдық жерде әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтпаған. Меркі ауданының Ақарал ауылындағы №5 жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, білім мекемелері арасында асық атудан бас төреші Әсет Қоңырбаевтың айтуынша, ауылда апалар әлі күнге дейін немерелері үшін  құртын түйіп, сақтаса, аталар мал сойған сайын асықтарын жинап қояды.

– Біздің бала күнімізде асық ойыны арнайы спорт түріне енген жоқ. Әр ауылдың көше заңымен бекітілген өзіндік ережелері болатын. Біз көбінесе шеңбер және омпа ойынын ойнайтынбыз. Омпа – дәлдікті үйрететін ойын. Көлемі мен салмағы орташа асықтың біреуі барлық асықтың дәл ортасына көлденең күйінде қойылады. Алыстан көздеу арқылы омпа тұрған асықты шеңберден шығарған жағдайда барлығын бірге аласың. Демек, сол ойынның жеңімпазы атанасың. Ал егер ортадағы асықтың жанындағыларды шеңберден шығаратын болсаң, онда тек сол асықты қоржыныңа саласың. Асық шеңберден шықпай қалған жағдайда қалтаңнан қосымша тағы бір асықты ортаға қоясың. Яғни омпа ойыны мергендікке, қолдың, саусақтардың мықты болуына үйретеді. Қазіргі таңда ұлттық спортымыз лайықты деңгейде насихатталып, ел аумағында түрлі байқаулар ұйымдастырылуда. Сондай-ақ Республика күніне орай 21 жастан асқан ересектер арасында «Алаш сақасы» турнирі өткізіліп келеді.  Жарыс жүлдесіне арнайы автокөлік тігіледі. Міне,  бұл – ұлттық спортымыздың дамып келе жатқанының бір көрінісі. №5 Ақарал жалпы орта білім беретін мектеп-гимназияның оқушылары да аталған спорт түрінен жоғары жетістіктерге жетуде. 2021 жылы Көкшетау қаласында 5-6-сынып оқушылары арасында ұйымдастырылған ұлттық лигада шәкірттеріміз  тұңғыш ел чемпиондары атанды. 2023 жылы Есік қаласында, 2024 жылы Семей қаласында өткізілген ел чемпионаттарында оқушыларымыз ІІ орынды қанжығаларына байлады. Біздің мақсатымыз – ұлттық спортымызды жасөспірімдерге кеңінен насихаттау, байрақты бәсекелерге оқушыларды дайындау. Бүгінде осы бағытта жүйелі жұмыстар атқарып жүрміз, – дейді Әсет Алмасбекұлы.

Баршаға белгілі, былтыр елімізде V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Спортшыларымыз 43 алтын, 32 күміс, 37 қола медальмен көш бастады. Асық ату спортынан ұлттық құрама жеңімпаз атанып, ел абыройын асқақтатқаны белгілі. Мұның өзі де төл ойынымызды төрге шығару мақсатында төгілген тердің текке кетпегенін аңғартып тұрса керек. Әйтсе де мұнымен шектелмей, ұлағатпен ұштасқан ұлттық ойындарымызды ұлықтай бергеніміз абзал.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар