Алайда субсидиялар уақытында төленбесе немесе мүлде берілмесе ше? Мұндай жағдай агробизнес үшін үлкен қауіп тудыратыны айтпаса да түсінікті. Себебі субсидияға сеніп іс бастаған шаруа қожалықтардың тірлігі тұралайды. Әсіресе несиелік жүктемесі жоғары шаруалар үшін бұл үлкен соққы. Себебі олар субсидияның уақытылы төленбеуіне байланысты несиесін өтей алмай, қаржылық қиындыққа душар болады. Міне, бұл облыстық мәслихат депутаты Бегалы Ералиевтің шаруалар үшін шырылдап, көптен бері көтеріп жүрген мәселесінің бірі. Осы орайда біз аталған халық қалаулысына хабарласып, мән-жайға жіті қаныққан едік. Бегалы Ералыұлының айтуынша, өңір шаруаларына тиісті субсидиялардың уақытында төленбеуі агробизнеске кері әсер етуде. Депутат осы жағдай шаруаларды қаржылық тығырыққа тірегенін айрықша атап өтті. Сонымен қатар субсидиялардың уақытылы берілмеуі фермерлердің жұмысын жүргізуіне кедергі жасап, салдарынан көптеген шаруашылықтың ісі шатқаяқтауы мүмкін екенін ескертті.
– Қазіргі уақытта «Аграрлық несие корпорациясы» және «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы аймақтық филиалының «Агробизнес» бағдарламасы бойынша берілген несиелерді субсидиялауға қаржының жоқтығы бірқатар шаруа үшін қолбайлау болып тұр. Тіпті қаржылық тығырыққа тіреген жағдайы бар. Мысалы, «Агробизнес» бағдарламасына сәйкес несиелік келісімшартқа отырған және несие алған облыстағы ауылшаруашылық тауарын өндірушілерге былтыр маусым айынан бастап субсидиялар төленбей келеді. Қарыз алушылар келісім бойынша берілген субсидиялар төленбегендіктен пайыздық өсімпұлды толық көлемде 22 пайызбен төлеуге мәжбүр болып отыр. Бұл тауар өндірушілер мен шаруалар үшін қаржылық тұрғыда айтарлықтай қиындықтар туғызуда. Шамадан тыс үлкен пайызбен несие өтемін төлеу кәсіпкерлердің жұмысын жандандыруға мүмкіндік берер емес, – деді Бегалы Ералыұлы.
Сонымен қатар Б.Ералиев «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамынан «Кең дала» бағдарламасы бойынша облыстың 37 қызылшашысы жалпы сомасы 1 миллиард 101 миллион теңге алғанын, десе де балтамырдың бабын тапқандар алдағы төлемдерді өтеу мәселелеріне алаңдаушылық білдіріп жатқанын сөз етті.
– Оның себебі – қант қызылшасын өткізу мәселесі. «Меркі қант зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қоймаларының толуына байланысты қант қызылшасын қабылдап жатқан жоқ. Сондықтан шаруалар жиналған өнімді Жетісу облысына (1 000 шақырымнан аса жер) жіберуге мәжбүр. Бұл өсірілген өнімнің өзіндік құнының қымбаттауына әкеліп соғады. «Меркі қант зауытындағы» қыркүйек айында қабылданған қант қызылшасының уақытылы өңдеуден өтіп үлгермеуіне байланысты былтыр қазан айының соңында бұзыла бастады. Сонымен қатар Қордай ауданының «Нұр», «Нұрислам» және «Карина» шаруа қожалықтары «Меркі қант зауытынан» алған тұқымдарына субсидия ала алмай отыр, – деді депутат.
Депутаттың сөзіне сүйенсек, ауылшаруашылығы өндірістік кооперативтерінің алдында бірнеше өзекті мәселе тұр. Атап айтсақ, шаруалардың несиелерін уақытында өтей алмай, қаржылық қиындықтарға тап болуда. Мәселен, 4 кооперативтің несиені толықтай немесе жартылай мақсатсыз пайдаланғаны үшін қарыздарын төлеуі қиынға соғып отырса, 21 кооперативтің төлемдері 90 күнге жетпей кешіктірілген. 3 кооперативтің төлемдері 90 күннен асып кетіп, бұл бойынша іс сотқа жолдауға дайындалып жатқан көрінеді.
– 2024 жылдан бастап машиналар мен жабдықтардың, оның ішінде аспалы және тіркемелі ауылшаруашылық техникасының басым түрлерін сатып алу 30 пайыз жоғары нормативпен субсидияланады. Бұл ретте аналогтары Қазақстанда өндірілетін импорттық техника үшін субсидия нормативі 15 пайызға дейін төмендетілген. Елімізде аналогтары өндірілмейтін импорттық ауылшаруашылық техникасының түрлері осы техниканың құнын өзектендіре отырып, 25 пайыз нормативі бойынша субсидияланады. Алғашында кооперативтер құрылатын кезде әкімдіктер тарапынан суармалы және жайылым жерлер беріледі деп уәде етілген. Алайда шаруалар іске белсене кіріссе де уәделер тек сөз жүзінде қалған. Қыруар қаржыға несие арқылы техникалар алғанымен не егістік, не жайылымның болмауынан ауылшаруашылығы кооперативтерінің жаппай жабыла бастау қаупі туындауда. Бастапқыда алған қаржы құнының жартысы субсидиямен жабылатынына сенген шаруалар енді не істерлерін білмей жүр. Алдағы уақытта ауылшаруашылығын ауқымды жаңғырту, егістік алқаптарын ұлғайту, жаңа технологияларды енгізу, кооперация процесіне, жерді тиімді пайдалануға бөгет жасайтын кедергілерді жою, ұзақмерзімді қаржыландыру және өткізу нарығына тікелей қолжетімділікті қамтамасыз ету мәселелері уақыт оздырмай шешілуі қажет, – деді Б.Ералиев.
Шаруалар қыруар қаржыға қымбат техника сатып алып, оны пайдаланатын жер таппаса, бұған күлеміз бе, жылаймыз ба? Мұндайда шаруаның алған техникасын кері қайтарып бергеннен басқа амалы жоқ. Осы ретте біз облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасы мамандарына хабарластық. Депутат көтерген өзекті мәселе бойынша аталған басқарманың баспасөз хатшысы Тұңғыш Жанұзақовтың жауабын тыңдадық.
– 2025 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы облыс шаруаларына 3 миллиард теңге көлемінде 5 пайызбен несие беру жоспарлануда. Бүгінде 200 миллион теңге несие берілсе, 1 миллиард теңгеден астам қаржыға өтінімдер түсіп, құжаттары рәсімделу сатысында тұр. Осы тұста 2024 жылғы өнім үшін және инвестициялық салымдарға берілетін субсидияның кешігуінен көптеген шаруа корпорацияның қара тізіміне енгенін, салдарынан олар үшін алдағы уақытта несие ала алмай қалу қаупі туындағанын жасыра алмаймыз. Шаруалардың несие тарихына қарамастан көктемгі дала жұмыстарына қатысатын шарушылықтарға несие беру тетігін қарастыру үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамына бірнеше рет хат жолдадық. Бұл мәселе Үкімет деңгейінде өткен кеңестерде де бірнеше рет көтерілді. 2024 жылғы өңірдің ауылшаруашылығы саласындағы өзекті мәселенің бірі қант қызылшасын қайта өңдеуге өткізу болды. 11,2 мың гектарға егілген қант қызылшасы алқабынан соңғы 5 жылдағы өнімділікпен есептегенде 350-360 мың тоннаға жуық өнім алу күтілген болатын. Бірақ ауа райының қолайлы болуы және облыс фермерлерінің агротехникалық шараларды жетік меңгергенінің нәтижесінде биыл қант қызылшасынан 640 мың тоннадан астам өнім алынды. Орташа өнімділігі гектарына 627 центнерді құрап, өнімділік 2 есеге өсті. Соңғы 4 жылда 25 мың гектар алқаптан 650 мың тонна өнім жиналса, өткен жылы фермерлер бұл көрсеткішке 1 жылдың ішінде қол жеткізді. Бір жағынан, рекордтық өнім алынғанымен облысымыздағы зауыттар өңдеп, қант шығаруға қауқарсыз. Науқан барысында «Меркі қант зауытымен» жүргізілген келіссөздердің нәтижесінде зауыт жалпы 450 мың тонна өнім қабылдайтын болды. Өнім көлемінің көптігін ескере отырып, зауыттың негізгі қуаттылығы 250 мың тонна болғандығына қарамастан 200 мың тонна қосымша жүктеме алды. Зауыттың өнім қабылдау қуаттылығы 2 500 тоннадан 6 000 тоннаға дейін өсті. Бүгінде «Меркі қант зауытына» шаруалар тарапынан 425 мың тонна өнім өткізіліп, оның 228 мың тоннаға жуығы өңделді (2023 жылы – 192 мың тонна). Үкімет және жергілікті атқарушы орган тарапынан өнімді толық өткеру бойынша жан-жақты шаралар пысықталып, 100 мың тонна өнімді Жетісу облысындағы «Ақсу» қант зауытына тасымалдау мәселесі келісілді. Қазіргі таңда осы зауытқа облыс шаруалары тарапынан 50 мың тоннаға жуық өнім жеткізілді. Аталған зауытқа өнім тасымалдау жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ тәтті түбірдің 70 мың тоннаға жуығын Қырғыз Республикасына жіберу бойынша шешім қабылданып, алғашқы 1 500 тоннасы жөнелтілді. Зауыттарға өткізілген өнімді субсидиялау үшін жергілікті бюджеттен қосымша 3,4 миллиард теңге бөлінсе, Үкіметтің резервінен 5 миллиард теңге қарастырылып, шаруаларға төленді. Қордай ауданының «Нұр», «Нұрислам» және «Карина» шаруа қожалықтары «Меркі қант зауытынан» алған тұқымдары бойынша «Тұқым шаруашылығын дамытуды субсидиялау» бағдарламасы аясында ұсынған құжаттарының 2023 жылғы екендігі анықталды. Сол себепті олардың субсидиялауға берген өтінімі кері қайтарылды, – деді Т.Жанұзақ.
Мәселенің мәнісіне тереңірек бойлау үшін Т.Рысқұлов ауданы әкімдігі ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Темірғали Биғазиевпен тілдестік. Бөлім басшысынан ауданда субсидия алу мәселесі бойынша шағымданып жүрген шаруалардың бар-жоғын сұрадық. Алайда Т.Биғазиев бұл мәселені адал шаруалар көтеріп жүрмегенін айтып таңғалдырды.
– Шаруалардың арасында қорасында бір тұяқ малы болмаса да жалған ақпарат беріп, жыл сайын субсидия алып дәніккендер бар. Мысалы, біреу «асылтұқымды қошқар сатып алдым» деп сендіреді. Келесі жылы барсаң, ол қошқарды таппайсың. Заң жүзінде ол қошқар сол шаруашылықта екі жыл жүруі керек. Бұрын асылтұқымды қойдың аталығын шаруалар жалға алып, оған тиісті субсидия төленетін. Қазір ондайға жол берілмейді. Демек, шаруаның «асылтұқымды қошқар сатып алдым» дегені жалған, оны бір жерден уақытша әкелген немесе алған бойда қайта сатып жіберген. Былтыр біздің аудандағы уақ малдан 62 мың бас кем шықты. Оның барлығы шаруалардың жалған есеп беруінен болып отыр. Бүгінде фермерлер мен шаруашылық иелері үшін арнайы мемлекеттік портал жұмыс істейді. Бұл платформа арқылы шаруалар өздерінің малы, жері және техника секілді мүлкін тіркейді. Сондай-ақ мемлекеттік субсидиялар алу үшін өтініш береді. Бұл портал ауылшаруашылығы саласындағы үдерістерді жеңілдетіп, шаруалардың уақытын үнемдеуге, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін адами факторды азайтуға бағытталған. Сондықтан шаруалар порталға өздерінің жеке кілтімен кіріп, субсидияға өтініш береді. Мәселе осында, олар осы тұста бас пайдасын ойлап, қитұрқы әрекетке барады. Сондықтан біз қазір субсидияға өтініш берген шаруашылықтарды аралап, зерделеу жұмысын жүргізбекшіміз. Бұрын жауапкершілігі шектеулі серіктестік болған аграрлық ұйымдар қазір статусын шаруа қожалық етіп өзгертіп алды. Өйткені олардың салықтан жалтаруына, түсім, мал саны, егіс көлемі секілді деректерді қалағанынша өзгертіп беруіне аталған портал оңтайлы болып тұр. Зерделеу жұмысын жүргізу осындай әділетсіздікті анықтау үшін қажет. Субсидияның уақытында төленбеуіне келсек, былтыр еліміздің бірқатар өңірін су басқаны көпке мәлім. Мемлекет бар күш-жігерін табиғи апат салдарын жоюға жұмсап, қаржы да сол жаққа бағытталды. Осылайша шаруаларға субсидия кеш әрі жартылай түсті. Бүгін-ертең тізім бойынша шаруашылықтарға толық зерделеу жұмысы жүргізіледі. Одан кейін субсидия алуға берген өтінімі талапқа сай келсе, оларға субсидия наурыз айында беріледі, – деді Темірғали Нәдірұлы.
Қалайда субсидия алуды көздеп, соның жолында қитұрқы әрекеттерге баратындар болса, көзбояушылық бізді ұшпаққа шығармайды. Мұндай пиғылдағы адамдар барда мемлекет орасан зиян шегеді. Өйткені субсидия – ауылшаруашылығының дамуын қаржыландыратын басты фактор болса, ал оны базбіреулердің бас пайдасына пайдалануы агробизнес үшін қауіпті, мемлекеттің экономикалық тұрақтылығына да үлкен соққы. Сондықтан мұндайға жол берілмеуі керек.
Келесі кезекте біз «Аграрлық несие корпорациясы» облыстық филиалына барып, келісімшартқа отырған шаруаларға қандай несиелік міндеттемелер жүктелгенін, алдағы уақытта қаржылық қиындыққа ұшырағандардың жағдайы қалай болатынын білуге тырыстық. Филиал директорының орынбасары Бауыржан Тәжібаевтың айтуынша, корпорация тарапынан үшінші тұлғаға клиент туралы ақпарат берілмейді. Сондықтан қанша шаруа қара тізімге енгені немесе несиесін қанша шаруа қай айдан бері өтей алмай жүргенін білу мүмкін болмады. Дегенмен ол шаруалар арасындағы жалпы жағдайды түсіндіріп берді.
– Жыл соңында фермерлердің қатысуымен арнайы жиын өткен болатын. Сол басқосуда 30 желтоқсанға дейін несиесін өтеген шаруалардан өсімпұл алынып тасталатыны шешілді. Ал несиені төлеуді одан әрі созғандарға айыппұл қосылады. Бізден несие аларда әрбір фермермен келісімшартқа отырамыз. Құжатта несиені алушы оны 22 пайыздық мөлшерлемемен өтейтіні нақты көрсетілген. Сондай-ақ біз шаруаларға «Субсидия және басқа да қаржылай қолдау шараларына сенбеңіздер. Егер қандай да бір жағдаймен қаржы бөлінбей қалса, несиені алушы 22 пайызбен өтеуге міндетті» деп ескертеміз. Бұдан бөлек шаруалар облыс әкімдігінің ауылшаруашылығы басқармасымен алған несиесінің 16 пайызын субсидиялау арқылы келісімшартқа отырады. Міне, мәселе осы жерде туындап тұр. Шаруалар субсидияға қол жеткізе алмады. Енді оны өз қалталарынан өтеуі керек. Субсидияға сеніп, несиесін кешіктірген шаруалар келесі жылы тағы да несие алғысы келеді. Бұл ретте олардың ішінде соңғы екі жылда несиені 180 күннен асырып кешіктіргендерге қаржы берілмейді. Ал одан бұрын қарызын жапқандардың несие алу мүмкіндігі сақталады, – деді Бауыржан Ермекұлы.
Субсидияның уақытында берілмеуі немесе мақсатсыз пайдаланылуы агробизнес үшін өте қауіпті деуіміздің сыры осында жатыр. Адал еңбек етіп, субсидия ала алмай қалатындар немесе субсидияға сеніп, несиенің өтелу мерзімін өткізіп алғандар болса, бәрінен де соларға обал.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ