Сол бір сын сағаттарда халқымызға тән қайсарлық пен батылдық танытып, еліміз бен жерімізді сырттан келген жаттарға басындырмау және басқартпау мақсатында алаңға шыққан Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев, Сәбира Мұхамеджанова, Құрманғазы Рахметов, Жансая Сәбитова, Құттыбек Аймаханов сынды жалынды жастар бастаған көптеген желтоқсан құрбандарының есімдері тарих беттеріне алтын әріптермен жазылып қалды. «Ер есімі – ел есінде» дегендей, тәуелсіздік үшін жас жандарын қиған осындай аға-әпкелеріміздің есімдері мен ерліктерін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп әрі жадында қалдыру мақсатында түрлі іс-шаралар атқарылып келеді. Кейбіреуіне белгі мен құрметтің ең үлкені ретінде ескерткіш те қойылды.
Сондай ескерткіштердің бірі жазықсыз жазаға ілініп, азаптан көз ашпаса да елінің ертеңіне сеніп, ақырында халқымен соңғы қоштасу хатын жазып, түрмеде көз жұмған жамбылдық жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековке де қойылды. Сондай-ақ бұл ескерткішті Қайратпен қатар, барлық желтоқсаншыларға көрсетілген құрмет деп білеміз.
Әрине, бұл игілікті істі қолдап әрі қолға алып, аяғына дейін атқарған азаматтарға алғысымызды білдіреміз. Дегенмен ескерткіштің «әттеген-ай» дегізетін жақтары да жоқ емес.
Олай дейтініміз, алғашқысында асығыс болды ма, әлде салғырттық пен сауатсыздық орын алды ма, әйтеуір, қайратты Қайраттың бейнесі көпшіліктің көңілінен шықпағандықтан қайта өзгертілді.
Ескерткіштің алғашқы нұсқасын көргендер білетін шығар. Ол жөнінде журналистер жазған да болатын. Одан кейін де Желтоқсан қаһарманының мүсіні екі мәрте жасалып, орны екі рет өзгертілді. Ал үшінші рет өзгертілген Қайраттың қазіргі бейнесі сәтті шығып, ескерткіш те лайықты орнын тапқандай әрі сол алаңның ажарын да ашып тұр. Ең алдымен, бұл – ескерткішті соққан мүсіншінің идеясы мен еңбегінің жемісі.
Енді негізгі айтқым келген мәселеге тоқталар болсам, қандай мемлекет болса да ескерткіштегі адамның аты-жөні және туған жылы мен өмірден өткен уақыты толық жазылады. Тіпті кейбір ескерткіштердің артқы жағына егер сол адам аса танымал болмаса кім екендігі жайлы да қысқаша жазылып қояды. Одан бөлек сол ескерткіштің авторы мен мүсіншінің де есімдері көрсетілген. Мен бұған еліміздің көптеген облысы мен алыс-жақын шет елдерде болғанда көзбен көріп, куә болғанмын.
Ал Рысқұлбеков ескерткішінен «Q.RYSQULBEKOV» деген жазуды ғана оқисыз. Бұл шағын кемшіліктен бөлек, ескерткіш тұғырының да сәл аласа екені тағы бар.
Мен осы ескерткішке байланысты тұрғындарды сөзге тартып көріп едім, Қайраттың кім болғанын да, толық аты-жөнін де, туған және қайтыс болған жылдарын білмейтіндер де бар болып шықты. Өзге ұлт өкілдерінен де сұрап едім, олар тек ескерткіштегі Рысқұлбеков деген фамилияны ғана оқып берді. «Ал атын білмейміз. Себебі аты толық жазылмапты» деп жауап қайтарды. Әрине, ол үшін оларды кінәлағымыз келмейді. Латын қарпімен жазылған соң ба, кейбіреулер оқи да алмады. Одан бөлек кейбір жастар да, үлкендер де Қайрат Рысқұлбековті Тұрар Рысқұловпен шатастырып жатты.
Негізі біз кейінгі тарихи тұлғаларымызды танытуды алдымен мектептерден бастағанымыз дұрыс секілді.
«Ештен кеш жақсы» демекші, аталмыш ескерткішке қаһарман жерлесіміздің аты-жөнімен қоса, туған және өмірден өткен жылдарын да әрі тұғырының артына «1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының каһарманы» деп жазып қойсақ, әрине, артық болмас еді. Оған орын да жетерлік. Бұл игі іс көп жұмысты да, қыруар қаржыны да, көп уақытты да қажет етпесі анық.
«Жеті рет өлшеп, бір рет кес» демекші, алдағы уақытта кімге ескерткіш орнатылатын болса да алдымен асықпай ойластырып, лайықты орнына қойса, екі жұмыс болып, еңбек те еш кетпес еді, бөлінген қаржы да желге ұшпас еді.
Бұл бір ғана ескерткіштің кем-кетігі. Бұдан бөлек өзіміз көрген облысымыздағы тағы бірнеше ескерткіштің жай-күйі сын көтермейді. Оларға келесі жолы толығырақ тоқталармыз. Дегенмен Тараз қаласындағы және өңіріміздегі аудандар мен ауылдардағы біз байқамаған өзге де ескерткіштердің қандай күйде екені бір Аллаға ғана аян. Сондықтан тікелей жауапты басшылар мен мамандар барып, өз көздерімен көрсе олардан да кемшіліктер табылып, қайта қалпына келтірілер ме еді?
«Ойды ой түртеді» демекші, сөз соңында тағы бір қосымша айтқымыз келген мәселе – Желтоқсан оқиғасы әлі де толықтай өз бағасын алған жоқ. Әлі де айтылмаған ақиқаты мен тұншығып жатқан құпиялы сырлары баршылық. Қанды көтерілістің құрбандарын айтпағанның өзінде, тірілердің арасында мүгедек болып қалған немесе денсаулықтарына қатты зақым келген жандар қаншама. Тіпті осы оқиғадан кейін сәби сүю бақытынан айырылған қыздар да бар. Бір сөзбен айтқанда, сол бір ызғардан жүректерінде сыз қалған. Аянышты, әрине...
Бірақ өкінішке қарай, желтоқсаншыларға мемлекет тарапынан әлі де дұрыстап медициналық та, өзге де көмектер көрсетілмей келеді. Біздің бүгінгідей тәуелсіз әрі бейбіт күнде алаңсыз күн кешіп жатқанымыз да Алладан соң Желтоқсан қаһармандарының арқасында екенін ешқашан ұмытпауымыз керек. Сондықтан сол кезде қайсарлығымен де, өткір өлеңдерімен де ел есінде көбірек қалған басты каһармандардың (көшбасшылардың) бірі әрі бірегейі, жерлесіміз Қайрат Рысқұлбековті басты кейіпкер етіп ала отырып, Желтоқсанның желісі бойынша шындықты бүкпей, сондағы барлық оқиғаны қамтитын қысқаметражды болса да фильм түсірілсе, тарих үшін де, кейінгі ұрпақ үшін де керекті әрі құнды дүниелеріміздің бірі болар еді.
Басты кейіпкер етіп Қайратты алу керек деп отырғанымыз, Желтоқсан жайлы әңгіме қозғала қалса, алдымен жерлесіміздің есімі еске түседі. Қайрат Рысқұлбеков туралы да сөз болған кезде Желтоқсан оқиғасы ойға оралады.
Қазіргідей екінің бірі актер мен режиссер және тележүргізуші болып, бір-бірін қайталайтын мән-мағынасыз жеңіл кинолар мен шоқтығы төмен шоу бағдарламаларды қаптатып жіберген заманда, жаңа айтылғандай, тарихи фильмдерді аз болса да саз қылып түсіре білсек, одан біз ұтпасақ, ұтылмасымыз анық.
Ал сіздер бұған не дейсіздер, тәуелсіз еліміздің зерделі оқырмандары?
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын, журналист