... Бауыржан Баялиев 3 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған азамат. 1985 жылы Жуалы ауданы, Бауыржан Момышұлы ауылында туып-өскен. 2006 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің «Экономика және бизнес» факультетін тәмамдаған соң әскерге аттанып, Отан алдындағы борышын өтеп келген.
Бауыржан жастайынан мемлекеттік қызметкер болуға қызығушылық танытқанымен жеке кәсіппен айналысуды о бастан көздегенін айтады.
– 2008 жылы «Қазпошта» АҚ облыстық арнаулы байланыс қызметінде еңбек жолымды бастадым. 2012 жылы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне ауысып, онда 2020 жылға дейін жұмыс істедім. 2022-2023 жылдар аралығында халыққа қызмет көрсету орталығында еңбек жолымды жалғастырдым. Сонымен, 2024 жылы мемлекет тарапынан берілген қайтарымсыз грантты жеңіп алып, өзімнің жеке кәсібімді аштым. Қазіргі уақытта лазерлік кесу машинасы арқылы ағаштан ойып, шежіре, Қазақстанның немесе әлемнің картасы, ою-өрнектер мен бірнеше пішіндегі кескіндерді құрастыру арқылы да арнайы тапсырыстар қабылдаймын. Жалпы айтқанда, сыртқы жарнама жұмыстарын істеймін. Тапсырыс әр күні әртүрлі түседі. Бір күндері 3-4 тапсырыс бірден түссе, кейбір уақыттарда аптасына 2-3 тапсырыс қабылдаймыз. Бір күнде бір тапсырысты бітіруге барынша тырысамыз. Ағаш бетіне шежірені жазу бағасы ағаш көлеміне қарай бағаланады. Жалпы айтсам, 25 мыңнан басталып, 80-90 мыңға дейін жұмысына қарай бағасы да өсе береді. Ең үлкен шежіре көлемін алар болсақ, ені 1.25, биіктігі 1.50 метр болады. Лазерлік кесу машинасы ағашты ойып, жазуын жазып, дайындап береді. Содан кейін ағашты тазалап, қолға жантақ кірмейтіндей етіп тегістеп, артынша бояуға кірісеміз. Бояу сиялары да әртүрлі болып келеді. Шеберлер тілімен айтқанда, «пепельный», «мокко», «ореховый» және басқа да бірнеше түсті пайдаланамыз. Кез келген тапсырыс алтылық фанера ағашынан жасалады. Сондай-ақ басқа да ағаш түрлері қосымша қолданылады, – деген Бауыржан Жолшынұлы жұмыс барысында орын алған қызықты оқиғаларымен де бөлісіп, ағынан жарылды.
– Қай уақыт екені есіме түспей тұр. Бір кісіден тапсырыс түсті. Тапсырыс беруші «Instagram» парақшамыздан үлгілерді көріп, ағашы сары түсті болуын ескерткен болатын. Айтқаны есімнен шығып кетіп, дайын болған тапсырысты сұр түске боядым. Себебі сұр түс әдемі көрінетін. Сөйтіп, дайын болған тапсырысын көрген әпкеміз бірден «мен мұндай түске тапсырыс берген жоқпын» деп ренжіген кейіп танытты. Алайда үйіне апарып көргенде бөлмедегі перде түсімен бірдей болып шыққанына қатты қуанған әпкеміз алғысын айта-айта шығарып салған. Міне, сол сәтті әлі күнге дейін айтып отырамыз. Тағы бірде Тараз қаласындағы балабақша қызметкерлерінен тапсырыс түсті. Сол біз үшін ең ауыры болды. Себебі ағаштарды түрлі кескіндерге бөліп, құрастыру арқылы түйе пішінін келтіру ұзақ уақытымызды алды. Сол кезде күні-түні жұмыс істеп, үш түйені құрап шығардық. Дизайнын жасау, жан-жақты орналасқан сөрелерін құрау, кейін барлығын құрастырып шығару қиынға соқты, – дейді Бауыржан.
Шынында, адам мінезі әртүрлі болып келеді. Тапсырыс берушілер шеберге түрлі көзқараспен қарайтыны белгілі. Алайда Бауыржан осы кәсіпті бастағалы бері тапсырыс берушілерден бірде-бір шағым түспеген. Сонымен қатар тапсырыстың сынып немесе желімі ажырап, жапсарланған әріптерінің түсіп қалуы сынды мәселелер ешқашан туындаған емес. Барлығы жоғары деңгейде жасалады. Цехта Бауыржанды қосқанда барлығы 3 адам жұмыс істейді. Бірі «Instagram», «TikTok» парақшаларында жарнамамен айналысса, енді біріне ағашты тазалау, тегістеу жұмыстары жүктелген.
Жалпы қолөнер күн өткен сайын дамып, дәуір толқынымен түрленіп отыратыны белгілі. Қазіргі қоғамда жеті атасын білмейтін жастар аз емес. Осы бір тұста шежірені ағашқа ойып жазып, оны төрге іліп қою оңтайлы шешім болатындай. Себебі бала көзбен өседі, көргенін біліп, түйеді.
Міне, осылайша қолөнер шеберімен жақынырақ танысып, тапсырыс беріп те, әңгімелесіп те үлгердім. Ашық-жарқын мінезі кез келген адамды қайта келмесіне қоймайтындай. Енді бір-екі күнде тапсырысым дайын болса, ауылға барып, әкемді қуантпақпын.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ