– Ұзақ жылдардан бері жылқы шаруашылығымен айналысып келемін. Шүкір, малдың арқасында өсіп-өніп отырмыз. Соңғы бірнеше жылда бәйгеге көңілім ауып, таза қанды жылқылар сатып ала бастадым. Сөйтіп, қыруар қаржыға сатып алған аттарды бәйгеге қосу үшін дайындайын десек, мінетін шабандоз жоқ. Шабандоз таппай шақша басым шарадай болады деп үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ақыры Байзақ ауданынан бір баланы тауып, келісімшартқа отырдық. Былтырдан бері сол бала шауып жүр. Шабандозды қоя беріңіз, қазір ауылдық жерлердің өзінде асау үйрететін жігіттер жоқ. Бала кезімізде талай асауды бас білдірдік. Тіпті жылқы ұстайтын ағаларымыздың үйіне арнайы іздеп барып, мінетін асау тай-құнандары болса сұрап алатын едік. Ал қазір ақысына асау үйретіп беретін жігіт таппаймыз. Сондықтан тиісті федерация және ұлттық спорт жанашырлары аталған мәселеге де көңіл бөлсе дейміз, – деп оқырманымыз бізге де үлкен ой салып, ақырында қолымызға қалам алдық.
...Иә, қазір асау үйреткен былай тұрсын, атқа міне алатын жастарды көрсек қуанатын жағдайға жетіп қалғандаймыз. Бүгінгінің жастары тай үйретуге емес, телефонның тілін меңгеруге құштар екендігін жасыра алмаймыз.
Дейтұрғанмен бабадан жеткен бекзат өнерімізді насихаттап, асаулармен алысып жүрген білекті де жүректі жігіттердің аз да болса бар екені көңілімізге медет сыйлайды. Жүген, құрық тимеген асауларды ырқына бағындырып жүрген тақымы мықты шабандоздардың бірі Нұрбол Базарбайұлы Меркі ауданының Ақарал ауылында тұрады.
– Бала күнімізден жылқыға жақын өстік. Асау үйретудің арнайы терминдерін жаттап өспесек те, бес кісіге әл бермейтін бестіні де қолға үйреткен кездер болған. Жылқы – өте сезімтал әрі қорқақ жануар. Қандай да бір қауіпті сезгенде қашуға дайын тұрады. Сол себепті жылқының мінез-құлқын түсіну, онымен сенімді қарым-қатынас орнату маңызды рөл атқарады. Алдымен асауды біраз уақыт бақылау керек. Сезімтал жануар болғандықтан адамдардың мейірімін бірден сезеді. Алғашында жемшөбін беріп, өзіңізге үйретудің жолын қарастырасыз. Кейін үркітпей басынан сипай бастайсыз. Бұл үрдістерді дұрыс істемеген жағдайда оны өзіңізден алшақтатып алуыңыз мүмкін. Басынан ұстауға үйренген жануар ақырын сенім білдіре бастайды. Сол уақытта жүгенді салу оңай болады. Кейбір атбегілер жылқыны ер-тұрманмен үйретеді. Ал өзімнің тәжірибем бойынша жылқыны жайдақ мініп үйрету оңайға түседі. Басына жүген салғаннан кейін мініске бейімдейсің. Асау жылқы қанша ышқынып, мөңкісе де тізгінді жібермеу керек. Бір қолмен жалынан жұлқа ұстап, екінші қолмен тізгінді төмен басып тартасыз. Тақымды қатты қысып, екі аяғыңызды жылқының алдыңғы екі аяғының ортасына салып, қозғалуға қиындық туғызасыз. Содан кейін бұйрыққа бейімдей бастайсыз. Тізгінді қатты тарта ұстағанда ауыздық жанына батып, бұйрығыңызды орындайды. Езуі қанағаннан кейін бірте-бірте бағына бастайды. Әрине, тізгінді бір бағытқа көп бұра беруге де болмайды. Себебі жануар сол жаққа қарай бейімделіп кетеді. Екі рет оңға бұрсаң, артынша екі рет солға бұрып отыру тиіс. Бұл тек бір күндік жұмыс емес. Күнделікті қайталап отыру керек. Тұла бойын тер шалғанда мінезі қағылып, күнделікті міністен шаршаған жануардың ырқыңызға көнуден басқа амалы қалмайды. Жасы жетпеген, тай немесе құнандарды тақыр жерде де үйрете беруге болады. Ал егер жылқының буыны қатайып, сүйегіне ірілік біткенде қара жерде үйрету өте қиын болады. Сол себепті кейбірі топырағы тобыққа жетер жерде, енді бірі қамыстың арасында да үйретеді. Ал тіпті кейбірі балшықты жерлерде үйреткенді жөн көреді, – дейді Нұрбол Базарбайұлы.
Кейіпкеріміз айтып өткендей, қамысты жерде үйрету жылқы үшін жұлқынуға қиындық туғызатын таптырмайтын жер. Тұла бойын қамыстың қыры тілгілеп, қозғалысы ауырлаған уақытта бірден ырқыңызға көне кетеді. Алайда ондай жерде үйрету өзіңізге де қиындық әкеледі.
– Асау аттардың түрлері мінез-құлқына қарай бөлінеді. Мәселен, ешқашан қолға үйретілмеген табиғи асау аттарды үйрету ұзақ мерзімді талап етеді. Табиғи асау аттар өзіне қауіп төнген уақытта қаша жөнеледі немесе өзіңізге қарай шабуылдауы да мүмкін. Сонымен қатар асауды үйрету уақытында ат әбзелдерін дұрыс пайдаланған жөн. Ат әбзелдерін дұрыс таңдау, оны қолдана білу асаудың тез қолға үйренуіне де ықпал етеді. Оның ішінде жүген, ер-тұрман, тартпа, құйысқан, қамшы секілді жылқы бұйымдары маңызды рөл атқарады. Жылқыны бақылау мен басқаруға, жаттығуларды тиімді орындауға және жайлылықты қамтамасыз етуге арналған ат әбзелдері асауды үйретудің құрамдас бір бөлігі секілді, – деген Нұрбол Базарбайұлы асау аттарды қолға үйрететін қолының қарымы бар, жүзінің жалыны бар, тақымы тастай берік толағай жігіттердің көбейе беруіне тілектестік білдірді.
Сол себепті әрбіріміз балаларымызға жастайынан жылқы жетектеуді үйретіп, атқа мінудің қыр-сырын түсіндіруді басты парызымыз деп білейік. Елімізде таққа мінетін де, атқа мінетін де азаматтар көп болсын.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ