Сән индустриясы – 2025: этностиль мен ретростильге сұраныс артады
- author AR-AY
- 15 қаңтар, 2025
- 18
Бүгінгі таңда сән индустриясындағы басты бағыттардың бірі – экология мен тұрақтылық. Биыл экологиялық таза материалдардан жасалған киімдерге басымдық берілмек. Яғни киімдерге органикалық мақта, қайта өңделген синтетикалық маталар және табиғи талшықтар көптеп қолданылады. Экологиялық таза материалдар мен табиғи элементтерге, атап айтсақ, қой жүндерінен жасалған бұйымдар, киізден жасалған аксессуарларға сұраныс артады.
Биыл да сән әлемінде ретро стильге көп мән берілмек. Кең шалбарлар, үлкен жакеттер, көлемді қалпақтар, неон түстері және ерекше принттер, 1990 жылдардағы үлкен логотиптері бар киімдер трендке айналады. 1980 жылдардағы жарқын түстер, сонымен қатар 1990 жылдардың минимализмі мен қарапайымдылығының жаңа тұрғыдан көрініс табуы ықтимал. Әжелеріміздің киілмей сандықтың түбінде қалып кеткен ескі бұйымдарын әрлеп, әспеттеп, бүгінгінің нағыз трендіне айналдыруға болады.
Сол секілді этно стильдер мен ұлттық нақыштағы киімдерге де сұраныс артады. Ұлттық өнер мен заманауи дизайнның қосылуы сәнге жаңа көрініс береді деп күтілуде. Ою-өрнектер, кесте, шашақты дүниелер бұрын көненің көзі ғана деп қарастырылса, бүгінде шығармашылықтың негізіне айналады. Оны заманауи стильге үйлестіре отырып, қазіргі кезде әр адамның сұранысына сай бейімдей алатын әшекейлердің түрі көп. Мәселен, ескі оюлы қыжым көйлекке жылтыр тастар, моншақ немесе сан алуан жапсырмаларды қолдану арқылы заманауи қазақы нақыштағы киім үлгісін жасап ала аласыз.
Сәнге айналған түстерге тоқталар болсақ, Жылан жылында ашық көк түс пен жасыл реңктерге мән берілсе, қоңыр түс жылдың басты түсі болмақ. «Mocha Mousse» Pantone» институты 2025 жылдың басты түсі ретінде осы қоңыр реңкті таңдаған. Бұл түс қарапайымдылық пен талғампаздықты білдіреді екен. Сондай-ақ жылулық пен сүйкімділікті сездіретін шие қызыл реңк күзгі-қысқы маусымда ерекше танымал болады. О бастан адамдар қызыл түсті құмарлықтың белгісі деп есептеген. Құмарлық пен сүюдің һәм күтудің, ынтызарлықтың бейнесі деп ұққан. Сондықтан қызыл түс сезімнің, махаббаттың, ыңғайлылықтың белгісі.
Сонымен қатар осы жылы жарқын және қанық түстер де сәнге ие. Ол түстерге ультракүлгін, көктемгі крокус, сирень, гүлденген далия, қызғылт лаванда, лаймалық соққы, аркадия, шие қызанақ, чили майы, император және көк сияқты түстер жатады.
Қыс және күз айларының киімдері классикаға жақын, биік талғам мен нәзіктіктің үйлесімінен тұрады. Бұл маусымның сәнді түстері табиғатты, жайлылықты және сезім тереңдігін көрсетеді. Сән палитралары жарқын және еркін образдарды жасау үшін әртүрлі комбинацияларды ұсынған.
Биыл қыстық аксессуарларға баса назар аударған дұрыс. Қаһарлы қыстың боранында ғана емес, қолғаптарды басқа да киімдермен байланыстырып кию осы жылдың үлгісінің бірі. Мысалы, кең иықты пиджак немесе иығы ашық киімдермен үйлестіруге болады. Ал мерекелер мен жиындарға тордан жасалғанын, ал тауға шыққанда тоқылған қолғап түрлерін сәйкестендіріп киіңіз. Бір жағынан, бұл сізге жылылық сыйласа, екіншіден, ерекше көрінуге көмектеседі.
Былғарыдан жасалған киімдер кез келген уақытта әйелдің образын айрықша көрсетеді. Былғары киім де джинсы секілді сәннен қалмайды. Бас аяғына дейін былғары киім болуы шарт емес, ең бастысы, былғары элемент қоссаңыз бітті, киім үлгісі жарқырап шыға келеді. Осындай ерекшелік арқылы образ қанша арзан шықса да қымбат көрінеді.
Биыл көктем мен жаз айларындағы киім үлгісі неғұрлым талғампаз және романтикаға толы көрінбек. Себебі әрбір жаз айының таңдары поэтикалық кештерден құралады. Екі бөліктен тұратын пижамалар да сәнге айналған. Сол себепті талғам жасауда үйлесімділікке мән берілгені дұрыс.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ