Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Құлақта – телефон, қолда – «тізгін»

Құлақта – телефон, қолда – «тізгін»
Ашық Дереккөз
Өткен жылдың қараша айында «inDriver» арқылы шақырылған таксимен кешқұрым Алматы қаласына жолға шықтық. Көлік жүргізушісі – жас жігіт. Жылдамдықты арттырып, құйындатқан ол Алматыға 3,5 сағатта жеткізді. Жүйткігенімен қоймай, жол бойы телефонынан көз алмай, «WhatsApp» арқылы әлдекімдермен сөйлесумен болды.

Жүргізушілер жолдың қателікті кешірмейтінін біле ме?

Жүргізуші жылдамдықты үдетіп, жол ережесін бұзған сайын абдырап, көлікті тура бір өзім жүргізіп келе жатқандай тежегішті ойша баса беріппін. Алдыңғы орындықта отырған жолаушы да жүргізушінің әрекетінен үрейленіп: «Қалай-қалай айдайсың өзі?! Адам алып келе жатқаныңды ұмытпа. Жайырақ айдасаң қайтеді? Жауапкершілік қайда?» – деп зекіді. Жүргізуші үндемей құтылып, ескертуді елемеді де. Ол аз десеңіз, «WhatsApp» арқылы басқа жүргізушілермен сәт сайын сөйлесіп, жолдың жағдайын, яғни полиция қызметкерлерінің тұрған-тұрмағанын ескертіп отырды.

Асығыс болғандықтан Алматыдан қайтарда да таксиге міндік. Алайда жағдай тағы қайталанды. Бұл оқиға тек менің ғана емес, көптеген жолаушының күнделікті қауіпсіздігіне қатысты маңызды мәселелерді ойлауға түрткі болды.

Статистикаға сүйенсек, 2024 жылы облысымызда 1 932 көліктің қатысуымен жол-көлік оқиғалары тіркелген. Апаттардың салдарынан 264 адам қаза тауып, 3 020 адам түрлі жарақат алыпты.

ҚР Ішкі істер министрлігі жол-көлік оқиғаларының санын азайту және жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында бірқатар өзгерісті жүзеге асыруда. 2024 жылдың 4 желтоқсанынан бастап орташа жылдамдықты автоматты түрде тіркеу жүйесі енгізілді. Бұл жаңашылдық халықаралық және республикалық маңызы бар жолдардағы жүргізушілердің тәртібін бақылауға бағытталған. Енді көліктің орташа жылдамдығы арнайы камералар арқылы есептеледі. Егер жүргізуші рұқсат етілген шектен асып кетсе, айыппұл салынады.

Жолдың басы мен соңында орнатылған бейнекамералар көліктің белгілі бір аралықты жүріп өткен уақытын тіркейді. Орташа жылдамдық – жүрілген жолды сол жолға кеткен уақытқа бөлу арқылы есептеледі. Осы көрсеткіш белгіленген шектен асқан жағдайда жүргізушіге 5-тен 40 айлық есептік көрсеткішке дейін (18 460-147 680 теңге) айыппұл салынады. Егер бұл ереже жыл ішінде қайта бұзылса, айыппұл мөлшері 60 АЕК-ке дейін өседі (221 520 теңге).

Мұндай шаралар жылдамдықты асырудың салдарынан болатын апаттарды азайту үшін енгізілді. Себебі статистика бойынша, қала маңындағы жолдардағы әрбір үшінші өлім-жітімнің себебі – жоғары жылдамдық. Бұрын жүргізушілер камераларға жақындағанда ғана жылдамдықты азайтып, камерадан өткен соң қайтадан «тізгінді жіберетін». Бұл да апаттардың азаюына еш әсер етпеген. Ал жаңа жүйе мұндай қулықтарға тосқауыл қойып, жүргізушілердің тәртібін жақсартуды көздейді.

Сондай-ақ 2025 жылдың сәуір айынан бастап жол қозғалысы ережелеріне тағы бірқатар өзгеріс енгізіледі. Президент қол қойған заңға сәйкес орташа жылдамдықты бақылаумен қатар, жол қозғалысына қатысушыларға жаңа талаптар қойылады. Бұл талаптар республикалық және халықаралық жолдарда жылдамдық режимін бұзу деректерін азайтып, жүргізушілерді тәртіпке шақыруды көздейді.

Жол қозғалысы ережелеріне енгізілген өзгерістер тек көлік жүргізушілері үшін ғана емес, барлық қатысушылар үшін ортақ жауапкершілікті талап етеді. Әр жүргізуші жолдағы әрбір қателіктің адам өміріне қауіп төндіретінін түсінуі тиіс. Ішкі істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранованың айтуынша, жол қауіпсіздігін арттыру – баршаға ортақ міндет.

– Әрбір жүргізуші мен жолаушы жолда тәртіп сақтап, бір-біріне құрметпен қараса, апаттардың алдын алуға болады, – дейді А.Боранова.

Жол-көлік оқиғаларының жиілеуі тек жүргізушілердің ғана емес, әр азаматтың саналы әрекетіне байланысты екенін ұмытпаған жөн. Жолда асықпай, ережелерді сақтап жүру – әр адамның амандығының кепілі. Жолдағы қауіпсіздікті арттыру үшін қабылданған жаңа заңдар мен ережелердің нәтижесі тек бәріміздің бірлескен әрекетімізбен ғана көрініс табады.

Жолдағы қауіпсіздік тек жүргізушілердің ғана емес, жолаушылардың да жауапкершілігін қажет етеді. Көлікте отырған әрбір адам қауіпсіздік белдігін тағуды, жүргізушінің қауіпті әрекетіне үнсіз қалмауды және өз құқығын қорғауды әдетке айналдыруы керек. Жолаушылардың үнсіздігі кейде жүргізушілердің жауапсыздығына себеп болып, қайғылы оқиғаларға әкеліп жатады. Сондықтан әрбір жолаушы өз өмірі мен жолдағылардың қауіпсіздігіне немқұрайды қарамауы тиіс.

Мұндай жағдайларда қоғамдық көзқарас та маңызды рөл атқарады. Жол ережелерін бұзатын жүргізушілерге дер кезінде ескертіп, олардың қауіпті әрекеттеріне тоқтау салу – ортақ міндет. Сонымен қатар көлік компаниялары да өз қызметкерлерінің тәртібін бақылауда ұстауы қажет. Тексерілмеген, тәжірибесіз немесе ережені сақтамайтын жүргізушілердің жолға шығуына рұқсат бермеуі керек

Қоғамда жол-көлік мәдениетін қалыптастырудың тағы бір тиімді жолы – бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жұмыстарды күшейту. Қауіпсіздік туралы айқын мысалдар келтіріліп, статистика жарияланып, жол ережесін бұзудың соңы қандай қайғылы жағдайларға әкелуі мүмкін екені түсіндірілуі қажет. Осындай ақпараттық іс-шаралар халықтың жауапкершілігін арттырып, ережелерді қатаң сақтауына ықпал етеді.

Ең бастысы, әрбір көлік жүргізушісі өз өмірінің бағасын түсініп, жолда өзгенің де амандығын ойлау арқылы ғана апаттардың санын азайтуға болады. Әрбір ереже адам өмірін сақтап қалуға бағытталғанын түсіну – ең маңызды қадам. Жолдағы қауіпсіздік тек заңдармен емес, адамдардың өзара сыйластығы мен жауапкершілігі арқылы орнайды.

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар