«РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БЮДЖЕТ ТУРАЛЫ» ЗАҢ КҮШІНЕ ЕНДІ
1 қаңтардан бастап «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң күшіне енді. Құжат экономиканың қарқынын арттыра отырып, инфляцияны одан әрі төмендететін және қаржы мен тауар нарығын тұрақтандыруды көздейтін базалық сценарийге негізделген. Өткен жылдың соңына таман заңды мақұлдаған Сенат депутаттары халықты ауызсумен қамту және маңызды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға бағытталған «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүйелі іске асыру қажеттігін айтып, жобаға түзетулер енгізген болатын. Осыған байланысты айлық есептік көрсеткіш көлемі 240 теңгеге ұлғайып, ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге болмақ. Ал ең төменгі күнкөріс деңгейі 46 мыңнан асады. Еңбегінің бейнетін көріп отырған жандардың да базалық зейнетақысы 6,5 пайызға көтеріледі. Бұл ретте төлемнің ең төменгі мөлшері 95 мыңнан асса, ең жоғарысы 213 мың теңгенің айналасында болады.
– 2025 жылғы түсімдер өткен жылмен салыстырғанда 1,2 триллион теңгеге ұлғайып, 21,7 триллион теңге деңгейінде, ал бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,7 пайыз деңгейінде деп болжанды. 2027 жылға қарай бұл көрсеткіш 1,9 пайызға дейін төмендейді деп күтілуде. Бюджеттің 2025 жылға арналған шығыстары түсімдер мен тапшылықты ескере отырып, 25,8 триллион теңгені құрайтын болады. Өткен жылдың соңындағы заң жобасын талқылау барысында халықты таза сумен қамтамасыз етуге, жылу, электр энергетикасына, көлік, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым тартуға, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыруға қосымша шығыстар көзделді, – дейді ҚР Қаржы министрі Мәди Тәкиев.
Бір айта кетерлігі, жақында ғана Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2025 жылы азаматтық қызметшілердің жекелеген санаттарының жалақысы 20 пайызға өсетінін хабарлады. Биыл бухгалтер, экономист, заңгер, мұрағатшы, кітапханашы, мұражайтанушылар, орманшылар, техникалық персонал және тағы басқа мамандықтар бойынша жұмыс істейтін 600 мыңға жуық азаматтық қызметшінің айлығы өседі. Сондай-ақ білім беру ұйымдарының әкімшілік және қосалқы персонал қызметкерлерінің еңбекақысын 100 пайызға арттыру жоспарланған. Ғылыми ұйымдар қызметкерлерінің жалақысы 17 пайызға ұлғаяды.
ӘЛЕУМЕТТІК ТӨЛЕМДЕРДІҢ КӨЛЕМІ АРТТЫ
Жаңа жылдан бастап барлық әлеуметтік төлемнің көлемі артты. Зейнетақы 8,5 пайызға өсіп, 2025 жылдың зейнетақысын тұрғындардың алды қолына алып үлгерді.
Сонымен қатар бала туғанда берілетін жөргекпұлдың көлемі жаңа жылдан бастап 149 416 теңгеге дейін артты. Төртінші және одан да көп балаға – 63 айлық есептік көрсеткіш көлеміне немесе 247 716 теңгеге дейін ұлғайды. Бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақылар да өсті. Жәрдемақы мөлшері бала санына байланысты өзгеріп отырады. Осы жылдан бастап бірінші балаға – 22 649 теңге, екінші балаға – 26 777 теңге, үшінші балаға –30 867 теңге, төртінші және одан кейінгі балаларға 34 995 теңге төленуде. Көпбалалы отбасыға берілетін жәрдемақыда да айтарлықтай өзгерістер бар. Атап айтсақ, төрт балалы аналарға – 63 030 теңге, бес баласы бар отбасыға – 78 798 теңге, алты бала үшін – 94 565 теңге, жеті балалы жанұяға 110 332 теңге берілуде. Сегіз және одан көп баланың әрбіріне 15 728 теңге қосылып отырады.
Мүгедектігі бар азаматтар үшін әлеуметтік жәрдемақы көлемі де ұлғайды. Тарқата айтсақ, I топтағы мүгедектерге – 101 702 теңге, II топтағы мүгедектерге – 81 362 теңге, III топтағы мүгедектерге 55 474 теңге белгіленген. Сонымен қатар жеті жасқа дейінгі мүгедек балаларға – 74 428 теңге, 7-18 жас аралығындағы мүгедек балаларға топтарына байланысты 74 428-101 702 теңге төленуде.
«КЕЛЕШЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ ІСКЕ ҚОСЫЛДЫ
Жаңа жылдан бастап Қазақстанда «Келешек» ерікті жинақтау бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында балалардың оқуына ақша жинауға мүмкіндік болады.
Бағдарлама шарттары бойынша бала 5 жасқа келгенде мемлекеттен бірреттік бастапқы капитал ретінде 230 920 теңге түседі. Ата-ананың міндетті салымдары – ай сайын 3 932 – 11 796 теңге. Сондай-ақ мемлекеттің 7 пайызға дейінгі сыйақысы, банктердің сыйақысы қарастырылған.
«Келешек» бағдарламасы арқылы жоғары білім алуға немесе магистратураға ақша жинауға болады. Ал бала оқуға грантқа түскен жағдайда оқуды бітіргеннен кейін дипломды көрсетіп, барлық ақшаны сыйақысымен бірге алып кете алады.
Бірақ ескеретін жайт, бағдарлама аясында мемлекеттік капитал тек жыл сайын ақша салынып отырған есепшоттарға ғана түседі. Демек, ата-ана баласының шотына жылына кемі 24 айлық есептік көрсеткіш көлемінде ақша салуы керек. Бұл сома келесі жылы 94 000 теңге болады. Егер есепшотқа қаржы түспесе, капитал кері қайтарылады.
Әрі жылда мемлекеттік сыйақы түсіп тұрады. Мәселен, барлық салымшыға – 5, ал көпбалалы отбасыларға 7 пайыздық сыйлықақы қарастырылған. Ең бастысы, «Келешек» бағдарламасы бойынша депозиттік жинақтар инфляциядан қорғалған.
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МАҢЫЗЫ БАР 10 ЖОЛ АҚЫЛЫ БОЛАДЫ
Жол қозғалысы ережесіне енгізілген үлкен өзгеріс – орташа жылдамдықты есептеу. Орташа жылдамдықты есептеу тәртібіне сәйкес жолдың басында және соңында бейнекамералар бар. Егер бірінші камера көліктің жолға шыққанын тіркесе, екіншісі келген уақытын тіркейді, екі камераның уақытымен автоматты түрде көліктің жүрген орташа жылдамдығы есептеледі. Көлік жүргізушісі орташа жылдамдықты асырып жіберсе, айыппұл салынады. Жылдамдық режимін сағатына 60 шақырымға және одан артық асырғаны үшін 40 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған. Ал осы құқықбұзушылық бір жылдың ішінде қайталанса, айыппұлдың мөлшері 60 айлық есептік көрсеткішке өседі. Қазір республикалық маңызы бар жолдарда белгіленген жылдамдық сағатына 140 шақырымды құрайды.
Бұдан былай мопедтер ғана емес, қозғалтқыш көлемі 50 текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар және оның ең жоғарғы конструкторлық жылдамдығы сағатына 50 шақырымнан аспайтын барлық көлік құралдары тіркеуге жатады. Мемлекеттік нөмір де беріледі. Мопедті басқару үшін «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігін алу қажет. «А» және «В» санаттары болса да мопедті басқару құқығын растау міндетті. 2025 жылы 4 сәуірден бастап барлық мопедтің нөмірі, ал иесінде «А1» кіші санатындағы жүргізуші куәлігі болуы шарт.
Биыл Қазақстанда автокөлік жүргізушілерінен төлем алынатын 10 жаңа жол учаскесі қосылады. Жалпы ұзындығы 2,2 мың шақырым болатын осы учаскелердің тізіміне бірқатар жол кіреді. Атап айтсақ, Қызылорда – Арал (455 шақырым), Ақтөбе – Мәртөк (92 шақырым), Қостанай – Троицк (163 шақырым), Ақтау – Бейнеу (454 шақырым), Қостанай – Денисовка (169 шақырым), Шу – Бурылбайтал (184 шақырым), Үшарал – Достық (180 шақырым), Балқаш – Бурылбайтал (91 шақырым), Қандыағаш – Мақат (385 шақырым), Тараз қаласының айналма жолы (57 шақырым). Қазір 17 жол учаскесі төлем алынатын жолдар қатарына кірді. Олардың жалпы ұзындығы – 3,2 мың шақырым.
Сонымен бірге Қазақстанға Қырғызстаннан автокөлік әкелуге тыйым салынды. Бұл жаңашылдық Қырғызстанда кеденнен өткен және Қазақстанға экспортталатын барлық көлікке қатысты.
АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ САНАҒЫ ӨТЕДІ
Биыл Қазақстанда ауылшаруашылығы санағы өтеді. Санақты өткізудің мақсаты – аграрлық сектордың дамуына болжам жасау және ауылшаруашылығы саласының қазіргі шынайы жағдайы туралы толыққанды ақпарат алу. Санақты жүргізген кезде орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру арнайы құрылған комиссияға жүктеледі. Санаққа 5 мыңнан астам санақ қызметкерін, нұсқаушыларды, интервьюерлерді тарту жоспарлануда.
Ауылшаруашылығы санағы 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазан аралығында өткізіледі. Санақ екі кезеңде жүргізіледі. Атап айтсақ, 1-31 тамыз аралығында интернет желісі арқылы онлайн режимде, 20 қыркүйек-20 қазан аралығында планшет пайдаланып, елді мекендерді аралау арқылы өтеді.
Санақ заңды тұлғалар немесе олардың құрылымдық және оқшауланған бөлімшелері, дара кәсіпкерлер, оның ішінде малшаруашылығы, өсімдікшаруашылығы және балықшаруашылығы қызметін жүзеге асыратын шаруа немесе фермер қожалықтарына жүргізіледі. Сондай-ақ жеке шаруашылығын жүргізуге арналған жер учаскелері және ауылшаруашылығы жануарлары бар үй шаруашылықтары араланады. Санақ барысында егістік алқабы, ауылшаруашылық жануарлары мен құстардың саны, ауылшаруашылық машиналары мен жабдықтары, малшаруашылығы кешендері мен құс фабрикалары, өндірістік ғимараттар мен ауылшаруашылық жануарлары мен құстарды ұстауға арналған үй-жайлар, ауылшаруашылық өнімдерін сақтауға арналған ғимараттар мен құрылыстар тіркеуе алынады.
Айта кетейік, Қазақстанда осыған дейін ұлттық ауылшаруашылығы санағы бір рет қана, 2006-2007 жылдары өткізілген.
ПАСПОРТ МЕН ЖЕКЕ КУӘЛІК ЖАСАТУ ҚЫМБАТТАЙДЫ
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда мемлекеттік құжаттарды алу құны өзгерді. Өйткені айлық есептік көрсеткіш (АЕК) 3 932 теңгеге дейін өсті. Бұл өз кезегінде төлқұжаттар мен басқа да құжаттардың бағасына әсер етуде.
Жеке куәлікті жасату құны 0,2 АЕК, бұл шамамен биылғы көрсеткішпен 786,4 теңгеге тең. Ал егер куәлікті жоғалтып алсаңыз, онда 3 932 теңгеге қайта жасатасыз.
Ал паспорт 15 жұмыс күні ішінде дайындалады. Бірақ қосымша ақы төлеп, құжатты жылдам дайындатуға болады.
24 парақтан тұратын паспорттың құны – 15 728 теңге (16 жасқа дейінгі балалар үшін);
36 парақтан тұратын паспорттың құны – 31 456 теңге (8 АЕК);
48 парақтан тұратын паспорттың құны – 47 184 теңге (12 АЕК);
Сонымен қатар 2025 жылы неке қию туралы куәлік құны 13 932 теңге болады, ал ажырасуға өтініш беру 7 864 теңгеге қымбаттайды. Туу туралы куәлік тегін беріледі, бірақ оны жоғалту немесе қайта алу жағдайында 1 966 теңге төлеу қажет.
МІНДЕТТІ МЕДИЦИНАЛЫҚ САҚТАНДЫРУҒА ҚАНША ТӨЛЕЙМІЗ?
Биыл Қазақстанда міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) төлемдері бойынша өзгерістер орын алуда. Жұмыс берушілердің жарналары қызметкерлердің айлығынан 3 пайыз, қызметкерлердің жарналары – өз айлығынан 2, бірыңғай төлем төлеушілер – жалпы еңбекақы қорынан 23,8, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар табысының 2 пайыз мөлшерінде. Жеке кәсіпкерлер мен жеке тәжірибемен айналысатын тұлғалар айына 5 950 теңге төлеуге міндетті болса, тәуелсіз төлеушілер айына 4 250 теңге төлеуі қажет, бұл ең төменгі жалақының 5 пайызын құрайды. Мемлекеттік жарналар – мемлекет әр азаматқа 7 285,9 теңге аударады.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы 85 000 теңге болып қала береді. Сондықтан жарналар да осы деңгейде есептеледі. Төлемдер жұмыс беруші мен қызметкер арасындағы келісімдерге негізделеді, бірақ олар тек ең төменгі жалақыға қатысты анықталады.
Бұған қоса еліміздегі ауруханалар жұмысына өзгерістер енгізілуде. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры тәуекелдерді басқару жүйесін енгізіп, медициналық ұйымдарды «қызыл», «сары» және «жасыл» аймақтарға бөледі. Егер ауруханаға көп шағым түссе және ақаулар анықталса, олар «қызыл» немесе «сары» аймаққа кіріп, қызметі қатаң тексеріледі. Ал мәселесіз жұмыс істейтін ұйымдар «жасыл» аймаққа өтеді. Жүйе 2025 жылдың қаңтарынан бастап күшіне енді. Медициналық ұйымдардың рейтингі әзірге халыққа қолжетімді болмайды, бірақ болашақта жариялау жоспарланып отыр. Сонымен қатар 2025 жылдан бастап медициналық анықтамалар электронды форматта беріледі.
Осы жылдың тағы бір оң өзгерісі – қаңтардан бастап онлайн кредит алу үшін биометриялық верификациядан өту міндеті енгізіледі. Ал қарыз алу туралы келісімшартқа электронды-цифрлық қолтаңба қою қажет. Онсыз онлайн кредит берілмейді. 1 қаңтардан бастап «Мемлекеттік сатып алулар туралы» Заң күшіне енді. Заң сатып алу үдерісі процедурасын оңтайландыруға, сатып алынған тауар, қызмет, жұмыс сапасын арттыруға, сатып алуға қатысушылардың жауапкершілігін күшейтуге, бәсекені дамытуға бағытталған. Заң 4 блоктан тұрады.
P.S: Биыл орын алатын ауқымды өзгерістердің еліміз үшін маңызы зор. Ең бастысы, қабылданған заңдар мен жүзеге асырылатын реформалар халықтың өмір сүру сапасына оң әсер етсе дейміз.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ