Ол: «Ұлымды мемлекеттік мектепке берсем, балам таңертең немесе түскі ауысымда оқыса да оған сабағына дейін де, сабақтан кейін де қарайтын адам жоқ. Біз кешке дейін жұмыстамыз. Айына 60 мың теңге төлеу арқылы баланы таңертеңнен кешке дейін сол жерде қалдырып жүрміз. Балам үй жұмысын да сол жерде орындайды, тамағы да сол төленген ақының ішінде. Жекеменшік мектепте мұғалімнің балаға көңіл бөлуге мүмкіндігі мол болғандықтан сабақ үлгерімі жақсы. Тек әр оқу жылында оқу құралдарымен қоса оқулықтарды өзіміздің сатып алатынымыз мені ойландырады. Мемлекеттік мектепте тегін үлестірілетін кітаптар неге жекеменшік мектеп оқушыларына берілмейді?» – деді.
Осыдан кейін «A-Status» мектебінің құрылтайшысы Сәуле Рысбаеваға хабарластық. Оның айтуынша, жекеменшік мектептерге мемлекет тарапынан әр балаға білім беруді жүзеге асырғаны үшін белгілі бір мөлшерде қаржы бөлінеді екен. Ал ата-анадан алынатын 60 мың теңге балаға қосымша білім беру үшін төленетін ақы.
– «A-Status»-та балалар 7-сыныпқа дейін білім алады. Мұнда 8 түрлі үйірме жұмыс істейді. Мемлекет меншігіндегі мектептер балаға қандай білім берсе, біз де сол бағдарламамен оқытамыз. Бірақ жекеменшік мектептегі балалар мемлекеттік мектепке қарағанда «тоқалдан туған» сияқты. Себебі оқушылар арасында қандай да бір облыстық турнирлер, экологиялық іс-шаралар, түрлі жарыстар ұйымдастырылса, жекеменшік мектептің оқушылары шақыртылмайды. Кітап та, бастауыш сыныптың балаларына ыстық тамақ та қарастырылмаған. Қазір мектептерде оқушыларды тамақтандыру ісін конкурс арқылы анықталатын жеңімпаз ұйымдар жүзеге асырумен айналысады. Мұндай серіктестіктің жұмысының сапасына, тамағына қатысты талғамға ешқандай мән беріліп жатқан жоқ. КСРО дәуірінде мектеп оқушыларын тамақпен қамтамасыз ететін арнайы орталықтандырылған жүйе болатын. Сондай жүйе мемлекеттік, жекеменшік деп бөлмей, барлық білім беру нысанындағы балалар үшін іске қосылуы керек. Сонда мектептегі тағамдардың сапасы артады, біз де тамақ дайындау шаруашылығына бас ауыртпай, нақты білім берумен айналысар едік. Мұндай жүйе шетелде, атап айтсақ, Жапония секілді дамыған елдерде бар. Егер бізге де оқулықтар тегін таратылып, балалар тегін тамақпен қамтылып жатса, ата-ана төлейтін ақы біршама төмендейтін еді және балаға білім беруде түрлі әдістерді қолдануға мүмкіндік алар едік, – деді С.Рысбаева.
Бұл әр балаға ата-анасынан қосымша сабақ үшін ақы алып отырған жекеменшік мектептегі жағдай. Таразда ата-анадан баланы ақы алмай оқытып жатқан жекеменшік мектептер де бар. Соның бірі – «Бүркітәлі бастауыш мектебі». Оның құрылтайшысы Әлмахан Мәдібековтің айтуынша, бір топ жекеменшік мектептің басшылары көптен бері жекеменшік мектептегі оқушыларды тегін ыстық тамақпен және оқулықпен қамтамасыз ету мәселесін көтеріп, барған жері, баспаған тауы қалмаған. Тиісті орындарға да хат жолдаған.
– «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 3-бабының 10-тармағына сәйкес білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі қағидаттары меншік нысандары, оқыту және тәрбиелеу нысандары, білім беру бағыттары бойынша сапалы білім алуға және білім беру ұйымдарының алуан түрлілігіне барлығының құқықтарының теңдігі бірдей. Заңның 5-бабының 27-тармағына сәйкес облыстағы уәкілетті орган бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан білім беру ұйымдарын мемлекеттік аттестаттаудан өткізеді. Осылайша білім беру мектебінің меншік түріне қарамастан, яғни балалар қолданыстағы заңнама шеңберінде білім алады. Заңның 6-бабының 2-тармағы бойынша, облыстың жергілікті атқарушы органы жыл сайын 1 тамызға дейін мектепке дейінгі даярлықтың жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын аудандарда (облыстық маңызы бар қалаларда) орналасқан білім беру ұйымдарына, орта білім беру ұйымдарына оқу жылына арналған білім беру органдары болжайтын көлемде оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырады. Осы редакцияға сәйкес облыстық және аудандық білім беру ұйымдарында мемлекеттік немесе жекеменшік нысан туралы айтылмайды. Сонымен қатар «Мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілерін оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының бұрынғы Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы № 91 бұйрығының (бұдан әрі – Бұйрық) 3-тармағына сәйкес бастауыш, негізгі орта, жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілері, жалпы орта білім беру, мамандандырылған жалпы білім беру және арнайы оқу бағдарламалары әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, 2007 жылғы 27 шілдедегі «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 3-тармағының 7- тармақшасына сәйкес жергілікті және республикалық бюджеттер қаражаты есебінен білім беру органдары оқу жылына болжайтын көлемде тегін оқулықтармен, оқу-әдістемелік құралдармен, оның ішінде электрондық оқулықтармен қамтамасыз етіледі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 55 жекеменшік мектеп жұмыс істейді, онда 13 829 бала білім алады. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы орган жекеменшік мектептерге, оның ішінде «Бүркітәлі бастауыш мектебіне» 1-4-сынып оқушыларына оқулықтар сатып алуды және жеткізуді ұйымдастырмайды. Жалпы білім беру бағдарламалары жыл сайын өзгеріп отырады, сәйкесінше жеке мектептердің құрылтайшылары қосымша қаржылық жүктеме тудыратын оқулықтарды жаңартуға және сатып алуға мәжбүр. Мұнда әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты жоғарыда аталған санаттағы балалар жеке мектептерге ауыстырылатындығын және бір уақытта бала мен отбасы жеке мектепте оқығандықтан ғана мемлекеттік қолдаудан айырылатындығын атап өту қажет, – деді Әлмахан Бүркітәліұлы.
Балалар үшін оқулықты өз қаражатына сатып алып отырғандарын сөз еткен ол жеке мектептегі бастауыш сыныптарды тегін тамақпен қамтамасыз ету жайын да заңға сүйене отырып түсіндірді. Айтуынша, «Білім туралы» ҚР Заңы бойынша жергілікті атқарушы орган білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыруы тиіс. Өйткені Заңның 8-бабының 4-1-тармағында мемлекет Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылардың жекелеген санаттарының тамақтануына жұмсалатын шығыстарды толық немесе ішінара өтейтіні атап көрсетілген. Үкіметтің 2008 жылғы қаулысымен мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан, сондай-ақ мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардан шыққан мемлекеттік білім беру ұйымдарының білім алушылары мен тәрбиеленушілеріне қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау және есепке алу қағидалары бекітілген екен. Ол жан басына шаққандағы орташа табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен және жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасында тұратын балаларға көмек, төтенше жағдайлар нәтижесінде шұғыл көмекті талап ететін отбасылардан шыққан балаларға және білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына қатысты көрінеді.
– Мұнда да әртүрлі өмірлік жағдайларға байланысты жоғарыда аталған санаттағы балалар жеке мектептерде білім алуға құқылы екенін, әйтсе де жеткіншек жеке мектепте оқығандықтан мемлекеттік қолдаудан айырылатындығын атап өту қажет. «Бүркітәлі бастауыш мектебі» Тараз қаласындағы «Ұлы дала» ықшамауданы маңында орналасқан. Ол жақтағы тұрғындардың көбінің жағдайы баласын ақы төлеп оқытатын деңгейде емес. Жақын жерде мемлекеттік мектеп болмаған соң әрі тегін болғандықтан әлеуметтік жағдайы төмен немесе көпбалалы отбасынан шыққан баланы біздің мектепке беретін ата-аналар жетерлік. Нақты атап өтсек, «Бүркітәлі бастауыш мектебінде» 465 балаға жан басына шаққандағы қаржыландыру шеңберінде тегін білім берілуде. Оның ішінде жағдайы ыстық тамақ ішуге сай, яғни ережеде көзделген отбасы санатындағы бала саны – 70. Жекеменшік мектептердің көпшілігі қосымша қызметтеріне ақы алады. Ондағы оқушылар азаннан кешке дейін мектепте болып, ата-аналары мектепке ай сайын 60-100 мың теңге көлемінде төлем жасайды. Ал біздің мектепте де балалар кешкі 17:00-ге дейін болады. Негізінде білім беру ұйымында болған кезеңде жекеменшік мектептердің бастауыш сынып балалары да бірреттік тегін тамақпен қамтамасыз етілуі керек. Десе де мемлекет біздегі балалардың ыстық тамағына қаржы қарастырмаған, мұны да біз өз қаражатымыз арқылы жүзеге асырып, балаларға түскі тамақ беріп отырмыз, бірақ ол үшін ата-анадан ешқандай ақы алмаймыз. Ата-анасы ертелі-кеш жұмыста болатын балаларды мектептен ерте қайтару, қарапайым халықтан «балаңды қосымша оқытып жатырмыз» деп ақы алу біздің ұстанымымызға сай келмейді. Бірақ бала кешке дейін, яғни мектепте болған кезінде толық білім алумен айналысады. Астана, Алматы, Шымкент сияқты ірі қалаларда ата-аналар өз таңдауымен баласын жеке мектепке беріп, 200 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін ақы төлейді. Әрине, бұл – материалдық жағдайы жақсы ата-аналардың мүмкіндігі. Бірақ барлық отбасының жағдайы бірдей емес. Егер мектебіміз қаланың қақ ортасында болса, ол жақтағы бай-бағланның баласын бізде оқытуға мүмкіндігі артар еді, бірақ біздің мектеп қаланың шеткі аумағында болғандықтан мұнда қарапайым халықтың балалары оқиды. Жекеменшік мектептегі жасөспірімдерді тегін ыстық тамақпен және оқулықпен қамтамасыз етуді көптен бері көтеріп келеміз. Оқу және ағарту министрлігіне де хат жолдаған едік, «мұндай мәселені жергілікті атқарушы орган шешеді» деген жауап алдық. Облыс әкімінің де, оның тиісті орынбасарының да қабылдауында болдық. Бірақ облыс әкімдігі нақты қандай шаралар қабылдап жатқанынан бізді хабардар етпеді. Сондықтан бұл түйткілдің түйіні жуық арада тарқатылатынына күмәніміз бар, – деді Әлмахан Мәдібеков.
«Бүркітәлі бастауыш мектебінің» құрылтайшысы Әлихан Бүркітәліұлының сөзінен ұққанымыз, мемлекеттік мектептерде балалардың тамақпен және оқулықтармен қамтамасыз етілуі заңмен бекітілген, алайда жекеменшік мектептер үшін бұл жағдай әлі де шешілмеген мәселе болып тұр. Жекеменшік мектептердің бала оқытуы – кәсіпкерлік қызмет. Бірақ олар тек білім беру ғана емес, балалардың дұрыс тамақтануын және қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етілуін жүзеге асыру үшін жағдай жасалса, кәнеки? Жекеменшік мектептер өз қаражаты есебінен оқулықтарды жаңартатын болса, бұл шығындар оларға айтарлықтай әсер ететіні анық. Осы ретте біз мәселе қалай шешілетінін білмекке облыс әкімдігінің білім басқармасына қатынас хат жолдаған едік. Әзірге аталған басқарма үнсіз отыр.
Бір білетініміз, бұл түйткілдің түйіні облыс әкімдігінің және тиісті органдардың шешімдеріне қатысты тарқатылады. Егер облыс әкімдігі бұл мәселеге оң көзқараспен қарап, тиімді шешім қабылдаса, ата-аналардың да, мектеп басшыларының да алаңдаушылығы азаяр еді. Өйткені мемлекеттік қолдау жекеменшік мектептерді ұйымдастырудағы қиындықтарды жеңілдетіп қана қоймай, жалпы білім беру саласының сапасын арттыруға ықпал ететіні сөзсіз. Өйткені әрбір бала оқыған мектебіне қарамастан сапалы білім мен тиісті әлеуметтік қолдау алуға лайық. Бала жекеменшік мектепте оқығаны үшін қағажу көрмеуі керек.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ