Айдар Бақытұлының айтуынша, құқық қорғау саласында қызмет етуге 18 бен 35 жас аралығындағы азаматтар қабылданады. Бір ескерерлігі, жас маманның құқықтану және педагогикалық бағыттағы мамандықтар бойынша жоғары немесе арнаулы орта білімі болуы міндет. Сондай-ақ Қарулы Күштерде әскери қызмет өткерген ерлер үшін бойы 170 сантиметр, ал әйелдер үшін 160 сантиметрден төмен болмауы қажет.
– Бізге тергеушілер, анықтаушылар, жедел уәкілдер, криминалистер, учаскелік полиция испекторлары, кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі учаскелік полиция испекторлары және патрульдік полиция инспекторларына кадрлар қажет. Бос лауазымдарға үміткерлер ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінен компьютерлік тестілеуден, медициналық және полиграфиялық тексеруден өтеді және денешынықтыру даярлығы бойынша сынақтар қабылданады, – деген спикер ішкі істер органдарында қызмет етудің артықшылығы туралы баяндады.
Айдар Бақытұлының сөзіне сүйенсек, полицейлерді мемлекет тарапынан толық материалдық және әлеуметтік қамтамасыз ету, оның ішінде отбасының әрбір мүшесіне тұрғын үйді жалға алу үшін төлемдер белгіленіп, лайықты жалақы төлеу секілді істі кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған. Еңбек сіңірген жылдары, яғни 25 жыл өткеннен кейін немесе шекті жасқа жеткенде ерте зейнетке шығу мүмкіндігі қарастырылған.
– ҚР Ішкі істер министрлігі тарапынан арнаулы жоғары оқу орындарында тегін білім алуына, мемлекеттік бағдарлама бойынша баспана алуына, полиция қызметкерлері балаларының мектепке дейінгі ұйымдарға, яғни балабақшаға кезектен тыс қабылдануына мүмкіндіктер қарастырылған. Сонымен қатар тегін медициналық көмек көрсетіліп, арнайы тегін қызметтік киіммен қамтамасыз етіледі. Оқуға түсу үшін түлек, ең алдымен, денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамды болуы және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қойылатын талаптарға жауап беруі қажет. Түлек жауапкершілік, төзімділік және қызметке адал болу секілді маңызды қасиеттерге ие болуы тиіс, – деді Айдар Жуандықов.
Спикердің айтуынша, қызметке орналасу немесе оқуға қабылдану туралы өтінішті аумақтық полиция бөліміне, тұрғылықты жері бойынша оқу орнына жіберуге болады. Сонымен қатар оқу орындарының ресми сайттары арқылы электрондық форматта бере алады.
Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ