Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Мамандығын мақтан тұтатын мал дәрігері

Мамандығын мақтан тұтатын мал дәрігері
Ашық Дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауында: «Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз.

Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді.

Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деп атап көрсетті.

Жұмыстың жаманы жоқ, кез келген еңбек – қадірлі. Ең бастысы, әркім жауапкершілікті терең сезініп, өз міндетін сапалы атқарғанда ғана еліміз дамудың сара жолына түседі.

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы, соның ішінде ветеринария саласын жетілдіру мәселесіне айрықша назар аударылуда.

Мал дәрігері болуды кейбіреулер сәннен қалған мамандық деп ойлайды. Шын мәнінде олай емес, мал дәрігері – сұранысқа ие мамандықтың бірі. «Медицина – адамды емдесе, ветеринария – адамзатты емдейді». Сондықтан ветеринария маңызды сала.

Мал дәрігері болуды көп жастар менсінбей жатса, біздің бүгінгі кейіпкеріміз, Бауыржан Момышұлы ауылының ветеринар дәрігері Қайырбек Мырзашұлын мамандығын мақтан тұтатын нағыз өз саласының маманы десек, артық айтпағанымыз.

Осы салада 32 жылдан бері тер төгіп келе жатқан Қайырбек Мырзашұлы 1973 жылы Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Көлтоған ауылындағы М.Лермонтов атындағы орта мектепте оқыған. 1990 жылы Құлан ауылындағы Жамбыл зоотехникалық-малдәрігерлік техникумына оқуға түседі. 1993 жылы мал дәрігері мамандығын алып шығады.

Күнделікті жұмыс уақытымыз сегіз сағат. Алайда көп жағдайда уақытпен санаспай жұмыс істейміз. Кей күндері бес-алты шақыртуға дейін болады. Ол көбінесе маусымдық аурулардың қозатын кезінде көбейеді. Мәселен, көктем мен жаз айларында маса, шыбын мен кене көбейгенде мал жиі ауырады. Сондай кезде малдан қан алып, екпе саламыз. Қазіргі таңда ауылда жағдай тұрақты. Күн салқындағанда аурудың түрлері де азаяды, – дейді ветеринар маман.

Қазіргі таңда Бауыржан Момышұлы ауылында 1 800 мүйізді ірі қара, 800 жылқы және 7 500 бас уақ мал бар. Бұлардың барлығы мал дәрігерлерінің тіркеуінде тұр. Барлығы сырғаланып, құжатталған. Одан бөлек оларға уақытылы Сібір жарасы, аусыл, тағы басқа ауруларға қарсы екпе жасалады.

Адам ауырғанда дертіне қарай қанша күн ем алса, ауырған малға да дәл солай ем жасалады. Уақытылы күнде дәрісін салып, аяққа тұрғанша бақылауда ұстаймыз. Ауырған мал бірден ішіп-жемнен бас тартады. Кеудесінде жаны болғаннан кейін олар да ауырғанда қиналады. Сондай жағдайда малдың егесіне керек дәрісін алдырып, салып береміз. Біз ауырып тұрған малға шақыртуға барғанда ең бірінші дене қызуын өлшейміз. Егер көтеріліп тұрса, оны түсіргеннен кейін ғана ем-дом жасалады, – дейді Қайырбек Исақов.

Қазіргі кезде мал дәрігеріне сұраныс жоғары. Алайда бұл мамандықты таңдайтын жастардың қатары аз. Көбісі қалаға кетіп, жоғары қызметте отырғанды жөн санайды. Дегенмен бір сәт ауылдың да жағдайын ойлаған дұрыс болар...

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
журналист,
Жуалы ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар