ҮЗДІК ПОЛИЦЕЙ
Жыл басында Тараз қалалық полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызмет инспекторлары, полиция аға лейтенанты Дәурен Колкаев пен лейтенант Ералы Сансызбаев Тараз қаласындағы Айша бибі көшесінің бойында каналға құлап кеткен 2 жасар баланы ажалдан арашалап қалып, мамандықтарына шын берілген білікті мамандар екенін дәлелдеді.
Сол күнгі оқиғаны еске алған алған Дәурен:
– Біз шақыртумен келген кезде өтіп бара жатқан бір кісі баланы ес-түссіз күйде судан шығарып алған екен. Жедел жәрдем келгенше 10 минут бойы жүрек-өкпе реанимациясын жүргіздік. Бізге үйретілген барлық дағдыларды қолдана отырып, тоқтаусыз жүрекке массаж жасадық. Көрер жарығы бар екен, нәресте дем ала бастады. Жас балаға өмір сыйлағанымызға өте қуаныштымыз, – дейді.
Қызметтік борышын орындау кезінде ерлік пен жанқиярлық танытқан қызметкерлер ҚР Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің Алғыс хатымен марапатталды.
ҮЗДІК ДӘРІГЕР
Дәулет Күзен «Мейірім» медициналық орталығында балалар пульмонологі болып еңбек етеді. 32 жасар дәрігер еңбек жолын Қарағанды қаласындағы көпбейінді балалар ауруханасында пульмонолог қызметінен бастаған.
– Бала күнімде әжем ауырып, қайтыс болды. Сонда бала жүрегіммен өзіме іштей дәрігер болуға уәде бердім. Дәрігер – сәл шалыс басса, қателігі кешірілмейтін маман иесі. Жауапты әрі қиын сала екенін 1-курста 2 500 адам оқуға түсіп, 900 адам оқуды аяқтағанда сезіндік. Пандемия кезінде балалар мен үлкен кісілердің өлімін көп көрдім. Көз жасыма ерік берген сәттерім де жиі болды. «Егер осылай егіле беретін болсаң, жұмыс істей алмай, психологиялық ауытқуға ұшырайсың. Салқынқандылау болып үйрен» деп үйреткен жасы үлкен дәрігерлердің ақылы күйзелістен алып шықты. Алайда «Осы қиын мамандықта не ұстап тұр?» десеңіз, науқас бала жазылып шыққан сәттегі аналардың көзіндегі алғысты көріп, олардың өзіңе деген құрметін сезінуден асқан қуаныштың жоқтығын білесің. Өзімнің медицина саласына керек екенімді сезіндім. Сондықтан бұл салаға мен, маған бұл сала қажет! – дейді ақ халатты абзал жан.
ҮЗДІК ВОЛОНТЕР
Сұңғат Абай Жамбыл жоғары медициналық колледжінің 2-курс студенті. Жуырда ғана ол ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінен еліміздің жастар саясатын дамытуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда танытқан белсенділігі үшін алғыс хатпен марапатталды. Өзгеге қолын созып, көмектесуге даяр тұратын ең белсенді әрі ең жас еріктінің мәртебесі қашанда биік.
– Әлемді мейірім ұстап тұрғанына көзім жетті. Жағдайы төмен отбасыларға көмек қолын созып, қажетіне жарасам, өзімді бақытты сезінемін. Адам тағдырына байланысты түрлі жағдайға душар болған жандарды көрдім. Бірде мұқтаж әйел қайыр сұрап тұр екен, балаларын ойлап, оның жанары жасаурап тұрғанын сезіндім. Ол ең алдымен ана ғой! Қалтамда жолкіре деп сақтаған соңғы 1 000 теңгем бар еді. Сол ақшамды әлгі апайға ұсынып, өзім үйге жаяу қайттым. Иә, мен үйге барғанда аяқтарым талып, шаршап қалдым. Бірақ әлгі мұқтаж жанға көмектесіп, оның бір үзім нан алуына болса да ықпал еткенім үшін өзіме іштей риза пейілде едім. Вице-министрден алған алғыс хат өте қатты қуантты. Мұны мен көмек қолын созған жандардың маған айтқан алғысы мен бағасы деп ұқтым, – дейді Сұңғат Мұхитұлы.
ҮЗДІК ПЕДАГОГ
Арман Әбдіжапар Жуалы ауданындағы Шерхан Мұртаза атындағы №1 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. 24 жастағы педагог-модератор республикалық ғылыми-әдістемелік педагогикалық мерзімді баспасөз басылымы ұйымдастырған байқауда «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісін иеленген. Алғыс хатпен марапатталған.
– Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың баласының басы қосылса, төр ұстаздыкі» деген сөзі ойымда жаңғырып тұрады. Бала кезімде мұғалім боламын деп ешқашан ойлаған емеспін. Ал мектеп табалдырығынан ұстаз болып аттаған сәтте шәкірттерімнің болашағы үшін жауапты екенімді түсіндім. Бірде сабаққа қызықпайтын, үнемі қиындықтарға тап болып, ұстаздардан ұрыс естіп жүретін оқушыны кездестірдім. Оны ешкім түсінбейтін. Көңіл күйі жабырқау, өзіне сенімсіз еді. Бір күні әдебиет сабағында өлең оқу кезінде оның өзгеше шеберлікпен сөйлегенін байқадым. Сөзіне жан бітіп, тыңдаушыларды баурап алды. Сол сәттен бастап оның көркемсөз оқуға деген қызығушылығын дамытуға бел будым. Өлең оқуға баулыдым. Ол ақырында түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар иелене бастады. Оның сахнада өлең оқып тұрған сәтін көргенде көзіме жас келді. Ол тек өзінің ғана емес, өзгелердің де пікірін өзгертті. Өз-өзіне сенімсіз оқушы – мақтаулы шәкіртке айналды. Осы оқиға менің ұстаздық жолымның маңызын терең түсіндірді. Мұғалім болу – тек білім беру емес, жүрекке із қалдыру. Әр оқушының тағдыры – менің жолымның бір бөлігі. Олардың табысы менің еңбегімнің жемісі. Ұстаздың міндеті – шәкірттің ішкі жандүниесін ашып, болашағына жол көрсету, – дейді Арман.
ҮЗДІК ҚҰТҚАРУШЫ
Ержан Әбдірәимов Тұрар Рысқұлов ауданы №10 өрт сөндіру бөлімінің қарауыл бастығы, азаматтық қорғау капитаны болып қызмет атқарады. Еңбек жолын Қарағанды облысының Приозерск қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде қарауыл бастығы лауазымынан бастап, 2021 жылдан бері Байзақ, Т.Рысқұлов аудандарында халық игілігі жолындағы қызметін мүлтіксіз атқарып келеді.
– Биыл 2 қаңтарда сағат 00:55-те «101» кезекшілік пультіне Т.Рысқұлов ауданы, Ақыртөбе ауылы маңындағы Қосапан құмды аймағында дүлей боран салдарынан жеңіл автокөліктің ақауға ұшырап, жолда қалғандығы жөнінде хабарлама түсті. Шақырту орнына жедел жеткенде жеңіл көлік ішінде 4 ересек адам мен 1 жас баланың бар екені анықталды. Ауа райының қолайсыздығын ескеріп, оларды ыстық шаймен қамтамасыз етіп, Ақыртөбе ауылына жеткізіп, қауіпсіз орынға орналастырдық. Бірде жер мен көктің апшысын қуырған өртті өшіресің. Енді бірде авариялық-құтқару жұмыстарын жүргізуге ұмтыласың. Адамдарға қиналған кезде көмек қолын соза алатын мүмкіндігімнің барын мақтан тұтамын. Менің еңбегім қанатымен су сепкен қарлығаштың кейпіндегі талпыныс шығар. Алайда базбіреуді ажалдан арашалап, құтқарып қалғаным мен үшін ең үлкен марапат екені анық, – дейді Ержан Әбдірәимов.
ҮЗДІК ДЕПУТАТ
Бауыржан Балғабай – Сарысу аудандық мәслихатының депутаты. Еңбек жолын 2015 жылы аудандық мәдениет үйінде бастаған. 2020 жылдың қыркүйек айынан бүгінгі күнге дейін Сарысу аудандық жастар ресурстық орталығында аға инспектор болып еңбек етіп келеді. 2023 жылдың наурыз айында Сарысу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.
Ержеткелі қайырымдылықпен айналысқан Бауыржан Берікбекұлы 2020 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің «Халық алғысы» мерекелік медалімен наградталған.
– 2015 жылдан бастап қайырымдылықпен айналысып келемін. Оқу жылының қарсаңында аз қамтылған отбасылардың балалары қатардан қалмасын деп қажетті құрал-жабдықпен қамтамасыз етуге талпынамын. Аязды күні балабақшадан шыққан балалар үшін «Тегін такси» акциясына атсалысамын. Аз қамтылған отбасылар ашығып қалмаса екен деп азық-түлік жеткізуге ұмтыламын. Теңізге тамған тамшыдай көмегіме дән риза болып, жадырай күлген жүздерді көргенде жанымды тыныштық баурайды. Өмірлік миссиямыз адам болып қалу екенін ұқтым. Сол жолда аянбай еңбек ете бергім келеді. Қиналған жанға қол ұшын созып, жәрдемдесіп, мейірімді болу – баршамыздың міндетіміз. Ел алдындағы азаматтық парызымды өтеу жолында әлі де атқарар іс алда деп ойлаймын, – дейді Бауыржан Берікбекұлы.
ҮЗДІК КӘСІПКЕР
Таңшолпан Жұмабаева – Астана медицина университетін тәмамдаған тәжірибелі дәрігер. 32 жастағы дәрігер биыл балалар және ересектерге арналған массаж орталығын ашып, өз ісін дөңгелетіп отыр. Жыл басынан бастап орталыққа деніне саулық іздеген 1 000-ға жуық жан қайырылған. Жалпы Таңшолпан өз мамандығы бойынша кәсіп ашып, халыққа қызмет көрсетуді мақсат тұтқан жан.
– Әсіресе балалармен жұмыс істегенді жаным сүйеді. Олардың ата-аналарынан алғыс алғанда мерейім өсіп қалады. Қазіргі кезде сәбилердің арасында гипоксия, дисплазия, гипертонус, гипотонус, гидроцефалия, вальгус, варус және тағы да басқа массаж арқылы емдеуді қажет ететін диагноздар көптеп кездеседі. Денені уқалау арқылы қанайналымды реттеп, бойды ширақ ұстауға ықпал етеміз. Балалардың қол-аяғының ұзаруына, мойнының созылуына да әсері бар. Сонымен қатар баланың иммундық жүйесі көтеріліп, асқа деген тәбеті ашылып, түнгі ұйқысы тыныш болады. Біліктілігімізді арттырып, білімімізді әркез медицинадағы соңғы жаңалықтармен толықтырып отырамыз. Болашақта орталықты мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандармен толықтыруды армандап жүрмін. Себебі дені сау ұрпақ – ел жалғасы. Бір қуанарлығы, менің кәсібім тек табыс көзі ғана емес, сондай-ақ адамдардың денсаулығын жақсартуға ықпал етеді, – дейді Таңшолпан.
ҮЗДІК СТУДЕНТ
Аружан Мұхтар Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті. Аружан колледждегі «Саналы ұрпақ» ұйымының басшысы. Сонымен қатар облыстық жастар мәслихатының мүшесі. Ол өзінің алғыр да елгезек мінезінің арқасында студенттер арасындағы ең мақтаулылардың бірі.
– Менің мінезім өте ақжарқын, елгезек. Үлкендердің сөзін жерге тастағым келмейді. Бар қалпымызда қабылдап, аялап, қатарымыздан қалдырмай өсірген ата-анамызға өзімізді жақсы жағымыздан көрсету арқылы да алғысыңды жеткізуге болады деп ойлаймын. Сондықтан кез келген іс-шараға белсене қатысып, оны ұйымдастыруға да ұмтылып, жақсы қырымнан танылғым келіп тұрады. Маған берілген алғыс хаттар легі белсенділігімнің, ұстаздарыма деген жанашырлығымның, жауапкершілігімнің бағасы деп білемін. Кез келген істі бастасам, жетістікке жеткізбей қоймаймын, яғни аяқсыз тастамауға бекінемін. Міне, сол мінезімнің арқасында бүгінде үздік студенттердің қатарынан көрінгеніме қуаныштымын, – дейді Аружан Есімжанқызы.
ҮЗДІК СПОРТШЫ
Жуырда Ержет Жарылқасын грек-рим күресінен әлем чемпионатының күміс жүлдегері атағын жеңіп алған болатын. Сөйтіп, 24 жасар спортшы қазақтың туын көкте желбіретті. Балуанға облыстық күрес федерациясының президенті Әлімбек Жұмабаев су жаңа «Toyota Camry» автокөлігін және жеке бапкері Асылжан Байзақовқа 3 000 000 теңгенің сертификатын табыстады. Ержет ең үздік спортшы деген атқа лайық.
– Аталған дүбірлі додада алтын ала алмағаныма мұңайып қайтқан едім. Алайда елге келгенде жамбылдық жерлестерімнің құрметпен қарсы алған ыстық ықыласын, дарқан пейілін көргенде ғана шын жүректен қуандым. Спорт саласындағы әрбір жетістіктің артында төгілген маңдай тер мен қажырлы еңбек жатыр. Сол дүбірлі додада 100-ден аса спортшы өнер көрсетті. Кіл мықтылардың ішінен күміс жүлдемен оралғанымның өзі бір бақыт. Соның өзінде жерлестерім төбесіне көтерді. 2028 жылы Олимпиада ойындарында бақ сынасам деген ниетім бар. Алдағы уақытта да биік белестерді бағындырып, халқымның үмітін ақтағым келеді. Алдағы жоспар – осы салмақты сақтап қалу, – деп ағынан жарылды жеңімпаз.
Құралай СЕЙСЕНБЕКҚЫЗЫ