Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Даңқты боксшыларымызға ескерткіш орнатылса...

Даңқты боксшыларымызға ескерткіш орнатылса...
Ашық Дереккөз
Қазақ спортының қай түрін алып қарасақ та түрлі додаларда көк туымызды желбіретіп, абыройымызды асқақтатып жүрген жамбылдық спортшылар аз емес. Бәріне тоқталмай-ақ, боксты ғана айтар болсақ, аттары алысқа кетіп, облысымызбен қоса еліміздің де мақтанышына айналған жерлестеріміз жетерлік. Содан да шығар, Жамбыл бокс мектебі бүгінге дейін еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрініп келеді әрі алатын орны да бөлек. Мұндай жақсы нәтиже мен мәртебенің болашақта да жалғаса беретініне кәміл сенгіміз келеді.

Деректерге сүйене отырып, әңгімемді әріректен өрбітер болсам, бокс спорты Қазақстанда 1949 жылдан бастау алады. Елімізде бокстың дамуына Шоқыр Бөлтекұлының сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Қазақ боксының атасы Шоқыр Бөлтекұлы жайлы қазақ спорт журналистикасының іргесін қалаған қаламгер Сейдахмет Бердіқұлов «Қазақстанға бокс қолғабын алғаш арқалап келген адам» деген.

Ш.Бөлтекұлының ізгілікті ізі мен жеңісті жолын еліміздің әр өңірінен шыққан Мыңгерей Хайруддинов, Давид Муллаев, Николай Ли, Анатолий Кадетов, Асқар Үсенов, Ескендір Хасанов, Владимир Лопатников, Әбдісалан Нұрмаханов, Ерлік Жарболов, Мәжит Омарғалиев, Серік Әбденәлиев, Қайырболат Нұрсейітов сынды талантты боксшылар жалғастырды. Аттары аталған былғары қолғап шеберлері бапкерлік қызметке ауысқаннан кейін көптеген шәкірт дайындады.

Ал Жамбылда бокс 1950-1955 жылдары қолға алынып, З.Ярашбаев, Е.Ротт, С.Сейітбеков, Қ.Жапенов, Ү.Әкімбеков, Г.Афанасьев, Н.Мұсаев, А.Бескровный сынды алғашқы қарлығаштарымыз облысымыздың чемпиондары болып қана қоймай, республикалық жарыстарда да жақсы нәтижелер көрсете бастады. Мәселен, Закир Ярашбаев бірнеше рет ірі жарыстарда жүлделі орындардан көрінсе, Павел Афанасьев ҚР чемпионы болып, облысымыздағы спортшылар арасында алғашқы «Спорт шебері» атағын иеленді.

1960-1965 жылдар аралығында бірте-бірте жаттықтырушылардың қатары Е.Жарылғапов, Ә.Жұмаділов, Т.Атабеков, Е.Гостев, С.Хамитов, С.Ким сияқты мамандармен толыға түсті.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, негізі өңірімізде бокс саласы 1968 жылы Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы Кеңес Омаровтың Шымкенттен облысымызға ауысып келуімен қатты өркендей бастады. Барлық аудандарда бокс секциялары ашылып, ауыл балаларының да боксқа деген қызығушылығы арта түсті. Сол кездегі Жамбыл қаласында «Қайрат», «Спартак», «Динамо», «Еңбек», «Локомотив», «Буревестник» секілді спорт қоғамдары мен «Еңбек резервтерінде» тәжірибелі бапкерлер көптеп жұмысқа тартылып, барлық бокс секциялары керекті құрал-жабдықтармен қамтылды. Осылайша боксқа дұрыс көңіл бөлінгеннің арқасында 1970-1975 жылдары Жамбыл бокс мектебінің түлектері республикалық додаларда топ жарып, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Ал бұдан кейінгі жылдары жерлестеріміз түрлі халықаралық, әлемдік бәсекелер мен Олимпиада ойындарында жеңіс тұғырынан көріне білді. Сонымен қатар боксшыларымыз еліміздің құрама командасымен қоса КСРО құрамасының сапында да өнер көрсетті.

Сол кездегі даңқты боксшыларымыздың есімдері мен жетістіктері және жанкүйерлерін тәнті еткен әдемі ойындары әлі есімізде.

...Тараз қаласында осындай даңқты боксшыларымызға арналып еңселі ескерткіш орнатылса, өткенімізге, еліміздің мақтаныштарына көрсетілген құрметтің ерен үлгісі болар еді. Себебі есімдері алтын әріппен жазылып, өздері қазақ боксының тарихында қалған мұндай боксшыларымыз қандай құрметке болса да әбден лайық. Сондай-ақ спортшыларымызға арналып «Спортшылар аллеясы» ашылса да артықтық етпейді.

Өзге мемлекеттерді анық білмеймін, бірақ еліміз бойынша ешбір өңірде мұндай ескерткіш қойылмапты. Сондықтан осы игі істі біз, яғни жамбылдықтар бірінші болып қолға алсақ, өңіріміздің тарихы үшін тағы бір ерекше оқиға болады деп ойлаймын. Және көне шаһарымыздың сәулетіне сән қосары анық.

Сонымен қатар бұл ескерткіш танымал боксшыларымызға көрсетілген құрмет қана емес, жасөспірім боксшыларға үлгі-өнеге әрі байрақты бәсекелерде намыстарын қайрап, жеңіске деген талпыныстары мен қайрат-жігерлерін арттыра түсетініне кәміл сенемін.

«Ойды ой қозғайды». Реті келгенде басы басталып, соңы сиырқұйымшақтанып кеткен тағы бір мәселені ортаға салғанды жөн көріп отырмын. Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтойында әр салаға арналып бір-бір томнан 80 том кітап шығатын болған. Соның ішінде спорт саласына да бір том арналып, деректер бойынша толық материалдар дайындалған. Бірақ өзге салаларға арналған кітаптардың көбісі жарыққа шықты да, өкінішке қарай, спорт саласына арналған кітап осы жинақты дайындаған адамдардың кешіктіруінің себебінен оқырмандарға жол тартпады. «Ең болмаса биылғы жылы, яғни облысымыздың 85 жылдығында сол кітап жарық көрер» деп спортшылар да, көпшілік те күткен еді. Бірақ биыл да ол игі бастама аяқсыз қалды.

«Аталған кітап баспадан неге шықпай жатыр?» деген сұрақ пен ой спорт мамандарымен қоса облыс тұрғындарын да жиі мазалайды. Алдағы уақытта осы кітап та қолға алынып, жарыққа шықса, онда көпшілік те, спортсүйер қауым да, өзге мамандар да облысымыздың спорты жайлы көптеген дерек пен мәліметке қанығып қалар еді, әрі бұл тарихымыз үшін де керек.

Егер осы ұсыныстарымды облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы қолға алып, оң шешім шығарып жатса, онда ескерткіштің ашылу рәсімі және кітаптың лентасы қиылатын күн де алыс емес деп ойлаймын.

Олай болса, іске сәт!

Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар