Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

БАЛМҰЗДАҒЫ БАЛ ТАТЫҒАН

БАЛМҰЗДАҒЫ БАЛ ТАТЫҒАН
ашық дереккөз
БАЛМҰЗДАҒЫ БАЛ ТАТЫҒАН
Мемлекет кәсіпкерлікке бет бұрғандарға қолдау көрсетуде оларды кәсіпкерлік негізде оқытумен ғана шектелмейді. Қаржылай және қаржылай емес қолдау түрі жетерлік. Тіпті, кәсіп ашуға берілген қаржыны кері қайтармауға да болатын мүмкіндіктер бар. Бұл «Қайтарымсыз грант» жобасы аясында жүзеге асады. Бүгінде жастардың көпшілігі жұмыспен қамту орталығы арқылы қаржы игеріп, кәсіптерін өрге домалатуда. Солардың бірі – Алтынай Бөгенбаева. Ол 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз несие алып, балмұздақтың сан түрін сатылымға шығарып жүр. Жаңатастық жас кәсіпкер Гонконгтың вафлиін әзірлеп сату арқылы табыс табуда. Бүгінде бұл тәтті тағам түрі жоғары сұранысқа ие. Жас та болса, мемлекет берген мүмкіндікті пайдаланып, еңбек етем деген жандарға жол көрсетіп жүрген кейіпкеріміз ерекше балмұздағын ең алғаш 2018 жылы сатылымға шығарған. – Қыз бала жатжұрттық екені белгілі. Тұрмыс құрып,  ана атанғаннан кейін еңбек демалысында үйде отырдым. Жолдасымның жұмысына байланысты Тараздан Жаңатасқа көшіп келген кезіміз. Үйдің тірлігін жасай жүріп, ұшқыр қиялмен әр нәрсені бір ойлайтынмын. Сөйтіп, ең алғашқы еңбегімді 2018 жылы түрлі балмұздақтар мен «Гонконг вафлиін» сатудан бастадым. Қалалық жұмыспен қамту орталығы арқылы кәсіпкерлерге арналған қолдауға ие болып, 505 мың теңге алдым. Ол үшін осы кәсібімді жүзеге асыруға арналған жобаны қорғап, аз уақыт ішінде вафли әзірлеуге арналған құрылғыларды сатып алып, өз бизнесімді аштым. Жас кәсіпкерлер үшін бұл мемлекет тарапынан берілетін үлкен мүмкіндік еді. Дүңгіршегімді алуға жолдасымның көп көмегі тиді. Өзім Тараз өңірлік университетінде «Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары» мамандығы бойынша білім алғанмын. Яғни, қазіргі жұмысым оқыған саладан мүлде бөлек. Алдағы уақытта да 4 жыл оқыған мамандығым бойынша жұмыс істемеуім де мүмкін. Өйткені, кәсіппен айналысуды бұрыннан ұнатамын. Бастысы сол арманыма жеттім, – дейді Алтынай Нұрманқызы. Іскер жастың «Гонконг вафлиі» және құйылмалы, «шарикті» балмұздақты сататын дүңгіршегінде жемісті шайлар мен «мохито», «барбарис», «морс» секілді коктейлді сусындар да бар. Кәсіпкердің мәзіріндегі өнімдердің ішінде елді елең еткізгені – «Гонконг вафлиі». Бұл тағамда, бірге ұсынатын қоспасы әртүрлі болғанымен вафлиі ғана өзгермейді. Оған қосып беретін балмұздақ немесе шоколад секілді қоспалар алушының сұранысына қарай салынады. Безендіруге арналған тәттілер мен жемістерді күнделікті өзгертіп ұсынады. Арасында тек вафлидің өзін ғана жеуге келетіндер де кезігеді екен. Бұл тағам түрі әр елде әртүрлі ұсынылады. Алтынайдың дүңгіршегінде вафлидің балмұздақ қосылған түрі сұранысқа ие. Ас мәзіріне қатысты кері пікірлерін білдіретін кірпияз тұтынушылар да кездесіп жатады кейде. Кәсіпкер ондай жандардың да тілін тауып, сынына түсіністікпен қарайтынын айтады. Егер олар орынды сын айтса түртіп алып, одан нәтиже шығарады. Қисынсыз пікірлерін білдірсе, елемеуге тырысады. Әр келушіні жылы шыраймен қарсы алып, халықтың сұранысы мен талап-тілегін ескерусіз қалдырмайды. Алтынай Нұрманқызы белгілі бір кәсіпті бастауға жүрексініп жүрген жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибесімен бөлісті. Сондай-ақ ерекше кәсібінің қиындығы мен қызықты тұстарын айтып өтті. –  Қиындығы кәсіп бастауға дейінгі алғашқы кезеңдерге тән. Біраз қаржыны орынды игере білу маңызды. Қажетті ғимаратты жалға алар алдында оны жөндеуден өткізіп, келушілер үшін қолайлы жағдай жасауға міндеттісің. Оларға ұсынатын тәттінің сапасына мән беріп, күнделікті өзгерістерді қолданысқа енгізу керек. Техника болған соң, әртүрлі жағдайлар орын алады ғой. Мәселен, вафли пісіретін аппарат түрлі жағдайда істемей қалуы да мүмкін. Кезек күтіп тұрған адамдардың көптігіне қарамастан сондай сәттерде шешімін таба білу керек. Қызықты сәті сан түрлі адамдармен араласуда дер едім, – дейді кәсіп иесі. Балмұздақтардың көктем-жаз маусымдарында ғана сатылымға шығарылатыны белгілі. Сұраныс та осы айларда жиілейді. Кәсіпкер осы жағын да ескеріп, қалған мезгілде босқа қарап отырмай кәсіпті барлық жыл мезгілдерінде де жүргізудің амалдарын қарастыруда. Аудан жастарының бас қосып отыратын орнына айналатын кафетерий ашу ойында бар. Тек вафли, балмұздақ түрімен шектеліп қалмау үшін өзге де тәтті тағам түрін ұсыну жоспарында бар. Мәзірге қосымша басқа да түрлерін қоспақ. Айқын мақсатқа қол жеткізіп, кәсіп көкжиегін кеңейту үшін жаңа орын керек. Жоспарын айтып, несие сұрап, қалалық әкімдікке де хат жазыпты. Жаңатасқа ерекше тәтті түрлерін алғашқылардың бірі болып әкелген жас кәсіпкердің жақын уақыттарда ойға алған ісі орындалып, кәсібін кеңейтеріне сеніміміз мол.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар