ИГІ ІСТЕРДІҢ ҰЙЫТҚЫСЫ – ИСАБЕКҰЛЫ
Қазақта «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген өрелі, өнегелі сөз бар. Себебі ел жақсылары санынан жаңылысатындай соншалықты көп те емес. Санасаң бір қолдың саусағы да жетпеуі мүмкін. Дәл сол қазаққа қат азаматтардың қатарында жүргендердің қай қайсысы да мақтауға мұқтаж емес. Бірақ елдің қандай да болсын құрметіне лайық. Сондай сом бейне, соқталы ойдың, сұңғыла саяси түйсіктің иесі, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Жамбыл облысының Құрметті азаматы, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Асқар Мырзахметов асқаралы алпыс жасқа толды. Небәрі екі-ақ жылда екімыңжылдық тарихы бар Таразды адам танымастай құлпыртып, аққу ұшырып, қаз қондырған, өңір тіршілігіне өміршең жобаларды енгізіп, халықтың шынайы батасын алған атпал азаматтың іргелі істерін екі ауыз сөзбен айтып тауысу мүмкін емес. Десек те ұлыстың ұйытқысы, қазақы болмыстың қалпын бұзбай сақтаған киелі аймағы, қасиетті Әулиеата жерінде қолтаңбасы қалған бастамаларды бойлай кеткенді жөн көрдік.
ЖАҢА ЖҮЙЕ ЖҰМЫС ӨНІМДІЛІГІН АРТТЫРДЫ
«Адам жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те, содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деп ғұлама Әбу Насыр әл-Фараби айтқандай, Асқар Исабекұлы өзінің осы күнге дейінгі бейнетпен бағындырған бедел белесіне адал ісімен жетті һәм содан риясыз бақыт тапты. Ә дегеннен Әулиеатаға келе сала жұмыстың жүйесін қалыптастырды. Әрине, басшылыққа әрбір әкім келеді, кетеді. Ешкім бес күндік жалғанда билік тізгінін білегіне байлап, қолдан бермей өтпейді. Бірақ жүйе қалады. Асқар Исабекұлының жұмыс істеу стилі, алгоритмі, формуласы бірден байқалды. Жүйе болмаған жерде нәтиже де болмасы айдан анық ақиқат. Бұл ретте Мырзахметов қалыптастырған жүйе бірден жұмыстың негізгі бағытын нақтылыққа бағыттады. Бұл астын сызып айтатын артықшылықтың бірі. Екіншіден, Жамбыл облысы дотациялық аймақ болғандықтан Асқар Исабекұлы орынсыз шығындарды ысырып, ысырапшылдыққа жол бермеуді қолға алды. «Көрпеңе қарай көсіл» деген өмірлік қағиданы іспен ілгерілетіп, бейберекет шығындарға жол бермеді. Өңір бюджетін «өтті», «кетті» деген шараларға емес, өміршең жобаларға жұмылдырды. Аймақ тіршілігінде біте қайнасқан сан саланың бюджетін жеке-жеке май шаммен қарап шығып, шығындарды қысқартып, оңтайландыру жұмыстарына басымдық берді. Жасыратыны жоқ, жыл сайын әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй, инфрақұрылымдарға жүздеген жобалық сметалық құжаттамалар әзірленеді. Асқар Исабекұлы өңірге басшылыққа келгенше, нақты айтқанда 2018 жылға дейін бірде-бір әкім шимай-шатпақ күйінде шаң басып жатқан осынау жобалық сметалық құжаттарды көтермепті. Яғни өз уақытысында жоспарланған істің басым көпшілігі құжат күйінде қала берген. Неге? Себебі жоспарланған нысандардың құны өз бағасынан аса қымбатқа бағаланған. Ондай қыруар қаражатты құрайтын құрылысқа тиісті инвестиция уақытылы бөлінбейтіні айтпасақ та түсінікті. Осы ретте өзіне дейін елеусіз жатқан 200-ге жуық жобалық сметалық құжаттарды саралап, жіті зерделеп, өңір өміріне шын мәнісінде қажет, асыра сілтеуден аулақ, жалпақ тілде айтқанда «құлаққа кіретін», фантастикалық фабула емес, нақты болатын құрылыс нысандарын іріктеді. Мәселен сол кезде Жуалыда 640 миллион теңгеге жоспарланған білім ошағы небәрі 82 орынға ғана арналған болатын. Сонда әр баланың орны 7 миллионға жуық деп есептелген. Себебі онда утопиялық жобалар жетіп артылады. Жасыратыны жоқ, білім ошағына лифті емес, жылы орын, жайлы ғимарат және сапалы тәрбие беретін білікті ұстаздар қажет. Осының барлығын түп тамырынан зерделей келе, нысанды айды аспаннан бір-ақ шығармай, еш шығынсыз оңтайландырып өскелең ұрпақтың игілігіне берді. Сол секілді Мойынқұмдағы Радай каналының құны да 1 миллиард теңгеге жоспарланған еді. Ал шынтуайтында онда соншалықты қаражатқа үлкен көпір салудың қажеттілігі жоқ болып шықты. Себебі көпірдің арғы жағында халықтың қарасы үзілмейтіндей елдімекендер де жоқ. Асқар Исабекұлы осы жағдайға да тікелей өзі араласып, заң жүзінде зерделей келе, көпір құрылысының құны ары кетсе 200 миллион теңге болатынын нақтылады. Айта берсек, мұндай мысалдар жетіп артылады. Бір қайырғанда, облыс бюджетінің жай-күйі осылайша өңірді тақырға отырғызып, таз қалпынан айырмайтын кереғар шығындардан тазаланды. Бюджетті қалыптастыру және оны тиімді игерудің арнайы регламенті бекітілді. Сол регламент бойынша сала саладан ұсынылатын бюджеттік өтінімдерге бірыңғай ортақ құн межесі қалыптасты. Себебі әр ауданның тарапынан берілген жобалық сметалық құжаттарда салынатын нысан құны әртүрлі көрсетіліп келді. Оның ішінде жабайы базардың саудагерлері секілді аузына келген бағаны жаза салғандары да жоқ емес. Ал бекітілген регламент аясында асыра сілтегіштер айылын жиып, талап бойынша тапсырыс беретін хәлге жетті. Асқар Мырзахметовтің осы жүйесін де қазіргі таңда жалпы Қазақстан бойынша қолданса, одан ұтпасақ, ұтылмайтынымыз анық. Себебі өзі басшылық етіп тұрғанда жасаған бюджеттік жинақылықтың нәтижесінде 11 миллиард теңге қаражат үнемделді. Және ол қаражат біреудің қалтасында қалған жоқ. Сақ дәуірінен, түркі тарихынан, ғұнның ғұмырынан бері келе жатқан Тараз қаласының, Қазақ хандығының алғаш қазығы қағылып, туы тіктелген Әулиеата өңірінің әлеуетін, сәулеті мен дәулетін арттыруға жұмсалды.МАҚСАТСЫЗ ЖОСПАР, МАҒЫНАСЫЗ ЖИЫНДАРДАН АРЫЛДЫҚ
Адамзат өмірінде уақыттан қымбат әрі қастерлі құндылық жоқ екені өмір дәлелдеген шындық. «Құрамалы, қорғанды үйің болады, Айнымалы, төкпелі биің болады. Халыққа бір тиын пайдасы жоқ, Ай сайын бас қосқан жиын болады», деп үш жарым ғасыр бұрын Мөңке би айтқандай, Асқар Исабекұлы қызметке кіріскен сәттен бастап бос сөз сапырылып, босқа уақыт өткізетін жиналыстар азайды. Таңды таңға ұрып талқылайтын, бірақ нәтижесі тамшыдан жеңіл басқосулар тоқтатылды. Басы бар, аяғы жоқ ұзын-сонар баяндамалар қысқарды. Тек халықтың мәселесі ғана айтылды. Тұрғындардың боямасыз жағдайы, тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған жұмыстар мен тұралап қалған істі ілгерілету секілді маңызды мәселелер күн тәртібінен түспеді. Асқар Мырзахметов басқарма басшылары мен аудан әкімдерінен осыны талап етті. Және айтылған мәселелерді шешу жолдарын ұсынуды міндеттеді. Мәселе мен ұсыныстар айтылған жиыннан оң нәтижелер пайда болды. Облыс басшысының берген тапсырмалары бойынша аудан әкімдері ауылдарға арнайы атбасын бұрып, тікелей қадағалау жүйесі қалыптасты. Істің орындалу барысы үнемі өзінің жіті назарында болды. Әр істің шынайы бағасын беретін халықпен кері байланыс орнатылды. Жалпы жұмыстың жұп-жұмыр алгоритмі бекітілді. Қазіргі таңда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс басшыларынан халықпен ашық болуды, ортақ мақсатта оң нәтижеге жетуді міндеттеп отырған тапсырманы Асқар Исабекұлы сол уақытта-ақ орындағанына ел куә.БІЛІКТІ КАДРЛАРДЫҢ ҚАДІРІН БІЛДІК
Асқар Исабекұлы Жамбыл облысының әкімі болып тағайындалған сәттен бастап өңірге «шымкенттіктер келе бастады», «командасын алып келді» деген алып-қашпа әңгіме желдей ескені де жасырын емес. Мырзахметовтің жұмыс стиліне бас-басына би болған басшылардың басым көпшілігі ілесе алмағанын да жоққа шығара алмаймыз. Дегенмен Асқар Исабекұлы кез келген маманға ең алдымен жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Жоғарыда атап өткеніміздей бос жиналыстардан босады, барлығының бағыты айқын болды. А.Мырзахметовтің тұсында жауапты қызметте болған 41 маманның төртеуі ғана Шымкенттен келген еді. Қалған кадрдың барлығы жергілікті жердің азаматтары болды. Асқар Исабекұлы ешқандай «әке», «көке», «жәкесіз», бұрыннан бері тамыр-таныссыз тасада тер төгіп жүрген мамандарға жол ашты. Олардан тек біліктілік пен тазалық талап етілді. Мырзахметовтің тұсында басшылыққа келген жас мамандардың басым көпшілігі бүгінгі таңда облыстың дамуына сүбелі үлес қосып келеді. Ең бастысы аталған уақытта бірде-бір маман пәре беріп кірді деген мәселе болған жоқ. Оған қоса, Асқар Исабекұлы өзі басшылыққа келгенге дейін жұмысына қаладан немесе аудан орталығынан барып-келіп, тапсырмасына жүрдім-бардым қарап жүрген ауыл әкімдері мен учаскелік полиция қызметкерлерінің мәселесін реттестірді. Сол уақытта облыс аумағындағы ауыл әкімдері мен учаскелік полиция қызметкерлерінің тең жартысы жұмыс орнына барып-келіп жүргені анықталды. Нәтижесінде мұндай олқылықтар толығымен тоқтатылды. Басқармаларға артылған жауапкершілікке қарай штат бірліктері қайта қаралып, іске қабілетті жастардың жұмыс істеуіне мүмкіндік артты. Аграрлық аймақта ауыл шаруашылығы саласының мамандары екі есеге көбейді.ОҢТАЙЛАНДЫРУ ОҢ НӘТИЖЕ БЕРДІ
«Ай сұрасаң жұлдыз төгіп, түйе сұрасаң бие берер» деген стеоротиптің сеңі бұзылды. Аудандағылар ауылға қажетті мәдениет үйі мен клубтар үшін хан сарайының құнын сұраған жөнсіз жобалар шектеліп, жолға қойылды. Бұрынғыдай ауыл клубтарына даңғарадай акт залы емес, шағын да болса шырайлы сахна, бастысы халықтың сұранысындағы қажеттіліктер орындалды. Бұл жұмыстарға ауылдың және ауыл мектебінен қара таныған түлектер де атсалысты. Әрине ХХІ ғасыр – «ақпарат ғасыры». «Ақпаратқа ие адам – әлемді билейді», яғни ақпаратсыз ешбір іс өнбейді. Осы тұста да Асқар Исабекұлы тек мерекелік шаралар үшін есігін айқара ашатын, басқа уақытта қаңырап бос тұратын ауыл клубтарын тиімді кәдеге жаратты. Нақты айтқанда әрбір ауылдық клубтарда ақпараттық орталықтар жұмысын бастады. Онда қай жерде қандай ауыл шаруашылығы техникалары, тұқымдар, тыңайтқыштар сатылады немесе жалға беріледі, қай сала бойынша қандай мекемелерде бос жұмыс орындары бар, қандай маман қажет, осының барлығы толығымен қамтылды. Қас пен көздің арасында қамшы салдырмай қарыштап дамыған қазіргідей уақытта, күні бүгінге дейін байланыс аясынан тыс жерде жатқан, ғаламтордың аясынан аулақ орналасқан ауыл халқы үшін мұндай ақпарат көздері зор игілік болды. Өкінішке орай қазіргі таңда бұл ақпараттық орталықтар әу бастағыдай жұмыс істеп тұр деп тағы айта алмаймыз.САН САЛАҒА ҚАН ЖҮГІРТТІ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күні кеше ғана халыққа арнаған Жолдауында ел аумағында 650 елді мекен медициналық қызметке мұқтаж екенін айрықша атап өтті. Ал Асқар Исабекұлы бұл мәселені осыдан үш жыл бұрын көре білгенін де атап өткен жөн. Шалғай ауылдық жерлердегі халықты медициналық қызметпен қамту мәселесі сол кезде жолға қойылып, 95 елді мекеннің тұрғындары медициналық қызметпен қамтылды. Осылайша денсаулық сақтау саласына қажетті нысандар екі есе бағада арзан салынып, сапалы аяқталды. Адамзат баласы табиғаттың ажырамас бөлігі екені айтпасақ та белгілі. Осы тұста да Асқар Исабекұлы өңір табиғатын қорғауда, тиімді пайдалануда нақты әрі нәтижелі қадамдарға барды. Ізін ала аймақтағы суармалы жерлер қайта қалпына келтірілді. Механикалық жасақ құрылды. Тендер бойынша қымбат тұратын техникалардың иелеріне еңбекақысы төленді. Мойынқұм секілді аудандардағы ширек ғасыр бойы шаң-топалаңы шығып жатқан құламала дала жерлерге сол механикаландырылған жасақ есебінен қан жүгірді. Тікелей облыс әкіміне қарайтын мамандандырылған «Сапсан» жедел жасағы да нәтижелі іс атқарды. Осы тұста айта кетерлік жайт, аталған уақытқа дейін жер қойнауын пайдаланатындардың басым көпшілігі Алматыда немесе басқа өңірлерде тіркеліп келді. Салдарынан салық түсімдері де сол тіркелген өңірге аударылды. Асқар Исабекұлының тікелей ықпалымен сондай салық түсімдері өз өңірімізге қайтарылды. Өз кезегінде бұл да өңір әлеуетін көтеруге бағытталған олжалы оң іс болғаны анық. Облыс орталығының солтүстік батысында орналасқан «Қазфосфат» зауытының 12 миллион тонналық күлін әжетке жарату мәселесі де күн тәртібіне қойылды. Сол тұста Мырзахметовтің зауыт басшыларымен келісіп, қалдықтан арылу және оны тыңайтқыш ретінде пайдаланып, жердің құнарлылығын 25 пайызға арттыру туралы ұсынысын да жоққа шығара алмаймыз. Сол секілді қазіргі таңда Аса ауылының маңындағы қаланың кәріз сулары жиналып, исі қолқаны қабатын орынның мәселесін де Мырзахметов өзі басшылық етіп тұрған тұста назардан тыс қалдырмаған еді. Жалпы бұл орынға кәріз суларын тазалайтын орталықтың жобалық сметалық құжаттары Қанат Бозымбаевтың тұсында жасалған болатын. Дегенмен құны ол кезде 30 миллиард теңгені құраса, А.Мырзахметов оны 12 миллиардқа, яғни үш есеге дейін арзан бағаға оңтайландырды. Өкінішке қарай бұл іс те қазір аяқталмай отыр. Нәтижесі алдағы уақыттың еншісінде. Оған қоса, өз мамандығымен білім алса да жұмысқа орналаса алмай жүрген жастардың мәселесі шешімін тапты. Атап айтқанда аудан әкімдері (орынбасарлары емес) сол ауданға қажет мамандықтардың есебін беріп отыруға міндеттелді. Содан кейін ғана маман тапшылығы бар аудандарға тиісті қаражат бөлініп отырды. Аймақ халқының ауызсумен қамтылуы да ел аумағы бойынша соңынан санағанда екінші орында (небәрі 48 пайыз) тұрған еді. Тіршілік көзінің тағдыры да ел игілігіне айналды. Көгілдір отынның мәселесі де оң шешілді. Көшеден үйге газ тарту құнын 300 мың теңгеден 80 мың теңгеге азайтты. Асқар Мырзахметов бұл мәселенің барлығын ауыл, аудан халқымен бетпе-бет жүздесу, кездесулер барысында анықтағанына да әулиеаталықтар куә. Аталған істің игілігін халық пандемия кезінде де сезінді. Оған қоса Мырзахметовтің тұсында әкімдікке қарасты коммуналдық мекемелердің көбісі шығында болған-тұғын. Олардың қызметтеріне индикатор қою арқылы мәселесі шешімін тапты, ал халыққа тиімсіздері жабылды. Мойынқұмға ұшақ ұшыру мәселесін де орынды көтерді. Оның жобасын да өзі жасап шықты. Мойынқұмдықтар әлі күнге сол істің игілігін күтуде.ИДЕОЛОГИЯНЫҢ ИГІЛІГІ
Қазіргідей уақытта халыққа лепірме лозунгтар емес, көзге көрінетін істің нәтижелері маңызды. Бұл ретте Асқар Исабекұлы облыс орталығын гүлдендіруге теңіздей тер төкті. «Ақшасы барлар Дубайға, шетелдің басқа қалаларына барады. Ал қарапайым халық қайда барып демалады?» деп А.Мырзахметов бірінші кезекте Тараздың сәулетін арттыруға басымдық берді. Сәулеттік нысандардан бастап, саябақ, скверлерге дейін тәрбиелік мағынамен жасалды. «Жеңіс» саябағында жастарды патриоттыққа баулитын «Даңқ» залы бой көтерді. Сонымен қатар онда сол уақытқа дейін есімдері белгілі өңірден шыққан 60 мың Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің саны 105 мыңға жетті. Айтулы іске атүсті қарамай, олардың деректері жіті зерделенді, архив толықты, есімдері мәрмәр тасқа жазылды. Аталған саябақта тек Ұлы Отан соғысы ардагерлері ғана емес, Ауған соғысы, Чернобль ардагерлеріне құрмет көрсетілді. Саябақ ішінен «Мәңгілік алау», «Бауыржан Момышұлы» ескерткіштері ашылып, Тараз тұрғындарының көзайымына айналды. Қала орталығындағы Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақтың қайта жөндеуден өтуі, батыр ескерткішінің орнатылып, «Жел тоқсан -86» ортал ығын ың , «Тәуелсіздік ұшқыны» ескерткішінің және ұзындығы 220 метр болатын «Желтоқсан толқыны» атты әуезді субұрқақтың ашылуы да қаланың ажарын арттырды. Субұрқақтан 86 бұлақ тоғысып, Тәуелсіздік болып ұштасуының өзі терең мәнге ие. Саябақ алдындағы қабырғаға жазылған Құрметті азаматтар тізімі де заманауи электронды үлгіде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану мұражайына ауыстырылды. Шаһардың басты рухани брендіне айналған «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешені алыс-жақын шетелден келетін меймандар үшін де көз сүрінетін көрікті орын болды. Көрме залы, музей, туристік орталықтардың барлығы осы аумаққа топтасты. Оған қоса жыр алыбының атымен аталатын облыста төл өнердің төресі – айтыстың мектебі қалыптасты. Аудандарда жас айтыскер ақындар іріктелді, олардың шығармашылығын шыңдауға мол мүмкіндік берілді. Талайғы тарихы бар облыстық қазақ драма театрына Асқар Тоқпановтың, филармонияға Кенен Әзірбаевтың есімі берілді. Тараз қалалық мәдениет үйі Ықылас Дүкенұлының атымен аталды. Сол уақытқа дейін шешілмей келген еді. Бұл істің барлығында Асқар Исабекұлының қолтаңбасы қалды. Тұңғыш рет ел сенім, мемлекет үміт артып отырған патриот жастарға арнап стела қойылды. Жастар аллеясы жаңғырды. Теміржол вокзалының алдына Тараздың көне атаулары айшықталып жазылды. «Тектұрмас» этно-тарихи кешені ашылып, Тараздың жиырма ғасырлық тарихы тасқа қашалды. Мағынасы терең ескерткіштер арқылы өскелең ұрпаққа тарих насихатталды. Ел тарихындағы ең үлкен екі шайқас, Атлах пен Аңырақайға арналған барельеф қамал мен қанатты жол да жоспарланды. Жоспардағы соңғы аталған екі істің аяқталуын әулиеаталықтар әлі де асыға күтіп жүр. Көпбалалы аналарға көп көңіл бөлінді. Шу, Жаңатас, Қаратау, Асада бұрыннан бері қаңырап тұрған ескі үйлер түбегейлі жөндеуден өтіп, халыққа, мұқтаж отбасыларға берілді. Көпбалалы жанұяларға арнап жатақханалар салынды. Қалада сәулеттік кеңес құрылып, апта сайын архитектуралық стратегиялар талқыланды. Жергілікті сәулетшілер үшін ол да үлкен мектеп болғаны жасырын емес. Нәтижесінде бұрын-соңды өңірде болмаған нысандар ашылып, ел игілігіне қызмет етті. Тараздан шет жатқан Құмжота, Құмшағал, Шөлдала алқаптарына газ кірді, жол тартылды, автобус қатынады. Асқар Исабекұлының аяқтай алмай кеткен істері де атан түйе көтере алмайтын салмақты бастамалар еді. Талас өзенінің бойынан жағажай салуды да қолға алды. Жобалық сметалық құжаттарын да жасады. «Мамыр» саябағынан Алаштану орталығын салу жөнінде де бастама көтерді. Қаланың батыс қақпасы маңындағы Керей мен Жәнібек хандардың ескерткіші аумағынан бес ғасырды қамтитын мұражай ашу мәселесін де орынды қозғады. Өзі алғыс сөзін жазған облыс тарихының 80 томдығы да, жоғарыда атап өткен бастамалары да алдағы уақытта жалғасын тапса, өскелең ұрпақ үшін өнегесі мол болары анық. Асқар Исабекұлының ауыл шаруашылығын ілгерілетуге бағытталған пилоттық жобасы Жамбыл облысынан бастау алғаны да айрықша атап өтерлік іс. Озық жоба ел аумағы бойынша тиімділігін дәлелдеп, небәрі үш жылда өзге өңірлер де толайым табысқа кенелді. Әу баста А.Мырзахметов осы жобаны шалғай ауылдарға өз аяғымен барып, әрбір тұрғынға 5-6 сағаттап түсіндіргеніне де халық қанық. Ауласында өсірген қиярын қай жерге сатуына дейін соқырға таяқ ұстатқандай ұғындырды. Қорыта айтқанда ең бастысы мамандар саны көп, сапасы селдір жиналыстардан және қағазбастылықтан арылды. Және олар кешкі сағат жетіге дейін ғана жұмыста отырып, жемісті іс тындырды. Осылайша бір өңірді ғана емес, жалпы Қазақстанды тығырықтан алып шығатын тыңғылықты жолды алғашқылардың бірі болып Мемлекет басшысына ұсынған, өзіне дейін өңірдің 12-ші орында тұрған әлеуметтік-экономикалық көрсеткішін алдыңғы орынға жеткізген Асқар Исабекұлын әулиеаталықтар қимай шығарып салды. ТҮЙІН: Күні бүгінге дейін әлеуметтік желілерде Асқар Мырзахметовтің қызметке оралуын сұраған халықтың қарасы қазір жүз мыңнан асып жығылады. Мұның барлығы халықтың риясыз құрметі екені сөзсіз. «Маған әлі күнге дейін облыс тұрғындарынан алғыс-лебіздер түсуде. Әрине, бұл – үлкен құрмет. Біз бірлесе отырып облыс үшін көп іс тындырдық. Алда тек жақсылықтар болады деп сенемін» деп өзі айтқандай, біз атап өткен істер теңіздей істің бір тамшысы ғана. Жұрттың жадында, ұрпақтың жүрегінде қалған қыруар игі істерді бір мақалада айтып тауыса алмайтынымыз анық. Тек асқаралы алпыс жасқа, абырой асуына адал еңбегімен жеткен Асқар Исабекұлын жаңа жасымен құттықтап, жамбылдықтардың тілеулестігін жеткізгіміз келді.