
Байқау ҚР Мәдениет саласының үздігі, әнші Мадина Сағынбекованың орындауындағы ақынның сөзіне жазылған «Әйел монологі» әнімен ашылды. Іс-шараның ашылу салтанатында колледж директорының міндетін уақытша атқарушы Серік Қойшыбаев сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Өнер бәсекесіне қатысушылар 2 кезең бойынша сынға түсті. «Көркемсөз» бағытында өнерпаздар ақынның бір өлеңін мәнерлеп жатқа айтса, «Эстрадалық вокал» кезеңінде ақынның сөзіне жазылған бір әнді жанды дауыста орындады. Қазылар алқасы қатысушылардың дауыс мәнері мен тіл тазалығына, өлеңді таңдау талғамына, көркемдік безендіру мен сахна мәдениетіне, сондай-ақ орындаушылық шеберлігіне баса назар аударды.
Байқауда поэзия падишасының біршама өлеңі ел назарына ұсынылып, ақынның сөзіне жазылған «Айша бибі», «Қыз махаббаты» әндері шырқалды. Сайыс қорытындысы бойынша «Көркемсөз оқу» бағытында Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің студенті Әйгерім Амангелді жеңімпаз деп танылды. Ал Қаратау құрылыс-техникалық колледжінен келген Ақбота Тоқтарбай мен «Парасат» жоғары колледжінің студенті Нұрай Ұланқызы II орынды иеленді. Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің намысын қорғаған Арай Рыспай, Тараз инновациялық көпсалалы колледжінің студенті Мадина Абдрахман мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Әмина Құрман III орынды еншіледі.
Сонымен қатар «Эстрадалық вокал» бағыты бойынша Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінің студенті Аяулым Жанатова үздік деп танылып, I орынды қанжығасына байлады. Ал II орынды Жамбыл жоғары медициналық колледжінің студенті Ақерке Кемпірбай жеңіп алды. Жамбыл политехникалық жоғары колледжі мен Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінен келген Әлия Мамут пен Инабат Темірхан үздік үштікті түйіндеді. Жеңімпаздарға арнайы диплом мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ