Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Қаламгерлер қолдаусыз қалмайды

Қаламгерлер қолдаусыз қалмайды
Ашық Дереккөз
Жуырда облыс әкімі Ербол Қарашөкеев Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесті. Еркін форматта өткен басқосу барысында аймақтың руханиятын, мәдениеті мен әдебиетін дамыту және жергілікті ақын-жазушылардың шығармашылығын қолдау, жас таланттарды тәрбиелеу, әдеби мұраны сақтау секілді тағы да басқа да бағыттарда атқарылған жұмыстар тілге тиек етілді.

Руханият орталығынан зиялы қауым өкілдері бас қосып, әңгімелесетін, пікір алмасатын бір кабинет ашылғалы жатқанын сөз еткен Ербол Шырақпайұлы: «Сіздермен қалыптасқан дәстүрге сәйкес Жаңа жыл қарсаңында жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Зиялы қауым – ұлттық руханияттың темірқазығы, халық әдебиетін ұрпақтан ұрпаққа жеткізуші алтын көпір екені баршамызға белгілі.

«Әдебиет – ойымыздың тереңдігі мен рухымыздың асқақтығын айғақтайтын ұлы қазына» деп Мемлекет басшысы айтып өткеніндей, қай кезеңде болсын әдебиет ұлтты тәрбилеуші басты құрал болып қала береді. Бұл тұрғыда заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Әдебиеттің зор міндетінің бірі – елдің мінезін түзеу» деп, әдебиеттің қоғамдағы маңызды рөлін айшықтап берді. Шын мәнінде, қазіргі біздің міндетіміз – жастарды ұлттық құндылықтар мен салт-дәстүрімізге сай тәрбиелеу. Әсіресе қазіргі жаһандану кезеңінде ұлттық бірегейлігімізді сақтап қалудың маңызы зор деп білемін. Бұл аса жауапты мәселеде сіздердің салмақты ойларыңыз бен әрбір шығармаларыңыз өскелең ұрпаққа рухани азық, – деді.

Сондай-ақ облыс әкімі балалардың, жалпы қоғамның кітапқа деген құштарлығын ояту мақсатында алдағы 2025 жылды «Кітап оқу жылы» деп жариялап, «Тараз – кітап оқитын қала» жобасы басталғалы жатқанынан зиялы қауым өкілдерін хабардар етті. Өңірдің әдебиет өкілдерінің шығармалары алдағы кітап оқу жылында көп оқылатын кітаптардың қатарында болатынына сенім білдірді.

Келесі жылы облысымыздың тарихи жер-су атауларына байланысты «Әулиеата аңыздары» деген кітап шығару жоспарға еніпті. Зиялы қауым өкілдері бұл жаңалықты да жылы қабылдады.

– Өздеріңіз білетіндей, өткен жылы жергілікті 24 автордың кітабы әрқайсысы баспадан 1 000 данамен шығарылып, облыстағы барлық кітапханаларға таратылды. Жақында ғана әдебиет пен өнерді қолдау және таланттарды анықтау мақсатында поэзия, проза, драматургия, сатира, балалар әдебиеті саласында «Асқақ рухты Әулиеата» атты республикалық әдеби конкурс өткізілді. Онда Жамбыл Жабаев, Кенен Әзірбаев, Бауыржан Момышұлы, Шерхан Мұртаза, Шона Смаханұлы, Несіпбек Дәутайұлы, Арғынбай Бекбосын сынды өңіріміздегі біртуар тұлғалардың атындағы жүлделер табыс етілді. Осы жылы Жамбыл облысының 85 жылдық мерейтойын абыроймен атқардық. Сондай-ақ жыл ішінде ақын-жазушыларымыз, жалпы мәдениет, өнер адамдарына арналған іс-шаралардың көптеп өтуі жергілікті билік пен зиялы қауым арасындағы байланыстың айқын көрінісі. Алдағы жылы Ұлы Жеңістің 80 жылдығын, Конституцияның 30 жылдығын, Абай Құнанбайұлының 180 жылдығын, Шәмші Қалдаяқовтың 95 жылдығын, ортамызда жүрген жазушы-драматург, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Елен Әлімжан, ақын Қайырбек Асанов ағаларымыз бен ақын Шырын Мамасерікова апамыздың 80 жас мерейтойларын атап өтуді жоспарлап отырмыз, – деген Е.Қарашөкеев аймақта той-томалақ өткізуде тойдың ішкі мәдениетін қалыптастыру үшін ұрпаққа үлгі боларлықтай өнеге көрсету, жол сілтеу, ата-баба дәстүрін аяқасты етпеу мақсатында жүйелі жоба қолға алынатынын айтты.

Жиында жазушы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Пернебай Дүйсенбин «Көне-Тараз» тарихи-этномәдени кешеніне үздік, белсенді оқушылар арасында экскурсия ұйымдастыруды, ондағы көркемсурет галереясы, облыстық тарихи-өлкетану музейін аралатып, жәдігерлермен, тарихымызбен таныстыру артық болмайтынын айтты.

Облыстың Құрметті азаматы, жазушы-драматург Елен Әлімжан өзге облыстардағыдай бізге де бір әдебиет және өнер ордасы керектігін айтып, ұсыныстарын ортаға салды.

– Тараз қаласы екі ауданға бөлініп басқарылытынынан хабардармыз. Ол «Әулиеата» және «Жібек жолы» атауына ие болғандықтан көне шаһардың «Әулиеата» ауданы атауына сай тарихи мәнге ие болуы керек. Себебі күні бүгінге дейін Тараз қаласына еліміздің ең көне шаһары ретінде ғана мән беріліп, тек ортағасырлық кезеңі зерттелді. Соның салдарынан одан бергі тарих елеусіз қалып барады. Ал бүгінге бұзылмай жеткен қаламыздағы бір ғасырлық тарихы бар ғимараттардың басым көпшілігі А.Асқаров, Ш.Мұртаза, А.Пушкин, Х.Бектұрғанов көшелерінде орналасқан. Сондықтан мұндағы тарихи ескерткіштерді қорғауға алып, ескі қаланың мәдениетін жаңғыртып, сол арқылы туристік кластерді қалыптастыруға болады, – деді Е.Әлімжан.

Сондай-ақ басқосуда ақын Шырын Мамасерікова, ардагер журналист, жазушы Бекет Момынқұл, ақын Үміт Битенова мен Ғайни Әлімбекқызы, жазушы Сабыр Рысбаев секілді қаламгерлер ұлттық, қоғамдық мүддеге қатысты көптің көкейінде жүрген мәселелерді көтерді. Бұл ретте Ербол Қарашөкеев айтылған ұсыныс-пікірлер қаперге алынатынын жеткізді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар