
Шығыс жорамалы бойынша, Жылан – данышпандықтың, ерік-жігер, көрегендіктің нышаны. Ал жұлдызшылар Жылан жылы өзімен бірге талай сынақты ала келуі мүмкін деседі. Алайда қазақтардың ұғымында әр жылдары қандай қиындық көрсе де жылдың жаманы жоқ. Сондықтан:
«Тышқан жылы – тыныштық
Сиыр жылы – сыйлық
Барыс жылы – бірлік
Қоян жылы – қамбалы
Ұлу жылы – үлгілі
Жылан жылы – жайлы
Жылқы жылы – жұтсыз
Қой жылы – құтты
Мешін жылы – мерейлі
Тауық жылы – табысты
Ит жылы – игілік
Доңыз жылы – дүниелі» деп, қазақы қалыппен баға берген. Әр жылдың қадір-қасиетін ұлықтап түсіндіріп отырған. Бұл адамдардың жандүниесінде ешбір жылдан қорықпау керектігі туралы сенімді ұялатады.
Ал түркі халықтарының мифтері мен ертегілерінде жылан киелі, қасиетті, жарылқаушы рух бейнесінде көрініс табады. Жыланның киелілігі туралы хадисте де айтылады:
«Пайғамбар мен Әбу Бәкір үңгірде үш күн отырды. Ең сенімді серігі Пайғамбарға жылан-шаян зиян-зақымет қылмасын деп үстіндегі киімін парша-парша жыртып, тесіктерді бітеді. Бір қуысты бітеуге киім жетпеді. Оған жалаңаш аяғын сұғып, бітеді. Таң ата іннің түбінен бір жылан Сыддықтың аяғын шағып алды. Әбу Бәкірдің екі ерні көгеріп, өлуге айналды. Оны көрген Пайғамбар жылан шаққан жерді дереу пышақпен тілді де уытын сорып, жерге түкіре берді.
Сол кезде шаққан жыланның басы да көрінді.
Пайғамбар:
– Ей, жылан, сен Әбу Бәкірді неге шақтың? Оның кім екенін білесің бе? – деді.
Жылан:
– Иә, Алланың хабибі, амалымның жоғынан шақтым. Мен осы үңгірдің иесі едім. Сені күтіп жатқаныма неше мың жыл болды, білесің бе? – деді.
– Менің келетінімді сен қайдан білдің?
– Мына үңгірдің аузындағы өрмекші мен көгершін жер жаралып, су аққалы осында тапжылмай жатыр. Бұлар не өлмейді, не ұшпайды, не балаламайды. Мен олардың жайын сұрадым. Сенің келетініңді солар айтты. Мені жаратқан Ұлық Алланың сүйікті хабибін көру мен үшін зор бақыт.
– Ықыласыңа рақмет! Не тілегің бар?
– Екі түрлі датым бар. Бірі – сенімен дидарласып, тілдесіп қалу. Екіншісі, Алла сені дүниеге рақмет ету үшін жіберген. Сол рақметіңнен менің ұрпағым да үлес алсын. Үмбетіңе айт. Ұрпағымды бейберекет өлтірмесін.
– Дегенің болсын. Үмбетіме «Жыланды басына ақ құйып шығарып салыңдар» деп өсиет қалдырамын. Достығымыздың белгісі ағарған айран болсын, – деді.
Содан бастап мұсылмандар үйге кірген жыланның басына ақ құйып шығарып салатын болыпты.
Ал Әбу Бәкір Пайғамбардың емінен соң оңалып, тез тұрып кетті», делінген хадисте.
Сонымен қатар дана халқымыз «жыландай уын төкті», «жылан қабақты», «іштен шыққан шұбар жылан» деген сынды теңеу сөздермен адам қасиеттерін сипаттаған. Мәселен, «іштен шыққан шұбар жылан» деген теңеудің сыры түсінікті болар. Алайда бұл теңеу қайдан бастау алғанын білмесеңіз, оны да тарқатып көрелік.
Ертеде бір аңшының әйелі жылан етіне жерік болыпты. Жарының жерігін басу үшін аңшы жылан аулайды. Әйелі жерігі басылғанша жылан етін жей беріпті. Тоғыз ай өткенде әйелдің толғағы жетеді. Бірақ дүниеге жыланға ұқсас ұл туады. Бұл сұмдықты көрген жұрт қатты шошыпты. Күйеуі де ұлының жанына жуымай, қашқан екен. Тек әйел ғана балам деп бауырына басады. Ұлына Бапы деп ат қойыпты. Әйтсе де жұрт жабылып баланы өлтірмекші болады. Әйел зар жылап: «Жылан да болса, ішімнен шыққан балам. Өлтіре көрмеңдер!» – деп елден араша сұрапты. Әйелдің көз жасын көргенде жұрттың жүрегі елжіреп, «Тар құрсағыңды кеңіткен, тас емшегіңді жібіткен, тоғыз ай, он күн көтерген, мехнат тартқан төтеннен, жылан да болса ұлы ғой, жырақ мекендесін. Өлтірмейік, тау-тасқа жіберейік. Елден жырақ мекендесін» дейді.
Әйел баласын қимай-қимай, тау-тасқа апарып тастайды. Кейін бала өзге жыландардың басын қосып, орда құрыпты. Оған дейін жыландар жеке өмір сүрген екен. Өзі солардың патшасы болып, Бапы хан аталыпты. «Ордалы жылан» деген атау да осы кезде басталыпты.
«Іштен шыққан шұбар жылан» деген сөз де осы оқиғадан соң ел аузында сақталыпты.
Әрине, бұл көнеден келе жатқан аңыз әңгіме. Әр жаратылыстың қоғамды немесе табиғатты қорғау жолында өзіндік үлесі бар. Сол секілді халық медицинасының өкілдері жылан етінің адам ағзасына тигізетін пайдасы мол екендігін айтады. Жыланның сорпасын ішкенде денеге шығатын бөртпе, безеу жоқ болып кететін көрінеді. Сондай-ақ ет пен терінің арасындағы құрттар жойылып, кез келген жара тез жазылып кетеді екен. Дегенмен емшілер бұл ем түрі барлық адамға бірдей әсер етпейтінін де ескертуде.
Жалпы жыланның қадір-қасиетін осы оқиғалардан-ақ ұғып, түйдік. Ал Жылан жылы қандай жаңалықтар күтіп тұрғанын уақыт еншісіне қалдырған жөн болар. Дегенмен келесі жылдан үміт көп. Жылан ирелеңдеп жүрсе де ініне түзу кіретініндей, келесі жылы бұралаңдаған жолдардан сүрінбей өтіп, еліміздің мақсат-мүддесі орындалып, бағындырар белестеріміз көп болсын. Еліміз бейбітшілік бесігінде тербеле бергей!
Мұқағали БАЛТАБАЕВ