Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауына өтінім қабылдау басталды

«Асқақ рухты Әулиеата» республикалық әдеби-мәдени байқауына өтінім қабылдау басталды
Автор
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» атты үшінші отырысында «Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз», деген болатын. Осы орайда, Президенттің ұлт руханиятын қолдау туралы тапсырмасын негізге ала отырып, Жамбыл облысы әкімдігі қазақ әдебиеті мен өнерін қолдау, қоғамда кітап оқуды насихаттау, қаламгер қауымға қолдау көрсету және таланттарды тану мақсатында поэзия, проза, драматургия, әдеби сын, сатира, балалар әдебиеті, көркем аударма бағыттары бойынша республикалық әдеби байқау жариялайды.

Биыл екінші рет ұйымдастырылып отырған «Асқақ рухты Әулиеата» әдеби байқауының шартына жыл сайын ұйымдастырушылар тарапынан өзгерістер енгізіледі.

Осы Ереже негізінде Жамбыл облысы әкімінің тапсырмасымен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы байқауды ұйымдастырады.

Қазылар алқасы:

Қазылар алқасының саны, төрағаны қосқанда, тақ сан болуы тиіс.

Қазылар алқасының құрамында елімізге, әдебиетке аты белгілі ақын-жазушылар кіреді. Қазылар алқасының шешімі түпкілікті және қайта қарауға жатпайды, хаттамамен рәсімделеді және барлық қазылар алқасының мүшелері қол қояды.

Әдеби байқаудың мақсаты мен міндеттері:

 Мақсаты – қазақ әдебиетін, қаламгер тұлғалардың шығармаларын оқырман қауымға және жастарға кеңінен насихаттау, қазақ әдебиетінде жаңа шығармалардың жазылуына ықпал ету, қаламгерлерге қолдау көрсету.

Міндеті – көпшілікті кітап оқуға шақыру, қазақ көркемсөзінің қадір-қасиетін дәріптеу, жастардың азаматтық жауапкершілігін арттыруға жол ашу.

Әдеби байқаудың шарттары:

 1. Республикалық әдеби байқауға жас шамасына қарамастан поэзия, проза, драматургия, әдеби сын, сатира, балалар әдебиеті (Көркем аударма номинациясынан бөлек) бағыттары бойынша жазылған үздік шығармалардың авторлары қатыса алады. Бір қатысушы тек бір номинацияға ғана қатыса алады. Көркем аударма номинациясы бойынша аудармашы шетелдің классик авторларының әңгімелерін немесе өлеңдерін қазақ тіліне аударуға болады.

  2. «Асқақ рухты Әулиеата» әдеби байқауының өткен жылғы номинация иегерлері қатыса алмайды.

  3. Байқауға әрбір автордың бұрын еш жерде жарияланбаған шығармалары ғана қабылданады.

  4. Бұрын жарияланған немесе ұлттың, адамның ар-намысына нұқсан келтіретін, теріс әрекеттерді насихаттайтын шығармалар қазылардың қарауына жіберілмейді.

  5. Қазылар алқасының көпшілік дауысын жинаған шығармалар әрбір жанр бойынша үздік деп танылады. Қазылар алқасының шешімімен таңдалған жеңімпаздар марапаттау іс-шарасына шақырылады.

 6. Жеңімпаздарға берілетін сыйлықтың атауы – Жамбыл облысынан шыққан әдеби тұлғалар атындағы сыйлықтар (түрлі номинациялар бойынша).

Әдеби байқау жеңімпаздарына төмендегі номинациялар бойынша жүлделер беріледі:

1. «Поэзия» номинациясы бойынша Жамбыл Жабаев атындағы жүлде – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

  1. «Асқақ рухты Әулиеата» тақырыптық өлең топтамалары;
  2. Еркін тақырыпта айтары бар, теңеулері тосын, шешімі ұтқыр, өрнектері өзгеше өлең жолдары, балладалар мен поэмалар;
  3. Адамзат алдында тұрған күрделі мәселелерді көтерген, мәңгілік сауалдарға жауап іздейтін шығармалар;
  4. Барлық шығармалар көлемі 7-15 бет аралығында болуы шарт; 
  5. Кемінде аталған критерийлердің бір бағыты орындалуы керек.

2. «Проза» номинациясы бойынша Бауыржан Момышұлы атындағы ЖҮЛДЕ – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

  1. Ұлттық дәстүрді, қазақы құндылықтарды дәріптеген повесть, хикаят, әңгімелер ұсынылады;
  2. Автордың ой айту шеберлігі, баяндау тәсілі, суреткерлік таланты, кейіпкерлерінің ерекше табиғаты ескеріледі;
  3. Ұсынылған шығармалардың оқиғасы тартымды, көркем болуы шарт;
  4. Дәстүрлі проза негізінде жазылған шығармалар және қызықты әрі нәтижелі экспериментке барған шығармалар қабылданады;
  5. Шығармалар 20 беттен кем болмауы керек.

3. «Драматургия» номинациясы бойынша Әлдихан Қалдыбаев атындағы ЖҮЛДЕ – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

Ұлттық драматургияның дамуына үлес қосатын драмалық шығармалар ұсынылады;

  1. Бүгінгі қоғамдағы күрделі мәселелерді арқау еткен, адамдардың қарым-қатынасын, мәселесін, арман-мұратын қамтыған шығармалар;
  2. Елдің бірлігі мен татулығын насихаттайтын туындылар;
  3. Ой айту ерекшелігі бар, оқиғаны беру тәсілі өзгеше, диалогтары әсерлі шығармалар қабылданады;
  4. Шығармалар 25 беттен аспауы керек.

4. «Әдеби сын» номинациясы бойынша Несіпбек Дәутайұлы атындағы ЖҮЛДЕ – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

  1. Қазақ әдебиетіндегі белгілі бір тұлғаның шығармашылығына жан-жақты талдау жасау;
  2. Әлемдегі әдеби ағымдар туралы таразылау, оның қазақ әдебиетінің дамуына әсері қандай деген мәселені дәлелді көрсету;
  3. Жас қаламгерлердің шығармашылықтарына шолу, бір немесе бірнеше автор туралы да әдеби мақалалар қабылданады;
  4. Көрсетілген критерийлердің кемінде біреуі орындалуы керек;
  5. Ұсынылған шығармалардың көлемі 10-15 парақ аралығында болуы керек.

5. «Сатира» номинациясы бойынша Шона Смаханұлы атындағы ЖҮЛДЕ – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

  1. Қоғамның шындығын сатира тілімен бейнелейтін шығармалар;
  2. Юморлық шешімдері өзгеше, сарказмы мықты, сатиралық сәтті теңеулері тосын өлеңдер, әңгімелер, шағын сықақтар;
  3. Автордың көтеріп отырған мәселесінің өзектілігі, жазу шеберлігі, баяндау мәдениеті, ой айту өзгешелігі ескеріледі;
  4. Шығарма бірыңғай күлкілі жайттарға емес, ой салу, сабақ алу, ойлану идеясына құрылуы керек;
  5. Байқауға ұсынылған шығармалардың көлемі 7-15 парақ аралығында болуы шарт.

6. «Балалар әдебиеті» номинациясы бойынша Совет Әлімқұлов атындағы ЖҮЛДЕ – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

  1. Балаларға арналған шығармалардың идеясы балаларды Отанын сүюге, адамгершілікке тәрбиелеуі керек;
  2. Шығармада адал, еңбекқор, білімді адамдардың бейнесі жасалуы керек;
  3. Шығармада қазақ халқының салт-дәстүрі, ұрпақтар сабақтастығы, адамдар арасындағы адамгершілік қағидалары, ізгілікті дәріптеу, балаларды адал қоғам құратын тұлға болуға тәрбиелеу, тарихын, құндылықтарын құрмет тұтатын азамат болу идеясын насихаттау;
  4. Байқауға ұсынылған шығармалар қарапайым, түсінікті тілде жазылуы шарт әрі қай жастағы балаларға арналғанын көрсету керек;
  5. Байқауға өлеңдер, әңгімелер, ертегілер қабылданады. Көлемі 5-10 бет аралығында болуы керек.

7. «Көркем аударма» номинациясы бойынша Шерхан Мұртаза атындағы ЖҮЛДЕ – 1 000 000 теңге және алғыс хат.

Бұл номинация төмендегі критерийлер бойынша тағайындалады:

  1. Байқауға әлем әдебиеті классиктерінің шет тілдерінен жасаған аудармалары ұсынылады;
  2. Аударып отырған шығарманың маңыздылығы, аударма тілінің көркемдігі, түпнұсқамен сәйкес келуі ескеріледі;
  3. Түпнұсқа шығарманың мазмұны сақталуы керек;
  4. Байқауға шетел әдебиеті классиктерінен тәржімаланған өлеңдер, әңгімелер қабылданады;
  5. Аударылған шығармалардың көлемі  7-15 бет аралығында болуы керек.

 

«Асқақ рухты Әулиеата» байқауының қорытындысы:

Аталған байқауға республика көлеміне танымал ақын-жазушылар құрметті қонақ ретінде шақырылады. Қонақтардың қатысуымен Тараз қаласында әдеби-мәдени өнер кеші ұйымдастырылып, байқаудың әрбір номинация бойынша жеңімпаздары марапатталады.

Шығармалар Жамбыл облысы әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасының ualihanov_kitaphana@mail.kz электронды поштасына                    2025 жылғы 5 қараша мен 5 желтоқсан аралығында жіберілуі тиіс. Қатысушының шығармашылық өмірбаяны, шығармасы, байланыс нөмірі болуы керек.

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар