Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шырша тойы шаттыққа бөледі

Шырша тойы шаттыққа бөледі
А.Рысмахан
Жаңа жыл мерекесі қарсаңында балалар жүрегінде ерекше естелік қалдыратын дәстүрлі іс-шаралардың бірі – облыс әкімінің шыршасы. Мұндай мерекелік кеш жыл сайын өңіріміздегі дарынды, әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары үшін ұйымдастырылатыны белгілі. Осы жылы да бұл іс-шара өз деңгейінде өткізіліп, балғындардың жүзінен шаттық шуағы есіп тұрды.

Тараз қаласындағы «Баласағұн» орталық концерт залында «Ғажайып оқиғаларға толы Жаңа жыл!» тақырыбындағы кештің ажарын ең сәнді етіп безендірілген биік шырша айшықтап тұрды. Жасыл шырша жанына жиналған балалар ертегі кейіпкерлерімен кездесіп, әсем әндер мен түрлі ойындарға қатысты. Іс-шараның басты мақсаты – балаларға мерекелік көңіл күй сыйлап, олардың жүрегіне сенім мен жылулық ұялату.

Бүлдіршіндердің қуанышына ортақтасқан облыс әкімі Ербол Қарашөкеев оларға 80 мың теңгенің сертификаты мен тәтті сыйлықтар тарту етті.

Шырша мерекесінде балақайлар ертегі кейіпкерлерінің ерекше қойылымын тамашалады.

Түрлі әндер шырқалып, театрландырылған қойылым көрсетілді.

Балалардың жүздері бал-бұл жайнап, шаттана би билеп, ән салды.

Аталған іс-шараға ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан 100 бала қатысты.

Балалар үшін мерекенің басты кейіпкерлері Аяз ата мен Ақшақар ерекше көңіл күй сыйлады. Шырша жанында бүлдіршіндермен бірге би билеп, ән салды. Балақайларға түрлі тәттілер мен сыйлықтар таратып, әр баланың мерекелік қуанышын еселей түсті. Аяз атаның жүрекжарды тілектері мен Ақшақардың жылы лебізі оқушылардың көңілін көкке көтеріп, бір сәтке болса да оларды таңғажайып ертегі әлеміне жетеледі.

Аталған іс-шараға қатысқан оқушылардың бірі – Қордай аудандық білім бөлімінің №3 Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің 5-сынып оқушысы Аяла Жолдас мерекелік шырша кешінен алған өз әсерін бөлісті.

– Мен бұл іс-шараға қатысу барысында үлкен әсерге бөлендім. Аяз ата маған өте әдемі сыйлық сыйлады. Ал Ақшақар бізбен бірге билеп, көңілімізді көтерді. Осындай мереке ұйымдастырғаны үшін облыс әкімдігіне алғысымды білдіремін. Бұл күн мен үшін ұмытылмас сәт болды, – деді Аяла Абзалқызы.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің атынан өтетін жаңажылдық шырша қатысушыларына арналған экскурсия ұйымдастырылды. Балалар алдымен «Көне Тараз» тарихи-этномәдени кешенін аралады, әрмен қарай облыстық драма театрға барды. Театрда балаларға арналған жаңажылдық қойылым көрсетілді. Қойылымнан ерекше шабыт алған олар қайта жолға шығып, Жақсылық Үшкемпіров атындағы «Тараз-Арена» және «Теннис» спорт кешендеріндегі жаттығу залдарын, бокс алаңын және бассейнді аралады.

Осылайша бүлдіршіндердің қызықты өткен күні «Танысу кешімен» жалғасын тапты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар