Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбыл жеріндегі жүздесу

Жамбыл жеріндегі жүздесу
Ашық Дереккөз
Тарих – өткен күн. Оның қойнауында өткеннің де, бүгінгінің де бәрі бар. Олардың өлшемі – уақыт. Уақыт өткен сайын оқиғалардың көлемі, маңызы кішірейіп, ірілері ғана келер ұрпаққа аңыздай жетеді. Ол – өмір.

Басынан өткергенін көзі тірісінде адамның өзінен сұрайсың. Ал дүниеден өткеннен кейін артында қалған мұрасынан жауап іздейсің. Әрине, ол тек болжамды жауап болып қалатыны тағы бар. Бірақ өзгеріске ұшырамайтын, сезімге салынбайтын факт – оқиғаның болғаны. Осындай оқиғаны баяндайтын мемлекеттік архив қорында мыңға жуық фотосурет бар екен. Соның бірі 1985 жылы 10 қазанда түсірілген. Сөз болып отырған сурет Жамбыл қаласында өткен республикалық «Білім және еңбек», «Пионер», «Балдырған» журналдарының әдеби күндерінің естелік белгісі. Фотолардан аталған журналдардың редакторлары Ақселеу Сейдімбековті, Фариза Оңғарсынованы, Мұзафар Әлімбаевты, Жамбыл облыстық партия комитетінің хатшысы Ғайникамал Бибатырованы көреміз. Ал «Еңбек туы» облыстық газетінің сол күнгі жазбасынан Алматыдан келген қонақтарды жамбылдық оқырман, зиялы қауым өкілдері ыстық ықыласпен қарсы алғанын, қонақтардың қайда барып, кіммен жолыққанын білеміз. Келген қонақтар алдымен Ленин ескерткішіне (қазір ол орында Бәйдібек бабамыздың еңселі ескерткіші қасқайып тұр) гүлшоқ қойып, облыстық тарихи-өлкетану музейінің экспонаттарымен танысып, «Еңбек туы» газетінің редакциясында болған екен.

Ленин алаңында гүл қою рәсімінде түсірілген суретте Мұзафар Әлімбаев пен Фариза Оңғарсынова алдыңғы қатарда гүлшоқ алып бара жатса, Ақселеу Сейдімбеков, Серғали Айдапкелов, сол кездегі жас журналистер Әлібек Асқаров пен Мұрат Сыздықовтар көшті жалғап, еріп келеді. Жамбылдық жазушы-журналистермен өткен сұхбат одан әрмен суперфосфат зауытының мәдениет сарайында (бүгінгі Ықылас Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйі) жалғасын тауып, жамбылдық әдебиетсүйер қауыммен кездесуге ұласты. Жиында жергілікті авторлардың атынан балалар жазушысы Әлдихан Қалдыбаев, сол кездегі облыстық парткомның насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі Жандар Кәрібаев, Жамбыл педагогика институтының доценті Рахым Садықбеков, Жаңа Жамбыл фосфор зауытының ауысым шебері Өмірқұл Ноғайбаевтар сөз сөйлеген. Өз сөзінде қандай мәселені қаузады, не тілек білдірді, қонақтарға қандай өлең оқығаны белгісіз, алайда сол бір кездесу жиында болған адамдардың қай-қайсысының болмасын жүрегінде жылы леп қалдырғаны анық.

Архивте сақтаулы мұндай мың суреттің ішінен неге дәл осы фото жайы баяндалды десеңіз, бұл суретте Жамбыл облысы құрылған 1939 жылы 25 желтоқсанда дүниеге келген поэзия падишасы Фариза Оңғарсынова бар. Әрине, бұл ақын апамыздың Жамбыл өңіріне алғаш та, соңғы да келуі емес. Оның тағы бір дерегі Талас аудандық тарихи-өлкетану музейінде сақтаулы.

Жамбыл облысымен түйдей құрдас Фариза ақын жамбыдықтарға деген ерекше ықыласын бір емес, бірнеше өлеңмен жеткізген екен. Әр келген сайын бір жыр арнайтындай әсермен қайтқаны жамбылдықтар үшін де мәртебе. Ал 1985 жылы мамырда ақын Фариза Оңғарсынова қалың оқырманға ұсынған «Дауа» атты жыр жинағына сол өлеңдерді топтастырғаны көңілге тіптен нұр құйды. Олардың қатарында «Айша бибі», «Баба әже», «Билікөл», «Қаратау», «Луговой жылқы зауыты», «Мыңбұлақ», «Кенен тойындағы толғаныс» сынды жырлары бар.

Соның ішіндегі көне түркі өркениетінің, Тараз қаласының інжу-маржанына айналған Айша бибі мен Бабажа хатун кесенелеріне барып, аңызын естігеннен кейін туған қос өлеңін өздеріңізге ұсынғым келіп отыр. Ақын «Баба әже» деген өлеңінің астына мынадай түсіндірмесін де жаза кеткен: «Баба әже хатун мазары – Айша бибі мұнарасының жанында. Аңыз бойынша, жылан шаққан Айшаны құтқару үшін қыздың денесіндегі уды сорып, өзі де өліп кеткен».

 

Айша бибі

Қанша өліп, қанша тұрды жырлы дала –
Жадына жазған жалғыз Күн – ғұлама
Бабамның куәсіндей «Айша бибі» –
Қадалған құба жонға бір мұнара.

Қандай жан? Сезімі үшін татты ма азап?
Ал өзім елестетем шақты ғажап:
Сезімін, сертін мәңгі паш еткендей,
Құлжа атып, қыран салған атты қазақ.

Сол жігіт құлай сүйген ғашығы өлген,
Күн сайын көру үшін жасыл өрден.
Күңіреніп қоңыр күзде жүрегінің,
Жасымен мұнараның тасын өрген.

Күнделік дырдуларда тоят бардай,
Жүргенде жүйке жонбай, ой ақтармай.
Қыпша бел, құралай көз Айша шығып,
Қандарды қалғып жатқан оятқандай.

Тұрғанда көл тартылмай, жер кішіреймей,
Шапқындар солқылдатып жел күшіндей.
Сүртсе де дала өрнегін сен қалыпсың,
Мәңгілік махаббаттың белгісіндей.

Өмірдің жолдары ма, тоңдары ма –
Құрғандай күстендіріп тоң жаныма...
Тәубе етем саған қарап, шын сезімнің
Әйтеуір жер бетінде болғанына!

Баба әже,
Өмірден ләззат таба алмай,
Өттің бе зарлап, жан ана?
Аңқасы кепкен адамдай,
Шөлдедің бе екен балаға?

Біреудің сәби-балғынын,
Сүйердей жаның шырылдап.
Аналық бақыт таң нұрын,
Тоспады ма әлде ғұмыр-бақ?

Немерең бе еді бал дәмді,
Аңыз боп қалған Айша қыз?
Далада бүгін жандарды,
Адастырып жүр қайсы аңыз?

Өткізіп қызбен қара кеш,
Шығыпсың бірге жолға да.
Өзіңнен туған бала емес –
ұғарым жалғыз сол ғана.

Құтқару үшін қыз жанын,
Өзіңді тостың ажалға.
Бір ысып, бірде мұздадым,
Қадалып мылқау мазарға.

Қайтер ем өзім? Әй, қайдам...
Жетпес-ті, бәлкім, жігерім.
«Баба әже!» деген айқайдан,
Тітіреп кетті жүрегім.

Назым ҚОЖАМАРОВА,
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының бөлім
меңгерушісі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар