Ауылдағы ветеринарлардың телефонына тыныштық жоқ. Бір тұрғын «сиырымның іші кепті» деп шақырса, енді бірі «базарға анықтама жазып бер» деп мазалайды. Сенбі-жексенбіде күн-түнге қарамайды. Көктем шықса тізеден садыра кешіп, елдің қорасынан шықпайтын да сол баяғы қарапайым мал дәрігерлері. Уақытылы екпесін егеді, сынама үшін малдан қан алады. Алайда облыста ветеринарларды алаңдатқан мәселе жетіп артылады.
Жақында Қордай аудандық ветеринария бөліміне қарайтын ауылдық округтердің ветеринар мамандары жағдайларының мәз еместігін айтып, жанайқайын жеткізді. Мәселен, Отар ауылдық округінің ветеринары Жалғас Қуандық аудандағы мамандар біраз уақыттан бері арнайы киім алмағанын айтады. Таяуда ғана кешігіп жеткен етіктері ең арзан, сапасыз болғандықтан ветеринарлық қызмет көрсетуге жарамсыз.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ветеринария саласына реформа жасау жөнінде Үкіметке тапсырма берген болатын. Ол реформа әлі қолға алынған жоқ. Шілде мен қаңтар айында «жұмыс жоқ» деген желеумен ең төменгі айлықақы төлейді. Ал оған мамандардың кінәсі не? Бәрінің үйінде шиеттей бала-шағасы, оқытып жатқан студенті бар. 150-200 мың теңге еңбекақы алғанымен онысы 80 мың теңгеге қысқарса, бұл олардың отбасын қиындыққа душар етеді. Көктемде үш ай айлықақы кешікті. Қарашаның да айлығы кешікті. 2013 жылы берілген көліктердің тозығы жеткен. 4-5-еуі ғана жүріп тұр. Сондай-ақ вакцина да уақытында берілмейді. Қазір мал күйекке түсіп қойды, бізге «екпе салыңдар» деп жатыр. Кешіктіріп әкелінген вакциналарды да енді саламыз. Осы мәселеге қатысты мал иелерімен дауласып жүрміз. «Мал ертең іш тастайды, сендер жауап бересіңдер ме?» деп олар бізге ренжуде, – дейді Ж.Қуандық.
Қасық ауылдық округінің мал дәрігері Әсет Сайлаубай ветеринарларға кеңсе тауарлары да, етік те, халат та берілмейтінін ашына айтты.
– Жанымызға қатты бататыны – айлықақының кешігетіні. Үш айдың еңбекақысын бір айда беретін жағдайлар бар. Көктемде берілуі тіиіс Сібір жарасына қарсы вакцина енді келді. Мал иелері енді мал қашып жатқан кезде екпе салғысы келмейді. Мал төлсіз қала ма деп қорқады. Ветеринариялық пункттегі компьютердің жартысы жұмыс істемейді. Он екі жыл бұрын көлік, бәрі алынған. Бірақ осы жыл ішінде жөндеу көрмеді. Кабинеттеріміздің ұсқыны ит байласа тұрғысыз, – дейді Әсет Сайлаубай.
Мал дәрігерлері алған қанды зертханаға дейін жеткізетін термосөмкелер де тапшы екенін айтады. Күннің ыстығында 100-200 шақырымдық жердегі зертханаға жеткенше қан ұйиды, құрамы өзгереді. Содан соң малдың ауруы анықтала ма?
Мал дәрігерлерін алаңдатқан мәселелердің анық-қанығын білмек мақсатта облыс әкімдігі ветеринария басқармасының басшысы Бақыт Бетбаевпен жолыққан болатынбыз. Басқарма басшысының айтуынша, осы жылдың басында аудандар мен Тараз қаласындағы 11 ветеринарлық пункт біріктіріліп, облыстық ветеринариялық станса мен оның бөлімдері болып өзгертілген. Стансаның ауылдық жерлердегі 160 ветеринарлық пунктінде 1 300-ден аса маман жұмыс істейді.
– Таяуда ғана арнайы комиссия құрып, ветеринария саласына зерделеу жұмыстарын жүргізуды қолға алдық. Зерделеу Шу, Талас және Қордай аудандарынан басталды. Алайда зерделеудің соңы наразылыққа алып келді. Қордайлық мал дәрігерлері «басшылық мәнді-мағынасыз тексеру жүргізіп, қысым көрсетуде» деп жатыр. Біз тексеру емес, зерделеу жұмыстарын жүргізудеміз. Жұмыстың қалай атқарылып жатқанына сараптама жасап отырмасақ, соңы жақсылыққа апармайды. Кез келген қазақ ағарған ішіп, ет жегісі келеді. Қазір соғым науқаны қызып тұр. Тұтынып отырған өңіміңнің таза болуы ветеринария саласына тікелей қатысты. Сондықтан сала қызметін зерделеп отырған дұрыс деп санаймыз. Мал дәрігерлерінің шағымдарына тоқталар болсақ, былтырға дейін аудандық ветеринария бөлімдерінің қаржысы өздеріне тиесілі болатын. Осы жылдан бері қаражаттың игерілуі басқармаға қарайтын облыстық ветеринария стансасына міндеттелді. Тарқатып айтсақ, осы кезге дейін аудандық бөлімдер салынатын екпе, төрт түлікті бірдейлендіру, құрал-сайман секілді керек-жарақтарға қажетті ақшаны есептеп, облыстық басқармаға қаражат алуға өтініш жіберіп отыратын. Сәйкесінше облыс әкімдігі ветеринария басқармасы тарапынан қажетті қаражат бөлініп тұрған. Ақша қалай жұмсалды, қайда кетті, ол енді бөлек әңгіме. Биыл облыстық ветеринариялық станса жаңадан құрылғандықтан заңнамалық жұмыстары біраз уақытты алды. Сондықтан мамандардың айлығы, киімдері, екпелері кешігіп берілді. Жалпы саланы дамытуға республикалық бюджеттен қомақты қаржы соңғы рет 2012 жылы бөлінген болатын. Аталған қаржыға облыстағы 160 ветеринарлық орталыққа 1 «Нива», залалсыздандыруға арналған 11 ДУК автокөлігі, мал мәйітін өртейтін 20 өрт сөндіру қондырғысы, ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге және малды емдеуге арналған құрал-жабдықтар алынған. Мал дәрігерлерінің еңбек жағдайын жақсарту мақсатында ветеринариялық бөлімдер мен пункттер қызметтік ғимараттармен қамтамасыз етілді. Көліктерді түбегейлі жаңарту қажет екенін жақсы түсініп отырмыз. 217 арнайы қызмет көлігінің 88-і жұмысқа жарамсыз. Ветеринария саласының материалдық-техникалық базасын жаңарту мақсатында өткен жылы облыстық бюджеттен 10 УАЗ көлігі алынған. Алдағы жылдары ветеринариялық бөлімдердің тозығы жеткен көліктері кезең-кезеңімен жаңартылатын болады. Облыста барлығы 160 ветеринарлық пункт болса, оның 12-сі жалға алынған ғимараттарда, 37-сі әкімшілік ғимаратында, 21-і ескі ғимараттарда орналасқан. Биыл аудандық бюджет қаражаты есебінен Меркі, Байзақ, Т.Рысқұлов, Шу аудандарында ветеринарлық пункт ғимараттарын салу және сатып алуға 50,4 миллион теңге қарастырылды. Сол секілді 2025-2026 жылдары 70 типтік ветеринарлық пункттер, жануарларға арналған қора-жайлар, баспаналар мен сауда алаңдарын салу жоспарлануда. Қажет болған жағдайда биотермиялық шұңқырлар салынады. Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында типтік ветеринарлық пункттің құрылысы аяқталуда. Нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Ветеринарлардың еңбекақысы өткен жылмен салыстырғанда 50 пайызға өсті, бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасын табады. Әрине, тек жалақыны көтеру арқылы кадр тапшылығы мәселесін шешу мүмкін емес. Ветеринария мамандарының жұмыс жағдайын жақсарту қажет, – деген Бақыт Аязұлы зерделеу барысында салада көп кемшілік анықталғанын жеткізді.
– Негізінде ветеринарлар мал иелеріне тегін емделетін 16 ауру түрінен басқа кеселдерге ақылы қызмет көрсетеді. Осы тұста ескере кетерлігі, заң тұрғысында ақылы көрсетілген қызметтің қаражаты аудандық ветеринария бөлімінің шотына түсіп, қаржы мамандардың қажеттіліктеріне жұмсалуы керек. Алайда аудандардан келген есептерге назар аударсақ, ешқайсысында «мал дәрігері ақылы қызмет көрсетіп, осынша ақша түсті» деп көрсетілмеген. Бұл да ойланарлық жағдай. Сол секілді зерделеу кезінде анықтағанымыздай, мал басын базаға тіркеу кезінде де көп кемшілік кеткен. Мысалы, бірдейлендіру базасында бір ауыл тұрғыны үйінде 59 мал ұстайды деп көрсетілсе, шындығында, 70 түлігі бар болып шығады деген секілді жағдайлар жиі кездесті. Демек, бірнеше мал тексерілмеген, бірдейлендіруден өтпеген. Кей жерде 600 түлігі бар деп көрсетілген мал иесінің түліктері базада артығымен тіркеліп жүр. Мұның бәрі ауылдарда орналасқан ветеринариялық пункт басшылары тарапынан кеткен кемшілік. Соңында жалған көрсеткіш негізінде министрлікке хат жолдап, «біздің ауылда осынша жылқы, мұнша сиырға, түйе мен қой-ешкіге екпе керек» деп өтініш жолдайды. Осы тұста «Артық вакцина қайда кетіп жатыр?» деген орынды сұрақ туындайды. Қазіргі уақытта бұл мәселе бойынша әр ауданда, облыста аудиторлық тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесі бойынша не анықталатыны, қандай ұйғарым шығарылатыны, тіпті аудиторлық тексеріс қашан аяқталатыны жайлы нақты ештеңе айта алмаймын, – дейді Бақыт Бетбаев.
Ветеринария саласындағы көптен бері шешілмей келе жатқан мәселенің бірі – елді мекендерді мал қорымдарымен, қызмет көрсету ғимараттарымен, мал өлекселерін залалсыздандыру үшін биотермиялық шұңқырлармен қамтамасыз ету болған еді. Басқарма басшысының айтуынша, биылдан бастап бұл мәселе оң шешімін табуда. Ветеринарлардың жұмысын жеңілдету үшін мал сою алаңдары мен мал қорымдарын қамтамасыз ету шаралары қолға алынған. Бүгінде облыста 82 мал сою пункті мен 83 қорым, облыста мал өлекселерін залалсыздандыруға арналған 41 биотермиялық шұңқыр, 20 стационарлық және жылжымалы өрт сөндіру қондырғылары бар. Жергілікті бюджет есебінен Мойынқұм, Т.Рысқұлов, Талас, Жуалы, Байзақ, Меркі, Сарысу аудандарында 17 биотермиялық шұңқырдың құрылысына 283,7 миллион теңге бөлінген.
Бір қуанарлығы, бүгінде облыс бойынша ветеринария саласында кадр тапшылығы мәселесі жоқ екен. Өткен жылдың өзінде 27 жас маман ауылдарға жұмысқа орналасқан. Бұл ретте «Дипломмен – ауылға!» мемлекеттік бағдарламасы сәтті жүзеге асуда. Жобаның арқасында ауылдардағы ветеринариялық ұйымдар жоғары және орта кәсіптік білімі бар білікті мамандармен толыққан.
Айта кетсек, биыл жалпы ветеринариялық іс-шараларды жүргізуге барлығы 4,2 миллиард теңге қаралған. Жыл басынан бері бірдейлендіру базасына 1,5 миллионнан астам мал енгізілсе, облыстық дерекқорда барлығы 4,6 миллион бас ауылшаруашылық жануарлары тіркелген.
Жалпы екі тараптың да айтар ойы көңілге қонымды. Алайда анық-қанығы аудиторлық тексерістен соң белгілі болмақ. Десе де қарапайым мал дәрігерлеріне жағдай жасалып, айлықақысы уақытында беріліп тұруы тиіс.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ
Бүгінгі бесіктой дәстүр ме, әлде даңғазалық па?
Ұқсас жаңалықтар
Бүгінгі бесіктой дәстүр ме, әлде даңғазалық па?
- авторAR-AY
- 25 желтоқсан, 2024