Бүгінгі бесіктой дәстүр ме, әлде даңғазалық па?
- author AR-AY
- 25 желтоқсан, 2024
- 28
Мысалы, бесіктойды алайық. Бесік – ұлттың тәрбиелік құралы, рухани құндылығы саналған. Ол сәбидің физикалық тұрғыда жайлылығы үшін ғана емес, оның бойына ұлттық тәрбиенің дәнін егудің бір жолы ретінде қолданылған. Ал бүгінде бұл рәсімдер үлкен мейрамханаларда атқарылып жүр. Мұндай ортада шынайы дәстүрден гөрі әдемі көрініс пен даңғазалыққа басымдық беріліп жатады. Бұл қаншалықты дұрыс? Осы орайда біз тұрғындардың ой-пікірін тыңдап, тақырыпты кеңінен тарқатуды жөн көрдік. Мысалы, Тараз қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Тазакүл Бекенқызы бесіктойды мейрамханада өткізу қисынсыз екенін айтады.
– Меніңше, бесіктойда әжелер мен аналардың ақыл-кеңесі тыңдалуы керек. Бұрын бәрі қарапайым болатын. Мен немерелеріме бесікті тапсырыс беріп, арнайы ағаштан жасаттым. Ол бүкіл ұрпағыма мұра ретінде қалады. Ал мейрамханаға бару біз үшін жат нәрсе. Шаңырақта жиналып, шын жүректен ақ бата беру – ең маңыздысы. Қазіргі таңда бесіктойда сәбиге бесікпен бірге жиһаз, велосипед, бірнеше тон, тіпті алтын бұйымдар мен басқа да аса қымбат заттар әкелу үрдісі белең алды. Кейде нағашылары әкелген сыйлықтарда шектен шығушылық байқалады. Қос-қостан киім-кешек, ойыншық, тіпті ұзатылатын қыздың жасауына берілетін дүниеден кем емес заттар жеткізіледі. Бұл – артық ысырапшылық, – дейді көпбалалы ана Тазакүл Бекенқызы.
Расында да сәбидің алғашқы кезеңінде көп киімнің киілмейтіні анық. Бір жасқа дейінгі бала көбіне үйде болады, сондықтан әкелінген заттардың көбісі мүлдем пайдаланылмай қалады. Ал көпшілік жағдайларда мұндай шығынды отбасы өз мүмкіндігінен тыс жасап, «жұрттан ұят болмасын» деген ниетпен ғана әрекет етеді. Бұл тұрғыда ардагер ұстаз Нағима Жолтайқызының да айтары бар.
– Бесікті қасиетті деп санайтын халқымыздың ұрпағы бұл рәсімді отбасының төрінде ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың батасымен өткізсе, оның шынайы мән-мағынасы сақталар еді. Ақсақалдардың беретін батасы сол жерде қабыл болып, шаңырақтың берекесі арта түсетіні сөзсіз. Кейбір жағдайларда бесіктойды сәнге айналдырып, бәсекелестікке ұрыну да байқалады. Бір жолы бесіктойда нәрестеге киімнен бастап, ойыншықтар, тіпті үш велосипедке дейін әкелген. Сонда біреу баланың бірден үш велосипедке мінетінін ойлады ма? Бұл ысырап емес пе? Әркім өз шамасына қарай сыйлық әкелсе, ешкім ренжімейді. Бастысы – тойдың сәні емес, дәстүрдің мәні. Әркім өз баласының қуанышын қарапайым түрде, отбасы мен туыстарының арасында өткізсе, ұлттық құндылықтар да сақталады, әрі артық ысырапшылдық та болмас еді. Егер ата-аналар кейінірек бұл қуанышты атап өтуді қаласа, жақын достары мен туыстарына арнап шағын отырыс ұйымдастыруы жеткілікті. Мұндай рәсімді ішімдіксіз, шынайы ықылас пен ұлттық дәстүрге сай тойлаған абзал. Бұл баланың да, үлкендердің де рухани тұрғыда дұрыс бағытта қалыптасуына әсер етеді, – дейді Нағима Жолтайқызы.
Дәстүрді сақтау мен оны шектен тыс әдемілеудің айырмашылығын түсіну маңызды. Ұлттық құндылықтарымыз қарапайымдылыққа негізделген, ал мұндай бәсекелестік біздің дәстүрлерімізге сәйкес келмейді. Бұл мәселеде әркім шамадан тыс шығынданбай, салт-дәстүрдің мән-мағынасын жоғалтпаса жөн болар еді.
Қазіргі таңда бесіктойға ер адамдардың қатысуы жиі кездеседі. Әуелде бұл рәсім тек әйелдер арасында, әжелер мен аналар ортасында өтетін болса, соңғы жылдары ерлердің де қатысуы қалыпты жағдайға айналғандай. Бесіктойға ер адамдардың қатысуы бұрынғыдай тек әйелдер арасында өтетін салт-дәстүрге өзгеріс енгізгендей көрінеді.
Белгілі айтыскер ақын Ақмарал Леубаева өзінің «Facebook»-тегі парақшасында бесіктойды өткізу туралы бірнеше ұсынысын жазған болатын.
«Қазіргі уақытта бесік әкелу, бесікке салу, бесіктойдың өзі бәсекеге айналды. Көзіміз куә болған көңіліміз толмайтын кейбір көріністерді тізбелемей-ақ, түзігін айтсақ.
Буыны қатпаған сәбиді бесікке салғанда көпшіліктің көзінен таса етіп, әр отбасы өз шаңырағында өткізсе құба-құп. Бесіктойды алыс-берістің бизнесіне айналдырмай, өз отбасыңызбен, әрі кетсе өз ағайын әулетіңізбен тойласаңыз. Соңғы кездері бесіктойға еркектер де келетін болған. Әуелгіде әжелеріміз ер кісілердің бұл келісіне бетін шымшып күлетін еді, соңыра үйреніп кеткендей.
Бесіктой әйелдер қауымы у-шусыз өткізетін жиын болған. Еркек- қатыны ерсілі-қарсылы жүрмек тұрмақ, бесіктойда әжелеріміз «Қатты дауыс көтеріп сөйлемеңдер, бала жылауық болады» деп ұрсатын. Ер кісілердің қатын-қалашпен жағаласып бесіктойға баратын үрдісін үдетпеу керек секілді.
Мына дүниеге келген періште сәбидің алғашқы тойында ішімдікті араластырмаған абзал. Қазақтың қасиетті бесігін қорламаса дейміз. Тойда стақан көтеріп тілек айтатын көбінесе жастар емес, байқасаңыз, үлкендер жағы. Үлгі тұтар үлкендер осы әдеттен тыйылса, қанекей.
Бесікті нағашы жұрттың әкелуі заманның заңдылығына айналғандай. Жақында көрші Өзбекстан елінің Тамды ауданынан келген қонағымыз осы дәстүрді өзбектікі деп таңғалдырды. Өзбектер күйеуге тиген қыздары өмірге сәби әкелсе, бесігін, жасауын апарады екен. Бұл салт қазақта болмаған дейді қандасымыз. Сәбиді атасы, әкесі жатқан бесікке бөлеп, тербеткенін айтып отыр. Көнекөз ата-әжелерден естігеніміз де осы әңгіме. Қазақ баланың бесігін өздері ағашын таңдап, арнайы шеберге жасатқан. Ол бесік атадан балаға мұра болған. Болмаса баланы ырымдап өз руынан шыққан батыр, би, данагөйлердің бесігін алдырып бөлеген. Ал нағашы жұрты тойға балаға атаған тайын жетектеп, сый-сияпатымен келген.
Жарайды, перзенті үшін ата-ана бәріне даяр. Біздің айтайын дегеніміз, қазіргі бесіктойларда баланың киім-кешегін, ойыншықтарын жасауын жарысып әкелетіні. Бір бесіктойда сәбиге бес тон әкеліпті. Бұл бәсеке емей немене? Осы мәселенің байыбына барып, ысырапқа жол бергенді ислам діні де дұрыс көрмейтінін есте сақтасақ!
Қала тұрғындарының, яғни көпқабатты үйде тұратын отбасылардың жағдайын ескеріп, бесіктой, шілдехана тойларды ішімдіксіз өткізетін арнайы орындар болса», – дейді Ақмарал Леубаева.
Қорыта айтқанда, дәстүрді құрметтеу оны шынайы түрде, қарапайым, бірақ мазмұнды өткізуден басталады. Ұлттық құндылықтар мен тәрбие ұмыт қалмай, ұрпақтан ұрпаққа дұрыс жеткізілуі тиіс. Бесіктой мен басқа да салт-дәстүрлерді ысырапқа ұшыратпай, шынайы мәнін сақтап, отбасылық мейрам ретінде өткізу қажет. Артық шығындар мен сән-салтанат емес, дәстүрдің рухани мазмұны маңыздырақ болуы тиіс. Әр отбасы өз шамасына қарай бұл қуанышты қарапайым түрде, жақындары мен туыстарының арасында атап өтсе, онда ұрпақ тәрбиесінің ұрпақтан ұрпаққа жетуіне жол ашылады.
Бесіктойды тек артық шығынсыз, оны терең мәні мен құндылығымен атап өтудің маңыздылығын қоғам ұмытпауы керек. Ата-аналар мен ұрпақ арасындағы тәрбие, шаңырақтың берекесі мен ынтымағы бірінші орында болу қажет. Бұл дәстүрдің мән-мақсатын сақтай отырып, дәріптеу ұрпақтың рухани дамуына зор ықпал ететіндігі сөзсіз.
Айжан ӨЗБЕКОВА