Жалпы облысымызда 199 мәдениет үйі мен клуб, 275 кітапхана, 2 облыстық драма театр, облыстық филармония, 2 кинотеатр, 19 музей халықты рухани сусындатып келеді. Сол секілді облыстық халық шығармашылығы орталығы, тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы, Ш.Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы, облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығы және тілдерді оқыту орталығы тұрғындар игілігіне қызмет етуде.
Облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайдың айтуынша, жыл санап саланы қаржыландыру көлемі артып келеді. Биыл мәдениет саласына 14,4 миллиард теңге бөлініпті.
– Биыл 8 мәдениет нысанының құрылысын аяқтау жоспарланған болатын. Бүгінгі күнге 5 ғимарат қолданысқа берілсе, қалған 8 нысан қаржыландыру жоспарына сәйкес 2025 жылға өтпелі. Сондай-ақ 393,2 миллион теңге аудандық бюджет қаражаты есебінен Жамбыл ауданының Аса ауылындағы аудандық мәдениет үйі және Т.Рысқұлов ауданындағы Д.Қонаев ауылдық мәдениет үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге 202,8 миллион теңге жергілікті бюджет қаражаты есебінен 14 мәдениет нысанына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, Тараз қаласындағы А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрындағы сыртқы әрлеу жұмыстары толықтай аяқталды, – деген Ерлан Нұғманұлы биыл мемлекеттік шығармашылық тапсырыс шеңберінде 36 үйірмеге 5,6 мың бала қамтылғанын жеткізді.
Биыл осы мақсатта 1,3 миллиард теңге қаржы қарастырылған екен. Былтыр бөлінген қосымша штаттың нәтижесінде жаңадан 163 үйірме ашылып, 2 086 қатысушы қамтылған. Сөйтіп, үйірмелердің саны 886-ға жетіп, оған 11 111 адам тартылған. Оның ішінде балаларға арналған 642 үйірмеге 8 251 өрен қатысады.
Облыстағы клуб мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға жергілікті бюджеттен 293 369,2 мың теңге бөлініп, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліпті.
Сондай-ақ облыс бойынша 275 мемлекеттік кітапхана халыққа қызмет көрсетіп отырса, жыл басында Байзақ ауданында Жібек жолы ауылдық кітапханасы ашылыпты. Кітапханалар толығымен автоматтандырылған ақпараттық бағдарламалармен жұмыс атқарады. Мойынқұм ауданындағы Сарыөзек ауылы мен Меркі ауданындағы әскери бөлімшеде орналасқан кітапхана ғана интернетке қосылмаған екен.
Биыл облыс театрлары үшін жемісті жыл болды десек, еш қателеспейміз.Осы жылы репертуарларын толықтыру мақсатында А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театры – 2, орыс драма театры – 3, барлығы 5 жаңа қойылым сахналанып, көрермен назарына 281 қойылым ұсынылған.
– А.Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрының ұжымы Астана қаласында өткен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Роза Мұқанованың драматургиясына арналған «ТЕАТР ALL» III халықаралық театр фестиваліне «Мәңгілік бала бейне» қойылымымен қатысып, «Сахналық жаңа форма табудағы ізденістер үшін» номинациясын иеленді. Облыстық орыс драма театрында дәстүрлі Камат Қасенов атындағы V халықаралық балалар театр ұжымдарының фестивалі өтті. Фестивальда Алматы, Бішкек, Тараз қалалары мен Қордай ауданының жас өнерпаздары өнер көрсетті. Ал К.Әзірбаев атындағы облыстық филармония ұжымы аудандардан бөлек Шымкент, Түркістан қаласы, Алматы және Қызылорда облыстарында гастрольдік концерттер ұйымдастырды. Жыл басынан 308 концерт ұйымдастырып, оған 43 620 көрермен қамтылды. Филармония өнерпаздары биыл екі елдің достығын, түрлі салалардағы ынтымақтастығын нығайту мақсатында Оңтүстік Кореяның Пусан қаласында, қазан айында Республика күніне орай Қатар мемлекетінің Доха қаласында, Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында, Сауд Арабиясы Корольдігінде өнер көрсетіп, облыс мерейін асқақтатты, – деді Е.Жүнісбай.
Басқарма басшысының айтуынша, ұлттық құндылықтарымызды сақтап, өскелең ұрпаққа насихаттап жүрген облыс музейлеріндегі 118 мыңнан аса экспонатты 40 512 келуші тамашалап, 2 165 экскурсия және түрлі тақырыптарда 301 көрме ұйымдастырылған. Суретшілерді қолдау мақсатында көркемсурет галереясында жергілікті суретшілердің көрмелері тұрақты өткізіліп тұрады.
Сондай-ақ биыл Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының қызметкерлері Айша бибі мен Қарахан баба туралы «Айша мен Қарахан баба: ғылыми деректер, аңыздар» атты ғылыми деректерге негізделген кітап және «Тараз – өркениет өрімдерінің куәгері» атты жинақты жарыққа шығарған.
– Жыл басында айтыскер ақындарға, жыршы-термешілерге қолдау көрсету мақсатында облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығы ашылды. Орталықтың ұйытқы болуымен Қордай ауданында К.Әзірбаевтың 140 жылдығына орай Жамбыл облысының айтыскер ақындары мен жыршы-термешілері және Қырғызстанның ақын, манасшыларының қатысуымен «Алатаудың бұлбұлы» атты халықаралық фестиваль ұйымдастырылды. Сондай-ақ айтыскер ақын, Мәдениет саласының үздігі Айтмұханбет Исақовтың 60 жасқа толуына орай «Бір ақынның сау тұрса тіл мен жағы» атты әдеби-сазды кеш өтті. Айта кетерлігі, биыл ұйымдастырылған іс-шаралардың барлығы облыстың 85 жылдығы аясында өткізілді. Осы жылы дәстүрлі «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық ақындар айтысында бас жүлдені жерлесіміз Қанат Мырзахан иеленді. Әулиеата топырағынан шыққан өнер майталманы, әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Бағдат Сәмидинованың 70 жас мерейтойы мен шығармашылығына 50 жыл толуына орай «Мен даланың қызымын…» атты ән кеші де жамбылдық өнерсүйер қауымға рухани азық сыйлады. Сол секілді 23 сәуір – Дүниежүзілік кітап күніне орай өткен «Art & Science: білімге деген құштарлық» халықаралық кітап фестиваліне жиналушылардың қатары көп болды. Сатирик, жазушы Шона Смаханұлының 100 жылдығына орай 25-26 сәуір аралығында халық театрларының «Жүз шымшыма...» атты республикалық әзіл-сықақ байқау-фестивалі де көптің көңілінен шықты, – дейді Ерлан Нұғманұлы.
Сондай-ақ жергілікті ақын-жазушыларға қолдау көрсету мақсатында «Баласағұн» орталық концерт залында ҚР Мәдениет саласының үздігі, ақын, сазгер Үміт Битенованың 60 жас мерейтойына арналған «Жырла, жүрек», «Шабыт» халықаралық шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты, республикалық «Алтын тобылғы» әдеби конкурсының бас жүлдегері, ақын Хамит Есаманның «Сағыныш» атты шығармашылық кештері жоғары деңгейде өтті.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ