Той-думандардың шоуға айналуы әнші-биші жұлдыздардың өздерін насихаттауына мүмкіндік беріп қана қоймай, қарапайым халықтың тұрмысына да ықпалын тигізуде. Ежелден халқымыз үшін тәрбиелік мәнге толы болған «Қыз ұзату» мен «Үйлену тойы» сияқты дәстүрлер қазір ысырапшылдықпен, қажетсіз жарыспен өткізіліп жатады. Мұндай жағдайлар жастардың отау құруға дайындықтарына, отбасы құндылықтарын терең түсінулеріне кедергі келтіруде.
Сондықтан ұлттық дәстүрлерімізді жаңғырта отырып, тойларды қарапайым, қазақы қалыпта, тәрбиелік мазмұнға сай ұйымдастыру – қоғам үшін маңызды. Той өткізгенде көп ысырапшылдыққа жол бермей, салт-дәстүрге негізделген іс-шаралар жасау арқылы жастарға үлгі көрсетуге ұмтылу керек. Бұл тек материалдық тұрғыдан емес, рухани байлығымызды сақтап қалуға да септігін тигізеді.
Кәмелет жасына толмаған ұл-қыздардың қуанышын үлкен тойға айналдыру – қазіргі таңда талқылауға тұрарлық мәселелердің бірі. «Бесік той», «Тұсаукесер», «Тілашар», «Сүндет той» сияқты салт-дәстүрлеріміздің түпкі мәні тереңде. Бұлар қазақ халқы үшін қарапайым рәсімдер мен ырымдар ғана емес, балаға тәрбие берудің, бағыт-бағдар сілтеудің ерекше үлгісі болған.
Бұрын мұндай шаралар отбасылық шеңберде, ақ жаулықты аналар мен ақсақалдардың батасымен, қарапайым да мәнді түрде өтетін. Қуаныштың осылайша шағын ауқымда, салт-дәстүрге сай өтуі оның мазмұнын ашып, отбасыға шынайы ырыс пен береке әкелетін. Ал қазіргі таңда тойларды үлкен мейрамханаларда өткізіп, балалардың қуанышын ерекше етіп көрсету үшін түрлі элементтер қосу үрдіске айналған. Бұл жағдай көбінесе ұлттық дәстүрдің түпкі негізін екінші орынға ысырып, басты назарды сыртқы көрініске аудартып жатады.
Сондықтан жасөспірімдердің қуанышын салт-дәстүрімізге сай, отбасы мен жақындар арасында өткізіп, ақсақалдардың ақ батасын алып, ырым-жоралғыларды ұстанған әлдеқайда дұрыс болар еді. Бір жағынан, бұл дәстүрімізді сақтауға, екінші жағынан, отбасылық құндылықтарды нығайтуға ықпал етеді.
Мысалы, «Бесік тойын» алайық. Қазақ халқы әрдайым бесікті қасиетті деп білген, оны тәрбие мен ұлттық құндылықтың символы ретінде қадірлеген. Бірақ әлі бесікке бөленбеген нәрестені мейрамханаларға апарып, қасиетті рәсімді сонда орындаудың мән-мағынасы қаншалықты терең? Мұндай ортада шынайы дәстүрден гөрі той-думан мен сән-салтанатқа көбірек көңіл бөлініп жатады. Бір қолда сусын, екінші қолда бата сұрап, әрі қарай көңіл көтеру – ата-бабамыздан қалған салтқа мүлдем сәйкес келмейді. Бата – тазалық пен шынайылықтың нышаны, оны құрметтеп, лайықты жағдайда алу маңызды.
Осындай «Тұсаукесер», «Тілашар», «Сүндет той» сияқты салт-дәстүрлерді шаңырақта, отбасы мүшелерімен, жақын туыстар мен көрші-қолаң арасында өткізген әлдеқайда дұрыс. Ақсақалдардың берген ақ батасы сол жерде қабыл болып, шаңырақтың берекесі арта түсетіні сөзсіз. Мұндай рәсімдердің басты мәні – отбасы құндылықтарын насихаттау және рухани байлықты сақтау.
Егер ата-аналар кейін осы қуанышты сәттерін атап өтуді қаласа, жақын достарымен немесе құрдастарымен шағын отырыс ұйымдастырғаны жеткілікті. Бұл балаларды үлкендердің отырыстарына араластырмай, олардың жас ерекшеліктеріне сай ортада өсуіне ықпал етеді. Ұлттық құндылықтарды сақтау мен тәрбие беру дәстүріміздің басты мақсаты екенін ұмытпайық.
Соңғы жылдары әр жаңа туған нәрестеге нағашылар жағынан бөлек-бөлек бесік әкелуі, бесікпен қоса дүниесін ала келетіні қаншалықты дұрыс? Ысырапшылдық емес пе? Дәстүрге сай ма? Осы жерде айта кетерім, ағам мен өзім, іні-қарындастарым барлығымыз, яғни 9 бала бөленген ағаш бесік осы күнге дейін қарашаңырақта үйдің төбесінде (чердак) ілулі тұр.
«Әй» дейтін әженің, «қой» дейтін қожаның» (ақсақалдар, зиялы қауым, ардагерлер) жоқтығы, осылай салт-дәстүріміздің бұзылуына алып келді десе де болады.
Сондықтан жастарға кішкентайынан тәлім-тәрбиені қазақы нақышта, құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге үйлестіре отырып, ұлттық идеологияны жаңғыртатын мезгіл жетті деп есептеймін.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деген мақал бекер айтылмаған шығар.
Амантай ДОСМАХАНБЕТҰЛЫ,
ҚР Жүргізушілер одағы
облыстық филиалының төрағасы