Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бәйгенің бағы неге бәсеңдеді?

Бәйгенің бағы неге бәсеңдеді?
Ашық Дереккөз
Қазақ халқымен біте қайнасқан, бабаларымыздың бізге қалдырған рухани мұрасы, дәстүрлі өнері, ұлттық ат спорты – бәйге екені белгілі. Алайда бүгінде бәйгеге шабар балалардың сиреп бара жатқаны алаңдатып отыр. Қолына қамшы ұстап, тақымымен тұлпардың екпінін үдеткен шабандоз жеткіншектердің азаюының сыры неде? Ұлттық спортымыздың танымал болуына тосқауыл болып отырған қандай мәселе? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік.

Бәйге – тек жарыс емес, балаларды ержүректілікке, шыдамдылыққа тәрбиелейтін, ер бойына рух беретін тағылымға толы өнер. Әрине, қоғам қарыштап дамыған сайын салт-дәстүрлеріміз бен ұлттық спортымыз да  түрленуде. Бірақ ат ерттеп, жылқы жетектер балалар некен-саяқ. Облыстық бәйге федерациясының төрағасы Бердалы Абашовтың айтуынша, бұл мәселенің туындауына ауылдық жерде тұратын адамдардың ат спортына қызығушылық танытпауы, асауды үйретіп, бәйгеге сәйгүлік  баптайтын азаматтардың тапшылығы себеп болып отыр.

– Жасыратыны жоқ, цифрлық қоғам қалыптасқалы ұлттық дәстүрлеріміз артта қалып, ат спортына қызығушылық танытушылар азайып бара жатыр. Оның үстіне жылқыға мінуге жүрексініп, «темір тұлпарды» тізгіндеуге құмар балалар көп. Тіпті ата-аналардың өзі де балаларын атқа отырғызуды құп көрмейді. Қаладан тұрмақ, ауылдық жерде ауласына ат байламайтын, қорасына жылқы жүгендемейтін жандар жетерлік. Тұлпарды тәрбиеге келтіретін, асауды адам қолына үйрететіндер жоқ десе де болады. Оған қоса кейбір аймақтарда мал бағуға мотоцикл мінуді дәстүрге айналдырғандар да кездеседі. Міне, осы әрекеттердің барлығы жылқыға деген қызығушылықтың төмендеуіне әкеліп отыр. Ал бәйгеге ат баптаудың машақаты көп. Шақырымдарға шаңдата шабатын жылқылардың жалынан жүйріктігі, адымынан алдына қара салмайтыны құлын кезінен көзге көріне бастайды. Енесінің артында жүрген уақытынан көңіл бөліп, жабағы кезінен бөліп алып, тамағына қарап, тәрбиесіне баса назар аудару керек. Өсе келе мініске қойып, бәйгеге бейімдеуге кіріседі. Дайындау уақыты әртүрлі болады. Кейбір адамдар алты айда бабын тапса, енді бірі жыл ішінде қалыпқа келтіреді. Оның үстіне жылдамдыққа көп көңіл бөледі. Себебі жыл өткен сайын бәйгеде шабатын шақырым аумағы қысқаруда. Бәйгеге 2-3 ай уақыт қалғанда ат мініске қойылып, бойынан көк тері шығып, өзінің дайын екендігін солай көрсете бастайды, – дейді Бердалы Жүрсінәліұлы.

Әрине, бәйгеге ат баптау да, баланы жастайынан додаға салу да оңай іс емес. Балаларды бәйгеге дайындау барысында физикалық дайындығы, атқа міну бейімділігі мен қауіпсіздік шаралары қатаң бақылауға алынады. Қазіргі таңда көптеген жарыста балалардың жасына қарай ереже жасалып, шабандоз жеткіншекке қорғаныш киімдер, оның ішінде «шлем» мен арнайы белдік кигізу талап етіледі. Бәйгеге ерте жастан қатысу баланың психологиялық дамуына оң әсерін тигізіп, төзімділікке, батылдыққа, шапшаңдыққа бойын үйретеді.

– Бәйгеде балалар арнайы бекітілген ереже бойынша 8 жастан бастап шабады. Үлкен додаларға 10 жастан асқан балалар да қатысып жүр. 15-16 жастағылар салмақтары ауырлап кетуіне байланысты бәйгеге қосылмайды. Балалар алғашында жабағыға мініп үйренеді, таймен шауып жетіледі, ат суытқанда жанында ілесіп жүріп, бәйгеге бейімделеді. Бәйгеге шабар бала тақымынан-ақ белгілі болады. Бізде көбінесе бұрын бәйгеге шапқан балалар жастары келген соң ат жаттықтырушысы болып ауысып алады. Атқұмар балалар ат төңірегінде қалады. Жылқыны жаратады, оны суытады. Мұның өзі бүгінгі таңда таптырмайтын кәсіптің  бірі болды. Бұл спортты дамыту үшін ат жарыстарын жиі өткізіп тұру керек деп ойлаймын. Айтулы даталарда, мереке күндері ауылдық, аудандық, облыстық деңгейде бәйге жарысын өткізсе, әрине, оған қызығушылық арта түседі деген ойдамын. Әр аудан жылдық күнтізбелік жоспарға 2-3 бәйге жарысын өткізуді енгізсе, даму көрсеткіші жоғарылайтыны сөзсіз. Мәселен, облыс деңгейінде биыл үшінші жыл қатарынан күнтізбелік жоспарға  2 бәйге сайысын енгіздік. Көктем мен күз мезгілінде өткізсек деп жоспар құрып жатырмыз. Бүгінде көкпардың деңгейі жоғарылап, жаһанға танымалдылығы артып жатыр. Соған сай жүлдесі де жоғары дәрежеде берілуде. Ал бәйге жарысында жүлде қоры көкпарға қарағанда аз екенін білеміз. Республика көлемінде 51 шақырымдық бәйге жарысын үйымдастырып, жүлдесін де жақсы қояр болса, қазақ жігіттері қайта атқа қонады деп ойлаймын. Ұлттық спортымызға  осындай  жарнаманың керек екендігі белгілі. Дегенмен облысымызда бәйге спорты енді-енді даму үстінде. Республика деңгейінде жоғары жетістікке жетіп жүрген шабандоздарымыз да аз емес. Тұрар Рысқұлов ауданынан Арнат есімді шабандозымыз биыл өткен ел чемпионатының финалында құнан, топ, аламан бәйгелерінің үшеуінен де бірінші болып келді. Сондай-ақ Байзақ ауданы, Құмжота ауылынан Бағжан мен Мырзахмет, осы ауданнан Мейірім есімді шабандоздарымыз спорт шеберіне үміткер болуда, – дейді Бердалы Жүрсінәліұлы.

Облысымыздың намысын қорғап, бәйге спортына 5 жасынан қызыққан Байзақ ауданының тумасы Мырзахмет Шыныбек бүгінде біраз жетістікке жетіп, аламанда алдына қара салмай, дара келіп жүрген азамат.

– Атқа мінуді әкем үйретті. 8-9 жасқа келгенімде үлкен бәйгелерге қатыса бастадым. Бірнеше аламанда бақ сынап, осы күнге дейін екі көлік, бағалы сыйлықтар мен ақшалай жүлделерді жеңіп алдым. Алғашында атқа мінуге қорыққаныммен бара-бара бойым үйреніп кетті. Бәйге мен үшін тек жүлде ұту емес, атқа деген құштарлығымды одан әрі жетілдіру деп білемін. Өзім секілді жас балаларды бәйгеден қорықпай, ұлттық спортымызды дамытуға үлес қосуға шақырамын, – дейді шабандоз Мырзахмет Нұрбекұлы.

Бапкері Нұрмаханбет Егембердиевтен тәлім алып, аламанда ат оздырып жүрген Мырзахметтің жеткен жетістігі жетерлік. 2023 жылы Талдықорғанда өткен «Жетісу жүйрігі» атты бәйге жарысында «Сарыарқа» деген тұлпарды тізгіндеп, II орын иегері атанған. Биыл Орал қаласында өткен топ бәйгеде «Бұйражал» атты тұлпарды тізгіндеп, жеңімпаз атанған. Алматы қаласында Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған бәйгеде көлікті еншілеп, Тараз қаласында өткен додадан да су жаңа автокөлік жеңіп алған. «Желқара», «Сарыарқа», «Бұйражал» атты тұлпарларды тізгіндеп, талай сында сайысқа түскен. Бүгінгі таңда «Мылтық» есімді жүйріктің жай-күйіне қарап, бапкерімен бірге бабын келтіріп, соңғы өткен жарыстардан жеңімпаз атанып жүр.

«Бәйге алатын аттың тұяғы таймайды» демекші, бабы мен бағы қатар келген шын жүйрікке ешкім тұсау сала алмайтыны белгілі. Ал жүйрікті қамшылап, жарыс барысында аттың күшін сақтай отырып, оны дұрыс бағыттау шабандозға байланысты екені сөзсіз. 25 шақырымнан 100 шақырымға дейінгі аралықта бәйгеге түсетін тұлпарлардың төзімділігі, үстіндегі баланың қайсарлығы мен шыдамдылығы жеңіске жетелейтіні анық. Міне, осындай қиындықтарды еңсеріп, бала болса да бәсі биік бәйгеден өз орнын тапқан жас шабандоздарға алғысымыз шексіз.

Дегенмен бірнеше шақырым бойы ат үстінде отырып, тынымсыз  қозғалыста болу оңай емес. Қазіргі кейбір жас балалар көз ашқалы телефонға телміріп, бойындағы бар энергиясын сарп етіп жатқанына кейде жаның ауырады. Иммуниттетің төмендігі, дененің бос болуы, күштің жоқтығы әлсіз ұрпақтың қалыбын қалап келе жатқандай. Табиғи өнімнен дәм татпаған, ет жеп, қымыз бен шұбат ішіп өспеген, жастайынан жылқы жанында жүріп, мал бақпаған баладан қандай шабандоз шығар дерсің. Әрине, оларға өкпе арта алмаймыз. Себебі баланы тәрбиелеу өзіміздің қолымызда. Заман талабына қарай сұранысқа ие мамандықтар, спорт түрлері қайта жаңарып, өзіндік ерекшелігімен жаңғырарына сеніміміз мол. Ұлттық спортымызды дамытуға үлес қосу – азаматтық міндетіміз. Байрағымызды биік ұстап, бәйгеге шабар балалар қатары көбейе берсін.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар