ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ ОТАН ҚОРҒАУ ЖОЛЫНДА
Облыс аумағындағы тәуелсіздік құрдастары, әсіресе Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадада жетіп артылады. Мереке қарсаңында осы 85395 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын абыроймен атқарып жүрген бірқатар тәуелсіздік құрдасымен сөйлесіп, әңгімеге тартқан едік.
ҚЫЗМЕТ ПЕН СПОРТТЫ ТЕҢ ҰСТАҒАН
Әскери салада әр бөлім мамандарының орны ерекше. Алайда жауынгерлік қызметтің негізі саналатын байланыс әскерлерінің орны бір төбе. Әскери байланыс – қазақстандық армияның маңызды құрамы. Әскери қызметші-байланысшыларға күрделі және жауапкершілігі жоғары міндеттер жүктеледі. Қарулы Күштердің күнделікті және жауынгерлік міндеттерін орындаудағы табысы олардың жұмыстарына байланысты.
Маңызды саланы меңгерген жауынгердің бірі – аға сержант Әсілбек Құрбаниязов. Жуалы ауданы, Теріс ауылының тумасы өз ауылындағы №16 Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті аяқтаған. Мұнан соң 2009-2013 жылдары Тараз қаласындағы сол кездегі Жамбыл гуманитарлық-техникалық университетінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алады.
Қолына диплом алған жас жігіт 2010-2011 жылдар аралығында әскери борышын өтеуге Ақтау қаласындағы 6656 әскери бөлімге жіберіледі. Туған жеріне оралған соң әскери саладағы мансабын жалғастыруды жөн санайды. Оның әскери өмірді таңдауы сұрақ тудырмаса керек. Өйткені кішкентай күнінде әскери өмірге қызығып, мектепте жүргенде спорттың әр түрімен айналысып, шымыр болып өсті.
Әсілбек дәл қазіргі уақытта Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы 85395 әскери бөлімінде байланыс ротасының сержанты, яғни жауынгерлік және дене дайындығы жөніндегі нұсқаушы қызметін абыроймен атқарып жүр. Тәуелсіздік құрдасының байланыс саласында жүргеніне 12 жылдан асқан.
– Ротаның негізгі міндеті – бригадамызды бейбіт және ұрыс уақытында байланыспен қамтамасыз ету. Байланыс әскері элиталық әскердің қатарына жатады. Біз жауынгерлік дайындықты ұйымдастыруды және Қарулы Күштердің күнделікті қызметін қамтамасыз етіп отырамыз. Штабтар мен бөлімшелер арасындағы ақпарат алмасудың жылдамдығы мен сапасы, құрлықтағы, авиациялық және теңіз бөлімшелері іс-қимылдарының үйлесімділігі кедергісіз байланыстың арқасында жүзеге асады. Сондықтан әскери ортада «Байланыссыз басқару мүмкін емес» деген орынды теңеу қалыптасқан. Әскери байланысшылар өздерінің жоғары кәсібилігі мен шеберлігін «Батыл тойтарыс», «Айбалта» оқу-жаттығулары мен басқа да іс-шаралар барысында бірнеше рет дәлелдеген, – деген Әсілбек Құралбайұлы бір күндік жұмыс жоспары туралы баяндады.
Кейіпкеріміздің қызметтік міндеті таңғы сағат 6:00-де жеке құрамды ұйқыдан тұрғызу сәтінен басталып, сарбаздарды кешкі ұйқыға жатқызғанға дейін жалғасады. Тарқатып айтсақ, бекітілген ережеге сай әр күн сайын сағат 9:00-ден 13:00-ге дейінгі аралықта жас жауынгерлерге арнайы мамандандырылған дәріс өткізеді. Таңғы уақытта негізгі қызметтерін орындап, түстен кейін жауынгерлік және дене дайындығы бойынша ертеңгі күнге жоспар құрады.
Денешынықтыру пәні мұғалімі мамандығы бойынша дипломы бар Әсілбек әскерде жүріп спорт үздігі атанған. Түрлі облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарда жүлделі орынмен оралып жүрген ол бірер жыл бұрын үздік дәрежелі «Спортшы жауынгер» төсбелгісімен марапатталған.
– Шынымен де жауынгерлік қызмет атқаратын әскерилердің дене дайындығы қашанда басты назарда болуы керек деп ойлаймын. Себебі спорт әскери адамның жеке басына қойылған қатаң талап болып қана қоймай, оның сүйікті ісіне айналуы тиіс. Сондай-ақ алға қойған мақсатқа жету үшін әр күнімізді ұтымды пайдалануымыз керек, – деп есептейді рота сержанты.
Кейіпкеріміздің мұнан өзге де жетістіктері аз емес. Биыл ғана 20 маусым – «Сержанттар күні» мерекесі қарсаңында қойылған міндеттерді шешуде танытқан ынта-жігері, бастамасы, жауапкершілігі, лауазымдық міндеттерді үлгілі орындағаны ескеріліп, жоғары марапатқа ие болды. Сондай-ақ «Айбалта – 2022» біріккен командалық штабтық оқу-жаттығуында да қарым-қабілетін таныта білді.
Әсілбек өзінің тәуелсіздік құрдасы болғанын мақтан тұтады.
– Өмірге тәуелсіздіктің ақ таңымен бірге келгенімді мақтаныш етіп, соған сай азамат болуды армандап жүрген жаспын. Бұл мереке өмірімнің айтулы сәті. Ата-анам мен дүниеге келген жылдардағы жағдайдың қаншалықты қиын болғандығын әлі күнге дейін айтып отырады. Десек те олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Тәуелсіздікке қол жеткізу оңайлықпен келмегені белгілі. Оны біз терең ұғынып, мойнымыздағы парызымызды адал атқарып, алдыңғы қатардан көрінуіміз қажет. Тәуелсіздік ата-баба арманы, кешегі 1986 жылғы боздақтардың бізге берген аманаты, оны сақтап қалу – біздің міндетіміз екені айқын. Отан қорғау ісі маңызды салалардың бірі екені анық. Кейінгі жылдары ҚР Қарулы Күштері дамып, алға қарай өркендеп келеді. Әсіресе Қарулы Күштер қатарында орын алып жатқан жаңалықтар көз қуантады. Өзім еңбек ететін байланыс ротасы да заманауи техникалармен жабдықталған. Байланыс торабында көз ілеспес жылдамдықпен ақпарат алмасып отыратын байланыс құралдары жетерлік. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бері көп нәрсе өзгерді, халықтың әл-ауқаты жақсарды. Қазіргі таңда әскер қатарында қызмет етіп, еліміздің өркендеуіне аз да болса өз үлесімді қосып жүрмін деп білемін. Сарбаздардың тәрбиесіне жауапты рота сержанты ретінде жас жауынгерлерге бейбітшіліктің, тәуелсіздіктің баға жетпес байлық екенін үнемі айтып отырамын. Алдыма қойған армандарым мен мақсаттарым көп, бәрі де еліме пайдам тисе деген тілегіммен байланысты, – дейді Ә.Құрбаниязов.
Рота сержанты 2012 жылы өмірлік жарын жолықтырып, отау құрған. Қазіргі таңда жұбайы екеуі 2 ұл, 2 қызды тәрбиелеп отыр. Отбасында – қамқор әке, жұмыста – сарбаздардың құрметіне бөленген адал қызметкер. Спорт пен әскери қызметті тең ұстап, әрдайым сергектікті сүйетін тәуелсіздік құрдасының өмірлік ұстанымы – Отан үшін аянбай еңбек ету, байрақты бәсекелерде ел намысын қорғау.
АРТИЛЛЕРИСТ ҚАЙРАТ
Әскер саласында «Артиллерия – соғыс тәңірі» деген қағида қалыптасқан. Себебі ҚР Қарулы Күштеріндегі Құрлық әскерлерінің құрамындағы бірнеше әскер түрлерінің ішіндегі «Зымыран әскерлері және артиллерия күшінің» алатын орны ерекше.
Келесі кейіпкеріміз аға сержант Қайрат Мұқанбетжанов – осы саланың майын ішкен майталман сарбаз. Тәуелсіздіктің елең-алаңында өмірге келген Қайрат Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригадасындағы артиллериялық дивизионы, 1-артиллерия батареясы 1-оттық взводының сержанты. Тараздағы №46 орта мектепте білім алған. Сондай-ақ 2013 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз университетін заң мамандығы байынша тәмамдайды. Алайда бала күнінен әскери жан болуды армандаған Қайрат 2014 жылдан бері осы салада тер төгіп келеді. Сөз басында кейіпкеріміз өзі қызмет ететін артиллерия батареясы туралы айтып берді.
– Артиллерия – ең қуатты және алысқа атушы қару. Біздің бригада есімін алған, аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы өзінің «Командир күнделігінде» жаяу әскерді сақтаудың жолы осы атыс құралында екенін жазған. Жауынгер-артиллерист мамандығы тек батылдық пен ісіңе адал болуды ғана емес, сонымен қатар атыс тапсырмаларын орындау, нысананың нақты координаттарын анықтау және артиллерияны баптау кезінде бөлімшелерді басқарудың арнайы білімі мен дағдыларын үйренуді қажет етеді. Мен қызмет ететін артиллериялық дивизионы соғыста жаяу әскердің жолын ашу мақсатында колданады. Жауапкершілігі ауыр сала болса да әскерде жүргеніме өкінбеймін. Өзімді жетілдіру үшін ҚР Қорғаныс университеті, Көкшетау қаласындағы кадет корпусында білім алып, арнайы курстардан өтіп тұрамын, – дейді Қайрат Қажығалиұлы.
Қайрат еңбек ететін әскери взвод ел халқының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырады. Берілген бұйрыққа қарай табиғи апаттан зардап шеккен жандарға көмекке келеді. Әрине, бетін аулақ етсін дейміз, ел ішінде бүлікшілер көтерілсе де тосқауыл қою үшін осы артиллеристер бірінші жетеді. Көктемде еліміздің бірнеше өңірін су басқанда Атырау қаласына көмекке алғашқы болып осы Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың жауынгерлері аттанды.
– Бауыржан Момышұлы атындағы 5-механикаландырылған бригаданың біріккен жасағы құрамында су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысу үшін Тараздан Атырау облысына бардық. Үш жүзге жуық әскери қызметші тәулік бойы Жайық өзенінің жағасын нығайтып, бөгеттер тұрғыздық. Біздің сарбаздар тұрғындар қандай да бір қиын жағдайда қалса жедел жетеді. Өрттен де, қар көшкінінен де, су тасқынынан да, жаулардың соққысынан да қорғап, қалқан болып қасқайып тұра алады. Ол – Отан алдындағы міндетіміз, – дейді аға сержант.
Отанға деген адалдығын танытқан сарбаз биыл «10 жылдық мінсіз қызмет» медалімен марапатталыпты. Бұл құрмет – қалтқысыз еңбегінің өтеуі. Қайрат Қажығалиұлы «Тәуелсіздік құрдасы» деген атақ өзі үшін үлкен мәртебе екенін жеткізді.
– 1991 жылдың 16 желтоқсаны – барша қазақстандықтың ең бақытты, аңсаған арманына жеткен, тәуелсіздіктің таңы атқан күн. Мен осы жылы дүние есігін аштым. Тәуелсіздіктің төл құрдасымын. Егемен елде, тәуелсіздіктің таңы арайлап атқан бақытты Қазақстанда туғаныма шексіз қуанамын. Міне, содан бері 33 жыл өте шықты. Азаттықтың арқасында біз бақытты бала болып өсіп, алаңсыз арнайы әскери білім алып, шаттыққа толы курсанттық өмірді көріп, қазір еш уайымсыз ашық аспан астында берекелі де мерекелі ғұмыр кешудеміз. Ата-бабамыз арман еткен заманның құрдасымыз, егемендіктің биігінде самғаған еркіндіктің құсымыз. Осының бәрі ата-бабаларымыздың арман-аңсарымен, азаттық жолындағы күрескерлік рухымен келді. Сондықтан да біз олардың алдында мәңгілік қарыздармыз, – дейді Қ.Мұқанбетжанов.
ҮЗДІК БІТІМГЕР
Тәуелсіздік құрдастарының арасында өзге елде бітімгершілік қызметті атқарып келгендер де аз емес. Сондай азаматтың бірі – аға сержант Арай Исаев. Кейіпкеріміз бүгінгі таңда 85395 әскери бөлімінде мото-атқыштар батальонында взвод сержанты лауазымында қызмет атқарады. Өзі бокстан спорт шеберлігіне үміткер. Арай Кәдірбайұлы 2020-2021 жылдар аралығында БҰҰ-ның Ливандағы бітімгерлік миссиясына қатысқан.
– Өзім бала кезден боксты және көкпарды жақсы көремін. Атам Ұлы Отан соғысының ардагері, әкем де әскери борышын өтеген. Сол себепті де мен жастайымнан әскери адам болуды армандадым. Әскери адам болған соң басшылық қайда жіберсе де 100 пайыз дайынмын. Қапшағай қаласында іріктеуден өтіп, 120 адам Ливан мемлекетіне бітімгерлік миссиямен жеті айға аттандық. Онда басты міндетіміз бейбітшілікті сақтау болды. Ол жақта әлі күнге дейін қақтығыстар жүріп жатыр. Ұзақ уақыт еліңнен, отбасыңнан жырақта, өмір мен өлім арасында жүру оңай болмады. Сол аралықта келіншегім анасынан айырылды, мен жанында болып қолдау көрсете алмадым. Алайда «Ер жігіттің мойнында қыл арқан шірімейді» деген сөз бар, бәріне төземіз. Мен онда жаяу патруль жасағының командирі болдым. Шетелдіктермен тәжірибе алмастық, көптеген іс-әрекеттерді үйрендік әрі үйреттік. Алты миллион халқы бар Ливан елі діни көзқарас бойынша төртке бөлінген. Қауіп деңгейі өте жоғары еді. Миссиямызды орындап келген соң офицерлік құрамға кіру арманы пайда болды. Сол арманның жетегінде жұмыс істеп жатырмын, – деген А.Исаев тәуелсіздік ең басты құндылығымыз екенін жеткізді.
– Қазақ халқы бейбіт күнге қол жеткізіп, ел еңсесін тіктеп жатқан 1991 жылы Тараз қаласында дүниеге келдім. Қазақ елі егемендігін паш етіп, тәуелсіздік таңы атқанда менің дүние есігін ашқаным пешенеме жазылған бақытты күннің бірі деп білемін. Тәуелсіздіктің құрдасы болғанымды мақтан тұтамын. Тілім шығып, аяғымды апыл-тапыл басқан күннен бастап тәуелсіздікпен бірге өсіп келемін. Егемен еліміздің ертеңіне қызмет етуді мақтаныш тұтамыз. Туған жердің өркендеуіне үлес қосуды әскери перзенттік парызым деп есептеймін. Міне, осылайша тәуелсіздік жылдары Қазақстан армиясы күрмеуі қиын жолды еңсерді. Осы жылдар ішінде жоғары кәсіби, ұтқыр, заманауи қару-жарақпен жабдықталған қазақстандық Қарулы Күштердің жаңа бейнесі қалыптасты. Қазақстан еліміздің мүддесіне толыққанды жауап беретін кәсіби армияны құрды. Сөз жоқ, мұның бәрі тәуелсіздігіміздің арқасы екені анық, – дейді Арай Кәдірбайұлы.
Ел тыныштығы жолында тер төккен жауынгер отбасында үш қыз тәрбиелеп отыр.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ