Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Егемендік ел жастарына не берді?

Егемендік ел жастарына не берді?
Ашық Дереккөз
Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаң шағында жұмыс таппай сеңдей соғылған жұрттың арасында жастардың да қарасы басым еді. Ауылдық жерде клуб, кітапхана секілді мәдени орындардың есігіне қара құлып салынуы, қазіргідей спортпен айналысуға жағдайдың жасалмауы, екі қолға бір күректің жоқтығы жастардың көшеде бос жүріспен сенделуіне алып келді. Жастарға қолайлы орта жасалмағаннан кейін ел ішінде ұрлық-қарлық, әлімжеттік, тонау секілді қылмыстардың түр-түрі белең алды. Бірақ жастарымыз бассыздыққа бой алдырып, ел ішінде бүлік тудырмады. Болашаққа сеніммен қарап, бақытты сабырмен, төзіммен күтті. Соның арқасында мемлекет сан түрлі сынақты бастан өткере отырып, биік белестерді біртіндеп бағындырды. Нәтижесінде біз сөз еткен қиын-қыстау кезең артта қалды.

«Тәуелсіздік жастарға не берді?» дейтін болсақ, азаттықтың ақ таңы атқалы ел жастары әлемнің үздік университеттерінде білім алу мүмкіндігіне ие болды. Мыңдаған қазақстандық шетелдік оқу орындарында оқып, елге білікті маман ретінде оралды. Әрқайсысы шама-шарқынша еліміздің дамуына өз үлесін қосты. Отандық білім беру жүйесіне де көп көңіл бөлініп, сауаты жоғары жастар көбейді. Жастардың жеке кәсіп ашуына да жағдай жасалып, инновациялық жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндігі артты. Мемлекет шағын және орта бизнесті қолдауға арналған бағдарламаларды іске асырып, жастарды кәсіпкерлікке тарту жұмыстарын белсенді жүргізді.

Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев тәу етер тәуелсіздігіміз ел жастарына үлкен мүмкіндіктер сыйлағанын айтады.

– Тәуелсіздік – сан ғасырлар бойы ата-бабаларымыз арман еткен, олардың асыл мұратына айналған құндылық. Сол мұратқа қол жеткізген жас ұрпаққа одан асқан байлық, одан асқан тірек жоқ. Әрине, тәуелсіз Қазақстанның тарихында мемлекеттік деңгейдегі бағдарламалар аз болған жоқ. Әсіресе 1993 жылы білікті кадрлар мен мамандар даярлау үшін қабылданған халықаралық «Болашақ» бағдарламасының жөні бөлек. Бағдарлама шын мәнінде Қазақстанның болашағына ауқымды әрі оң өзгерістер әкеле алды. Тәуелсіз Қазақстанның он мыңдаған азаматы дамыған, алдыңғы қатарлы елдердің білімін игерумен қатар, олардың қоғамдық озық тәжірибесімен жақын танысты. Қазіргі таңда министрліктерді тізгіндеген бірқатар басшылар, өңір әкімдері, ұлттық компанияның топ-менеджерлері – «Болашақ» бағдарламасының түлектері. «Болашақ» бағдарламасы тәуелсіздік алған Қазақстан қоғамына үлкен серпіліс пен жаңашылдық алып келді. Шетелде оқуға ниетті жастар қатары артты. Ағылшын тілін білуге деген сұраныс қалыптасты. Елдің түрлі саласындағы даму үдерісі барысында «Болашақ» бағдарламасының түлектеріүлесінің алдағы жылдарда да арта беретіні анық. Жастар саясаты саласында бірқатар бағдарламалар, жобалар әзірленіп, сәтті жүзеге асырылып жатқанын да айта кету керек. Әсіресе елді мекендерді көгалдандыру мен абаттандыруға арналған «Жасыл ел», «Серпін – 2050», жастарға өз бизнесін дамытуға шағын несие беретін «Еңбек» бағдарламаларын, ауылдық жердің кадрлық әлеуетін күшейтуге бағытталған «Дипломмен – ауылға!», «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны» секілді басқа да бағдарламалар мен жобаларды атап өтуге болады. Сонымен қатар мемлекетіміз жастардың мәдени және рухани тұрғыда жаңғыруына да күш салды. Өйткені тәуелсіздік жастарға өз тілін, мәдениетін, тарихын еркін танып-білуге мүмкіндік берді. Бүгінгі жастар тек қазақ тілінде ғана емес, бірнеше тілде еркін сөйлей алатын, ұлттық құндылықтарды әлемдік деңгейде насихаттай алатын тұлғаларға айналып келеді. Тәуелсіздік жастарға саяси, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан еркіндік сыйлады. Жастар өз болашағын таңдауға, өз идеясын жүзеге асыруға толық құқылы екенін сезінді. Осы тектес спорт, туризм секілді кез келген салада жастарға айқара есік ашылды. Жалпы тәуелсіздік жастарға шексіз мүмкіндіктер сыйлаған ұлы құндылық. Әрбір жас осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, еліміздің дамуына өз үлесін қоса беруі керек, – дейді Айбек Амансейітұлы.

Осы ретте біз «Қазіргі жастар тәуелсіздіктің қадіріне қаншалықты жете алып жүр?» деген сауалды М.Х.Дулати атындағы Тараз университеті «Педагогикалық психология» кафедрасының аға оқытушысы, «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығының жетекшісі Бақыт Әлмұратовқа қойдық. Оның айтуынша, тәуелсіздіктің жастарға бергені көп, оны жан-тәнімен сезінеді.

– Жастар – қоғамның негізгі қозғаушы күші. Тәуелсіздік алғалы жастарымыз жаңа белестерді бағындырып, шетелдің алдыңғы қатарлы оқу орындарынан білім алды, тәжірибеден өтті, тіл үйренді. Экономикамыз бен өндірісіміздің қарыштап дамуына атсалысты. Қоғамдық-саяси ахуалдың жақсаруы үшін белсенділік танытты. «TALDAU» социологиялық және маркетингтік зерттеулер орталығы жастарға қатысты бірнеше сауалнама жүргізген болатын. Солардың әртүрлі сұрақтарына зер салатын болсақ, жастардың 40 пайызын саяси тақырыптар қызықтырады екен. 25 пайыз пайыз өрен әлеуметтік желілердегі саяси мәселелерге қатысты ақпаратты күнде көретін болса, 16 пайызы аптасына бірнеше рет көретіні белгілі болды. Осыдан біз жастардың саяси көзқарасы қалыптасып келе жатқанын аңғарғандай болдық. Енді 5-10 жылда саяси мәдениет қалыптасып, жастар өздерінің саяси ұстанымын көрсете алады деп ойлаймын. Бұл өз кезегінде жалған ұрандар мен көзбояушы саяси технологиялар арқылы жүзеге асып жүрген сайланбалы жүйені жолдан ығыстыруға жаңа леп әкеледі деген сөз. Сауалнамаға қатысқан жастардың 78,6 пайызы кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті екендігін байқадық. Кәсіп бастайын десе қаржылық ресурстардың жетіспеушілігінен кедергіге тап болған жастар саны 53,3 пайызды, білім мен тәжірибенің болмауы 66,7 пайызды, мемлекеттік қолдаудың жеткіліксіздігі 26,7 пайызды құрады. Психологиялық қорқыныш (сәтсіздікке ұшырау, тәуекелге бару) 40 пайыз екен. Демек, жастар кәсіпкерлікпен айналысудың аса жауапкершілігі жоғары іс екеніне көп мән беріп отыр. Жастардың сыбайлас жемқорлық туралы да өз ойларының бар екендігін көруге болады. Сауалнамаға қатысқан жас респонденттердің 25 пайызы сыбайлас жемқорлыққа куә болғанын баяндаған. «Біздің қоғамда сыбайлас жемқорлық, парақорлық фактілері, құбылыстары бар деп ойлайсыз ба?» деп сұрағанымызда 50 пайызы «өте жиі» десе, 25 пайызы «сирек», 12,5 пайызы «көп» деп жауап берген. Дегенмен де жастар болашақта сыбайлас жемқорлықтың азаятыны жайлы оң көзқараста екендігін байқатқан. 62,5 пайыз жас респондент жемқорлық әлдеқайда азаяды деген оптимистік көзқараста. Жастар сауалнама барысында бірқатар мәселенің басын шалған. Оның арасында жастар арасындағы қылмыс, лудомания, нашақорлық, бос уақытты тиімді пайдалану сияқты тақырыптар бар. Барлық сауалнама сұрақтарына жастар жалтақтамай, нақты жауап нұсқаларын таңдаған. Осындай сауалнамадан түйгеніміз – жастардың болашаққа деген сенімдері бар екендігі. Сол сенімдерін өшіріп алмай, тәуелсіздік сыйлаған барымызды баптап, жоғымызды түгендеп, ары қарай нық қадам баса беруіміз керек, – дейді ол.

Еліміздің тәуелсіздігі мен болашағының тұғырлы болуы, тарихымыз бен мәдениетіміздің, ұлттық құндылығымыздың сақталуы, мемлекеттің дамуы мен жаңғыруы жастардың қолында. Жастардың кеудесіндегі жалыны мен бойындағы білімі мен ақыл-парасаты ұлттың ертеңгі күнінің шамшырағы іспетті. Сондықтан да барды бағалай білген жастарға артылар сенім мол.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар