Қаратөбеліктерді қандай мәселелер толғандырады?
- author AR-AY
- 13 желтоқсан, 2024
- 39
Қала әкімі өз сөзінде мұндағы әрбір мәселемен жете таныс екенін ерекше атап өтті.
– Біз бұған дейін аудан басшыларымен, ауыл әкімдерімен бірнеше рет жүздесіп, зерделеу жұмыстарын жүргізіп, мәселелердің шешілу жолдарын жан-жақты қарастырдық. Сол бойынша қазір арнайы жол картасы әзірленуде. Демек, осындағы жұртшылықты не толғандыратынын жақсы білемін десем, еш артық айтқандық емес. Расында, бүгінге дейін аудан әкімдігі тарапынан ауылдарды көркейту бағытында ілкімді істер жүзеге асырылғаны өздеріңізге мәлім. Одан өзге де алда тұрған жоба-жоспарлар жетерлік. Біздің міндетіміз – соларды орта жолда қалдырмай, аяғына дейін жеткізу. Елді мекен облыс орталығының құрамына енгеннен кейін оның тұрмысы да соған сай болуға тиіс. Қазақта «Келісіп пішкен тон келте болмайды» деген сөз бар. Сондықтан келешекте бәріміз осы аумақты өркендету жолында бірлесе жұмыс істейміз деп сенемін, – деді Бақытжан Әмірбекұлы.
Бұдан кейін тұрғындардың көкейіндегі сауалдарға кезек берілді. Айталық, қаратөбеліктер Бектөбе ауылындағы 36, Қызылшарық елді мекеніндегі 7 көшені жөндеу, ауызсу жүйесін жүргізу секілді маңызды мәселелерді алға тартты. Сонымен қатар 5 көшені жарықтандыру, электр желісі мен қосалқы стансаны жөндеу, мәдениет үйін жаңғырту, аталмыш нысанның материалдық-техникалық базасын жақсарту да елді мекен тұрғындарын талайдан бері толғандырып келеді.
Басқосуды қорытындылаған қала әкімі әрбір сауал бойынша жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Еске сала кетсек, бүгінде облыс орталығы Тараз қаласында 434 мыңнан аса тұрғын бар. Ал «Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңында «Облыстық маңызы бар қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде қалада аудан құрылады» делінген. Соған байланысты Тараз қаласының шекарасын (сызығын) өзгерту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысы қабылданды. Ендігі кезекте шаһарда 2 аудан құру туралы жергілікті мәслихаттың шешімі әзірленеді.
Тараз қаласы әкімдігінің медиа орталығы