Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экологиялық жол картасы бекітілді

Экологиялық жол картасы бекітілді
Ашық Дереккөз
ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев өңірімізге жұмыс сапарымен келді. Вице-министр жұмыс сапары барысында жергілікті тұрғындармен және коммерциялық емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Кездесуде өңірдің экологиялық жағдайы және оны жақсарту үшін қабылданып жатқан шаралар талқыланды.

Мұнан соң Мансұр Тұрсынұлы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында брифинг өткізіп, облыстың экологиялық мәселелері туралы баяндады.

– Президент әр жылғы Жолдауларында экология және тұрақты даму мәселелеріне ерекше назар аударып отырады. Мемлекет басшысының тапсырмаларының бірі – мониторингтің автоматтандырылған жүйесін орнату болатын. Әулиеата өңірінде мұндай жүйелер 5 ірі кәсіпорында орнатылған. Қазіргі уақытта қалған өндіріс орындарына жүйені іске қосу жұмыстары жүргізілуде, – деген спикер Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес орман қорының аумағында 2 миллиард ағаш-бұта тұқымдас орман құру көзделгенін жеткізді.

Республика бойынша 2021-2023 жылдар аралығында және биылғы көктемде барлығы 970,8 миллион көшет отырғызылыпты. Ал облысымызда жоспарға сәйкес 25,9 миллион көшет отырғызылған екен.

Облыста қоршаған ортаның ластануына кәсіптік шығарындылар зиянын көп тигізеді десек, өңірде дәл осындай қауіптіліктің 1-санатына жататын 44 оператор жұмыс істейді.

– 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап кешенді экологиялық рұқсат шеңберінде 1-санаттағы ірі кәсіпорындар ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге міндетті болады. Біздің климаттық және экономикалық жағдайларымызға бейімделген мұндай тәсілдер қоршаған ортаға теріс әсерді азайтуға және әлемдік экологиялық стандарттарға жақындауға мүмкіндік береді. Өңірде «Қазфосфат» ЖШС Тараз филиалы белгіленген мерзімде ең үздік қолжетімді технологияларды енгізуге тиіс. Экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында облыста арнайы жол картасы бекітіліп, оған 25 іс-шара енгізілді. Тарқатып айтсақ, елді мекендерді газдандыру, кәріз-тазарту құрылыстарын салу, қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу зауытын салу сияқты жобалар кірді, – деді вице-министр.

Вице-министрдің сөзіне сүйенсек, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында облыста қатты тұрмыстық қалдықтардың көлемі 31,3 мың тоннаны құраған. Оның 6,4 мың тоннасы қайта өңдеуге жіберілген. Өңірде экологиялық және санитарлық талаптар мен нормаларға сәйкес келетін 159 қатты тұрмыстық қалдықтар объектісі бар.

– Алайда қатты тұрмыстық қалдықтар полигондарының жай-күйіне жүргізілген талдау шеңберінде Жамбылдағы қоқыс орындарының барлығы бірдей заңнаманың тиісті талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Елуден астам полигонға қоршаулар орнатылмаған, рұқсат беру құжаттары, тарату қоры, таразы жабдықтары, сүзгі мен қоқыс газын жинауға және бұруға арналған жүйелер жоқ. Сол секілді өңірде 319 заңсыз қоқыс орны анықталса, оның 252-сі жойылды, – деген баяндамашы «Таза Қазақстан» бағдарламасының осы уақытқа дейінгі нәтижесіне тоқталды.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар