Жарыста «Жүзжасар», «Керуен», «Сәукеле», «Шұғыла», «Құда-құдағилар» командалары «Таныстыру», «Қазақы дастарқаным мен апамның ыстық бауырсағы» және «Үй тапсырмасы» атты 3 кезең бойынша сынға түсті.
Алғашқы сайыста Тараз қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің намысын қорғаған «Шұғыла» тобы мен облыстық тарихи-өлкетану музейінің қызметкерлерінен құралған «Сәукеле» тобының поэзиямен өрілген таныстырулары сәтті шықты. Облыстық айтыскер ақындар мен жыршы-термешілер орталығының байрағын биік ұстап келген «Жүзжасар» тобы әуенді таныстыру арқылы көрерменге керемет көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтарға арналған кітапхананың «Керуен» тобы өздерін бірнеше әнге поппури жасай отырып таныстырды. Тараз қаласының зейнеткерлерінен құралған «Құда-құдағилар» тобының да таныстыруы көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Екінші айналымда қатысушылар қазақ дастарқанынан көрінбей, ел жадынан ұмыт бола бастаған тағам түрлерін дайындап келуі керек болған. Сонымен қатар бауырсақты өзгеше стильде немесе өзгертілген нұсқада пісіру тапсырылған. Бұл кезеңде қатысушылар бүрме қарын, үлпершек, қарма сынды тағам түрлері мен жол бауырсақ, ши бауырсақ және тағы да басқа бауырсақ түрлерін пісіріп, көрерменге дәм татырды.
Үшінші кезеңде командалар түрлі қойылымды сахналап, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызды ұлықтады.
Байқау қорытындысы бойынша «Керуен» тобы жеңімпаз деп танылса, ІІ орынға «Жүзжасар» командасы жайғасты. Үздік үштіктің сый-сияпатын «Құда-құдағилар» командасы қанжығасына байлады. Сондай-ақ «Сәукеле» тобы «Өнерлі ұжым», «Шұғыла» тобы «Дәстүр насихатшылары» номинацияларымен марапатталды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы грамоталар мен сыйлықтар табысталды.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ