Адам өмірін аман сақтап қалуда жедел жәрдем қызметіндегі дәрігер-фельдшерден бастап, диспетчер мен көлік жүргізушісіне дейінгі мамандардың еңбегі орасан. Науқасқа жылдам жеткізетін көлік жүргізушісі де, жол-жөнекей көлік ішінде санитарлық көмек көрсететін фельдшердің де тірлігі кейде бір іспен ғана өлшеніп, олардың еңбегі лайықты бағаланбай жататын кездер болады. Бір жамандық барлық жақсылықты, игілікті істі жоққа шығаруы мүмкін. Осылайша олардың күн сайынғы ерлігін ұмытып жатамыз.
Биыл облыстағы медициналық жедел жәрдем стансасы республикалық жедел жәрдем бригадаларының жарысынан 5-орын алыпты. Жыл сайын бірінші орыннан көрініп жүрген олардың осы жылы алдыңғы бестікте болғаны да жаман көрсеткіш емес.
Жақында аталмыш жедел жәрдем бригадасына барып, қызметімен танысып қайтқан болатынбыз. Біз барғанда жедел жәрдем көліктері дабыл қағып, жан-жаққа асығыс кетіп жатты. Әр кабинетті аралатып, ондағы дәрігерлер мен басқа да мамандардың жұмысы бойынша бас дәрігердің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Күлзипа Қызғараева таныстырды.
– Күніне облыс бойынша 1 500-ге жуық шақырту түседі. Cаll- орталығымызда 13 телефон бар. Орталықта 31 дәрігер, 907 фельдшер, 401-дей көлік жүргізуші бар. Қалғаны салалық мамандар. Бір тәулікте 93 бригада жұмысқа шығады. Оның 40-ы қаладан, 53-і ауылдардан. Арнайы мамандандырылған интенсивті педиатрлық, психиатрлық және реанимациялық болып бригадаларымыз үшке бөлінеді. Ауылды жерлерде тек фельдшерлер жұмыс істейді. Мына аталған үш бригада қалаларда қызметте жүреді. Жыл мезгіліне және ауа райына байланысты аурулар өзгеріп отырады. Жаз айларында ішек, асқазан аурулары, инфекциялық аурулар көбейсе, суық мезгілде тұмау мен жұқпалы, бүйрек, созылмалы аурулар өршиді. Есімнен кетпейтін бір жағдай бар. Фельдшер болып жұмыс істеп жүргенімде жүрегі ауырған бір ер-азаматты ауруханаға жеткіздік. Оған дейін тез арада көмек көрсеттік. Ауруханаға жеткен соң қайта жүрегі тоқтап, оны өлдіге санады. Мен сол арадан кетпей, жаңағы адамды қайта тексеріп қарадым. Сөйтсем, жүрегі соғып тұр. Ашуланған мен дәрігерлерге айтып, реанимацияға кіргізіп, табандылық көрсеттім. Бірнеше мәрте жүрегі тоқтап, қайта соққан сол адам әлі де дін аман. Сол жолғы бірбеткейлігімнің арқасында аталған жанға екінші рет өмір сыйладым-ау деп ойлаймын. Ондай кезде әп-сәтте бақытты болып кетемін, – дейді Күлзаһира Сапарқұлқызы.
Мұнда беткеұстар мамандар өте көп екен. Фельдшерлер Маргарита Тәжібаева, Данияр Аққұлиев, Пернебек Шонаев, Илья Колошов, Сағадат Запенов сынды мамандар талайларға көмегін көрсетіп, дертке дауа болып жүр. Алтын қолдарымен шипа беріп, тән мен жанды сауықтырып жүрген жайлары бар. Жақында ғана олар жедел жәрдем көлігінде сәтті реанимация жасап, кішкентай бөбекті құтқарып қалыпты. Клиникалық өлім тіркелген екен. Тез арада жеткен жедел жәрдем қызметкерлері баланы өлімнен арашалап қалған. Бүгінде баланың жағдайы бірқалыпты.
Орталық жұмысымен таныса жүріп облыстық жедел жәрдем стансасының бас дәрігері Венера Балқыбековамен сөйлесудің сәті түсті. Дәрігер адам жанының арашашысы болуды мектепте жүргенде-ақ армандапты. Жақсы көретін жақын туысы қайтыс болғанда бірден дәрігер болуды ойлаған ол Қарағандыдағы медициналық университетке оқуға түсіпті. 1998 жылы оқуды тәмамдап, осы жылы қарапайым қызметкерден басшылық қызметке дейін көтерілген. Өз саласына берілген нағыз маман жедел жәрдемнің өткені мен қазіргісі туралы айтты.
– 1998 жылдары қаладағы жедел жәрдем көліктері өте ескі болатын. Бір есігін жапсаң, бір есігі ашылып кететін көліктеріміз де болды. Қазір барлық жағдай жасалған. Әлі есімде, 1998 жылы бір науқасқа бардық. Артта келе жатқан көліктің ішіндегілер бізді мазақтап күлген. Себебі санитарлық көлігіміз тым ескі еді. Сол кездерде медицина саласы дамыса екен деп армандайтынмын. Тіпті қыстығып жылап та алушы едім. Өткен өтті, шүкір, бүгінгі күні барлық жағдайымыз жасалуда. Өміріміз де, қоғам да өзгерді. Жыл сайын көліктеріміз жаңартылуда. Санитарлық авиация да бізге қосылды, – дейді Венера Заттыбекқызы.
Шындығында облыстық жедел жәрдем қызметінде жаңашылдық көп екен. Шақырту түскенде қоңырауды өшірмей ұстап тұруға болады. Бұл да жаңа әдіс. Егер жедел жәрдем жеткенге дейінгі уақыт аралығында науқасқа шұғыл көмек көрсету қажет болса, диспетчердің айтуы бойынша оған шақыртушы көмек көрсете алады. Мұндағы барлық жүйе автоматтандырылған. Қоңырау бірінші диспетчерге түседі. Одан кейін эвакуацияға жіберіледі. Цифрлық технологияның арқасында көпшілік «Көмек – 109» мобильді қосымшасының рақатын көріп отыр.
Негізінде мамандар 252 бұйрық бойынша жұмыс істеуде. Эвакуаторға қоңырау түскен соң оның бағдарламасында бәрі көрсетіліп тұрады. Қандай бригада қай жерде тұр? Қайсысы бос? Қайсысы жақын жерде жүр? Сол жүйе бойынша бос көлік жіберіледі екен. Коммуникаторға автоматты түрде сигнал беріледі. Бос бригада оны қабылдайды. Сосын барып науқасқа жөнелтіледі. Шақыртудан бос уақытта жедел жәрдем қызметкерлері сабақ өтеді. Жол апаты кезінде немесе небір ауруларға қарсы көмек көрсетуді үйренеді. Қайталайды. Және олар мектептерге, колледж бен университеттерге барып, алғашқы көмек көрсету туралы шеберлік сыныптарын өткізеді екен.
Ең бай адам – дені сау адам. Жедел жәрдем науқасқа жедел жетсе де оны шақыратын кездер аз болсын. Шұғыл жағдайлар кезінде қызметтің үйлесімді және нәтижелі болуын қамтамасыз етіп, адамдардың өмірін құтқаруға маңызды үлес қосатын жедел жәрдем қызметкерлерінің еңбегі елене берсін.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА