Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жамбылда асабалар одағы құрылмақ

Жамбылда асабалар одағы құрылмақ
Ашық Дереккөз
Бүгінде екінің бірі асаба болып кеткенін көзіміз көріп жүр. Рас, бұрын да қазақтың той-томалақ, ас-жиыны асабасыз өтпеген. Оны басқаруға ел ішінде беделді, құрметті, сөзге шешен, ойға жүйрік, салт-дәстүрге жетік, әдебі өзгеге үлгі боларлық адам таңдалған.

Бүгінгінің той-томалағы қанша жерден заман ағымына лайықталып өткізілуде дегенімізбен мұндай жиындар өзінің жөн-жоралғысымен, мәдениетімен өтуі тиіс. Өйткені той – халықтың қазынасы. Кейбір тойдағы мәдениетсіздік пен жүгенсіздік шектен шығып кеткен соң той өткізуге қатысты бір жүйенің қажеттілігі қоғамда көптен бері оқта-текте болса да мәселе ретінде көтеріліп қалып жүрген еді. Басқа өңірлерді қайдам, біздің Әулиеата өңірінде осының бір шешімі табылатын күн туған секілді. Анығын айтқанда, жақында Жамбылда өтетін той-томалаққа өзгеріс енгізілетін көрінеді. Облыс орталығы – Тараз қаласында бұрын-соңды болмаған асабалар одағы құрылмақ. Осыған орай Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығынан арнайы әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылып, мұнда той тізгіндеп жүрген азаматтарға арналып танымдық семинарлар өткізіліп, лекциялар оқытылмақ. Көпті көргендерің көксейтіні – тойды тоқтату емес, оның мәнін кіргізу.

Жасыратыны жоқ, той иесін ортаға автокөлікпен не атпен, түйемен шығару, таққа отырғызып, төбеге көтеру, биші қыздардың жартылай жалаңаш денесімен қонақтарды ыңғайсыз жағдайда қалдыруы, әдептен озған ойындар, асыра сілтеу қазақ тойының қадірін қашыруда. Ысырапшылдық, аста-төк дастарқан, бір тойда дастарқанға үш түрлі тағам қойылуы әдетке айналды. Асабалар да кейде артық сөйлеп, көпшіліктің сынына ұшырауда. Той үстінде шетелге жолдама сыйлау, көлік сыйға тарту – әрине, жақсы. Бірақ оны біреудің қалтасы көтерсе, екіншісінің қалтасы көтермеуі мүмкін. Оның үстіне әрбір тойдың өзіндік орны, мән-мағынасы бар. Мәселен, бесік тойға ер-азаматтар да шақырылып, рәсім кезінде олардың бәрі сыртта тұрады. Шілдехана, бесік той, тұсаукесер сынды қуаныштар үйде аталып өтсе, оның несі айып?

– Той мәдениеті бүгін ғана көтерілген мәселе емес. Бұл айтыла-айтыла жауыр болған тақырып. Қазіргі заманда тойдың берекесі қашты. 60-тан асқан әйелді еркектер ортаға тақпен көтеріп шығып жатыр. Біреулер «шпагатқа» отырса, тағы бірі басқа да ерсі қылық көрсетіп жатады. «Той дегенде қу бас та домалайды» деп қазақ текке айтпаған. Сондықтан тойға кейде үлкендер бала-шағасын ертіп барады. Ал ондағы үлкендер тарапынан жасалған әдепсіздікті көрген баланың санасына салмақ түспей ме? Оның да ертең тойда көргенін көшеде жасамасына кім кепіл? Мұндай сорақы жайттарды айта берсек жетіп артылады. Сондықтан той да тәрбие құралы болуы тиіс. «Осы мәселені қалай реттесек болады?» деген оймен облыстың аузы дуалы ақсақалдары мен жергілікті билік аталған істі қолға алып, әрекетке көшті. Соның нәтижесінде біздің орталықтан «Әдет-ғұрып және салт-дәстүр» бөлімі ашылатын болды. Бұл бөлім үш бағыттан тұрады. Олар – ақсақалдар институтын қалыптастыру, әжелер әлемі, асабалар одағымен тізе қосып жұмыс істеу. Асаба деген жеке тұлға. Мейрамхана да жеке кәсіпкердің бизнес нысаны. Біз ешкімге ақыл айта алмаймыз, той өткізу тәртібін міндеттей алмаймыз. Бірақ той өткізудің тәртібі мен талабы жайлы әдістемелік нұсаулық ұсынып, ақыл қоса аламыз. Асабалармен бірге жүйелі жұмыс жүргізу үшін алдымен одақ керек. Бүгінде оны құру ісі қолға алынуда. Одақ құрамына той басқаруда талайды тамсандырған, былайша айтқанда сөз ұстаған азаматтар өз еркімен кіреді. Аузы дуалы, сөзі уәлі асабалар «хайп» қуған асабаларды өздері тәртіпке келтіреді, – деді Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығының директоры Жасұлан Әбдіхалық.

Аталған орталық облысымызда қазақ тойының салиқалы түрде өтуіне осылай атсалыспақ. Жергілікті билік пен ақсақалдар мыңжылдық дәстүрімізді барынша дәріптеп, дұрыс көрсете білу үшін осындай қадамға барған екен. Осыны той иесі мен асабалар құлаққа ілсе, қанекей?!

 

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар