Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бүркіт баптау – бекзадалықтың белгісі

Бүркіт баптау – бекзадалықтың белгісі
Ашық Дереккөз
Бүркіт баптау оңай шаруа емес. Балапан кезінен бабын келтіріп, қолға үйрету кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс. Жамбыл ауданы, Өрнек ауылының тұрғыны Шернияз Бауыржан жастығына қарамастан қазақ халқының ежелден келе жатқан көне дәстүрінің бірі құсбегілікпен айналысып, көп ішінде құрметке бөленіп жүр.

– Құсбегілікті атамнан үйрендім. Бүркіт баптау – атадан балаға жалғасып келе жатқан отбасылық дәстүрдің бірі. Атам бала күнімнен төл өнеріміз құсбегілікке үйретіп, ең әуелі қаршығаға бейімдеді. Қаршығаның күтімін жасау, қолға үйретудің жолдарын көрсетті. Кейіннен өсе келе бүркітті баптау ісіне тәрбиеледі. Бұл өнермен шынында да екінің бірі айналыса бермейді. Оны өз көзімізбен де көріп жүрміз. Қызығушылығы жоғары адам болмаса, уақыт өте келе үйренем деген болмайды. Құс қайыру деген өте қиын, төзімді талап ететін шаруа. Еркіндікте жүрген құс адамды көрсе қаша жөнеледі. Оны ұстау да қиындық туғызады. Құсты ұстау барысында, ең әуелі, жүрген аумағын барлап аламыз. Тор құратын жерлерді дайындаймыз. Бүркіт торға түскенше апталап, кейде айлап жүреміз. Ұсталғаннан кейін аяғына балақбау тігіп, үйрете бастаймыз. Әрине, алғаш келгенінде ашушаң болады. Бастапқы уақытта қолдан ет берсең жемейді. Себебі жатырқайды. Содан кейін қайыру тәсілін де қоса үйретеміз. Барлық дүние кішкентай қадамнан басталатыны анық. Сол себепті алғашында жіпке байлап, 1-2 метр жерге ұшырып, қайта қайыру мақсатында шақырып бастаймыз. Кейіннен арақашықтық ұзара береді. Үйренгеннен кейін жібін шешіп, шақырымнан шақырамыз. Барлығы өз ретімен болады. Шырға деп аталатын түлкінің терісіне ет байлап, аңға шығуға бейімдейміз. Баптау ісінде алдымен жуасытып, адамға үйретіп алу керек. Құс етке жұмыс жасайтын болғандықтан үйрету барысында ет беру, жем беру уақытын азайтып немесе уақыт арасын созып барып бересің. Күніне бір рет ет-суын қамтамасыз етуіміз керек. Себебі бір бабында ұстап отырмасаң аңға түспей, қашатын болады. Әр құстың бабы әртүрлі болып келеді. Балапан кезінен үйрету оңайға түседі. Алайда оларға жемін де бірқалыпты беріп отыру керек, әйтпесе жұмыс істемейтін болады. Сондай-ақ атам ұшып жүрген жерінен ұстап алып, қолға бейімдеуді де үйретті. Бірақ бұл өте ұзақмерзімді уақытта жүзеге асады. Ал кейбірі тіпті қолға үйретілмейді. Бүркітті баптау барысында қауіпсіздікке мән беру керек. Үйрету барысында қолдан ұстап, бүріп, кейбірі тістеп алып жатады. Мұндай оқиғалар бастан өтті. Тырнағы немесе тұмсығы батып кетпес үшін қолға «биалай» киіп аламыз. Ол қалың теріден жасалу керек. Қыранның көп нәрсеге еліктеп ұша бермесі үшін басына «томағасын» кигізіп қоямыз. Осылайша бүркітті баптау жұмысы да аяқталып, қолға үйретілген құспен аңшылыққа шыға береміз. Аң аулау барысында түлкі, қоян секілді аңдар көп түседі. Ал қасқырды бабы келген құс алады. Себебі кез келген құстың шамасы жете бермейді. Бүркіт баптау ұлттық дәстүріміз болғандықтан ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – басты парызымыз. Сондай-ақ үйренем деген жандарға есігіміз ашық, әр уақытта қол ұшын беруге дайынбыз, – дейді Шернияз Нұржанұлы.

«Саятшы бапшыл болса, бүркітке бақ» деген қазақ сөзі Шернияз сынды азаматтарға айтылғандай. Расында, әр істің өз адамы болатынындай, бүркіт баптауда да төзімі темір, сабыры мықты адам болмаса мұнымен айналысу оңайға түспейді. Бүркітті ұстау әдістері де ерекшеліктерге толы. Оның ішінде тормен ұстау, тояттатып ұстау, шеңгелдестіріп ұстау, ұядан ұстау сынды тәсілдері кең қолданылады. Бүркіттің 100-150 жыл жасайтыны ғылыми тұрғыда дәлелденген. Қазақ құсбегілері оны 15-20 жасқа дейін қолға ұстаған. Бүркітті жасына қарай өз атауларымен атаған. Мәселен, бір жас – балапан, екі жас – түбіт, үш жас – тәрнек, төрт жас – тастүлек, бес жас – мұзбалақ, алты жас – көк түбіт, жеті жас – қана, сегіз жас – жаңа, тоғыз жас – майтүбіт, он жас – барқын, он бір жас – баршын, он екі жасты шөгел деп 15-20 жасқа дейін ат қойған.

Бүркіт баптау – тек саятшылық емес, ұлттық рухани мұраны сақтау тәсілі. Бұл өнер арқылы қазақ халқының табиғатпен үйлесімде болуы көрініс табады. Сонымен қатар бүркіт баптау дәстүрі қазіргі заманғы спорттық және мәдени іс-шараларда жаңаша сипат алуда. Бүгінде құсбегілік Қазақстанда ғана емес, шетелде де қызығушылық тудырып, халықаралық жарыстарда жоғары деңгейде таныстырылуда. Бұл өнер – қазақ халқының мақтанышы, ұлттық мәдениетіміздің көрнекті бөлігі. Құсбегілердің шеберлігі мен даналығы ата-бабадан қалған асыл мұраны болашақ ұрпаққа жеткізудің жарқын үлгісі болып қала береді.

Мұқағали БАЛТАБАЕВ,

Жамбыл ауданы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар