Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Таразда кино саласын дамытсам деймін»

«Таразда кино саласын дамытсам деймін»
Ашық Дереккөз
Бірер күннен соң белгілі актер Рүстем Жаныамановтың «Сен маған керексің» фильмі көрерменге жол тартады. Кинотуындының режиссері – жамбылдық жас талант Елжан Жармұхамедов. Осы уақытқа дейін «Сағым», «Ақша», «Тәрбие лагері» секілді туындыларымен көрерменге үлкен ой салып жүрген режиссер өз саласының білікті маманы. Алайда «Сен маған керексің» – кинотеатрларға прокатқа шығатын алғашқы фильмі. Осы орайда біз жерлес режиссермен сұхбаттасып, өнер жолындағы алғашқы қадамы, кино арқылы қоғамға айтар ойы туралы әңгімелескен едік.

– Елжан Шермұхамедұлы, әңгімеңізді өзіңізден бастасақ, режиссерлікке қалай келдіңіз?

– Бала кезімнен бойымда кино өнеріне қызығушылық бар еді. Мектеп бітірген соң Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына режиссер мамандығы бойынша оқуға түссем деген мақсатыма қол жеткізе алмадым. Арманымның орындалуына қаржылық жағдай әсер етті. Ақылы оқуға мүмкіндік болмады. Әйтсе де бұл жағдай сағымды сындыра қоймады. «Қайда оқығаның емес, қалай оқығаның маңызды» деген қағиданы ұстанып, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде білім аламын деген шешімге келдім. Сөйтіп, «Мәдени тынығу жұмыстары» факультетіне режиссер, актер мамандығына оқуға қабылдандым. Мейлі өнер академиясында оқып, шетелде білім алсаң да адамда талпыныс болмаса, жинаған тәжірибеңнің маңыздылығы болмайды. Ең бастысы, өз қызығушылығыңмен білімге ден қою. Студенттік жылдары осы мақсатта өнерге баулыған ұстаздарымның дәрісінен бөлек өзім де режиссерлікке қатысты көп іздендім. Қабілетімді шыңдау үшін бірге оқыған жігіттермен бірге қысқаметражды кинолар түсіре бастадым. Мұнымен тоқтап қалмай, облыстық драма театрдың актерлерін шақырып, жақсы бір фильм түсіруді жоспарладым. Студенттің киносына түсуге кім келіссін? Туындымның сапалы шығарына ешкім сене қоймады. Онда да алған бетімнен қайтпай, ойымда жүрген фильмді курстастарым, көршілерім, достарымды шақырып, ағайын-туыстарымның қатысуымен түсірдім. Образға ену, дикция, кадрда өзін дұрыс ұстау секілді ережелерде тәжірибесі болмаса да жақындарым бетімді қайтармай, кинода өздеріне бекітілген рөлдерін лайықты ойнап берді. Сол арқылы туындыларым өзіме кәдімгідей «шедевр» секілді көрінетін. Қазір сол киноларды тамашаласам, көзге анық көрініп тұрған қателіктер езуіме күлкі ұялатады. Дегенмен оның бәрі де маған үлкен тәжірибе болды.

Оқуды аяқтайтын жылы дипломдық жұмысымыз ретінде «Қыз жиырмаға толғанда» деген спектакльді сахналадық. Ұстаздарымыздың, театр ұжымының көңілінен шығып, қойылымда бірге ойнаған курстас досым екеуміз Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрына шақырту алдық.

– Демек, еңбек жолыңызды қарашаңырақ Асқар Тоқпанов атындағы облыстық қазақ драма театрынан бастадыңыз ғой...

– Иә, солай деуге де келеді. Бір қызығы, театрда еңбек етемін деген ой ұш ұйықтасам түсіме кірмеген еді. Алайда ұстазымның «Жақсы режиссер атанғың келсе, актерліктен баста» деген ақылын тыңдадым. Осылайша оқуды тәмамдаған соң, яғни 2014 жылы облыстық театрға актер болып жұмысқа қабылдандым. Өнер ордасындағы жылдарым талантымды жаныған жемісті кезең ретінде есте қалды. Осы уақыт аралығында театр репертуарындағы бірқатар қойылым мен балаларға арналған ертегілерде бекітілген басты рөлдерді сомдап, актерлік шеберлігіммен танылдым. Тоқтала кетсем, Уильям Шекспирдің «Отеллосында» – Родриго, Болат Жандарбековтің «Томирисінде» – Спаргапис, Арғынбай Бекбосынның «Домалақ енесінде» – Шахрух сұлтан, Дулат Исабековтің «Кішкентай ауыл» драмасында Мүтән рөлдерін сомдадым. Сондай-ақ Нұрлан Оразалиннің «Қилы заманында» – Урядниктің, Болат Ұзақовтың «Жан дауасында» нашақор ұлдың, Әлібек Әмзеұлының «Қор болған Қодар-айында!» инспектордың бейнесіне еніп, көрерменнің ықыласына бөленген едім. Өзге де қойылымдарда түрлі рөлдерді сомдап, өз кейіпкерлерін жанды бейнелей алатын, актерлік шеберлігі толысып келе жатқан өнер иесі екендігімді таныттым ғой деп ойлаймын.

Сонымен қатар киноактер ретінде режиссер Дүйсебай Еркебаевтың «Үміт» атты фильмінде басты рөлдердің бірін сомдап, оннан аса әлеуметтік роликтерге актер ретінде түскенмін.

Өнер жолында кәсіби шеберлігімнің толысуына, танылуыма театрдағы ұжымдастарым, достарымның қосқан үлесі мол болды. Сол кездері театрдағы актер аға-әпкелер, әріптес іні-қарындастарым бірігіп, көптеген қысқаметражды фильмдер, әлеуметтік роликтер, эстрада жұлдыздарының тапсырысы бойынша бейнебаяндар түсірдік. Соның бәріне театр актерлері үлкен қолдау көрсетті.

– Кино саласындағы алғашқы қадамдарыңыз туралы айтып берсеңіз. Осы уақытқа дейін қанша фильм түсірдіңіз?

– Режиссер ретіндегі толықметражды дебютім – «Сағым» фильмі 2018 жылы көрерменге жол тартты. Киноның жарыққа шығуына сол кездегі облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Дүйсенәлі Бықыбаев ағамыз қолдау көрсетті. Облыстық кино орталығы да айтарлықтай атсалысты. Ол уақытта айналама өнерден хабары бар азаматтарды топтастырып, «KAZPRODUCTION» киностудиясын құрған болатынмын. «Сағым» осы киностудияда түсірілді. Аталған киноны көрермендер мен кинотанушылар жоғары бағалады. Осы еңбегім үшін облыстық кино орталығының арнайы сыйлығына ие болдым. Фильмді әсіресе ата-аналар ұнатып, облыс мектептерінде, түрмелерде көрсетілді. Барлығы да жақсы пікірлерін айтып жатты.

Оның алдында 2017 жылы түсірген «Ізбасар» атты қысқаметражды фильмім де өнертанушылар тарапынан лайықты бағасын алғанын айта кеткенім жөн. «Ізбасар» киносынан кейін Дүйсенәлі аға өнеріме риза болып, толықметражды фильмдер түсіре алатыныма сенім білдірді. Сол секілді 2019 жылы көрермендер назарына «Ақша» атты тағы бір кинотуындыны ұсындым. «Ақша» фильмі «КиноАрт – 2020» халықаралық фестивалінде 5 номинацияға ие болды.

Бірақ олардың бәрі аз ғана қаржыға түсірілген фильмдер еді. Осылайша азды-көпті тәжірибе жинағаннан кейін биыл жаңа дүниені байқап көруге бел байладым. Сөйтіп, «Сен маған керексің» деген фильмді түсіріп біттім. Бұл киноға елімізге белгілі актер Рүстем Жаныаманов ағамыз продюсерлік етті.

«Сен маған керексің» – қомақты бюджетке түсірілген, прокатқа шығатын алғашқы фильмім.

– Ал киноларыңызды халық қалай қабылдауда? Көрермен талғамынан шыға алдым деп ойлайсыз ба?

– Фильмді түсірместен бұрын сценарий жазып аламын. Сюжет арқылы халықтың, әсіресе жас буынның бойына тәлім-тәрбие, адамгершілік қасиеттерді сіңіргім келеді. Жұмысымыздың барлығын «KAZPRODUCTION» киностудиясының «YouТube» каналына салып отырамыз. Осы уақытқа дейін көрермен тарапынан бір теріс пікір жазылмапты.

Басты рөлді Рүстем Жаныаманов ойнаған «Тәрбие лагері» фильмі де халыққа қатты ұнаған, көрермендер тарапынан жоғары бағасын алған туындының бірі болды. «YouTube» каналына жүктегенде көрермендер «Кинотеатрда неге осындай фильмдерді көрсетпейді?», «Тәрбиелік мәні бар осындай кинолар көп болсын!», «Көзімізге жас алдық» деген сынды көп пікір жазды. Тіпті Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Ресей мемлекеттерінің көрермендері жақсы ой-пікірлерін білдіріп жатты.

Өзіме баға бере алмағандықтан іштей «Көрермен талғамынан шыға алдым ба?» деген сұрақ төңірегінде ойлану қиын. Мақтаса да, даттаса да еңбегіңнің бағасын беретін – халық. Әйтсе де оң көзқарастағы пікірлерге зер салсақ, көрерменнің көңілінен шығып жатқан секілдіміз. Таныстарың «киноң мықты шыққан» деп мақтаса да шын деңгейіңді сені білмейтін көрермен анықтап береді. Халықтың қолдауын көріп, оқып, мәртебем өсіп, марқайып қаламын.

Негізі бәрінің көңілінен шыға білу міндет емес. Өйткені әр адам өзіндік ойы бар жеке тұлға, сенің ойыңмен келіспеуі мүмкін. Сондықтан барлығына бірдей ұнасам деген ойдан аулақпын. Кино арқылы айтқым келген ойым халықтың жүрегіне жетіп жатса, режиссер ретіндегі мақсатыма қол жеткізгенім деп білемін.

– Қандай да бір жақсы киноны көрсек, ондағы актерлерді мақтап-мадақтап, режиссер, сценарист, қоюшы-суретшілердің еңбегіне тиісті баға берілмей қалады. Шындығында, фильмді жасайтын осы мамандар ғой. Осы тұста сұрайыншы, кино түсірудің машақаты қандай? Дайын сценариймен жұмыс істеу, командамен тіл табысу қиынға соқпай ма? Бір фильмді жарыққа шығаруға қанша уақыт кетеді?

– Кинотеатрда жақсы касса жинаған фильм актерлердің жұлдызын жағуы, құрмет-қошеметке де әртістердің бөленіп жатуы заңдылық. Шығармашылық құрам, режиссер, қоюшы-суретші, сценаристер оған еш ренжімейді. Киномыз арқылы актерлер танылып жатса, «біз себепкер болдық» деп шын жүректен қуанамыз. Еңбегіміздің ақталғаны деп білеміз.

Киноны жасайтын осы мамандар деген ойыңызбен толықтай келісемін. Фильм түсіру өте қиын жұмыс. Команда жинау, түсірілім алаңында жақсы атмосфера қалыптастыру, ұжымды дұрыс бағытқа сілтеу, бәрі-бәрі үлкен еңбекті қажет етеді. Шығармашылық топпен тіл табысу үшін психолог болуың қажет. Команда бірлікте болса ғана сапалы кино шығады. Сол себепті түсірілім жұмыстарынан бұрын ұжымды мұқият таңдаумен айналысамын. Мамандарды «Командама келер ме екен, алдағы уақытта жұмыс істеуіміз қалай болар екен?» деген талаптар бойынша іздеймін. Алдымен психологиялық сұрақтар қойып, жақсылап танысып аламын. Сапаға жұмыс істегеннен кейін барлығы мінсіз болса екен деймін. Негізі бір фильмді түсіруге бір айдан үш айға дейін уақыт жұмсаймын. Бастаған жобаға, қаражатқа байланысты әрқалай. Қаражаты аз болса, түсірілімді бір айда аяқтайсың.

Өткен жылы көрермендер тарапынан балаларға арналған туындылар түсірілсе деген ұсыныс түсті. Нәтижесінде «Танымал актермен кино» жобасы қолға алынды. Жоба арқылы балаларға белгілі қазақстандық актерлермен бірге ойнауға мүмкіндік берілді. Жоба басталғаннан бері Тараз, Қызылорда, Қарағанды және Астана қалаларында балалар мен отандық жұлдыздар Руслан Нұрманов, Жәудір Сарыпбекованың қатысуымен бірнеше фильмді жарыққа шығардық. Мәселен, осы жылы Қарағандыда өзімнің режиссерлігіммен «Шытырман» оқиға-драмасын және «KAZPRODUCTION» киностудиясының тағы бір режиссері Шыңғыс Әбдібектің «Мистер & Миссис» драмасын түсірдік. Сонда кастингке барлығы 200-ге жуық бала келіп, олардың 13-і екі фильмге таңдалды. Екі картинаның да тәрбиелік мәні бар.

Балаларға бір ай бойы актерлік шеберлік, пластик, камерамен, сценариймен және режиссермен жұмыс істеу үйретілді. Жас актерлер образға енуге бейімделіп, өз рөлдерін лайықты ойнай алды. Балалармен жұмыс істеу арқылы көп нәрсені үйренуге болады. Олар алдауды білмейді. Балалар ойынында өмір бар. Осы кішкентай актерлерді басқа киностудиялар мен режиссерлар көріп, оларды өз жобаларына шақырып жатса, біздің мақсатымыздың орындалғаны болар еді.

– Қазақстандағы киноиндустрия туралы пікіріңіз қандай? Қазір арнайы тәжірибесі, кәсіби біліктілігі жоқ әнші де, блогер де фильм түсіретін болды. Әлде олардың халықтың сұранысына қарай жұмыс істеуі дұрыс қадам ба?

– Ең мықты деген режиссердің өзі де жоғары деңгейдегі, қазақ кино өнерінің алтын тарихында сақталатын фильм өмірге әкеле алмауы мүмкін. Жалпы халық көретін киносын өзі таңдайды. Сондықтан «Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» деп дана ақын Абай атамыз айтқандай, халықтың көңілінен шығып жатса, түсіре берсін. Оған еш қарсылығым жоқ. Жақында ғана әнші Серік Ибрагимов продюсері болған «ЗаманBACK» фильмінің премьерасы өтті. Жұрт түрлі пікірде болды. Шынымды айтсам, өзіме сол кино ұнады. Өзгешелік, жаңашылдық, деңгей байқалады.

Мәселені тереңінен қарайтын болсақ, әлемде де кино мамандарының, режиссерлердің 10 пайызы ғана киноны идеология, тарих, ағартушылық құралы деп қабылдайды екен. Ал қалған 90 пайызы үшін кино – коммерция, бизнестің көзі. Сол себептен қазіргі кинотеатрға шығып жатқан кинолардың ешқайсысына жақсы деп те, жаман деп те баға бере алмаймын. Алайда өнерге құрметпен қараса, арзан дүниеге айналдырып алмаса, құнсыздандырып жібермесе дейсің. Саланың жанашыры ретінде қай заманда да мәнді-мағыналы фильмдер өз тұғырында болғанын қалаймын.

– «Қандай кино көрсем екен?» деп бас қатыратын көрермен көп. Кәсіби маман ретінде қандай кеңес берер едіңіз...

– Көбіне шетелдік фильмдерді тамашалаймын. Мартин Скорсезе, Гай Ричи, Квентино Тарантино, Вуди Ален, Джейс Кэмерон, Тим Бертон, Ридли Скотт секілді режиссерлердің туындыларын, өнерін жоғары бағалаймын. Бұлар – әлемдік деңгейде өз атын танытқан мамандар. Біздің қазақстандық режиссерлер да осындай биікке жетсе деген арманым бар. Болашақта халық «Елжан Жармұхамедовтың жаңа фильмі шығыпты, көру керек еді» деп айтатындай деңгейге жетсек, қандай бақыт. Сол бағытта жұмыс істейтін боламыз.

– Қордайдан шыққан талантты режиссер Данияр Саламаттың «Талақ» фильмі халықаралық Шанхай фестивалінде үздік деп танылып, «Алтын кубок» иеленгенін естіп шын қуандық. Демек, алдағы жылдары қазақ фильмдері «Оскар» алып қалар деп баға беруге бола ма?

– Жерлес ағамыз Даниярдың киносы расында да өте керемет деп бағалауға лайық. Одан өзге де мықты фильмдер түсіріп жүрген талантты режиссерлер жетерлік. Жақында ғана Асхат Кучинчерековтің «Бауырына салу» фильмі Қазақстанның атынан 2025 жылғы «Оскар» сыйлығының «Шетелдік үздік фильм» номинациясына ресми түрде ұсынылды.

Бұған дейін Ермек Тұрсынов түсірген кинолар «Оскардың» іріктеуінен өткен болатын. Біз бір нәрсені түсінуіміз керек, әлемде «Оскар» алған фильмдер жетерлік, бірақ бәрі шедевр емес. Оған саясат та, басқа факторлар да көп ықпалын тигізеді. Сондықтан «Оскар» – мен үшін бұрынғыдай мәртебе емес.

Мұндағы айтайын дегенім, режиссер болатын адам өзінің кәсіби деңгейін, басқа мықты режиссерлерден кем емес екенін көрсетсе, өз елінің, ұлтының болмысын, ұлтының құндылықтарын көрсететін, халықтың жүрегінен жол табатын туындылар жасай алса, оның межелі нүктесі «Оскар» емес, оның құны «Оскардан» да биік дер едім.

Желтоқсанның он екісінен бастап көрерменге жол тартатын «Сен маған керексің» фильмінің түсірілімі басталған кезден-ақ жарнамасы жер жарып тұрды. Бірнеше жанрды біріктірген фильмнен халық та көп нәрсе күтіп отырғаны белгілі. Киноның сюжеті туралы бір-екі ауыз айтып берсеңіз...

– Сюжет желісі бойынша басты кейіпкер Бөлекбай (Рүстем Жаныаманов) құлағы естімейтін баласының дертіне қалай ем табамын деп сарыуайымға салынып жүреді. Электрик болып жұмыс істейтін азаматтың әріптестерінің арасында да абыройы болмай, отбасылық өмірінің шырқы қашып, әбден қиналады. Бір күні басты кейіпкер токқа түсіп, ерекше қасиетке ие болады. Осылайша ел арасында қарапайым электрик болып жүрген Бөлекбайдың бүкіл өмірі бір күнде өзгереді. Сөйтіп, ол енді металл заттарды ой күшімен қозғалтатын «магнит-адамға» айналды. Бастапқыда қызық үшін қолданған бұл күшінің бір күні мемлекетке үлкен көмегі тиеді. Алайда зұлымдықтың тұзағына түсіп, өз таңдауына қарсы шыққан Бөлекбай өмір мен өлім арасында қалады.

Фильмде фантастика да, драма да, комедия да, қысқасы, барлық жанр қамтылған. Көрерменге ұнайды ғой деп ойлаймыз.

– Алдағы жоспарларыңызбен бөлісіп өтсеңіз...

– Ең негізгі мақсатым – Тараз қаласында кино өнерін дамыту. Осы уақытқа дейінгі еңбегімнің бәрі де сол ниетпен жасалып жатқан амалдар. Алматы, Астана қаласында кино әлдеқашан дамып кеткен, Шымкент қаласының кино мектебінің де алған бағыты жақсы. Өзіміздің Таразда да осы өнерді жоғары деңгейге шығарғым келеді. Облыста мықты актерлер жоқ демеймін, бірақ бәрі де үлкен қалаға кетіп қалып жатыр. Өзім де біраз өнер иесінің жұлдызын жақтым. Айталық, «Тар заман» сериалында Міржақып Дулатовтың рөлін сомдаған, ҚР Мәдениет саласының үздігі Мәмбет Қожалиев, сондай-ақ Ғазиз Сұраппаев, Нұрсұлтан Ақанов деген талантты жігіттер «Томирис» секілді фильмдерде басты рөлдерді ойнады. Осы азаматтарды театрда жүрген жерінен фильмдеріме түсіріп, болашағына ықпал еттім. Осы әртістермен бірге облыстың кино өнерін дамытқым келген еді. Бірақ қандай да бір себептермен ойымды жүзеге асыра алмай жүрмін. «Тәрбие лагері» фильмін түсіргеннен кейін Рүстем ағамен жақсы байланыс орнаттық. Маған Рүстем Жаныаманов: «Елжан, киноның ордасы Алматы ғой, Жамбылда не істеп жүрсің?» – деді. Мен Таразда кино саласын дамытқым келетінін айттым. Сонда Рүстем аға: «Киноны әкімдер дамытсын, сен бірінші өзіңді дамыт», – деп ақылын айтты. Осылайша «Сен маған керексің» фильмі арқылы өзімді мүлде басқа қырымнан танытқалы жатырмын.

Алайда «Тараздың кино саласын биікке көтеремін» деген ойымнан бас тартпаймын.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Ақтоты ЖАҢАБАЙ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар