ҚОШҚАР МЕН ҚАСҚЫР
Ақын Серік Қалиев баласы Қошқарбайды сүндетке отырғызып, ауылдастары мен жан-жақтан арнайы келген қонақтардың басын қосып, үлкен той жасапты. Сүндет тойды белгілі ақын Қасқырбай Нарбатыров жүргізеді.
Қонақтардың соңын ала келген Бегалы Ысқақов есімді ауыл тұрғыны той тізгіні Қасқырбайда екенін көріп:
– Ойпырмай, а? «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деген осы екен ғой. Қошқардың тойын қасқыр басқарып жатыр, – деген екен.
МҰРТ ӨСКЕНШЕ, МАЛ ӨТКЕНШЕ
Талас ауданының Үшарал ауылында тұратын Ыдырысбек ақсақал бірде Тараз қаласындағы мал базарға келетін болады. Сөйтіп, сататын малдарын жүк көлігіне тиеп, өзі Дүйсенбек деген баласының көлігімен жолға шығады.
Әкелі-балалы екеу мал базарға жақындай бергенде жол-патрульдік полиция қызметкерлері тоқтатады. Дүйсенбек құжаттарын алып, көліктен түсіп кетеді. Арада 15-20 минут өтеді. Ұлының оралатын түрі жоқ. Тағы 10 минут күтеді. Ақыры шыдамы шегіне жеткен Ыдырыс ақсақал көліктен түсіп, қастарына жақындап, мән-жайды сұрайды. Сонда полиция қызметкері:
– Аға, балаңыздың жүргізуші куәлігіндегі суретте мұрты бар адам тұр. Ал балаңызда мұрт жоқ екен, – десе, қария ашуланып:
– Шырағым, енді немене, балама мұрт шыққанша осында тұрамыз ба? Жіберсеңші, базарда мал өтіп кететін болды, – деп кері бұрылып кете барыпты.
ТАЙЛАҚТЫҢ ТАПҚЫРЛЫҒЫ
Ақын Нарша Қашағанұлының үш баласы болыпты. Үлкен баласының аты Нарбол, екінші баласының аты Ернар, үшіншісінің аты Ербол. Алайда Ерболды барлығы өзінің атымен емес, Тайлақ деп атап кеткен. Өзінің жақын туыстары да есімінің Ербол екенін енді-енді біліп жатыр. Тайлақ та әкесі Нарша секілді сөзге шешен адам екен. Бір күні Тайлақ үйленіп, той болатын уақытта шақырту қағазын толтырып жатқан Нарша ағамыз:
– Әй, балам-ау, жұрттың бәрі сені Тайлақ деп таниды. Азан шақырып қойған есімің Ербол. Өзің айтшы енді. Мына жерге Ербол – Мадина деп жазайын ба? Әлде Тайлақ – Мадина деп жазайын ба? – десе, баласы:
– Әке, қағаздағы суретті көріп, астындағы Ербол деген жазуды оқығандар «мына бала Тайлақтан аумайды екен» деп қалып жүрер, Тайлақ деп жаза беріңіз, – деген екен.
АЛҒАШҚЫ МАХАББАТ
Сол Нарша ақын ел ағасы атанар жасқа келіп, мектеп оқушыларымен кездесуге барады. Сонда оқушылар Нарша ақынға:
– Аға, алғашқы махаббатыңыз жайлы айтып бересіз бе? – десе, Нарша ақын жұлып алғандай:
– Айтып берейін, тек соңғысын сұрамасаңдар болды, – деген екен.
ҚАРТАЙҒАН ТАРАЗ
Айтыс ақындары арасында футболдан жарыс ұйымдастырылып, жыл сайын дәстүрлі түрде өтіп тұратын. Бір жылы сол жарыс Тараз қаласында өтетін болып, жан-жақтан айтыскер ақындар жинала бастады. Қызылордадан Мұхтар Ниязов бастаған бір топ ақын сағат түнгі екі шамасында Таразға кеп қалатындарын жеткізеді. Абыр-сабырда оларды күтіп алуға адам табылмай, көлігі бар жастар жағы ыңғай танытпай, Ербол Қамбатыровтың өзі күтіп алады.
Сонда мұны көрген Мұхтар Ниязов:
– Ой, аға, өзіңіз әуре болмай-ақ қоймадыңыз ба? Жастарды жібере салсаңыз да болмас па еді?
– Мұхтар-ау, қазір Тараздағы ең жасы мен боп қалдым.
– Аға, демек, Тараз шынымен де қартайыпты, – деп қалжыңдасыпты.
АЙНҰРДЫҢ ИТІ
1991 жылы Мойынқұм ауданында «Қайрат Рысқұлбековтің ерлігін еске алуға 5 жыл» тақырыбында айтыс өтіп, еліміздің әр аймағынан ақындар жиналады.
Айтыс аяқталғаннан кейін Айнұр Тұрсынбаева ақындарға сый-құрмет көрсетіп, үйіне шақырады. Үйіне қонақ болып келген бір топ ақын аулаға кірген бетте үлкен иттің жатқанын көреді. Әлгі ит жандарына келіп, киімдерін иіскеп, ешқандай дыбыс шығармастан тұрып қалады. Сонда ақын Шорабек Айдаровтың інісі Асқарбек Айдаров иттен сескеніп: «Жігіттер, мына ит неге ырылдамады?» – десе, жанында тұрған Серік Қалиев: «Асқар-ау, ол енді Айнұрдың иті емес пе?» – деп Айнұр ақынның «р»-ға тілі келмейтінін еске салған екен.
БІР ЖЫЛҚЫ
Бірде Ербол Қамбатыров пен марқұм Әзімбек Жанқұлиев Шымкент қаласына тойға барады. Тойды жақсы атқарып, сол үйге қонып, ертесі күні түскі уақытта тамақтанып отырғанда ауылдағы әйгілі дәулетті кісі келіп: «Әзімбек, қане, мені бір мақташы», – деп бірауыз өтініш жасайды. Әзімбек мақтауын келтіріп, өлеңдетіп арнауын айтады. Арнауына риза болған әлгі кісі өлеңіне бір жылқы беретінін айтады. Алайда айтылған сөз сол жерде қалып, ұмыт болып кетеді. Ол уақытта бір жылқының бағасы 5 мың теңге еді. Арада үш ай өтіп, дәл сол әулеттегі қуанышқа ортақ болып, асабалық қызмет атқардық. Ертесі күні тамақтанып отырғанда әлгі кісі тағы келіп: «Әзімбек, мені бір мақташы», – дегенде Әзімбек ойланбастан:
«Ағайын қанық едім істеріңе,
Қуанамын тағы ортаңа түскеніме.
Үш ай бұрын бір жылқымды жоғалтып ем,
Ағайын, көздеріңе түспеді ме?» – деп өлең жолдарын айтқанда дәулетті кісі өз ісіне ұялып, қолына 10 мың теңге беріпті.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ