Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үздік орталық анықталды

Үздік орталық анықталды
А.Қартабай
Облыстық жастар ресурстық орталығының құрылғанына биыл 20 жыл. Мерейтойға орай сәрсенбі күні Ы.Дүкенұлы атындағы Тараз қалалық мәдениет үйінде жастар ресурстық орталықтары арасында «UZDIK ORTALYQ – 2024» байқауы өтті. Үздік жастар ресурстық орталығын анықтап, мекеме қызметкерлерінің ауызбіршілігін арттырып, тәжірибе алмасуына мүмкіндік жасау мақсатында ұйымдастырылған сайысқа 10 аудан мен Тараз, Шу қалаларынан барлығы 12 команда қатысты.

Жарысқа қатысушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының құрамында «Сенімен Болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша филиалының төрағасы Дәурен Бағжанов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет басқармасының бас маманы Саят Төлепберген, облыстық заң консультанттары палатасының заңгері Әлия Арзымбетова, «АMANAT» партиясы облыс филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев болды.

Үздіктердің үздігін анықтауға бағытталған байқау «Таныстыру», «Үй тапсырмасы», «Өнер» секілді үш кезең бойынша өтті. Сайыстың әр кезеңі қызықты, жарқын сәттерге толы болды.

Байқау басталмас бұрын сахна төріне көтерілген облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев 20 жылдық мерейтоймен құттықтап, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Алғашқы «Таныстыру» кезеңінде қатысушылар өздерінің қала немесе ауданын және қызмет ететін орталықтарын жанды дауыста ән сала отырып таныстырды. Бұл кезеңде үміткерлердің музыкалық дарыны ғана емес, қойылымның сапасы, таныстыру әніндегі ой тереңдігі де бағаланды.

Сахнаға ең бірінші болып шыққан Меркі жастары белгілі әнші Руслан Мамытовтың «Жаса Қазақстан» әні арқылы орталықтың бүгінгі тыныс-тіршілігі, жастардың белсенділігі туралы баяндады.

Мұнан соң өнер көрсеткен Шу аудандық жастар ресурстық орталығы болса, «Nikos Band» тобының «Georgian Disco» атты танымал әнімен өздерін таныстырды.

Т.Рысқұлов ауданының жастары да «Coco Jambo» әнін шырқап, сахнаның көрігін қыздырды. Құланнан атағы алысқа кеткен тұлпар Абсент, Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Елдос Сметовтей Олимпида ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлері шыққанын әнмен әдемі жеткізді.

Мойынқұмдық команда әндерден попурри орындап, залды бір сілкінтіп тастады. Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының таныстыруы да ерекше шыққанын айта кеткен жөн. Поэзияға жақын екендіктерін танытқан Жуалы жастарының да дайындығы жоғары екені байқалып тұрды. Батыр бейнесіндегі жігіттердің көк туымызды сахнаға ұстап шығуы көріністің мазмұнын аша түсті. Таныстыруларын «Байзақ датқа» бейнесін сомдаудан бастаған байзақтық топтың таныстыруы да көрермендер көңілінен шықты. Өз кезегінде Талас, Қордай, Сарысу аудандары да жоғары деңгейде өнер көрсетті.

Жамбыл аудандық жастар ресурстық орталығының қойылымы да сәтті шықты. «Жастарға ұран емес, іс керек» деп бастаған жамбылдықтар әндері арқылы аймақта атқарылып жатқан ілкімді істерді баяндай келіп, көріністің нүктесін «Елімізге тік тұрып қызмет етуге дайынбыз!» деп әдемі қоя алды. Құрылғанына көп бола қоймаған Шу қалалық жастар ресурстық орталығының таныстыруы есте қаларлықтай болды.

«Үй тапсырмасы» деп аталатын екінші кезеңде қатысушыларға белгілі бір кино, мультфильм немесе телесериалдың үзіндісін қоғамдағы өзекті мәселелерді қозғай отырып дыбыстау міндеттелді. Бұл кезеңде Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының көрінісі бәрінен оқ бойы озық тұрды. «Жаужүрек мың бала» фильмін «Жаужүрек ЖРО-лар» деп өзгерткен бейнеролик күлкілі сәттерге толы болды. Облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиевтің тараздық жастарға келіп: Облыстық сайыс өтеді, жалға «яхта» алу керек, Абзал өзің жауаптысың», –деп берген тапсырмасына Абзалдың: «Жақсы, ДК жақты көреміз, өзіміз сол жақты ғана ала аламыз», – деген жауабын тапқырлық дерсің. «Облыстық ресурстық орталық қайда? Волонтер болсақ деп едік» деген жастарға: «Облысқа барып не істемексіңдер, олардың мекемесі де жоқ. Одан да бізге қосыл», – деген әзіліне еріксіз күлесің. Айбек директорды іздеген жандарға: «Не болды Айбек, Айбек деп, Абзал дегенді естіп пе едің?» – деп Сартай мен Таймастың қарым-қатынасын әдемі қолдана білген.

Меркілік команда «Менің атым – Қожа» фильмінің үзіндісін дыбыстау арқылы жұмыс барысындағы қызықты сәттерді, Шу ауданы «Ойжұмбақ» мультфильмі арқылы 20 жылдыққа дайындалғанын көрсетті. Т.Рысқұлов ауданының жастары да дыбыстау сайысына «Менің атым – Қожа» киносын таңдаған екен. Басты кейіпкер Қожаның «Шіркін, ұшқыш болсам...» деп арманға берілетін сәтін «Облысқа барып, «Үздік орталық – 2024» байқауынан бас жүлде алсам» деп алмастырғаны әдемі өрбіген. Сарысулықтар «Бизнес по казахский», Жуалы жастары «Қошқар мен теке» туындыларын өткір әзілдерімен дыбыстаса, Шу қалалық жастар ресурстық орталығы «Отыздан асып барамын» фильмінің үзіндісін дыбыстау арқылы орталықтың құрылу тарихын қалжыңмен баяндады.

– Байқауға қатысушылар қазіргі қоғамның өзекті мәселелерін қозғайтын бейнероликтер дайындап келіпті. Барлық командалар жоғары деңгейде өнер көрсеткенін атап өткім келеді.Жеңімпаздарға арнайы ақшалай сыйлықтар қарастырылған. Сондай-ақ 20 жылдық мерейтой аясында көптеген қызметкер төсбелгілермен марапатталды, – деді екінші кезеңді қорытындылаған Айбек Қадралиев.

«Өнер» аталатын қорытынды кезеңде үміткерлер дайындап келген қойылымдарын сахналады.

Тартысқа толы жарыстың қорытындысымен бас жүлдеге Шу қалалық жастар ресурстық орталығы лайық деп танылды. І орынды Мойынқұм аудандық жастар ресурстық орталығы иеленсе, ІІ орынға Т.Рысқұлов ауданының жастары жайғасты. Жамбыл аудандық және Тараз қалалық жастар ресурстық орталықтары ІІІ орынды өзара бөлісті.

Осылайша «UZDIK ORTALYQ – 2024» байқауы өңірдегі жастар ресурстық орталықтары саяси ұйым ғана емес, шығармашыл орта екенін көрсетті.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Деген екен
Алдыңғы мақала
Деген екен

Ұқсас жаңалықтар