Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Бүйрек аурулары өршіп барады

Бүйрек аурулары өршіп барады
Ашық Дереккөз
Жыл санап елімізде бүйрек аурулары өршіп барады. Қазақстанда 10 мыңнан аса адам диализге тәуелді. Ал облысымызда 2 000-ға жуық адам бүйрек жеткіліксіздігімен есепте тұр екен.

Жалпы жер бетінде созылмалы бүйрек аурулары 840 миллиондай адамнан анықталса, шамамен бұл – планета тұрғындарының 13,4 пайызы. Бүйректі алмастыру терапиясына, диализге 4,9 миллионнан бастап 7 миллионға жетеғабыл науқас тәуелді. Ал Қазақстанда қазіргі таңда халықтың 10-12 пайызы созылмалы бүйрек ауруларына шалдыққан.

Мамандардың пікірінше, созылмалы бүйрек аурулары ағзада бірден байқалмайды, өкінішке қарай, көп жағдайда асқынған, жанға батқан кезде ғана анықталып жатады. Ал мұның салдары дертті жандарды аптасына кемінде үш рет 4-5 сағаттық қан тазарту процедурасына байлап қана қоймай, бүйрек трансплантациясына, донорлық бүйректі іздеуге, күтуге тәуелді ететіні аян. Ал мұндай амалдар өте қымбат тұратынын ескерсек, СБА-ны асқындырмай анықтау, емдеу – уақыт өткізбей жасалатын қадам.

Осы орайда біз жуырда қалалық көпбейінді аурухананың консультативтік диагностикалық орталығының нефрология бөлімшесіне арнайы барып, мамандармен сөйлесіп, бүйрек ауруларына қатысты көпшілікті толғандырған сұрақтарға жауап алуға тырыстық.

Нефролог, қалалық көпбейінді аурухананың консультативтік диагностикалық орталығының нефрология бөлімшесінің меңгерушісі Парида Құрманбаева 35 жылдық еңбек өтілі бар білікті дәрігер. Айтуынша, қалалық ауруханада еңбек етіп келе жатқанына 20 жыл болыпты.

– Қазіргі таңда нефрология бөлімшесінде 29 төсек-орын бар. 23 науқас емделіп жатыр. Бөлімшеде 17 медициналық қызметкер жұмыс істейді.Мұнда біз жедел және созылмалы бүйрек жетіспеушілігі, гломерулонефрит, пиелонефрит, нефротикалық синдром, бүйрекке тас байлану, қант диабеті және гипертензияға байланысты нефропатиялар, поликистикалық бүйрек ауруы, зәр шығару жүйесінің инфекциялары ауруларын емдейміз.Бүйрек аурулары дегенде көбіне адамдар тек бүйрек ауырады екен деп шатасып жатады. Біздің бөлімшеде қант диабетімен ауыратындар жатады. Бүйрек ауруының себебі көп.Өте ауыр жағдайдағы адамдар көптеп түседі. Бүйрек істемей қалған кезде келу өте қауіпті. Науқасты тез арада реанимацияға жатқызып, қанын тазалаймыз, науқастың ауруына байланысты ем тағайындаймыз. Дәрігерлер ақылдаса отырып не істейтінімізді шешеміз. Тіпті психологқа дейін шақырамыз, – деді Парида Жорабекқызы.

Біз барғанда бөлімшеге зәрі жүрмей қалған науқасқа кеңес беру үшін арнайы трансфузиолог дәрігер Динара Тілеуназарова келіп отыр екен.

– Біздің жұмыс та оңай емес. Қай жерде, қай науқасқа қан құю қажеттілігі бар, біз сол жерде жүреміз. Яғни бізді кеңес беруге шақырады. Қан құюдағы трансфузиологтың рөлі өте маңызды. Трансфузия – ағзаға сырттан бөтен қан енгізу процесі. Бұл процедура дұрыс ұйымдастырылмаса, ауыр аллергиялық реакциялардан бастап, өмірге қауіпті асқынуларға дейін алып келуі мүмкін. Трансфузиолог дәрігер қан компоненттерін дұрыс іріктеп, құюдың қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз етеді. Трансфузиологтың жұмысы – медицинадағы аса жауапты салалардың бірі. Себебі ол науқастың өмірі мен денсаулығын тікелей сақтап қалуға жауапты, – дейді дәрігер Динара Бақытқызы.

Нефролог Парида Жорбекқызы жақында ғана Астана қаласында өткен нефрологтар конгресіне қатысып келіпті. Онда бүйрек ауруларын басқарудың үздік практикалары талқыланыпты.

– Маңызды басқосуға 400-ден аса жетекші дәрігер, диализ мамандары мен трансплантологтар жиналды. Конгрестің панельдік пікірталастарында еуропалық амбулаториялық қауымдастықтың, Германияның, АҚШ-тың, Ұлыбританияның, Түркияның, Сауд Арабиясының, Ресейдің, Өзбекстанның және Қырғызстанның ғалымдары мен тәжірибешілері баяндама жасады.Бүйрек аурулары әлемде 750 миллионнан аса адамға, оның ішінде 2 миллионнан астам қазақстандықтың бас ауруына айналған өзекті мәселе. Конгресте сөйлеген сөзінде ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бүйректің созылмалы ауруын (ҚҚСД) ерте сатысында диагностикалау мен емдеуге көңіл бөлу аса маңызды екенін атап өтті. Ал Қазақстан Республикасының бас штаттан тыс нефрологы Салтанат Туғанбекова ҚҚСД-ны ерте анықтау үшін алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлерінің сақтығын арттырудың ерекше маңыздылығын жеткізді. Сонымен қатар бүйрек аурулары туралы халықтың хабардарлығын арттыру керектігіне баса тоқталды.Сол жиында бүйректің созылмалы ауруы бар пациенттерге көрсетілетін медициналық көмекті жақсарту мақсатында министрліктің бірқатар шараны қабылдайтыны айтылды. Атап өтер болсақ, жоғары медициналық оқу орындарының клиникалық базаларында нефрология бойынша республикалық Нефрология орталығы мен өңірлік құзыреттілік орталықтары құрылады, реципиент пен донордың паспортын ескере отырып, күту парағын қалыптастыруды өзектендіру жүргізіледі, кадрларды даярлау «Нефрология» мамандығы бойынша резидентураның жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес жүргізіледі, гемодиализге, перитонеалды диализге және бүйрек трансплантаттауына жоғары шығынды қызметтер көрсету сапасының мониторингі.Конгресс алаңында бүйректің созылмалы ауруы проблемаларының аса маңызды пәнаралық және үйлестіруші аспектілері, ҚР денсаулық сақтау саласының диализ және бүйрек трансплантаттауына жұмсалатын әлеуметтік-экономикалық шығыстарының ауыртпалығын талдау, ғылыми-білім беру платформасын қалыптастыру және халықаралық деңгейдегі емдеу мен диагностиканың инновациялық технологияларын енгізу мәселелері талқыланды. Көптеген маңызды мәселе көтерілген жиыннан үлкен тәжірибе жинап қайттым, – деген Парида Жорабекқызы кеңес ретінде бүйрек ауруларының айрықша белгілеріне тоқталды.

Сонымен, бүйрек ауруының белгілері қандай?

Зәрдің көбіктеніп, түсінің өзгеруі, бойдағы әлсіздік, кіші дәретке отыру жиілігі, іштің ауыруы мен жүректің айнуы, қан қысымының көтерілуі аурудың негізгі белгілері болып табылады. Дерт асқынған жағдайда зәрде қан байқалып, дене қалтырап, бөртпелер пайда болып, адамда мазасыздық пайда болады. Бүйрек ауруы кезінде спорттың ауыр түрлерімен мүлдем айналысуға болмайды. Атап айтсақ, бокс, футбол, күрес, жекпе-жек өнері. Себебі бүйрекке ауыртпалық түсіп, асқынып кетуі мүмкін. Сондықтан да өз денсаулығыңызға жауапкершілікпен қараңыз.

«Денсаулықтың қадірін ауырғанда білерсің» демекші, аурудың алдын алып, бойыңызды сырқаттан сақтаңыз. Дәрігерге уақытында қаралып, тексеріліңіз. Кейін көрінемін деп жүргеніңізде уақыттың қалай өтіп кеткенін аңғармай да қаласыз.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар