Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Биыл қыс қандай болады?

Биыл қыс қандай болады?
Ашық Дереккөз
Даланың қас-қабағын бағып өскен ата-бабамыз кезінде ауа райына қатысты құбылыстарды жұлдыздарға, үй жануарлары мен аң-құстардың, түрлі жәндіктердің әрекетіне қарап болжаған. Осының ішінде біреу тек аспан денелеріне бақылау жүргізу арқылы болжам жасаса, енді бірі бұрын болған табиғи құбылыстарды жазып немесе есінде сақтап, желдің, боранның, аяздың, ыстықтың алдағы уақытта қай күнге дөп келетінін есептеп шығаратын болған.

Сондықтан да халық олардың әрқайсысына ауа райына болжам жүргізу тәсіліне қарай жұлдызшы, есепші, болжаушы деген секілді атаулар берген. Сәуегейлердің қай-қайсысы болса да жылдар бойы жинақтаған білімін өз тәжірибесінде қолданып, күнделікті өмірде болатын ауа райының өзгерістерін алдын ала тап басып айтып отырған.

Ауылда жүргенімізде көктем мезгілінде дауылдың тек батыстан тұратынын, ол бір тәуліктен асса үш күнсіз басылмайтынын, шығыстан тұрған жел суық болатынын, ал аптаға ұласар болса, салдарынан көктің көтерілуі қиындап, қарабас раңның жерден сәл-ақ биік болып қалатынын талай байқағанбыз.

Жасы үлкендер де желдің бағыты мен күшіне қарап: «Ұзақ уақыт оңтүстіктен соққан жел бағытын өзгертіп, шығыстан соқса, ауа райы оңалады. Егер бағытын өзгертіп, батыстан соқса, ауа райы бұзылады. Бұлт ортасынан ыдыраса, күн райы күрт бұзылады, шетінен бастап ыдыраса, оңалады. Көкжиектен будақ бұлт шығып, өркештене көтеріліп барып тарап кетсе, қатты жел тұрып, үскірік аяз болады. Жаздың шілдесінде болған ыстық қыста аяз ретінде қайталанады. Аяқ-қолы сынған адамдардың сай-сүйегі сырқыраса, күн бұлттанады, ит аунаса жаңбыр жауады», деп айтып отыратын.

Бұлт қаратүнектене аспанды торласа және жылдам қозғалып келе жатса жаңбыр жауатынын әр адам біледі деп ойлаймыз. Өйткені бұл екінің біріне мәлім жайт. Сол секілді халық арасында мал отықпай, ықтай бастаса көп ұзамай қатты жел тұратыны, күн ұясына қызарып батса ертесіне күн ыситыны, ай қызыл түске боялса ауа райының бұзылатыны секілді болжамдар өте көп.

Бұрынғы байқампаз бабаларымыздың айтып кеткен жорамалына қатысты деректерді ғаламтордан да іздеп көруді жөн санап, халықтық тәжірибеден алынған кеңестерді қарап отырғанда бұрын естіп-көрмеген ауа райына қатысты болжамдарды да кезіктірдік. Мәселен, қазан айында күн күркіресе, қыс ұзаққа бармайды екен. Жазда найзағай көп ойнаса, қыс жылы болатын көрінеді. Онда күз белгісінен ең алғаш аққайың хабар беретіні жазылыпты. Оның сарғайған жапырағы сабағынан үзілген сәтте ауада біраз қалықтап барып жерге түссе, көп ұзамай ауа райы бұзылмақ. Жаңбыр немесе боран аптаның жұма күні басталса, ол міндетті түрде келесі жұмаға дейін созылады-мыс. Қыстыгүні бұлт желге қарсы жөңкілсе, қар жауатын болған.

«Будақ бұлт көк жүзін жапса, аттың қара қапталынан келетін қар жауады. Жаз айларында көк шөп бозаң тартса, сарымсақтың қабығы қалың бітсе, қыс қысып береді. Шөптің буыны ерте қатайса, ол жайсыз қыстың белгісі. Тікендер мен алаботаның сабақтары иіле түссе, күн суытады. Емен ағашының ұрығы көп болса, қыста сақылдаған сары аяз күтіледі. Жаздыгүні аралар омартаға кіріп-шығатын тесікті жартылай жапса, қыс суық, тесік толық ашық тұрса, қыстың жылы болатынының белгісі. Өгіз құйрығын шаншып жоғары көтерсе, қатты жел соғады. Қарға ерте көктемде суға шомылса, күн жылынады. Торғай шаңға аунаса, жаңбыр жауады. Тұман жер бауырлап құласа, күн ашылады. Бұлт жер бауырлап түссе, күн суытады. Жаңбырдың тамшысы ірі болып түссе, дымқыл күн ұзаққа созылады» деп те болжаныпты.

Жалпы қазақ халқы жыл сайын бір мезгілде қайталанып тұратын қолайсыз ауа райына «құс қанаты», «бесқонақ», «қызыр қамшысы», «құралайдың салқыны», «бөрі сырғақ» деген секілді атау берген. Мысалы, ақпан айында ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боран болатын «бөрі сырғақ» кезінде жұрт жолға шықпаған, жоспар құрмаған. Мысалы, наурыз айы ортасынан ауғанда болатын «бесқонақтың» уақытында да ауа райы қанша шуақты болғанымен табан астында күн бұзылып, қамданбағандарды қапы қалдырған кездер болған. Тіпті жолаушының адасуы, суықтан үсіп өлуі сияқты оқиғалар орын алған.

Халқымыз «Таразы туса – таң суыр, сүмбіле туса – су суыр» «Сүмбіледе су мұздайды, сұмырай ұйықтайды», «Нөсер алдында найзағай ойнайды», «Ақпан ақырып келеді», «Үркерлі айдың бәрі қыс», «Қыс қырға, жаз сайға қонба», «Ықтырмаң болмаса желге өкпелеме» деген секілді мақал-мәтелді де текке айтпаған. Мұндай мақал-мәтелдердің астарында адамды табиғи апаттан, қауіп-қатерден сақтандыратын нақыл жатыр.

Негізі қарапайым халық осы кезге дейін табиғат құбылыстарын бақылау арқылы ата-бабамыз айтып кеткен болжамдар мен нақыл сөздерге сүйеніп күн кешкені белгілі. Қазіргідей технология қарыштап дамып, керегіңнің барлығы ғаламторда тұрған заманда бұл әдісті қолданатын немесе ауа райын болжаушылардың ауызын бағып тірлік қылатындар сирек. Десе де біз қазіргі уақытта да өзі үшін ауа райын болжап, соған сай амал қылатын Байзақ ауданы, Аққия ауылының тұрғыны Сенбек Байдуановқа хабарласып, шаруамыздың жай-жапсарын түсіндірдік. Ол кезінде кеңшардың малын баққан, тірлігіне пысық, белді шопанның бірі болған еді. Әңгіменің әлқисасын «Биыл қыс қалай өтеді?» дегеннен бастап, ауа райын қандай тәсілмен болжайтынын, қазіргі уақытта мұның маңыздылығы бар-жоғын сұрап білдік.

– Ауа райын болжау өзім үшін керек. Шаруа адамы болғаннан кейін қолымыздағы бес-он тұяқтың амандығы үшін қысқа қамдану маңызды. Мен бір айда ауа райының қалай болатынын айдың тууына және өліараның өту барысына қарап бағамдаймын. Мысалы, жаңа ай туғанда тікесінен-тік тұрса – шаруаға жайлы. Ал шалқалап жатса – өзіне жайлы, шаруаға жайсыз. Сонымен қатар өліараның да маңыздылығы зор. Өліара деп қазақ ескі ай бітіп, жаңа ай туғанға дейінгі кезеңді айтады. Бұл екі-үш күндей аспанда ай көрінбейтін аралық. Осы кезде қандай табиғи құбылыс байқалады, яғни өліара қалай өтеді, ай да солай аяқталады. Ал қыс, жаз, көктем секілді жыл мезгілдерін болжауға келгенде есепке жүгінемін. Мәселен, алдағы қыс жылы болады әрі ұзаққа созылмайды. Осы жылдың аяғында да, келесі жылдың басында да қар қалың түспейді. Желтоқсан айының екінші жартысында күн бұзылып, ара-тұра жауын-шашын түсіп, кей жерде қар аралас жаңбыр жауады. Кей жерде жауынның арты қарға айналып, көп уақыт өтпей еріп кетіп отырады. Қаңтарда да 15-20 күн ғана аяз болады. Ақпан айында жұқалап болса да қар жауып, аяз болғанымен аязды күндер аз болмақ, одан ары көктемнің иісі сезіледі. Жалпы көктем ерте шығады.Біздің облыс оңтүстік өңірге жататындықтан қыстың 3-4 айға созылуы сирек. Дегенмен кей жылы қыс ерте түсіп немесе көктемнің кеш шығуы шаруаларды айтарлықтай шығынға ұшыратып кеткені жасырын емес. Қыстың шілдесі осы айдың бесіне кіріп, ақпанның 25-іне шығатын болғандықтан аязды күндер мен боран, жауын-шашын, бұрқасын осы уақыт аралығында орын алады. Сондықтан шаруалар жазда осы кезеңге қамданып, лажы болса жемшөпті молынан дайындап алуы керек. Өйткені қазақ «Қыстың бір күні қалғанша қорық», «Сәуір болмай тәуір болмайды» деп текке айтпаған. Мұны айтып отырған себебім, күн ерте жылынып, көктемнің ерте шығатыны біліне бастаса да соңғы қауқарын бойына жинаған қыс қыстығын көрсетіп, уақ мал 4-5 күн қолға қарап қалса, жемшөбі жоқтардың қолына таяқ ұстап шыға келуі ғажап емес. Негізінде уақ малдың қолға қарайтын сондай бір сәттері болады. Сол кезде бермеген шөптің одан кейінгі пайдасы шамалы. Сондықтан қораны жылы ұстап, жемшөпті молынан дайындау аса маңызды, – деді С.Байдуанов.

Ауа райының ғылыми тұрғыда зерттелуі, оның шығарылған қорытындысы біз үшін аса маңызды. Осы ретте біз «Синоптиктер не дейді?» деген ой жетегімен «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік мекемесінің облыстағы филиалына бас сұқтық. Аталған мекеменің метеорологиялық болжамдар және байланыс бөлімінің басшысы Әсия Ермекбаева ауа райын болжауда қолданылатын әдістер мен алдағы қысқа қатысты болжамдар жайлы айтып берді. Дегенмен біз қыстың қалай өтетіні туралы тек еліміз бойынша деректі ала алдық. Оның өзі нақты емес, тек консультациялық болжам ғана.

– Бір айлық болжамның өзі нақты болжамға жатпайды. Бір апталық ауа райы шындыққа жақын, ал нақтысына бір күндік болжам жатады. Өйткені ауа ағымы орнықты болмаса, яғни бір жақтан екінші жаққа оқыстан ауып келген жел немесе жергілікті ауа райының өзгешелігі кей жағдайда болжамды жоққа шығарады. Маусымдық ауа райы болжамы жылына 6 рет шығарылады. Мәселен, болжам суық және жылы жартыжылдыққа қатысты екі мәрте, қалғаны қыс, көктем, жаз, күз мезгіліне орай жасалады.Еліміз бойынша 2024-2025 жылдарға арналған қысқы консультативтік маусымдық ауа райы болжамына келсек, желтоқсан айында Қазақстанның басым бөлігінде жиі циклондық әрекеттердің әсері байқалады. Әдетте бұл құбылыстар қар жауумен, борандармен және екпінді желмен қатар жүреді. Елдің оңтүстік бөлігінде жаңбыр, сулы қар жаууы мүмкін. Ал таулы аймақтарда қарлы жауын-шашын күтіледі. Батыс және оңтүстік өңірлерде жиі көктайғақ пен тұман болады. Солтүстік-батыс және солтүстік антициклондар әсерінен ауа температурасының күрт төмендейтін күндері де кездеседі. Желтоқсан айында ауа температурасы жиі өзгеріп, «температуралық ауытқулар» байқалады.Айдың бірінші жартысында түнде ауа температурасы -18,-23°С-дан -7-12°С-ға дейін, күндіз -4+1°С-дан -8-13°С-ға дейін ауытқиды. Айдың екінші жартысында түнде -25,-37°С-ға, күндіз -15,-25°С-ға дейін төмендеуі болжануда. Үшінші онкүндікте кейбір күндері аяздың беті қайтып, күн сынуы мүмкін. Оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарда түнде ауа температурасы -10-18°С-дан 0,-5°С-ға, ал күндіз 0,-5°С-дан +3+12°С-ға дейін көтеріледі. Желтоқсанның үшінші онкүндігінде кей күндері аяз түнде -15-22°С-ға, күндіз -5-13°С-ға дейін күшейеді.Жалпы желтоқсан мен қаңтарда Қазақстанның басым бөлігінде ауа температурасы климаттық норманың шамасында болады деп күтілуде. Ақпан айында республика бойынша ауа температурасы нормадан 1°С-ға жоғары болатыны болжануда. 2024-2025 жылдардағы қыс мезгілінде температуралық режим климаттық норманың шамасында болады. Жауын-шашын мөлшері көпжылдық нормадан асып түсуі мүмкін. Дегенмен жауын-шашынсыз және аномалды төмен температуралы кезеңдер де болуы ықтимал, – деді Әсия Байторайқызы.

Маманның айтуынша, облысқа қатысты бір айлық болжам ғана жасалады екен. Осы жылдың желтоқсан айындағы орташа температура 0,6 – 6,7°C-ға тең суық болады деп күтілуде. Бұл қалыпты көрсеткішке жататын көрінеді. Жауын-шашын мөлшері айлық норма шамасынан жоғары, яғни ол 11-49 миллиметр шамасында болмақ.

– Осы айдың бірінші онкүндігінің басында ауа температурасы түнде -2,-7°С, күндіз -1, +4°С аралығында болады. Облыстың оңтүстігінде 9-12°С, батысында 17°С-ға дейін күннің жылуы байқалады. Соңына қарай температура төмендейді. Екінші онкүндікте түнде -1,-4°С, күндіз -3,+7°С шамасында, оңтүстікте 8-13°С-ға дейін жылу сақталады. Онкүндіктің соңында ауа температурасы төмендеуі ықтимал. Үшінші онкүндікте түнде -3-8°С, күндіз -0,5,+5°С аралығында болады, бірақ кейбір күндері температура төмендеуі мүмкін. Ай ішінде жиі-жиі қар жауып, секундына 15-20 метр жылдамдықтағы жел күшейеді. Бірінші және екінші онкүндіктің соңында тұман түседі. Бұл мәліметтер желтоқсан айында табиғаттың құбылмалы болатынын көрсетеді, – деді Ә.Ермекбаева.

Синоптиктер сәуегей емес. Сондықтан олар ұзақ мерзімге нақты болжамдар бере алмайды. Олар тек ауа райының қазіргі жағдайына ғана қатысты нақты болжам жасайды. Алайда синоптиктердің де, ауа райын болжаушының да айтқандарында аса қатты айырмашылық жоқ сияқты.

 

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар