
Меркі ауданында жалпы тұрғындар саны 88 627 адам болса, оның ішінде 14-35 аралығындағы жастар саны – 27 797. Бұл халық санының 31 пайызын құрайды.
Меркі аудандық жастар ресурстық орталығы осы жылдың 9 айында рухани-адамгершілік, әскери-патриоттық, спорттық, мәдени-шығармашылық, құқықтық, діни, психологиялық-танымдық, жастарға кеңес беру, экологиялық мәдениет, этносаралық келісім, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша 992 іс-шара ұйымдастырып, оған 36 953 жас тартылыпты. Аталған орталық жанынан құрылған «Merki eriktileri» волонтерлік қозғалысының 11 бағыты бойынша 466 іс-шара көрініс тапса, оған 5 320 ерікті қатысқан. «Отбасының цифрлық картасының» орындалуы барысы бойынша аудан аумағында уақытша бос жүрген (NEET) жұмыссыз жастарды өзектендіру үшін орталық мамандары 3 518 жастың мекенжайын жүйелендірген. Нәтижесінде 1 838 жасқа өзектендіру жұмыстары жүргізіліп, меже 52,25 пайыз орындалған.
– Қазіргі таңда 1 680 жасқа өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, 454 жас жалдамалы жұмыста жүрсе, 178 өрен тіркелмеген жұмыссыздар қатарында. 369 адам үй шаруасында болса, 341-і шетелде. 332 азаматтың тіркелген мекенжайда тұрмайтыны анықталса, біреуі ресми жұмыс істейді, тағы бірі үй қамағында. Жеке қосалқы шаруашылықтағы жұмыста екі адам жүрсе, тағы осыншамасы мүгедектігі бар азамат.Жастар ресурстық орталығына қатысты 2 нысаналы индикатор белгіленген. Атап айтсақ, 2024 жылға арналған «Жасыл ел» жобасы аясында маусымдық жұмыспен қамтудың индикаторлық көрсеткіші бойынша 105 жасты маусымдық жұмыстарға тарту жоспарланған болатын. 2024 жылдың сәуір және мамыр айларында «Жасыл ел» еңбек жасақтарының құрамына барлығы 95 азамат қоғамдық жұмысқа тартылды. Нәтижесінде аудан көлемінде 35 500 шаршы метр аумақ тазаланып, 25,3 тоннаға жуық күл-қоқыс шығарылды.Түйінді нысаналы іс-шаралар бойынша 15 индикаторлық көрсеткіш белгіленіп, 9 айдың қорытындысы бойынша барлығы өз деңгейінде жүргізілді. Жастарды жұмысқа орналастыру, «Кеңес беру алаңдарын», лудоманияның алдын алу, волонтерлік қызметті дамыту, есепте тұрған, тәрбиесі қиын жастар мен кәмелетке толмағандармен кездесу ұйымдастыру, балалар мен жастарды адамгершілік бағытта тәрбиелеу, құқықбұзушылық пен қылмыстың алдын алу, діни сауаттылықты арттыру, уақытша бос жүрген жастардың қатысуымен іс-шаралар өткізу жұмыстары бойынша меже орындалды. Мүмкіндігі шектеулі жастар арасында да іс-шаралар ұйымдастырылып, нашақорлықтың алдын алу бағыты бойынша жұмыстар жүргізілді. Отбасылық зорлық-зомбылықтың алдын алу, жастар арасында этносаралық қатынастарды нығайту, кибербуллингтің, буллингтің, суицидтің алдын алу бағытындағы іс-шаралар өз деңгейінде ұйымдастырылды. Жастардың жеке мәселелері бойынша 2024 жылғы 9 айдың қорытындысымен 12 қоғамдық қабылдау өткізіліп, оған жалпы 33 жас қайырылды. Нәтижесінде 7 өрен «Жасыл ел» жобасы бойынша жұмысқа орналасса, «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы арқылы Жамбыл ауылдық округі әкімінің аппаратында 2 адам еңбек жолын бастады. Екі тұрғын Ойтал ауылдық округі әкімінің аппаратына жұмысқа тұрды. Біздің орталық та екі азаматты жұмысқа алса, оның бірі ақылы қоғамдық жұмысқа орналасты. Сондай-ақ бір топ жас Ақермен, Кеңес, Меркі, Ақарал, Т.Рысқұлов ауылдық округіне және біздің орталықтың жастар ісі жөніндегі инспекторы болып жұмысқа тұрды. Тағы бірі Кеңес ауылдық округінде көлік жүргізушісі болып еңбекке араласты, – дейді орталық директоры Нұрбек Жұманазаров.
Орталық тарапынан екі ірі жобаны іске асыру қолға алыныпты. «Жастарға кеңес» атты жоба аясында барлық ауылдық округтердегі жастарға түрлі сала аясындағы мәселелер бойынша кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында 30 көшпелі кеңес беру алаңы өткізілген. Осы іс-шара аясында 1 986 тұрғын мен жастар қамтылыпты. Ал «Ізгі іс» атты волонтерлік қайырымдылық жобасы аясында 72 іс-шара өткізіліп, оған 652 белсенді тартылған.
– Бұл жоба аясында 25 аз қамтылған отбасыға азық-түлік таратылып, 47 жалғызілікті қарияның үй шаруасына көмек көрсетілді. Жастар – ел ертеңі. Үміт пен сенімді ақтау сол буынның парызы. Сол себептен де жастар қазіргі қоғамның жетекші күші ретінде еліміздің дамуы үшін жауапты екені мәлім. Еліміздің тарихы мен мәдениетінің тағдыры, дамуы мен жаңғыруы жастарға байланысты. Бұл орайда жастар да өзіне жауапкершілік алып, болашаққа жоспар құруды, алысты ойлауды, нақты әрекеттер мен ізденісті дағдыға айналдыруы тиіс. Әсіресе білім алуға құштарлық, тіл меңгеру, прагматизм, тәжірибеге төселу, жаңашылдық керек. Жастардың өзі заман ағымына сай болса ғана даму мен ілгерілеу болады. Әрі қоғамдағы, елдегі жайларға, әлемдегі өзгерістерге бейжай қарамай, өз позициясын қалыптастыру, жеткізу, пікір алмасу, ойын ашық айтып, белсенділік таныту да аса қажетті іс. Жастар белсенділік арқылы ғана өз потенциалын толық ашуға мүмкіндік алады. Жастар қай заманда, қай елде болсын асқақ арман мен үміт, биік ар мен өр намыстың символы болған.Осы орайда аудан жастарымен еркін форматтағы кездесу тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Біз жастарға жан-жақты қолдау көрсетіп, жігері мен құлшынысын дұрыс арнаға бағыттап отырмыз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, бүгінгі жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Яғни отаншыл, білімпаз, еңбекқор, әділ әрі жанашыр болуы тиіс. Мемлекет бүгінде өскелең ұрпақтың сапалы білім алуына, ғылыммен айналысуына, жұмысқа орналасуына, баспанамен қамтылуына және жеке кәсібін бастауға жан-жақты қолдау көрсетуде. Мұның барлығы жастардың өзекті мәселелерін шешуге бағытталады. Ең бастысы, оның механизмі жастар үшін қарапайым әрі түсінікті болуы керек. Жастар болашақтың жарқын айнасы іспетті. Бұл сөздің мағынасына үңілсек, «еңбек» деген ұғыммен байланысып жатқанын ұғуға болады. «Еңбектің наны тәтті» деп бекер айтылмаса керек. Қай саланы алып қарасақ, мерейін үстем еткен үкілі азаматтар ащы терін сығумен биіктерге жеткен. Әрбір жас өзінің туған Отаны – Қазақстанды жанындай сүйіп өсуі қажет. Сонда ғана жас ұрпақтың бойында патриоттық сезім ұялап, келешегіміз кемел болады. Біз осы бағыта тиісті жұмыстар жүргізіп келеміз, – дейді директордың орынбасары Айбек Күшікбай.
Меркі аудандық жастар ресурстық орталығында қадр тұрақсыздығын жою мақсатында еңбекақы 60 пайызға көтеріліпті. Мекемеде мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, жұмысқа орналасу мәселелері, волонтерлік қызмет, жастар бастамаларын қолдау бойынша және құқықтық, психологиялық көмек көрсетіледі екен. Коворкинг бөлімі де жүйелі жұмыс істеуде.
Орталықтағы жоғары оқу орнын бітірген қызметкерлердің алды 195 мың теңге еңбекақы алса, ал арнаулы орта білімі бар мамандар 110 мың теңге айлықақы алады. Компьютер секілді құрал-жабдықтар толық жаңартылған. Әйтсе де шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Аудандық жастар ресурстық орталығының ғимараты тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің меншігінде. Дейтұрғанмен жастардың өз алдына ғимараты болғанға не жетсін? Сондай-ақ басқа жақта өтетін жарыстарға немесе семинарларға, ауылдарды аралауға шыққанда қызметкерлердің жеке автокөлігін пайдалануға тура келеді. Кейде қосымша аудандық «Меркі жолаушы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің автокөлігін келісімшарт бойынша жалдайды. Сол себепті орталыққа аудан әкімдігі тарапынан алдағы уақытта бір топ адам сыятын көлік берілсе, мәселе оңынан шешілмек.
– Бүгінгі таңда аудандағы жастар арасында жұмыссыздық саны артуда. Бұл ретте орта білімді былай қойғанда, жоғары білімі бола тұра жастардың жұмысқа кіре алмауының себебі неде екені бізді де ойландырады. Дегенмен көптеген жастың мектептен кейін танымал мамандықты игергісі келетіні ақиқат. Мамандар көп жерде бәсеке де жоғары болатынын олар ескере бермейді. Сондықтан жастар болашақта жұмыссыз сандалмас үшін барлық жоспарды еңбек нарығын ескере отырып құруы керек. Жастық қуатты болмашы дүниемен сарқу, тірліксіз үйде қарап отыру, мынау таза жұмыс, мынау қара жұмыс деп бөлу қол-аяғы бүтін адамға ерсі қылық. Жастар арасында біз осы мәселені де түсіндірудеміз. Сонымен қатар оларды жұмысқа орналасуға, дайындауға, цифрлық сауаттылықтарын арттыруға, инновациялық және кәсіпкерлік қызметін жандандыруға жәрдем береміз, – дейді Нұрбек Рысбекұлы.
Мұнда жастардың бос уақытын және демалысын ұйымдастырумен, шығармашылық, өнер және ойын-сауық саласындағы қызметті іске асыратын ұйым да жұмыс істейді. Олардың міндетіне жастар бастамаларын, жобаларын іске асыру, шығармашылық әлеуетті дамыту, фестивальдар, мәдени-ойын-сауық іс-шараларын өткізу, жастар бірлестіктерін, бастамашыл және шығармашылық топтарды қолдау жатады.
«Болам деген баланың бетін қақпа, белін бу» дегендей, Меркі өңірінде мемлекеттік жастар саясатын дамыту бағытында тындырымды тірліктердің іске асып жатқанына куә болдық. Ендігі кезекте жоғарыда аталған түйткілдердің түйіні тарқатылса, жүйелі жұмыстың одан әрі жандана түсетіндігі сөзсіз.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ