Дәурен – Ә.Бөкейханов атындағы №1 гимназия директорының орынбасары, математика пәнінің мұғалімі. Жас маман таяуда ғана ҚР Оқу-ағарту министрлігі ұйымдастырған республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауының жеңімпазы атанды.
Мұғалімдік – қоғамдағы ең маңызды және құрметті мамандықтардың бірі. Ұлағатты ұстаз атану үшін терең білім аздық етеді. Табандылық, оқушыларды шабыттандыра алатын қабілетке ие болу қажет. Аталған қасиеттер бойынан табыла білген кейіпкеріміз оқушыларды білім нәрімен сусындатып, көп жанның тісі бата бермейтін ғылымға баулып келеді. Оның шәкірттері облыстық, республикалық, тіпті халықаралық олимпиадалар мен байқауларда топ жарып жүргенін айта кету керек.
– Математикаға деген қызығушылығым бала кезімнен басталды. Мектепте жүргенде алгебра пәнін сүйіп оқыдым. Ұстаздық жолды таңдауыма өзімнің мұғалімім әрі анам Дариға Жанұзақова ықпал етті. Анам әлі күнге дейін математика пәнінің мұғалімі ретінде қызметін жалғастыруда. Болашағыңа тікелей әсер ететін өмірлік жолыңдағы ең маңызды қадам – мамандық таңдау. Сондықтан ойлана келе, кішкентай кезімнен есеп шығаруға қызығушылығым бар екенін ескере отырып, ұстаздық жолды таңдадым, – дейді Дәурен Естайұлы.
Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін үздік аяқтаған ол мұғалімдік қызметін Қарағанды қаласындағы А.Байтұрсынұлы атындағы мектеп-гимназиядан бастайды. Ұстаздық еткен алғашқы жылдардың өзінде-ақ кейіпкеріміз өзінің ең әуелгі міндеті оқушыларға математика ғылымының есеп пен формула ғана емес, идеяларға, мүмкіндіктерге толы тұтас әлем екенін ұғындыру екенін түсінеді. Жас маман өрендер алгебраны формулалар мен есептердің жиынтығы ретінде қабылдамай, практикалық мәнін түсінгенін қалайтынын жеткізді. Қарапайым тілде айтсақ, күнделікті сауда-саттықты, шахмат ойынын, жұмыс кестесін жасау, тіпті жолға асфальт төсеу, ғарышқа зымыран ұшыру және тағы басқа іс-әрекеттер математикалық есептеулер арқылы жүзеге асады. Дәурен болса, әр сабағын білім алушы ұл-қыздар бұл ғылымға терең бойлағысы келмесе де математиканың негізгі ережелерін меңгеріп алса деген жанашырлықпен өткізеді.
– Математика – тарихы ұзақ ғылым. Математика адамдарға ой салу арқылы толғандырады, адамдардың ойын жетілдіреді. Басқа ғылымдар да адамның ойын жетілдіреді, алайда кеңдік, тереңдік, жүйелілік тұрғысынан алғанда оларды математикамен теңестіруге келмейді. «Математика – ойдың гимнастикасы» деп айтуының себебі осы болса керек. Олай болса, математика ойды зерттейтін, дамытатын ғылым екендігі анық. Математика көп еңбек пен терең ойды кажет етедi. Қабілет пен еңбек болса, қалғаны уақыт өте келе болатын дүние. Мектепте оқып жүрген кез келген шәкірт үшін бұл пәннің өзіндік қиыншылықтары бар. Шебер педагог әр баланың жүрегіне жол таба білуі қажет. Педагогикалық қызмет жолымда бірнеше баланың осы саланы меңгеріп қана қоймай, өзімнің ізбасарым ретінде қалыптасуына көп ықпалымды тигізе алдым. Есепке үйретудегі қиындықтарды креативті, ұтымды әдістер арқылы түсіндіру негізінде жоюға болады. Балаларды талдауға, дәлелдеуге, қорытынды жасауға үйрету маңызды. Барлық ғылымдардың логикалық негізі болғандықтан математика оқушының дұрыс ойлау мәдениетін қалыптастырады әрі дамытады. Оқушылардың математикалық білімін көтерудің ең басты шарты – оның пәнге деген қызығушылығын арттыру. Мысалы, жаңа тақырып өткенде, ең алдымен, алдыңызда отырған әр баланың назарын өзіңізге аударуыңыз керек. Оқушы зер салып тыңдайтындай ету қажет. Кейбір оқушы тез қағып, ұғып алса, енді біреуі баяу қабылдайды, осыны да ескерген жөн. Балаларды үнемі жігерлендіріп отыру керек деп есептеймін. Математиканы жақсы бiлген оқушыға басқа пәндердi игеру қиынға соқпайды, – дейді жас педагог.
Д.Естаев математика пәнінен сабақ берумен қатар, сынып жетекшісі қызметін де атқарады. Оқушылары ұстазын қиын сәттерде қолдау көрсете алатын қабілеті, жанға жайлы мінезі үшін бағалайды. Үздік маман қамқорлығындағы ұл-қыздарға ақыл кеңесін беріп, тәжірибесімен бөлісіп, мәселелерін шешуге көмектесіп жүреді.
– Әр оқушы өзін сенімді, еркін сезініп, қателесуден қорықпай, жаңа нәрселерді жүзеге асыра алсын десек, қолайлы орта құру қажет. Осы істе балаларға, мамандығыма деген сүйіспеншілігім маған қатты көмектесті. Ұстаздыққа барлығын біліп келдік демеймін. Жоғары оқу орнынан алған білім бір бөлек, оны іс жүзінде қолдану тіптен басқа. Тәжірибе жинақтауда әріптестерімнен, оқушыларымнан үйренгенім мол. Өзім ғылымға баулыған әр оқушымен арамызда сыйластық қарым-қатынас орната алдым. Соның арқасында оқушыларым маған сенім артады, арқа сүйейді, сабағыма қызығушылықпен қатысады, – дейді Д.Естайұлы.
Бір айта кетерлігі, жас маман академиялық білім алмасу шеңберінде Прага техникалық университетінде магистратурада оқып келген.
– Шетелде тәжірибе алмасу 2015 жылы Чехия Республикасы, Прага қаласының Чехия техникалық университетінде ұйымдастырылды. Талаптарына келетін болсақ, алдымен GPA жоғары болу керек еді. Сонымен қатар өз мамандығың бойынша ғылыми мақаланы халықаралық немесе республикалық журналға жариялау міндетті болды. Қазақстан мен Чехияның білім бағдарламасында айырмашылық аса көп емес. Айрықша атап өтетін тұстары да бар. Онда академиялық ашықтық пен адалдыққа қатты мән береді. Әрбір студент пен лектор арасындағы қарым-қатынастың жоғары үлгісін де айтпай кетуге болмайды. Білікті де білімді профессорлық-оқытушылық құрамның көмегімен көптеген шетелдік оқыту формасымен таныстық. Кейінгі жылдары оқуда жинаған іс-тәжірибелерімді өзімнің практикамда кеңінен қолдандым. Әрқашан педагог жаңаны білуге, ізденісте жүруге дағдылануы шарт. Білім беру жүйесі қазіргі таңда құбылмалы болып тұр. Әрқашан тың идеялар мен жаңалықтар енгізу заман талабына айналды. Осыған сәйкес шығармашылығымды дамыту барысында білім алушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру аясында көптеген әдістемелік жұмыстар істедім. Республикалық деңгейде ұйымдастырылған бірнеше ғылыми-практикалық семинарға қатысып, біліктілігімді шыңдап тұрамын, – дейді ұстаз.
Жаңалыққа жаны құмар жас ғалым – бірнеше ғылыми еңбектің авторы. 2021 жылы «Дифференциалды теңдеулерді мектепте оқыту әдістемесі» оқу-әдістемелік жинақ материалын, 2024 жылы облыс әкімдігі білім басқармасының жанындағы облыстық оқу-әдістемелік орталығымен бірлескен «Математикалық терминдер ағылшын және қазақ тілінде» оқу-әдістемелік жинақтарын құрастырған. Сол секілді 2022 жылы облыстық оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен «Математика пәнін оқытудағы құндылыққа бағытталған білім беру» тақырыбында облыстық тамыз кеңесінің секциялық отырысына қатысып, әріптестерімен өз іс-тәжірибесін бөліссе, биыл осы орталықтың ұйымдастыруымен «Математика пәнін оқытудың тиімді жолдары» тақырыбында ашық сабақтар циклында да өзге педагогтармен білім алмасуда.
Шетелде тәжірибе алмасып келген жаңашыл ұстаздың жетістіктері де аз емес. Биыл Дәурен республикалық «ПедСтарт» олимпиадасының ІII дәрежелі дипломымен марапатталса, 2022 жылы республикалық «Педагогикалық идеялар панорамасы» конкурсында да ІІІ орынға ие болыпты. Сол секілді 2021 жылы облыстық «Математикалық регата» олимпиадасында да жүлдегерлер қатарынан көрінсе, осы жылы математика пәні бойынша мұғалімдердің облыстық сайысында ІІІ орын иеленіпті. Дәуреннің ең негізгі жетістігі республикалық «Үздік педагог – 2024» байқауының жеңімпазы атанып, ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың қолынан марапатталуы. Бұл – жас маманның жанкешті еңбегінің жемісі.
Әріптестері де Дәуреннің кәсіби шеберлігі, оқушыларға деген шынайы махаббаты мен пәнге деген сүйіспеншілігін ерекше атап өтіп, марапатқа лайық екенін жеткізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ