Орынбеков даму картасын дер уағында орындауға күш салуда
- author AR-AY
- 29 қараша, 2024
- 105
Президенттің осы тапсырмасы бүгінде өңірлердің өрістеуіне зор серпін беріп отыр. Соған орай Тараз қаласында да бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қызметіне кіріскен сәттен бастап көне шаһардың 2023-2025 жылдарға арналған даму картасын әзірлеуді қолға алды. Аталған картада облыс орталығындағы барлық саланы дамытуды қамтитын межелі міндеттер қарастырылған.
ӨНЕРКӘСІП ӨРІСТЕП, АСЫРАУШЫ САЛА АЛҒА БАСУДА
Өнеркәсіптің өркендеуі экономиканың қарыштауына ғана емес, тұрғындар тұрмысының түзелуіне де оң септігін тигізері сөзсіз. Осы мақсатта 2024 жылы өнеркәсіп көлемінің жоспары 483 миллиард теңге болса, 9 айдың қорытындысымен нақты орындалғаны 345 миллиард теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш қаламыздағы «Қазфосфат» ЖШС, «Т.И.Батуров атындағы ЖГРЭС» АҚ, ЖЗМК «Имсталькон», «Запчасть» АҚ секілді негізгі ірі кәсіпорындардың есебінен орындалуда. Ал 2025 жылы өнеркәсіп көлемін 515,3 миллиард теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ өнеркәсіп саласында 2024 жылы 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінгі таңда «Alina Group» ЖШС-ның құрғақ құрылыс қоспалар зауыты мен «Алель Агро» ЖШС-ның инкубатор салу жобасы өз жұмысын бастады. Енді жыл соңында тағы 8 жоба іске қосылады деп күтілуде. Сонымен қатар «Тараз» индустриалды аймағында 2024-2025 жылдары жеке инвесторлар тарапынан құны 92,7 миллиард теңгені құрайтын 11 жоба жүзеге асырылады.
Асыраушы сала – ауылшаруашылығында да ілгерілеу басым. Айталық, аталған салада өнім көлемін 2024 жылы 12,4 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланса, 9 айдың қорытындысымен 9,4 миллиард теңгеге орындалды. Бұған қоса 2024 жылы ауылшаруашылығы саласында 12 инвестициялық жобаны ашу жоспарланса, есепті кезеңде оның 11-і іске асырылды. Осылайша есепті кезеңде 117,8 миллиард теңгеге инвестиция тартылды. Осы жылғы көрсеткішті орындау мақсатында арнайы алгоритм де әзірленген. Соған сәйкес ірі жаңа инвестициялық жобаларды іске қосу «Тараз» индустриалды аймағындағы жобалардың есебінен орындалмақ. Нәтижесінде биылғы жылдың соңына дейін өнеркәсіп өндірісіндегі барлық меже толығымен өз нәтижесін береді.
ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАРҚЫНДЫ
Халқымызда «Өз үйім – өлең төсегім», «Баспана – бақыт шамы» деген тәмсілдер бар. Сондықтан әр азамат өз баспанасына қол жеткізуді мақсат тұтады. Бүгінгі күні облыс орталығында 22 мыңнан аса азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркелген. Аталған мәселені шешу үшін 2023 жылы 50 үйдің құрылысы жүргізіліп, «Ұлы дала» ықшамауданындағы 12 үй пайдалануға берілді. Нәтижесінде 700-ден астам отбасы баспаналы болды.
Ал биыл даму картасында 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Қазір Асқаров көшесінің соңындағы 16 көпқабатты тұрғын үйдің жетеуі қолданысқа қабылданса, бесеуінің құрылысын 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал қалған 4 үй 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар мұнда тағы 30 үйдің құрылысы жоспарланған. Қазіргі таңда жоба әзірленді. Мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, бюджеттік өтінім берілді.
Сондай-ақ «Ұлы дала» ықшамауданында бой көтерген 34 көпқабатты тұрғын үйдің 10-ы пайдалануға беруге дайын тұр. Ал 17 үйдің құрылысы жыл соңына дейін тәмамдалса, қалған жетеуі келесі жылға өтпелі. Бұған қоса «Автобекет» маңындағы №14 ықшамауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің қазығы қағылып, құрылыс жұмыстары басталды.
Осы ретте айта кетерлігі, мердігерлердің жеке қаражаты есебінен 2023-2024 жылдары 18 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы көзделсе, оның 16-сы өткен жылы-ақ ел игілігіне беріліп үлгерді. Енді биылғы жылдың соңына дейін 34 көпқабатты тұрғын үй өз иесін табады.
ЖАҢАРҒАН ҮЙЛЕР КӨНЕ ШАҺАРДЫҢ КӨРКІН АШАДЫ
Күннен-күнге өркендеген Тараз қаласы терең тарихымен қоса, шырайлы көркімен де талайдың таңданысын тудырып келеді. Бір жағынан, бұл көне шаһардың туризм орталығына айналуын жеделдете түседі. Әсіресе көпқабатты тұрғын үйлердің сыртқы келбеті қалаға аялдаған әрбір адамның назарын бірден аударары сөзсіз. Сондықтан Таразда осы бағытта ілкімді істер қолға алынды. Атап айтсақ, ықшамаудандар ғана емес, орталық көшелерге де көңіл бөлініп, 28 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жақсарту жоспарлануда. Осы мақсатта биыл Төле би даңғылының бойындағы 11 үйдің сырт келбеті мен шатыры жөнделді. Сондай-ақ Желтоқсан көшесіндегі №71 үй жаңғыртылуда. Ал 2025 жылы қалған 16 үйдің сәулеттік келбеті жаңартылып, қала көркін аша түседі.
Ерекше айта кетерлігі, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» және «Нұрлы жер» 2021 2025 жылдарға арналған тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамыту бағдарламасы» аясында көппәтерлі тұрғын үйлерге жөндеу жұмыстары 2011 жылдан бастап қолға алынып, республикалық, жергілікті бюджет пен қайтарым қаражаты есебінен 489 үйге жөндеу жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде күрделі жөндеуді қажет ететін көппәтерлі тұрғын үйлердің үлесі 43-тен 39 пайызға төмендеді. Сондай-ақ «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша 2024 жылы 53 көппәтерлі тұрғын үй жаңа кейіпке енуде. Қазіргі таңда аталған нысандарда 23 мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Бүгінгі күнге аталған үйлердің шатыры мен жертөледегі жылу, су жүйесі толықтай жаңартылып, құрылысшылар сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысуда.
Биыл бұған қоса «Интерстрой Азия» ЖШС тарапынан Төле би көшесінде орналасқан №11, «Тұрғын үй жөндеу», «Абырой Инвест» және «TarazGazNur» серіктестіктерінің мердігерлігімен «Қаратау» ықшамауданы, №37 «А», №39 және «Салтанат» ықшамауданы, №29 «А», №29 «Б» жатақханаларына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар коммуналдық меншікте тұрған «Бәйтерек» ықшамауданындағы 3 үй жаңғыртудан өтті.
300-ГЕ ТАРТА КӨШЕ АСФАЛЬТТАЛДЫ
«Жол – экономика күретамыры» деп бекер айтылмаған. Өңірдің экономикалық әлеуеті жолдардың жағдайымен де өлшенеді. Бүгінде қаланың қай түкпіріне барсаңыз да жол құрылысын көзіңіз шалады. Бұл осы бағыттағы жұмыстардың ерекше қарқын алып жатқанын аңғартса керек.
Бүгінде облыс орталығында 1 445 көше болса, оның 902-сіне асфальт, 543-іне шағал тас төселген.
Үш жылдық даму картасында 2023 жылы ұзындығы 69,9 шақырымды құрайтын 116 көшені орташа жөндеу жоспарланған болатын. Өткен жылы 3,6 миллиард теңгеге 87,5 шақырымды құрайтын 145 көше орташа жөндеуден өтті. Бұдан бөлек Саңырақ батыр және Шостакович көшелері қайтадан жаңғыртылды. Ал осы жылы 78,1 шақырымды құрайтын 110 көшені орташа жөндеу жоспарланса, бүгінде 95,3 шақырымды құрайтын 127 көше жаңғыртылып, 165 көшеге шағал төселді. Сонымен қатар биыл шаһарда 23 шақырымды құрайтын 12 жаяу жүргінші жолының құрылысы жүруде. Атқарылған жұмыстардың нә т иже с і нде қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 65 пайыздан 69 пайызға дейін артты.
Айрықша атап өтерлігі, көптен бері өзекті болып келген «Бурыл А, Б, В» және «Барысхан» тұрғын алқаптарында да жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде. Мәселен, «Бурыл А, Б, В» тұрғын алқабына 33,7 шақырымды құрайтын 75 көшеге асфальт жол төсеу қарастырылған. Өткен жылы 13 көше асфальтталса, биыл олардың саны 33-ке жетті. Қалған 29 көше 2025 жылға өтпелі. Ал «Барысхан» тұрғын алқабына асфальт жол жабындысын төсеу бойынша жалпы ұзындығы 16,2 шақырымды құрайтын 24 көшені асфальттау көзделген болатын. Былтыр қоғамдық көлік жүретін Құрманбетов көшесіне асфальт жол жабындысы төселіп, биыл 7 көше жаңа асфальттың игілігін көрді. Қалған 16 көше 2025 жылға өтпелі.
«ҰЛЫ ДАЛА» ЫҚШАМАУДАНЫНДАҒЫ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБАДЫ
Бақытжан Орынбеков Тараз қаласы әкімінің қызметіне кіріскен сәтте облыс орталығындағы ең өзекті мәселелердің бірі – «Ұлы дала» ықшамауданының жай күйі еді. Айталық, 2015 жылы алғашқы егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша аталған ықшамауданда 60 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу қажет болатын. 2015-2017 жылдар аралығында инженерлік инфрақұрылым (табиғи газ, ауызсу, кәріз жүйесі, жылу, электр желілері, әлсіз ток желілері) желілерінің құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізіліп, жобаға сәйкес тартылды. 2018 жылдан бастап көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс монтаждау жұмыстары басталды. Алайда егжей-тегжейлі жоспарлау жобасының бірнеше рет ауысуына байланысты аталған аумақта ғимараттардың саны екі жарым есеге артты. Соған байланысты бірқатар проблема туындаған еді. Сол мәселелерге қаланы дамытудың 3 жылдық жоспарында ерекше екпін түсірілді.
Қазір «Ұлы дала» ықшамауданында 53 000 халық тұрады. Жалпы тұрғын аумағы 917 418 шаршы метрді құрайтын аумақта 14 402 пәтер пайдалануға беріледі деп жоспарланды. Бүгінде мұндағы көпқабатты тұрғын үйлер саны 144-ке дейін өсіп, 967 жеке тұрғын үй, 4 орта мектеп, 5 балабақша, 2 медициналық орталық (жедел жәрдем стансасы), 1 мешіт, 6 жеке кәсіпкер («Бином» ЖШС) есебінен тұрғын үй, 1 балалар мен жасөспірімдерге арналған денешынықтыру мектебі, 1 оңалту орталығы және 2 әкімшілік ғимарат қарастырылған. Нәтижесінде ықшамауданда 4 мектептің құрылысы жүруде. Оның біреуі 2023 жылы пайдалануға берілсе, қалған 3 оқу ордасының құрылысы биыл аяқталады деп көзделген. «Жайлы мектеп» жобасы аясында «Samruk-Kazyna Construction» АҚ-ның демеушілігі есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан 2 жайлы мектептің біреуі пайдалануға берілді.
Сонымен қоса нысаналы мақсаттағы 5 балабақша құрылысына арналған жер телімдері аукцион арқылы жеке кәсіпкерлерге сатылып, құрылыс жұмыстарын жүргізу көзделуде. Сондай-ақ Сүлейменов көшесінің соңындағы оңалту орталығының құрылыс-монтаждау жұмыстары өндірістік кестеден артта қалуына және өз міндеттерін тиісінше орындамауына байланысты «Qaratau Construction» ЖШС-мен келісімшарт бұзылып, жобалау сметалық құжаттамасына ішкіалаңдық желілері мен абаттандыру жұмыстары қосылып, түзетулер енгізілді. Бүгінгі таңда «СтройМонтажGroup» ЖШС-мен келісімшарт жасалып, 2023 жылдың 18 қыркүйегінен бастап құрылыс жұмыстары қарқынды жүруде. Нысанның құрылысы 2024 жылдың желтоқсан айының соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар 2018-2023 жылдар аралығында «Ұлы далада» 110 көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталып, ел игілігіне берілді. Айталық, 2023 жылдың өзінде 12 кредиттік тұрғын үй бой көтерсе, биыл 34 көпқабатты тұрғын үй бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның ішінде 10 тұрғын үй пайдалануға қабылданса, 17 үйдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған. Мемлекеттік құрылыс саласындағы келісімшартқа сәйкес қалған 7 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі.
«Ұлы дала» ықшамауданындағы магистральді инженерлік желілердің қуаты жетпеуіне байланысты желілерді кеңейту және әлеуметтік тұрғын үйлердің ішкі алаңдық инженерлік инфрақұрылым желілерінің (су, газ, электр, кәріз, жылу) құрылыс жұмыстары ұйымдастырылып, жоба әзірленді. Сондай-ақ ауызсу, кәріз, газ желілері бойынша құрылыс жұмыстары жүргізіліп, толығымен тәмамдалды. Бұған қоса аталған ықшамауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасында ішкіалаңдық жолдарының, тротуарларының, аялдамаларының, арық желілерінің құрылысы мен абаттандыру жұмыстары да қарастырылған. Соған орай аталған нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасының бастапқы деректері жинақталып, жоба әзірленуде. Жобалаушы мекеме – «Alpha-Pro» ЖШС. Ал нысанның құрылыс-монтаждау жұмыстарын 2025 жылы жүргізу жоспарлануда. Бұдан бөлек балалар мен жасөспірімдерге арналған денешынықтыру мектебі мен әкімшілік ғимаратының құрылысы бойынша да жобалық-сметалық құжаттамалар әзірленуде.
Жалпы «Ұлы далада» 30-ға жуық көше болатын болса, қазіргі күні 16 көше толықтай асфальтталды. Қалған көшелер келесі жылы толықтай жөнделеді.
ТҰРҒЫНДАР ТАЗА АУЫЗСУДАН ТАРЫҚПАЙДЫ
Инженерлік инфрақұрылым нысандарының құрылысына келетін болсақ, «Хамукат» тұрғын алқабын газ желісімен қамтамасыз ету бойынша сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Ал электр желісімен қамтамасыз ету бойынша жоба әзірленуде. Сондай-ақ ауызсумен қамтамасыз ету үшін құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар «Ұлы дала» ықшамауданында кварталішілік инженерлік желілерді салу және магистральдік желілерді кеңейту бойынша және газбен жабдықтау, кәріз, су желілерінің құрылысы толығымен аяқталды.
Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында 5 жылдың ішінде қалалар мен ауылдарды 100 пайыз ауызсумен қамтамасыз етуді тапсырғаны белгілі. Сондықтан бұл кезек күттірмейтін мәселе. Бұл мақсатта Тараз қаласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, былтыр «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй ауызсумен қамтамасыз етілсе, биыл «Шалғай Қарасу 1, 2, 3, 4, 5, 6, 7», «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» алқаптарын орталықтандырылған ауызсумен қамту назарға алынуда.
Қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Сонымен бірге магистральді су құбырларының тозығы жетуіне байланысты, Айша бибі көшесінен Сүлейменов көшесіне дейін «Төрткөл» алқабының су құбырын және Бас су мұнарасынан ТЭО-4-ке дейінгі магистральді су құбырларын жаңғыртуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Бұдан бөлек Абай даңғылы, Қойгелді, Асқаров, Көшек батыр, Желтоқсан және Ниетқалиев көшелеріндегі магистральді су құбырларын қайта жаңғыртуға жобалық құжаттамалар әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға ұсынылды.
Тараз қаласындағы «Алматы теміржолсу» мекемесінен қабылданған Тынышбаев, Пірманов, Локомотив және Шаумян көшелерімен «Песочный» алқабындағы су құбыры желілері мен ұңғымаларын қайта жаңғырту бойынша сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім жолданды.
ТАРАЗДА КӘРІЗ СУЛАРЫН ТАЗАРТУ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ
Тараз қаласындағы үлкен мәселелердің бірі кәріз суларын тазарту кешені (КОС) болатын. Бұл жұмыстар бойынша да жол картасы әзірленді. Жобаға сәйкес Еуропалық қайта құру және даму банкінен грант бөлініп, техникалық-экономикалық негіздеме әзірленді. Бүгінгі таңда техникалық-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтті. Аталған сараптама қорытындысы алынғаннан кейін халықаралық конкурс өткізіліп, ЕРС мердігер анықталады. Құрылыс жұмыстары 2025 жылы басталып, 2027 жылы пайдалануға беріледі деп көзделуде.
АВТОБУСТАРДЫ ЖАҢАЛАУ ЖОСПАРЫ МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ОРЫНДАЛДЫ
Тараз қаласының аумағы кеңейіп, халық саны өскен сайын қоғамдық көліктерге деген сұраныс та артып келеді. Бұл мәселе тұрғындар тарапынан да жиі көтеріледі.
Қаланы өркендетуге бағытталған 3 жылдық даму жоспарында көне шаһарға 200 автобус әкелу жоспарланды. Бұл меже екі жылдың көлемінде асыра орындалды. Айталық, автобус парктерін жаңарту мақсатында 2023 жылдан бастап жыл сайын үлкен және орта сыйымдылықтағы 70 автобустан алу жоспарланған болатын. Алайда былтыр 73 су жаңа қоғамдық көлік жеткізілсе, биылдың өзінде олардың қатары 133 автобуспен толықты. Нәтижесінде «Автобусный парк-2020», «Smart City Servise» және «RashLau» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерінде жаңа автобустардың үлесі 100 пайызға жетті. Соның аясында жаңадан ашылған №20, №10, №56, №17 бағыттар қызмет көрсете бастады. 2024 жылдың өзінде №57, №50, №41, №18, №13 секілді 5 жаңа маршрут ашылды.
Сонымен қатар 2023 жылы қала аумағына 42 аялдама орнатылса, 2024 жылы тағы 80 аялдама қойылды. Осы ретте әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге өткен жылы жергілікті бюджет есебінен 3,5 миллиард теңге, 2024 жылға 5,3 миллиард теңге қаржы қарастырылғанын айта кеткен абзал.
КӨНЕ ШАҺАР САМАЛАДАЙ ЖАРҚЫРАП ТҰР
Тараз қаласының тұрғындары тарапынан жиі көтерілетін мәселенің бірі – көшелерді жарықтандыру. Көшелердің бойына орнатылған жарықшамдар – шаһар мәдениеті мен көркінің ажырамас бөлігі. Жарық жүйесі қараңғы түскенде іске қосылып, жолаушыға жол сілтеп, мектептен қайтқан оқушыларға барар жолын көрсетіп қана қоймай, түнгі уақытта адамдар қауіпсіздігіне де қорған болады. Осы мақсатта 2023 жылы жоспарға сәйкес 500 миллион теңгеге 68 көшедегі темір бетонды бағаналарға түнгі жарықшамдар орнатылды. Одан бөлек үнемделген қаражат есебінен қосымша 15 көшеге түнгі жарықшамдар қойылып, жалпы 83 көшені қамтыды.
Ал биыл 76 көшеге түнгі жарықшамдар орнату жоспарланған. Жыл соңына дейін 45 көше жарықтандырылса, қалған 31 көше келесі жылға өтпелі. Сондай-ақ облыс әкімінің тапсырмасымен қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 ықшамауданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласы самаладай жарқырады. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй ауласы, 79 кіреберіс жол және 44 359 тұрғын түнгі жарықпен қамтамасыз етілді.
Бұл жұмыстар келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асырылмақ. Сол секілді Сейфуллин көшесінің бойына (Қонаев көшесінен Саңырақ батыр көшесі аралығы) және Жамбыл даңғылына (Сәтпаев көшесінен Сыпатай батыр көшесі аралығы) жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарықшамдар орналастырылды.
БАЛАЛАРҒА БАЗАРЛЫҚ – АБАТТАНҒАН АУЛАЛАР
Аулаларды абаттандыру жұмыстары да айрықша маңызға ие. Бір жағынан, бұл шаһардың шырайын кіргізсе, екіншіден, балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне таптырмас мүмкіндік. Бүгінде бұл бағытта шаһарда ауқымды жұмыстар атқарылуда.
Айталық, биыл аулаларды абаттандыру, оның ішінде ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен тиісті қаржы бөлініп, 25 мекенжайда абаттандыру жұмыстары жүргізілді.
Дені сау ұрпақ қалыптастыру бұқаралық спортты дамытып, спорт алаңшаларын көптеп салумен ұштасып жатыр. Бұған қол жеткізу мақсатында Тараз қаласында ілкімді істер қолға алынған. Айталық, қаланы дамытудың 3 жылдық жоспарында шаһар бойынша 24 шағын футбол алаңшасын салу қажеттілігі туындаған болатын. Соған орай биыл облыс орталығында 9 алаңша арнайы отыратын орындығымен ел игілігіне берілді. Бұдан бөлек биыл қала аумағында 14 спорт алаңшасы қалпына келтіріліп, жаңа кейіпке енді. Осылайша 2024 жылы тұрғындар жаңа шағын футбол алаңшаларының игілігін көруде.
ҚАЛАНЫ КӨГАЛДАНДЫРУ ЖҰМЫСТАРЫ КЕЗЕК КҮТТІРМЕЙДІ
Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес шаһарда «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 16 гектар жерге 20 мың тал көшетін отырғызу жоспарланған еді. Нәтижесінде бүгінге дейін 20 гектар жерге 20 мың тал көшеті егілді. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғасын тауып, көрсеткішті 20 мыңнан асыру көзделіп отыр. Бұдан бөлек 2024 жылы Саңырақ батыр, Тәуке хан көшелеріне, «Жеңіс», «Қ.Рысқұлбеков», «Т.Рысқұлов» саябақтарына, Ы.Дүкенұлы атындағы қалалық мәдениет үйінің маңайына, Қазақ хандығы монументіне, «Үшбұлақ» каналының жағалауына, теміржол вокзалы, Қуғын-сүргін, Арбат скверлеріне, «Денсаулық», «Атшабар» аллеяларына жалпы саны 6 мыңға жуық әртүрлі ағаш отырғызылды.
Шаһарды абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні қаланы ағын сумен қамтитын арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023 2025 жылдарда жүзеге асыру көзделген. Өткен жылы осы мақсатқа қала қазынасынан 1 миллиард теңге қаражат қарастырылды. Осының аясында биыл №1,4,5,6,7,8,9 ықшамаудандарда 33 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Биыл аталған жұмысты жалғастыру үшін бюджеттен 400 миллион теңге қаржы жұмсалды. Нәтижесінде 15 шақырымдай арық жүйесі қалпына келтірілді.
Сонымен қатар «Ұлы дала» ықшамауданы жанындағы «Түйте» каналының бойы абаттандырылуда. Қазіргі таңда каналдың жерін тегістеу және бетон құю жұмыстары толық аяқталып, жаяу жүргіншілер жолы мен қоршау жұмыстары жүруде.
ЖАҢА БАС ЖОСПАР – БАСТЫ БАҒДАРЫМЫЗ
Тараз қаласының дамуын заманауи жоспарлау, тұрғындарға қажетті әлеуметтік инфрақұрылымдарды тиімді салу мақсатында жаңа Бас жоспар әзірленіп, бекітілді. Қазіргі уақытта қала аумағы 18 787 гектарды құраса, жаңа Бас жоспарда 31 694 гектарды құрайды.
Бүгінгі күні қаланың халық саны 435 мыңға жуық. Бас жоспар бойынша қала аумағына Байзақ және Жамбыл аудандарына қарасты 45 700 адам тұратын 14 елді мекенді қосу көзделіп отыр. Бұл жағдайда халық саны 480 мыңнан асатын болады.
«Қазақстан Республикасының әкімшілік аумақтық құрылысы туралы» Заңы бойынша, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құрылады. Соған орай 2024 жылғы 29 қаңтардағы Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа Бас жоспары бекітілді. Осы Бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және шаһарды оңтайлы басқаруды қамтамасыз етеді.
Бас жоспардың маңызды жобалық шешімдері өзекті мәселеге айналған көлік қозғалысын тиімді ұйымдастырып, көлік жолдарындағы жүктемені азайтады. Осы мақсатта екі бірдей көпір құрылысын салу жоспарланған. Олардың біріншісі – «Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу» жобасы. Құны 16,9 миллиард теңгені құрайтын құрылыс бойынша қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Екіншісі – «Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакадамен жалғасын салу» жобасы. Оның құны 23 миллиард теңгені құрайды. Бұл бойынша да қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған. Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік ұсыным ұсынылған.
БОС ЖАТҚАН ЖЕРЛЕР ИЕСІЗ ҚАЛМАЙДЫ
Тараз қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін алу кезегінде бүгінгі күні 128 724 азамат тіркелген. Оларды жер телімімен қамтамасыз ету мақсатында жалпы көлемі 564 гектар болатын 3 алқапты мемлекеттің мұқтажы үшін алып, қажетті инфрақұрылым жүргізу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Айталық, Асқаров көшесінің соңындағы 312 гектар, «Хамукаттағы» 126 гектар және «Қарасай» алқабындағы 126,6 гектар жер учаскелері мемлекет мұқтажына қайтарылды. Қазіргі таңда Асқаров көшесінің соңында көлемі 2,2 гектар 1 жер учаскесі және «Хамукат» алқабында 5,9 гектар 2 жеке жер пайдаланушыдан жер учаскесін мемлекетке қайтару жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы 2024 жылға жер учаскелерін мемлекет мұқтажы үшін мәжбүрлеп иеліктен қайтару жұмыстарына мемлекеттік бюджеттен 43,5 миллион теңге қаражат қарастырылған.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛАЛАРДЫҢ ӘЛЕУЕТІ АРТУДА
Кез келген өңірдің дамуы тек экономика және инфрақұрылыммен ғана емес, әлеуметтік салалардың да ілгері жылжуынан байқалады. Үш жылдық даму жоспарында аталған салалардың алдағы бағыт-бағдары айқындалған.
Мәселен, білім саласында 2023-2024 жылдары жалпы құны 13,2 миллиард теңгеге 8 мектептің құрылысын жүргізу жоспарланған болатын. Осыған орай 2023 жылы «Ұлы дала» ықшамауданында 1 200 орынды мектептің және №6 орта мектептің спортзалына жапсарлас ғимаратының құрылысы аяқталды. Ал биыл «Казарма» алқабындағы 180, «Арай» алқабында 600 орын және «Бәйтерек» және «Ұлы дала» ықшамаудандарында 1 200 орынды «Жайлы мектептер» есігін айқара ашты. Ал қалған 3 білім ордасының құрылысы әлі жалғасуда. Сонымен қатар биыл №15 орта мектепке 300 орынды жапсарлас ғимаратының құрылысы жүруде.
Денсаулық сақтау саласында жедел жәрдем станса құрылысының жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде. Сонымен қатар 2024 жылы жұқпалы аурулар ауруханасын күрделі жөндеуге 775 миллион теңге қаржы қарастырылған.
Спорт саласында да оң серпін бар. Айталық, 2023 жылы даму картасында көзделген «Құмшағал» тұрғын алқабында спорт кешені ел игілігіне берілді. Сондай-ақ осы жылы «Ұлы дала» ықшамауданынан спорт кешенінің құрылысын салуға жобалық сметалық құжаттамалар әзірленуде. Бұдан бөлек демеушілер тарапынан облыс орталығында 3 спорт нысаны бой көтерді.
Жұмыспен қамту саласында 2024 жылы жеке, бюджеттік инвестициялық жобалардың және кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобалардың аясында 10 662 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланса, есепті кезеңде оған 15 742 адам қамтылды. Оның 6 674-і уақытша, 9 068-і тұрақты жұмыс орны. Ал 2025 жылға 17 000 адамды жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тарту жоспарланған.
Мәдениет саласында да бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Атап айтсақ, «Тектұрмас» кешенінде басталған «Көне қамал» ғимаратының құрылысы желтоқсан айында аяқталады. Туризмді дамыту бағытында 2024 жылдың 27-28 қыркүйегі аралығында «Көне Тараз» тарихи этномәдени кешені алаңында «Тараз – қолөнершілер қаласы» III халықаралық қолөнершілер фестивалі ұйымдастырылып, кең көлемде аталып өтті. Фестиваль аясында Тараз қаласы аккредиттеуден өтіп, ҚР бойынша ең бірінші болып Дүниежізілік қолөнершілер қалаларының тізіміне енді.
Әрине, бүгінге дейін облыс орталығында атқарылған жұмыстар аз емес. Дегенмен алдағы уақытта жүзеге асатын жоба-жоспарлар одан да ауқымды. Бюджет мүмкіндігіне байланысты қаладағы барлық мәселені бір-екі жылдың ішінде шешу мүмкін емес екені де белгілі. Сондықтан барлығы кезең-кезеңімен өз шешімін табады.
Мұқағали БАЛТАБАЕВ