Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Көшбасшылық пен мүмкіндіктер алаңы

Көшбасшылық пен мүмкіндіктер алаңы
Ашық Дереккөз
Жақында «AMANAT» партиясы жанындағы «Jastar Ruhy» жастар қанатының облыстық филиалы «Jastar BIR TOLQYNDA» тақырыбында жастар сессиясын өткізді.

Сессияның бірінші бөлімінде жастар саясатының дамуына жан-жақты үлес қосып жүрген 30-дан аса мекеме жетекшісінің қатысуымен пленарлық отырыс ұйымдастырылды. Басқосуда жас көшбасшылар мен жастар саясатының дамуына үлес қосып жүрген азаматтар өзекті мәселелерді талқылап, азаматтық қоғамды нығайтуға және демократиялық институттарды дамытуға ықпал ететін бірлескен шешімдерді қарастырды. Басты мақсат – жастарды саяси жұмыстарға белсенді қатысуға жұмылдыру және көшбасшылық қасиеттерді дамыту.

Кездесу соңында жастар саясатының дамуына қызмет етіп жүрген мекемелер ортақ меморандумға қол қойды.

Сессияның екінші бөлімінде елімізге танымал спикерлер жастар алдында қоғам үшін өзекті тақырыптарды талқылап, құнды кеңестерімен бөлісті. Жиынды «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов ашып берді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың мәселесіне айрықша көңіл бөлуде. Президентіміз «Jastar Ruhy» жастар қанатының съезінде үш басым бағытты айқындап бергенін жақсы білесіздер. Ол – дінге, еңбекке құштарлық және патриотизм. «AMANAT» партиясы осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында бірнеше жобаны іске қосты. Атап айтқанда, әскери-патриоттық «Qaisar» жобасы, «Рухтастар cases» ашық алаңы, «Қарызсыз қоғам», «Ауыл аманаты» секілді бағдарламаларды жүзеге асырып жатырмыз. «Ауыл аманаты» жобасы арқылы екі жыл ішінде 326 жас 2,5 пайызбен несие алып, кәсібін жүргізіп отыр. Жастар қай істе болса да белсенді екенін осыдан-ақ байқауға болады. Сонымен қатар Президент биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялап, адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдарды құрметтеп, еңбек адамдарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттау маңызды екендігін айтты. Осы тұста «AMANAT» партиясы жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау міндетін өз мойнына алды, – деген Дауыл Ынтықбайұлы өңірдегі жастар саны бүгінде 355 мыңнан асып, облыс халқының 29,1 пайызын құрап отырғанын жеткізді.

Мұнан соң «Jastar Ruhy» жастар қанатының төрағасы Ақерке Искандерова сөз алып, «Jastar Ruhy» – көшбасшылық пен мүмкіндіктер алаңы» тақырыбында ой өрбітті.

– Жастар – қоғамның қозғаушы күші. Жастар қанаты белсенді жастарды қолдауға әрқашан дайын. Рухтас жастардың күшімен көптеген игі бастама жүзеге асуда. Мен өз жолымды еріктілер қатарынан бастадым. Осыдан он жыл бұрын Тараздан арман қуып Астанаға аттанғанмын. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүргенде ақ қоғамдық жұмыстарға үнемі қатысып тұратынмын. Форум, съездерге барып, белсенділік танытып жүрмін. Бүгінде еліміздегі беделді саяси ұйымдардың бірі – «Jastar Ruhy» жастар қанатына төрағалық етемін. Айта кету керек, республика бойынша 125 мыңнан астам өреннің басын қосып отырған ең ірі жастар ұйымы – «Jastar Ruhy» жастар қанатының 20 аймақтық филиалы, 466 бөлімшесі бар. Жастар қанаты республика бойынша «Вандализммен күрес», «Есірткіге жол жоқ», «Qaisar» әскери патриоттық ойындары, «Сөйле» клубы және «ТазаLike» эко-акциясы сынды ауқымды жобаларды іске асырып, жастар арасындағы түрлі мәселелерді шешу мақсатында үздіксіз қызмет етіп келеді. Біздің ұйым әлемдік халықаралық ареналарда да белсенді, – деді Ақерке Нұрғалиқызы.

Сессия барысында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ түрiк университетінің қауымдастырылған профессоры, «Сана» бағдарламасының жүргізушісі Молдияр Ергебеков «Үйдегі қауіпсіздік: зорлық-зомбылықсыз ортаны қалыптастыру» тақырыбында баяндама жасады.

– Әрбір адам үшін отбасы – Отаны. Отбасы – жылылық, мейірім, сүйіспеншілік және қауіпсіздік деген сөздердің теңеуі. Алайда көп ана мен бала үшін отбасы жылу мекені емес, қауіптің ошағына айналып отыр. Сондықтан ана мен бала отбасында қамсыз, қауіпсіз тіршілік етуі үшін, зорлық зомбылықтың бетін қайтару үшін қоғам болып отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбеу мәдениетін қалыптастыруымыз қажет. Отбасындағы зорлық-зомбылық мәселесі әлемнің әр елінде ертеден өзекті болып келген. Отбасында зорлықтың куәсі болған бала физикалық қана емес, психологиялық тұрғыда үлкен соққы алуы әбден мүмкін. Әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу және бағытталған профилактикалық сипаттағы шараларды жүргізуде ақпараттық жұмыстарды жандандыру қажет, – деді М.Ергебеков.

Заман көз ілеспес жылдамдықпен даму үстінде. Әр күн сайын жаңа трендтер шығып, жастардың сұранысына қарай қоғамның талабы да күшейген. Осындай сәтте өзіңді жоғалтып алмай, өз меніңді табу, қалыптастыру маңызды. Осы мақсатта жиында талай жасқа бағыт-бағдар беріп, тұлғалық дамуында өз үлесін қосып жүрген Бек Жолдыбай да ортаға шығып, пайдалы кеңестерімен бөлісті.

Маңызы зор іс-шараны «AMANAT» партиясы облыстық филиалы жанындағы «Jastar Ruhy» жастар қанатының төрағасы Ерғали Әбуғали қорытындылады.

Ақтоты БЕКЕНҚЫЗЫ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар