Әсіресе бұрынғы әндердің бүгінге дейін биігінен түспей келгеніне бәріміз куәміз. Неге олай екені айтпаса да түсінікті шығар. Себебі сол әндер тыңдармандардың есінде бірден жатталып қалып, концерттер мен той-думандардың сәні мен мәніне айналғаны анық. Және ондай жүрекке жылы әуендерді ыңылдап айтып жүретініміз де жасырын емес. Өкінішке қарай, қазір ол әндер сирек орындалатын болып жүр. Есесіне саны көп, сапасы төмен әндер көбейіп барады. Себебі қазіргі әншілердің бағыттары басқа, мәнерлері де (стиль) бөлек. Және олардың келбеттері де, әндері де егіз қозыдай бір-біріне ұқсас. Бәлкім содан да шығар, қазіргі әндердің басым көпшілігі бір емес, бірнеше рет тыңдасақ та жадымызда жатталып қалуы қиын әрі бірден қабылдай алмай жататынымыз.
Жасыратыны жоқ, қазір дауысы бардың да, жоқтың да әнші болып, талантсыз авторлардың және олардың жүрегінен туған мәнсіз мәтіндер мен нәрсіз әндердің қаптап кеткені жоғары жақтан арнайы бақылаудың жоқтығы мен көркемдік кеңестің дұрыс жұмыс істемейтіндігінен. Бұл енді бөлек әңгіме. Және бұл мәселені уақыттың еншісіне әрі осыған жауапты басшылардың еркіне қалдырайық.
Негізгі менің айтпағым, қоғамдық көлікте көпшіліктің алдында бір қыздың көңілін босатып, көзіне жас алдырған ән жайында еді. Әңгімемнің басын ана туралы әннен бастағаным да сол болатын.
Жуырда бір шаруамен қала маңындағы «Қант зауыты» алқабына бармақ болып, «Жансая» ықшамауданынан №27 автобусқа отырдым. Келесі аялдамадан мінген бір қыз қасымдағы бос орынға келіп жайғасты. Түс кезі болатын. «Шалқар» радиосынан құттықтау-сазды бағдарлама жүріп жатқан. Аталмыш радио тікелей әуе толқынында жұмыс істеп жатқан соң тыңдармандар кезегімен өздерінің жақындары мен достарын туған күндерімен құттықтап, қалаған әндеріне тапсырыс беріп жатты. Бір кезде Орал қаласынан бір қыз анасын 70 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, Шәмші Қалдаяқовтың (сөзі Ғафу Қайырбековтікі) «Әлемнің жарығын, Сыйладың сен маған, Даланың әр гүлін, Жинадың сен маған…» деп басталатын «Ана туралы жыр» деген әнін жолдады.
Дауысы лирикалық әндерге жақсы келетін әрі кез келген әнді шеберлікпен шырқайтын талантты әнші Еркін Нұржановтың орындауындағы бұл ән тыңдаған жанды бейжай қалдырмасын білеміз. Ән аяқталып қалғанда қасымдағы қыздың төмен қарап, жанарына жас алып отырғанын байқап қалып, жылылық таныта сөзге тартып едім, ол маған мұңды да ойлы көзімен бір қарап: «Кешіріңіз, марқұм анам есіме түсіп кетті», – деп жасын сүрте берді.
Баратын жеріміз алыстау болғандықтан әрі жол қысқарсын, әрі әлгі қыздың мұңын арылтпақ ниетпен жақынырақ танысып, әңгімеге тарта бастадым. Сөйтсем, жасы қырыққа жақындап қалған Жазираның анасы осыдан он жыл бұрын дүниеден озыпты. Сосын мен оған осы жағынан екеуміз тағдырлас екенбіз дедім әңгіме арасында. Сол сәтте ол:
– Сіздің де анаңыз жоқ па, – деді.
Менің анамның қайтыс болғанына биылғы жылдың 17 наурызында 27 жыл, ал әкемнің өмірден өткеніне 27 мамырда 24 жыл болғанын айтып едім, сонда Жазира:
– Сіз ата-анаңыздан тым ерте қалыпсыз ғой, – деп жанашырлық көзқарас танытты.
Сәл үнсіздіктен кейін ол:
– Осы әнді естіген сайын «Әлемнің жарығын сыйлаған аяулы анама мен не сыйладым?», «Анама деп не жинадым?», «Тірісінде қадіріне жетіп, ойынан шыға білдім бе, қиналғанда жанын түсіне білдім бе?», «Ауырған кездерінде қасынан көбірек табылдым ба?» деген сұрақтар мазалайды. «Ата ананың қадірін балалы болғанда білерсің» демекші, анамның қадірін бұрынғыдан бетер түсініп, ойсырап қалған орнын қатты сезініп жүрмін, – деп сағатына бір, терезеге бір қарады.
Мақтанғаным емес, өз басым өзгелер сияқты біреудің бойындағы кем-кетігі мен қателіктерін тізбектемей, кімнің болсын алдымен жақсы жақтарын көре білетін қасиетім бойынша аз уақыттың арасында Жазираның сөз саптауы мен бөтен деп тартынбастан жарқын сырласа білетініне қарап, білімді де парасатты және кішіпейіл де тәрбиелі екенін аңғардым. Сонысынан ба екен, мен оны білім саласында немесе балабақшада еңбек ететін шығар деп ойлап едім, жаңылмаппын. Тараздағы бір мектепте мұғалім болып жұмыс істейді екен. Бірақ ол жайында анық айтқысы келмеді. Онсыз да көңіл күйі түсіп отырған соң қазбалап сұрай беруге дәтім бармады.
Бірте-бірте автобустың іші жолаушыларға тола бастады. Ал радиодағы құттықтаулар болса толастар емес. Бір кезде Алматыда оқитын бір студент қыз Сарысу ауданының Жайылма ауылында тұратын анасын туған күнімен құттықтап, Нұрлан Өнербаевтың орындауындағы «Анашым» әнін берулерін өтінді. «Анасы бар адамдар, ешқашан қартаймайды» деген өлең жолдары бар бұл ән де көпшіліктің көзайымына айналған шоқтығы биік әндердің бірі. Ән айтылып біткенше бәрі үн-түнсіз тыңдап отырды. Кейбіреулері ауыздарын жыбырлатып, әнге қосылып та қояды.
Сонымен не керек, әлгі ән ортасына жеткенде тағы да Жазираның жанарына жас тұнды. Мен не дерімді білмей, «Анаңызды қатты сағынып жүр екенсіз ғой» деп аузыма түскен жылы сөздерді айтып, Жазираны жұбата бастадым. Сол сәтте автобус кезекті аялдамаға тоқтап, бірнеше егде кісі мінген соң соларға орын беріп, артқы жаққа қарай ығыстап кеттім.
Мөлдір көзіне мұңды жас тұнған Жазира автобекеттен түсіп қалды. Мен де «Қант зауытына» жеткен соң керекті аялдамамнан түсіп, ойға бата барар жеріме аяңдай бердім.
«Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй» деп хакім Абай жырлағандай, құлақтан кіріп, көңілді босатқан, жанарға жас алдырған әсем де әсерлі әндердің құдіретін қарасаңызшы...
Шынымды айтсам, сол күні ойда жоқта орын алған осы бір оқиға көпке дейін көңілімнен кетпей жүрді.
Расында да жоғарыда Жазира айтқандай, біздер, яғни аналары бақилық болғандар әлемнің жарығын сыйлаған аналарымызға көздері тірісінде не сыйлап, қандай құрмет көрсете білдік? Ал сіздер ше, анасы бар адамдар? Аналарыңызға қалай қарап жүрсіздер?
«Ана – адамзаттың алтын тәжі» деген қанатты сөз бар дана халқымызда. Олай болса, алтын тәжіміз аналарды ардақтап, барында бақытқа бөлеп жүргенге не жетсін?!
Бақытжан ӘЛІҚҰЛОВ,
ақын-журналист